1 Ақпан 2013, 12:22
Орта ғасыр. VІ ғасырдың бірінші жартысы мен ІХ ғасырда қазіргі Оңтүстік Қазақстан жерлері Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанатына кірді. Қарахандар мемлекетінде этносаяси жағдай күрделене түсті. Бұл мемлекеттер Византия, Сасанидтік Иран, Қытай, Араб халифатымен саяси, шаруашылық, мәдени халықаралық байланыс орната бастады. Бұл Ұлы Жібек жолы арқылы іске асып, бірнеше қалалар пайда болды. Бүгінгі таңда ол жерлерде археологиялық ескерткіштер, яғни топографиясы күрделі қалажұрттары ғана қалды.
Шымкенттен 15 км жерде «Ақ өзендегі қала» – Испиджаб (Сайрам) орналасқан. Кейінгі атауы бүгінгі дейін сақталғандықтан, бұл қаланы қазіргі Сайрам ауылының орны деп сеніммен айтуға болады. VII ғ. жазба деректері бойынша «Ақ өзендегі қала» Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалардың құрамында болған. Деректерде Оңтүстік Қазақстан аймағындағы тағы да бірнеше қалалар – Отырар (Фараб), Шавгар, Газгирд, Шараб (Шаваб), Будухкет айтылған.
IX ғасырдың II жартысында Орта Азия мен Қазақстан тарихының жаңа кезеңі басталды. Бұл Қарахандар мемлекеті кезеңіндегі қалалардың өсуімен, қалалық мәдениеттің қарқынды дамуымен сипатталды. Қарахандар шығысында Қашқардан, батысында Хорасанға дейінгі шексіз жерді бағындырып, оған қоса Мауераннаһр, Хорезм сияқты ірі тарихи-мәдени орталықтарды Самарқан, Бұхара қалаларымен .оса иеленіп, билеуші топтары жергілікті ақсүйектермен бірігіп кетті.
Қалаларда қолөнер түрлері, әсіресе қыш-құмыра бұйымдары, шыны жасау, металл өңдеу мен темір ісі, зергерлік шебер, қоладан сәндік бұйымдар жасау жақсы дамыды. Қалалар жергілікті және халықаралық сауда орталығына айналды. Ұлы Жібек жолы дала мен қаладағы сауда-саттықта маңызды рөл ойнады. Испиджаб, Будухкет, Отырар, Ясы қалаларында мәдениет сарайы жұмыс істеді. Орта Азия, Таяу және Орта Шығыс, Еуропа, Қытай елдерімен байланыс кеңейіп, нығая түсті.
Қалаларда ислам дінінің кең тарауына байланысты араб әліпбиі қолданысқа ене бастады. Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу бойында қала мәдениеті гүлденген кезде әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмед Йасауи, Сүлеймен Бақырқани тәрізді көрнекті оқымыстылар өмір сүрді. Мауераннаһрдан (Орта Азия) солтүстікке қарайғы үлкен аймақтағы ең ірі мәдени және экономикалық орталық Оңтүстік Қазақстандағы Испиджаб қаласы болды. Испиджаб аймағына Сырдария бойындағы Арсубаникент, Отырар, Кедер, Ясы, Сығанақ, Сауран қалалары, Қаратаудың солтүстік баурайына орналасқан Баладж, Берукет қалалары кірді.
Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, кең түрде зерттелген қала – Отырар. Отырар және Кедермен баламаланатын Құйрықтөбе қалажұрттарында ондаған жылдар бойы қазба жұмыстары жүргізілді. Отырарды. IX-XII ғасырларға жататын қабаттарындағы тұрғын үй, монша аршылып, қорғаныс жүйесі зерттелді. Моншаның жобасында массаж қабылдауға, жуыну мен шешінуге арналған және демалыс бөлмелері бар. Жылыту жүйесі еден астынан бу мен ыстың ауа жіберілетін каналдар желісімен жасалған, су қабырғасы күйдірілген кірпіштен өрілген құдықтан алынып, пайдаланылған су құбыр жүйесімен сыртқа шыққан.
ХІІ ғасырдың басында-ақ Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси билік қара қытайларға, одан кейін наймандар қолына өтті. ХІІ ғасырдың соңы – ХІІІ ғасырдың басында Хорезм күшейіп, Мауераннаһр мен Хорасанды өзіне бағындырды. Хорезм шах пен қара қытайлар, Хорезм шах пен наймандар арасындағы күрес кезінде Хорезм шахы Мұхаммед Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы қалаларды қарсыластарына бермеу үшін тас-талқан етіп қиратқызды. Мұнымен қоса моңғол шапқыншылығы нәтижесінде де көптеген қалалар қиратылды, тұрғындарының көзі жойылды, тұтқынға алынды, қолөнер шеберлері моңғол жеріне аттандырылды. Қала мен дала арасындағы дәстүрлі байланыс үзіліп, Оңтүстік Қазақстанның мәдени дамуына кері әсер етті.
Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж.