1 Ақпан 2013, 12:18
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстандағы тарихи және мәдени ескерткіштер саны жағынан ең алдыңғы қатарда тұр. Ежелгі Оңтүстік Қазақстан жерінде мыңдаған жылдар бойы отырықшы және көшпелі мәдениеттер қатар өмір сүрді. Облыс аумағы – сақтар мен ғұндардың, үйсіндер мен қаңлылардың, түркілердің ата жұртына айналды, ұлы Жібек жолы осы өңірден өтті.
Қола дәуірі егін және мал шаруашылығының қалыптасуы, металдың жаппай игерілуі мен еңбек құралдарын өндіру, қару-жарақ түрлерін жетілдіру, мыс пен қола және алтыннан әшекей бұйымдар жасалуымен ерекшеленеді. Қола дәуірін көне қоныстар мен қорымдар, жартастағы суреттер мен кездейсоқ табылған заттар айғақтайды.
Оңтүстік Қазақстанда андронов мәдениетіне жататын ескерткіштер көптеп кездеседі. Андронов атауы Сібірдегі Андронов деревнясына жақын жерден табылған алғашқы заттарға байланысты қойылған. Қаратаудың солтүстік баурайындағы Таутары қорымы – (Созақ ауданы) соның ең көрнектісі. Ол тікбұрышты, төртбұрышты, дөңгелек және сопақша келген пішін үлгісіндегі тас қоршаулармен ерекшеленеді. Жерлеу орны қабір шұңқырымен, кейде беті үлкен жалпақ тастармен жабылған күйінде кездеседі. Қабір шұңқырына 1-ден 5-ке дейін саз балшықтан жасалған ыдыстар қойылған, ал ондағы үйілген өртенген сүйектерге қарағанда, оларда мәйітті өртеу ғұрпы болған. Шұңқырды тазалау кезінде қола мен алтыннан жасалған әшекей бұйымдар алынды.
Бертінде Түркістан қаласына жақын жерден Шербай қорымы табылды.
Тасқа салынған суреттер Қаратау жотасының солтүстік және Оңтүстік баурайларында, атап айтқанда, Қойбағар мен Арпаөзен шатқалдарында шоғырланған. Сүйіндіксай, Қошқарата шатқалдары да зерттелді. Талас тауларының биік жоталарынан ғибадатханалар табылды. Тасқа салынған суреттер Қазақстандағы көне өнердің алғашқы сатысы іспетті. «Ежелгі адамдардың әлем мен өздерін қоршаған орта, өмір мен өлім туралы алғашқы түйсік-түсінігін бейнелейтін болашақ рухани әлемнің құрамдас бөлігі болған қола дәуірінің малшылары, егіншілері мен аңшыларының өміріне, олардың наным-сенімдерге қатысты түсінігі петроглифтерінен көрініс тапқан», – деп жазды Қаратау петроглифтерін зерттеуші ғалымдар – М.Қадырбаев пен А.Н.Марьяшев.
Қола дәуіріне тән тастағы суреттердің негізгі бейнелері арба, бұқа-тур бейнелері, әдет-ғұрып көріністері, қолдарына қару ұстаған адамдар бейнесі, «құйрықты садақшылардың» майдан көрінісі, ешкі, жылғы, түйе, т.б.
Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж.