2 Ақпан 2013, 10:44
Оңтүстік Қазақстан облысының Оңтүстік-шығысы құрғақ, шөлді және далалы аймақтан кенет таулы аймаққа ауысып кетеді. Құрғақ далалы климат көлеңкелі шатқалдың қоңыр салқын ауасына ауысады. Көкжиектен аспанмен таласқан Батыс Тянь-Шаньның биік қарлы шыңдары бой түзейді. «Даладан тізбектеле көтерілген тау жоталары бірі төмендеп, енді бірі көтеріліп Тянь-Шаньның ұшы-қиыры жоқ шексіз әлемін құрайды.
... Бір жота бір жотамен таласа көтеріліп, көтерілген сайын басын мәңгі мұз баса құз, жартасты бола түседі, ал шыңнан құлаған қар көшкіндері таулар арасына көпір сала бірнеше шақырым жерге созылып жатады. Жартастардағы осылай құлаған қар көшкіндері жасыл желекке оранып, үш жылдай уақытта еріп үлгереді. Арыс өзеніне жақын келіп кішірейе түсетін жоталар аяқталғанымен, Тянь-Шань осымен бітпейді. Артқы жақында, оңтүстігінде, тағы да қар құрсауына оранған тау жүйесі созылады. Бірақ одан беріде қызыл порфирден төзілген Қазығұрт тауына еріксіз көз саласың. Ол негізгі жотамен пәсірек келген қырқа арқылы жалғасып, жеке даралана биікке бой түзеп, асқақ көрінеді. Халық арасындағы аңыздарда мұнда Нұқ пайғамбардың кемесінің тоқтағандығы айтылады. Әлемдік топан су басқанда оның айбарлы құздары Нұқ пайғамбар кемесін сақтап қалған көрінеді».
Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы белгілі Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғат қорығы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан шекараларының қиылысқан жерінде орналасқан. Оның жалпы аумағы 130 мың га құрайды. Өгем және Талас Алатауының таулы жоталарынан тұратын бұл таулы аумақта Батыс Тянь-Шаньның табиғат әлемі көптеген жылдар бойы қорғалуда. Таңқаларлық жануарлар мен өсімдіктер әлемі, қайталанбас жарқабақтар мен шатқалдар, альпі шалғындары, аршалы орман, тасқынды тау өзендері, көгілдір көлдер мен төбесін мәңгі мұз жапқан құздар – қорықтың қайталанбас әсем орындары.
Оңтүстік Қазақстан тауларының биіктігі теңіз деңгейінен 4000 м-ден асады. Облыстың ең биік нүктесі болып табылатын Сайрам шыңының биіктігі теңіз деңгейінен 4238 м. Одан кішірек шыңдарға Ақсуат (4027 м), Қорымтөр (4034 м), Боғылтөр (3919 м) жатады. 3500 м биіктіктегі жоталарда қар жатады. Тауда бұлақтар мен өзендер, көлшіктер мен жылғалар көптеп кездеседі. Оңтүстік Қазақстан аймағы үшін Батыс Тянь-Шань мен Қаратау тауларының ерекше маңызы бар: аршалы ормандары таза ауамен, тау басындағы қар мен мұздықтары облыс көлемін барлық уақытта таза тау суымен қамтамасыз етеді.
Зоолог В. Шакуланың айтуына қарағанда, таулы аймақтарда Қазақстанның символы болып табылатын қар барысы мекендейді. Олардың саны 12-15-тен аспайды. Бұл мықты жыртқыш, негізінен, таутеке мен жабайы қойлар, арқармен қоректенсе, жаз мезгілінде майда аңдарды олжалайды. Талас Алатауы мен Сайрам шыңының етегінде қызыл, ұзын құйрықты суырлар өмір сүреді. Өгем жотасында суырдың ерекше түрі – Мензбира өмір сүреді. Сарыайғыр өзенінен суырдың аталған екі түрінің будандасуы мен таралу шекарасы өтеді. Өгем жотасында ғана өмір сүретін, сирек кездесетін Мензбира суыры халықаралық Қызыл кітапқа енген, ол – жақында ғана құрылған Сайрам-Өгем ұлттық саябағының көркі. Тауда көптеген аңдар өмір сүреді. Олар: Тянь-Шаньдық ақ тырнақты аю мен Орта Азиялық сілеусіндер, қасқыр мен маралдар, арқар мен таутекелер, елік пен қабандар, борсықтар және көптеген құс түрлері. Көктемде тау беткейін құлпырған қызғалдақтар алып кетеді. Олардың ішіндегі ең ірісі, ең әдемісі – Грейг және Кауфман қызғалдақтары. Қызғалдақтардың бұл екі түрі де ХV ғасырда Түркияға әкетіліп, онан Голландияға жеткізіліп, көптеген сорттарының шығарылуына негіз болған. Оңтүстік Қазақстанның таулы ормандары – өсімдіктердің жаңа түрлерінің ата тектерінің мекені. Жабайы Сиверс алмасы, Маголеб шиесі, Регель алмұрты, жабайы өрік, грек жаңғағы, жүзім, пістелер өсіп тұрған алқаптың ғылым мен жаңа сорт шығаруда орасан зор құндылығы бар.
Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж.