Австралияның Тасмания штатында суретші әрі техникалық қызмет маманы Брайан Берфорд тарихи Кейп-Бруни маягының қабырғасынан шыны бөтелке ішіне салынған көне хат тауып алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл ерекше жаңалық туралы The Guardian басылымы жазды.
Берфорд жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде, маяктың жарық бөлмесіне кіріп, қабырға қуысынан жарқырап тұрған бөтелкені байқайды.
Ол бірден бұл туралы Тасманияның Парктер және жабайы табиғатты қорғау қызметінің тарихи мұра менеджері Аннита Вагхорнға хабарлайды. Бөтелке тығыз тығынмен бекітілгендіктен, оны ашу қиынға соққан. Сол себепті ол Тасмания мұражайы мен бейнелеу өнері галереясының реставраторларынан көмек сұрайды. Мамандар хатты өте мұқият түрде алып шыққан.
Хатты толықтай оқу мен мәтінді қалпына келтіру бірнеше күнге созылды. Талдау нәтижесінде оның 1903 жылмен белгіленгені анықталды. Құжатта маяктың сол кездегі жаңартылуына қатысты нұсқаулар жазылған болып шықты.
Айта кетейік, Кейп-Бруни маягы алғаш рет 1838 жылы тұрғызылған. Ал 70 жылдан кейін оған баспалдақ, жарық бөлмесі және Френель линзасы қосылған.
Қазіргі уақытта көне хат мұражайда көпшілік назарына ұсынылатын экспонат ретінде дайындалып жатыр.