Бүгінде Сарыарқа ауданында көпфункциялы тұрғын үй кешенін, коммерциялық нысандар мен өндірістік базаларды, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық және білім беру нысандарын қоса есептегенде 80 құрылыс нысаны бар. Бұл туралы аудан әкімдігінен мәлім етті.
2012 жылы Сарыарқа ауданының аумағында Әуезов көшесі бойында №6 мектеп гимназиясының құрылысы, Беляков көшесіндегі 600 орындық №19 мектептің жапсарлас бөлігі, «Көктал» тұрғын үй алабының оңтүстік шығысындағы (280 орындық) және Сейфуллин көшесінің оңтүстігіне қарай орналасқан (240 орындық) 2 балабақша құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандар пайдалануға биылғы жылдың көктемінде беріледі, - деп хабарлайды әкімдіктен.
Сонымен қатар Сарыарқа ауданында кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің озық желісі дамытылуда. «Қазіргі кезде Бөгенбай батыр даңғылы бойында 800 орындық құрылыс бейінді кәсіптік мектептің, сондай-ақ, Қарасай батыр көшесі бойындағы жалпы білім беретін оқу орталығының құрылыстары жүргізілуде», - делінген хабарламада. Бұған қоса, әкімдіктің мәліметі бойынша, биылғы жылы энергоқамту және байланыс бейіні бойынша 800 орындық тағы бір кәсіптік мектептің құрылысын пайдалануға беру жоспарланған.
Астана қаласының ресми сайты astana.kz