Дүбірлі додаларда топ жарып жүрген спортшылар

21 Тамыз 2022, 10:04 2111

Елімізде 6,5 миллион адам спортпен шұғылданады.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметіне сүйенсек,  Қазақстанда 2021 жылды қорытындысы бойынша 6,5 млн адам спортпен шұғылданған. Оның ішінде спорт саласындағы заңнамалық актілерге сәйкес мың спортшы ҚР штаттық құрама командасында.

Әлем көз тіккен 2021 жылдың жазғы олимпиада ойындарында София Берулцова каратэ бойынша 3 орын, Қамшыбек Қоңқабаев бокстан  3 орын, Сәкен Бибосынов бокстан 3 орын алып, қазақ еліне жеңіс сыйлады.

Бүгінде бокс, дзюдо, шахмат, семсерлесу, көркем гимнастика жақсы дамуда. Спорт күнінде дүбірлі додаларда көк туды көкте желбіретіп жүрген спортшылармен тілдесіп, сұқбатқа тарттық.

Мектеп қабырғасында жүргенде бұзықтау болдым

Дзюдодан Қазақстан командасының өкілі Мағжан Шамшадин жуырда Нұр-Сұлтанда өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші болды.

Қазақстандық дзюдошы моңғолиялық Ариунболд Энхтайванға бір ұпай айырмасымен есе жіберді. Алайда ол «иппонды» мерзімінен бұрын жеңіп алды.


Мағжан Шамшадин – сыр елінің тумасы. Ол 1997 жылы 25 ақпанда Байқоңыр ауданында дүниеге келген. Бұл спортқа қалай келгенін сұрап көрдік. Айтуынша, бұл салаға туған ағасы Төребек Шамшадиннің ықпалымен келген екен. Бұл 2007 жылдары еді деп еске алды спортшы.

«Мектеп қабырғасында жүргенде бұзықтау болдым. Осыны көрген ағам спортқа келсе, бұл әрекетін қояр деп ойлады. Салауатты өмір салтын ұстануға бірден-бір себеп ағамның арқасында деп ойлаймын», - дейді спортшы.  

2007 жылдан бері дзюдомен шұғылданғанына 15 жылдың жүзі болыпты. Ал кәсіби түрде айналысқанына 9 жыл болған.

«Дзюдоға мектеп кезінен келгендіктен өте қызық болды. Қиындығы мен қызығын қатар көріп келемін. Бұл спортта салмақ қуасың, біраз қызықты дүниелерден құр қаласың. Қыдырғың келеді, саяхаттағың келеді, үйдің бетін көрмей кететін кездер де бар, ол кезде ата-ананы сағынасың», - дейді спортшы.

Жеткен жетісіктері де аз емес. Қазақстанда өткен жарыстардан бөлек, шетелдік турнирлерде де топ жарып жүр. Атап айтқанда, Загребте (Хорватия) өткен Grand Slam сериясындағы дзюдодан турнирдің жеңімпазы атанды. Ол 60 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды, финалда Мағжан корейлік Вон Джин Кимнен мықты болды.

Дзюдоға өз қалауыммен бардым – Абиба Әбужақынова

Абиба Әбужақынова Рахмоналиқызы Ташкент облысы Бостандық ауданында дүниеге келген. Өзге елде туғанымен ұлты қазақ Абиба 2013 жылы атажұртқа отбасымен қоныс аударады. Бүгінгі таңда Абиба жанұясымен Атырау облысында тұрады. Жаны нәзік қазақ қызы жуырда өткен Азия чемпионатында 48 кг салмақта күміс медаль алып былтырғы жетістігін қайталады. Бұл спортқа қалай келгенін сұрап көрдік.

«Қазақ ұлттық университетін спорт мамандығы бойынша тәмамдадым. Қазір заң факультетіне тапсырып, екінші жоғарғы мамандықта білім алудамын. Дзюдоға өз қалауым бойынша бардым. Мені ешкім сүйреп апармады. 4-сыныпта оқып жүргенде қатты қызығушылығым болды», - деп бастады әңгімесін Абиба.


Бұл спортпен айналысқанына 13 жылдан асыпты. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін салада шыдамдылық керек дейді. Қаршадай қыздың жеткен жетістіктерін де ауыз толтырып айтуға болады. Атап өтсек, жастар арасында Әлем чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алса, 2022 жылы ересектер арасында өткенм Гран сламда 3 орын алды. Ал Азия чемпионатында 2 рет күміс медальге қол жеткізіп отыр.

«Азия чемпионатында 3 кездесу өткіздім. Алғашқы қарсыласым Тайпей елінен жане 2-ші қарсыласым Монғолияның палуаны болды. Екеуінде де жеңіп, финалда жапонға есеп жіберіп қойдым. Осылайша күмісті қанжығаға байладым», - деді дзюдошы қыз.

Енді Абиба алдағы уақытта Әлем чемпионатында жеңіске жету үшін барлық күш-жігерін жинап, сол жарысқа дайындалу үстінде.

Бір қызығы дзюдошы қыз бұл спортқа келмей тұрып, небәрі 5 жасында гинастикамен шұғылданған екен. Бірақ бұл сала өзінің таңдауы емес еді. Анасының қалауымен барған көрінеді. Кейіннен дзюдоға ауысып кеткен.

Бүгінде бұл спортты таңдағанына еш өкінбейді. Күннен-күнге жеңіске деген талпынысы артпаса, кеміген емес.

Егіздер ел намысын қорғап жүр

Жамила мен Мадина бір турнирде қазақ еліне екі медаль сыйлады. Коньяда(Түркия) өтіп жатқан Ислам Ынтымақтастығы ойындарында 68 кг салмақта Мәдина Бақбергенова күміс медаль алса, Жәмила 72 кг салмақта қола медальға қол жеткізді. Егіздерді сұқбатқа тарттық.

«Күреске 15 жасымызда әпкемнің ықпалымен келдік. Өйткені, мектеп кезінде бұзықтау болатынбыз. Күреспен айналысып жүргенімізге 12 жыл болды», - дейді.


Биыл Уланбатыр (Моңғолия) қаласында өткен Азия чемпионатында Мадина қырғыз қызымен белдескен болатын. Алғашқы айналымда есе жіберген болса, сол жарыстың финалында қырғыз қызымен қайта кездесіп, соңғы сәтте жеңісті жұлып алып Азия чемпионы атанды. Ал бұл жарыста сыңары Жамила 72 кг салмақта 2 дүркін Азия чемпионы атанды. Бұған дейін 2019 жылы күміс, 2020 жылы алтын, 2021 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын.

Ислам Ынтымақтастығы ойындарында егіздер күміс пен қоланы қанжығаға байлады. Бұдан былайда жеңісті күндер жалғаса бермек. Алда Сербияда өтетін Әлем чемпионатында қос портшы қызу дайындық үстінде.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: