2 Ақпан 2013, 08:12
Қаладағы 100-ге жуық спорт залдар, 7 стадион, 5 жүзу бассейні, 3 спорт кешені, жеңіл атлетикалық манеж көпшіліктің игілігіне қызмет көрсетуде. Бізден есімдері әлемге әйгілі талай чемпиондар шыққан. Келешекте 4 олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жас өспірімдердің мамандандырылған спорт-мектебі мен жекеменшік спорт секциялары, клубтары талай чемпиондарды дайындап, шығаратынына күмәніміз жоқ. Қалалық ипподромда балалардың ат спорт мектебі жұмыс істейді.
Қалада 30 емдеу-сауықтыру мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Сондай-ақ 5 емхана, 3 балалар емханасы, 2 балалар ауруханасы, балалар сауықтыру орталығы, Сәбилер үйі, «Қарлығаш» балалар санаторийі, амбулаториялық хирургия, травматология және гинекология орталығы, жедел жәрдем стансасы, жұқпалы аурулар ауруханасы, 7 отбасылық дәрігерлік амбулатория, әйелдер босанатын үй, перинаталды орталық, туберкулезге қарсы диспансер, ХҚТУ клиникасы, патологиялық-анатомиялық бюро, сот-медициналық сараптамасы сияқты ондаған медициалық нысандар денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді.
Қаладағы 107 балабақшаның 5-еуі түрлі паталогиялық дертке ұшыраған балаларға арналған. Мектептен тыс 13 мекеме қатарына балаларға арналған эстетика, өнер мектептері, кешкі мектептер, жастарға арналған түрлі орталықтар жатады. Сондай-ақ 84 орта мектеп, түрлі маман дайындайтын 34 колледж, 6 кәсіби лицей бар.
Шымкент қаласындағы 16 жоғары оқу орыны қатарына мыналар жатады: «Ұлағат» академиясы, Тілдер академиясы, қазақ-араб университеті, қазақ-өзбек инженерлік-гуманитарлық университеті, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университет, «Мирас» университеті, Орталық Азия гуманитарлық-экономикалық институты, Алматы экономикалық институтының Шымкент бөлімшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан институты, Оңтүстік Қазақстан заңтану, Қаржы және қаржылық құқық институты (Қазақ мемлекеттік заң университетінің бөлімшесі), Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті.
Шымкент қаласы туристер мен өнертанушылардың, тарихшылар мен археологтардың ерекше қызығушылығын туғызады. Шымкент тарихи ескерткіштері мол қала ретінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілді. Қала орталығындағы ортағасырлық қалашық орнын тарихи-мәдени саяжайға айналдыру жұмыстары жүргізілуде.
Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж.