2 Ақпан 2013, 06:24
Саяси қуғын-сүргіннің нәтижесіне қарамастан облыста экономикалық, әлеуметтік және мәдени жаңғырту шаралары жүргізіліп, облыс тарихының мүлдем жаңа беті басталды. Облыс экономикасы мен мәдениетінің дамуына индустрияландыру ісі зор ықпалын тигізді. Оңтүстік Қазақстан облысы құрылар қарсаңда Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы аяқталды. Теміржол Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс, Сайрам, Түлкібас аудандарының аумақтары арқылы өтті. Түрксіб теміржол желісінің басты міндеті Орта Азия мен Қазақстанның Оңтүстік өңірлеріне Сібірден ағаш пен Кузнецк көмірін жеткізу еді. Түсті металлургия, химия, тас көмір, мұнай және құрылыс салалары секілді өнеркәсібі дамыды. Жергілікті шикізат ресурстары игеріле бастады. Облыс дербес әкімшілік бірлік ретінде құрылардан бір жыл бұрын, 1931 жылы Шымкентте ең ірі кәсіпорындардың бірі – қорғасын зауытының құрылысы басталды. Оны қаланың шетінде, Бадам өзенінің жағалауында салды. Түсті металлургияның алыбы өзінің алғашқы өнімін 1934 жылы, құрылғаннан кейін үш жылдан кейін берді. Зауыттың бірінші кезегі Кеңес Одағының қолданыстағы зауыттарының барлығының шығаратын өнімінен екі есе көп қорғасын өндірді. Нәтижесінде ол осындай кәсіпорындардың арасында Одақта бірінші, ал дүниежүзінде үшінші орынға шықты. Дәл осы уақытта Ащысай мен Хантағы кеніштерінің, байыту фабрикаларының, ЖЭО құрылыстары жүргізіліп, Леңгір көмір шахталары игеріле бастады. Осындай қуатты құрылыс қарқыны жаңа теміржол тармақтары мен жекелеген жұмысшы кенттерін салу қажеттілігін тудырды.
Жаңа өнеркәсіп орындарының барлығын білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін кәсіптік училищелер құрылды, 1934 жылы тау-кен металлургиялық техникумы, араға бірнеше жыл салып құрылыс материалдарының индустриалдық техникумы ашылды. Экономикамен бірге аймақтың мәдениеті де дамыды. 1934 жылы облыс тарихындағы тұңғыш драма театры жұмысын бастады. Диханшылық-малшылық кәсіппен айналысып, артта қалған өлке осылайша республиканың аса ірі өнеркәсіпті аймағына айналды. Осымен өңірдің дамуы тоқтап қалмады, облыста ондаған жаңа зауыттар мен фабрикалар салынды. Небары төрт жылда, 1938-1942 жылдар аралығында май комбинаты, шұлық-ұйық фабрикасы, мақта тазарту және кірпіш зауыттары пайдалануға берілді. Мұрағат құжаттары бойынша, 1940 жылы Оңтүстік Қазақстанның өнеркәсібінде 28 500-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Өнеркәсіптікпен бір мезгілде дерлік өндірістік инфрақұрылым нысандары мен кәсіпорындары дамыды: электр энергетикасы, су коммуникациялары және көлік байланысы. Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Сарыағаш, Шаян, Сайрам аудандарында суару құрылғыларының құрылысы қарқындады. Олардың ең ірісі Тақырдалада салынған Киров арнасы 116 км-ге созылып жатыр, оның 45 км Оңтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы өтеді.
Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж.