1 Ақпан 2013, 04:34
– Тағдырым спортпен байланысты болған соң әлемнің 50-ден астам елінде болдым. Іссапарға көп шықтым. Сонда анам «Кісі көп жүретін есік аузында, табалдырықта туып едің. Жерден алғаш көтеріп алған да жолаушы адам. Әу бастан-ақ сенің өміріңнің көбі жол үстінде, сапарда өтер-ау деп топшылап едім. Сол жорамалым шындыққа айналды» деп отыратын. Анамның олай дейтін жөні бар, – дейді Жақсылық аға сол бір кезді жымия еске алып.
– Мен әжем Бәтимаға тән бала болдым. Сондықтан өз әкемді «тәте», анамды «жеңеше» дейтінмін. Әкем Үшкемпір – Әмірәлі атам мен Бәтима әжемнің зарығып көрген баласы. Он төрт ұл-қыз сүйіп, бірақ бәрі жастайынан шетіней берген. Он бесінші болып менің әкем дүниеге келіпті. Сол кезде әбден амалы таусылып, үміт пен күдік астасқан шақта қазақтың ежелгі ырымы бойынша жаңа туған нәрестені
он шақты шалдың шапанының етегіне бөлеп, қолдан-қолға өткізіп, сосын үш кемпірге кезек көтертіпті де, атын да елеусіздеу етіп Үшкемпір қоя салыпты. Міне, сол зарығып көрген ұлынан туған мені әжем алақанына салып өсірді, «Жақайым» деп еркелетті. Әпкем Алтынкүл мен қарындасым Шырынкүлдің ортасында өстім. Менің алдымда дүниеге келген ұл бала ерте шетінеп кетіпті. Бірақ әкем мені жалғыз ұл екен деп еркелеткен емес. Оның мамандығы есепші болды. Біртоға мінезді, тіпті бала тәрбиесінде қаталдау болды. Отбасындағы үш баланы да үй шаруасына жастайымыздан бейімдеді.
«Алып анадан туады» демекші, жастайынан колхоз шаруасына араласқан Күнтөре ана орта бойлы, шағын денелі кісі болған. Бірақ қимыл-қозғалысы ширақ, денесі мығым екен. Ол кездері колхозда түрлі жарыстар, мерекелік шаралар өтіп жататын. Сонда бәсекелестерінен қалып қоймау үшін екі қап бидайды екі қолтығының астына қысып тасиды екен. Ұн салынған 70 келілік қаптарды ешкімнің көмегінсіз-ақ сарайға кіргізіп жүре беретін болған.
Ойтамызық
– Мен кезінде Семейдің Зоовет институтына бекерге бармаппын. Айналып осы мамандығыма келдім. Қазір шаруашылығымызда жылқы, ірі қара өсіреміз. Кезінде құрама командада жүргенде ылғи Семейден ұшып барамын ғой. Бір ғана рейс бар, үнемі кешігіп қаламын. Зооветте оқитынымды нұсқап жігіттер маған сол кезде «директор» деген лақап ат қойған. Сол жігіттердің аузына құдай салған болар, міне, қазір директор болып отырмын. Әне бір жылы кезінде Кеңес Одағының құрамасында бірге болған жігіттер келді. ФИЛА-ның бюро мүшесі Дәулет Тұрлыханов: «Аға, мына кісілер өзіңіздің қатарластарыңыз, қасында бірге болсаңыз» деді. Оларды Үшқоңырға апарып, шаруашылығыммен таныстырып, бір тайды сойып, көкпар тартқызып, аң атып, балық аулап, не керек әбден күтіп, алма, қауын-қарбыз, оны-мұнының бәрін жолдарына салып беріп шығарып салдық. Дән риза болған жігіттер: «Жак, есіңде ме, біз сені кезінде «директор» деп келеке етуші едік қой. Сен шынында да нағыз директор болыпсың» дегені. Қазір шаруашылығымызда 100-ден аса отбасы жұмыс жасайды. Негізі, біздің елімізде жұмыс жасауға барлық мүмкіндік жасалған.
Талас бізді шынықтырды
Жақаң туып-өскен Тегістік ауылы шағын ғана, отыз шақты түтіні бар болатын. Бұл ауылда мектеп болған емес. Оқушылар Талас өзенінен пароммен өтіп, Сарбарақтағы бастауыш мектепке баруға тиіс. Бірінші сыныпқа әжесінің ертіп барғаны бүгінгідей есінде. Ол көршілес Диқан, Аққұм, Жетібай ауылдарындағы мектепке қатынап оқыды. Жетібай ауылындағы мектепте онжылдықты тамамдады. Математика, биология, зоология пәндері қызықтыратын. Тіпті, осы пәндерден кілең бестік алатын.
Балалық шақтың қызығы таусылған ба?! Ауыл балаларына тән ойынның бәрінің бұлар да түбін түсіретін. Талас өзені ауылдың тап іргесінен ағып жататын. Үлкендер қанша қақпайласа да олардың көзін ала бере, күллі бала өзенге қарай лап қояды. Суға жүзуден күнде жарыс. Кішкентай Жақай, тіпті ауыл балалары арасында чемпион болып жүрген Жарастан қалай да озамын деп жанталасып жүріп ақыры дегеніне жеткен. Құлаштап жүзу, итшелеп жүзу, шалқалап жүзу, су астымен жүзу сияқты жүзудің неше түрін білетін.
– Мен өзі кішкентайымнан суды жақсы көріппін. Оны әжемнен естігенмін, – дейді Жақсылық аға. – Әжем: «бала күніңде өте толық болдың, аяғың да кештеу шықты. Жазда есіктің алдындағы ағаш астауға түсіп алып мен қашан су құйып бергенше тапжылмай отыра беретінсің. Су құйылған соң одан шығуың тіпті қиын болатын» дейтін.
Суға қатысты менің басымнан өткен қызықты оқиға көп. Үй шаруасынан қолымыз қалт ете қалса, Таластың бойынан табылатынбыз. 10-11 жас шамасында өзенге қой тоғытамын деп жүріп суға түсіп кетіп, батып бара жатқан әйелді құтқарып қалғаным бар. Өзенде суға бір батып, бір шығып, жанталасып жатқан адамды байқадым да, «Құтқару керек» деген оймен суға қойып кеттім. Оған қалай жетіп, судан қалай алып шыққанымды білмеймін, әйтеуір мұның бәрі қас-қағым сәтте өте шықты. Сәлден соң есін жиған әлгі апа мені айналып-толғанып, алғысын жаудырғаны есімде. Не істерімді білмей, ұялғанымнан үн-түнсіз тұра жүгіргенім бар...
Ойтамызық
– Мәскеу Олимпиадасынан 4-5 жыл өткенде ежелгі Олимпиада отаны – Грекияға бардым. Астанасы – Афиныға тоқтадым. Сол жолы Олимп тауының баурайындағы үлкен мәрмәр таста алтын әріптермен қашалып жазылған өз аты-жөнім мен ұлтымды көріп, еріксіз көзіме жас алғаным бар. Сол сәтте ел алдындағы еңбегімнің ақталғанын сезіндім...
Семейге сапар
– Мектеп бітірген соң зоотехник боламын деп ауылдас Қарахан деген баламен Семейге бардым,– дейді балуан. – Ол бір жыл бұрын да барып, бақ сынап көріп қайтқан. Жол бастаушы – сол. Мені үйдегілер Қараханға әбден тапсырып, шетелге кететіндей әрең шығарып салды. Анам ақшамның көбін ышқырыма жағалай тігіп берген. Кетерде қолыма жол қаражатқа деп 10 сом ұстатты. №41 пойызбен Жамбылдан Семейге төрт күн жүріп әзер жеттік. Екеуміз жалдамалы вагонда тұрып жаттық. Қараханға әбден сеніп алғаным сонша, тіпті алғашында қандай факультетті таңдағанымызды да білмеппін. Менікі әйтеуір оқуға түсіп кету. Біраз күннен кейін әлгі вагон-үйімізден шығып қалып, бір орыстың үйін жалдадық. Ауылдан беріп жіберген ақшаның түбі көріне бастаған. Бір күні Ертіс жағасына барсам, бір кісі жігіттерді топтап жарыстырып жатыр екен. Біраз бақылап қарап тұрдым, ақша тігіп жарысып жатыр. Мен де қалтамның түбіндегі соңғы 5 сомымды ұйымдастырушыға ұсынып, ойынға қатыстыруын сұрадым. Бойым онша ұзын болмағандықтан ол кісі мені баласынып маңына жолататын емес. Жамбыл жақтан оқуға түсуге келген талапкер екенімді айтып, жалынып жүріп қатарға қосылдым. Сөйтіп, суға қатысты хикаям Семейде тағы жалғасты. Қатысатындар бес сомнан шығарады, 10 кісіден 50 сом болады. Ұйымдастырушы 10 сомын алады да, қалғаны – ұтқандыкі. Ол дегеніңіз қыруар ақша. Қатысарымды қатысып алып, ұтылып қаламын ба деп ішім қылпылдап тұр. Сондағы ышқынғаным-ай! Не керек – бәйге менікі! 40 сомды қалтаға басып, шала байып үйге тарттым. Ертеңіне бірінші емтихан. Басталуы – түс мезгілі. Мен Қараханмен айтысып жүріп емтиханға «жарыстан» соң бір-ақ бардым. Шалбардың арты су-су. «Жарыстың» қызығына әбден беріліп алғам. Билетті алып, Қараханның қасына жайғастым. Билетімнің сұрақтарына көз жүгіртіп өттім. Аса қиын емес. Қараханның сұрақтары күрделірек екен. Мұғалімнің көзін ала беріп, Қараханның билетін алып, оның есептерін шығарып бердім. Дегенмен, мұғалім қырағы екен, байқап қойыпты. Қасына шақырып алды да, билеттің жауабын сұрай бастады. Өз билетім жайына қалды. Сөйтіп, қарап отырмай оңай билеттен оңай айырылып, Қараханның билетіне жауап беріп «үш алдым да, ал мұғалім оған екі қойып бергені. Басқа емтихандарды да «4» пен «5»-ке тапсырып, жолым болып, оқуға түсіп кеттім.
Күреске келген жол
Оқу басталған соң оларды дене шынықтыру сабағынан қалаған спорт түрлері бойынша үйірмелерге бөлді. Ол еркін күреске жазылды. Бірақ күрес үйірмесі жуық арада басталған жоқ. Ал жаттықтырушы Микрихов студенттерді үнемі шаңғымен жарыстыратын. Жамбыл жақта қар қалың түспейді. Өмірі аяғына шаңғы байлап көрмеген. Мұғалімнің тапсырмасын орындамаса «зачет» жоқ. Шаңғы тебе алмағандарға спорт залындағы күрес кілемінің сөгіліп кеткен жерлерін тіктіріп қоятын. Сабақтан соң зырылдап отырып кілем тігуге барады. Ол еркін күрестің үйірмесі басталған кез. Жаттықтырушы Лю Вен Хай студент Жақсылықты шақырып алып, мәселенің мән-жайын сұрады да, ойланып тұрып: «Сен өзі күресе білесің бе? Егер ана баланы жықсаң, «зачетыңды» мен қойдырып беремін. Күресесің бе?» деді қызықтырып. Аз-кем ойланған ол, дереу шешініп тастап, күресе кетті. Ауылда күрестің әдіс-тәсілін кім үйретті дейсің? Өз білгенінше «әрекет» жасап, әлгі баланы жерге алып соқты. Бапкер аң-таң болып қалады. «Енді ана баламен күрес» деді. Ол күрестен біраз тәжірибесі бар және ересектеу әрі салмағы да үлкендеу бала екен. Біраз арпалысып оны да жеңді. Бапкер «Сен еркін күресте жоқ әдісті қолдандың, қайта күресіңдер» деді. Бұл да қарап қалмай «Сіз «жықсаң болды» дегенсіз. Қалай күресуді айтқан жоқсыз ғой» деп еді, бапкер «жарайды» дей салды. Не керек, зачет алынды. Ал бапкер оған еркін күрестен жаттығудан қалмауын тапсырды. Әлемді мойындатқан Жақсылық ағамыздың күреске келу жолы – осы.
Шыдамды Жак немесе Қабыш ағамның қайрауы
Еркін күрес үйірмесіне алынған алғашқы күннен бастап ол бірде-бір жаттығуды жібермейді. Жаттығу залына жұрттан бұрын барады, кейін қайтады. Бапкердің үйреткен әдістерін жанын салып қайталайды. Күреске шындап бет бұрғаннан кейін екі айдан соң институт біріншілігі өтті. Сол кездің өзінде қарсылас шақ келтірмей, бірінші орынды иемденді. Одан қалалық, облыстық чемпионаттарға қатысты. Чемпион болды. Жеңістің дәмін тата бастады. Өзгелердің құрмет-қошеметін сезініп қалды. Дегенмен, алғашқы әділетсіздіктер де алдан шыға бастады. Сол себепті еркін күрестен кетіп, грек-рим күресінде бақ сынап көрмек болды. Еркін күресте көптің бірі болып жүрсе, грек-рим күресінде Ром Ильматов бірден бауырына тартып, бар білгенін үйретуден жалықпады. Алғашқы бапкерінің оны Олимпиада чемпионы атандыруға деген құлшынысы тым жоғары еді және балуанды да соған сендіре білді. Ол 1970 жылы-ақ Алматыда грек-рим күресі бойынша Қазақстан біріншілігінде топ жарды. Әйгілі бапкер Вадим Псарев те талапкер жасқа үлкен үміт артты. Владимир Угренинов те қамқор ұстаз бола білді. Сол кездерді оймен шолып өткен Жақсылық ағаның әңгімесі былай өрбіді:
– Негізі, шынын айту керек, мен КСРО құрамасына алынғанға дейін көп кедергі көрген жоқпын. Кеңес Одағының құрамасы әр салмақта үш-төрт орын ғана ұстайды. Он бес республиканың балуандары сол үш-төрт орынға «таласады». Өзіңнің мықты екеніңді дәлелдесең ғана КСРО құрамасының мүшесісің және сол орныңды сақтап қалу үшін үнемі бабыңда болуың керек. Қанша өзімді дәлелдесем де мен баруға тиіс әлем, Еуропа чемпионаттарына Зубков, Шумаков, Нецветаевтар кезек-кезегімен кетіп жатты. Сол кездері «Егер ірі жарыстарға апармайтын болса, КСРО құрамасында несіне жүрмін, күресті тастап кетсем бе екен?!» деген ой да санаңды сарсылтады. Сондай бір қажып жүрген кезде Украина бапкері Кондрат маған қолқа салып, өз елінің атынан жарыстарға қатысуға шақырып еді. Себебі оның алдында мен Киевте өткен КСРО ауыл спортшылары арасындағы чемпионат пен ірі халықаралық турнирде қатарынан екі рет топ жарған болатынмын. Менің күресімді көрген украин бапкері өздеріне шақырып «төрт бөлмелі үй, машина береміз, алдағы Еуропа чемпионаты мен Олимпиадаға қатысасың, университеттің дипломы қалтаңда болады, стипендияңды екі есе өсіреміз» деп әбден үгіттеген. Бұл әңгіме біреуден біреуге тарап, Семей облыстық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының басшысы Қабыш Омаровқа жетіпті. Ол кісінің жаттығу залында жүрген маған келіп, «Қазақ болсаң, Киевте атаңның басы бар ма?» деп қайрайтын кезі сол. Шынын айтсам, сол жылдары әділетсіздікке менің етім әбден өліп кетті. Сондықтан да болар, маған айналамдағылар «Шыдамды Жак» деген лақап ат та қойған.
Ұйықтап қалып, Олимпиадаға кешіге жаздағаным-ай...
– 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына 48 келі салмақта КСРО құрамасынан баруға үміткерлер жеткілікті болатын. Әсіресе, А.Бозин, В.Савчук, А.Шумаковтердің Олимпиада жеңімпазы болудан үміттері жоғары еді. Мені құрамада 4, 5-орын алып жүргендермен де белдесуге шығарды. Бұл кісі күлерлік жағдай болса да, бапкерлер әділдікті белден басты. Бәрін жеңіп тұрған күннің өзінде басшылардан «Олимпиадаға сен барасың» деген сөзді есту мұң болды. Қаншама талас-тартыспен Олимпиадаға екі күн қалғанда ғана оған менің қатысатыным анықталды. Сол кезде бірге жүрген жігіттердің қандай екендігі де сынға түсіп, көбінің бет пердесі ашылды. Мен өзімнің сол шақтардағы жүйкемнің мықтылығына, ұйқымның тыныштығына қазір таңғаламын. Тіпті, өзім әрең дегенде қатысу жолдамасына қол жеткізгеніме қарамай, Олимпиаданың бірінші күнінде ұйықтап қалып, жарыстан кешіге жаздағаным есіме түсіп отыр. Бапкеріміз Геннадий Сапуновтың мені іздетіп құрамадағы жігіттердің екі аяғын бір етікке тығатыны сол кез ғой. Баскетболшыларға арналған кең төсектің бір шетін көтеріп сүңгіп кетіп, қалың ұйқыға басқан мені жігіттердің іздемеген жері қалмайды. Ақырында жарыс басталуға санаулы минуттар қалғанда Геннадий Андреевичтің өзі келіп, бөлменің бұрыш-бұрышын, төсектің астына дейін қарап, амалы таусылып, «бәрі бітті» деп дәл мен жатқан төсекке отыра кеткен ғой. Мен орнымнан атып тұрғанда бапкеріміз «Сен неге тығылып жатырсың?» деп айқайға басты. Сонда жайбарақат қана «Мен тығылған жоқпын, тынығып жатырмын» дегеніме ашулы бапкер еріксіз күліп жіберіп, арқамнан қаққаны бар.
Олимпиаданың финалында Павел Христовты ұтып, алтын медальді омырауыма тағып, қуанышым қойныма сыймай тұрған шақта Алматыдан сүйіншілеген жеделхат жетті. Үшінші ұлым дүниеге келіпті. Қуаныш үстіне қуаныш қосылды. Ойланбастан «Ұлымның атын Жеңіс қоямын» дедім дүйім жұртқа. Расында да, мұндай жеңісті шақта дүниеге келген ұлға Жеңістен басқа ат лайық па?!
Димекеңнің бір жапырақ Жақсылығы
Балуан осы күні еліміздің біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаевтан көрген жақсылығын, қамқорлығын жиі еске алады. Кездескенде «Бір жапырақ Жақсылығым менің» деп емірене мол құшағын жайып, бауырына қатты қысып амандасатын қамқор ағаның ыстық ықыласының өзі неге тұрады?!
– КСРО командасындағы мықты балуандарды үлкен спорттан салтанатты түрде шығарып салу дәстүрі болады. Мұндай салтанат бірнеше жылда бір болатын. Спортқа сіңірген 15 жылдық еңбегімді ескергені болар, әйтеуір бапкерлер осындай құрметке мені де лайықты деп таныпты. Сөйтіп, 1984 жылы сәуірде Красноярск қаласында өтіп жатқан КСРО чемпионаты кезінде мені спорттан құрметпен шығарып салу рәсімі жасалды. Сол жылы «Қайрат» ерікті спорт қоғамының мамандандырылған күрес мектебінің директоры болып тағайындалдым. Бұл орыннан үміттілер көп болды, бірақ тап осы қызметті маған Димаш ағам сеніп тапсырды. Қайран Димекем, әр нәрсені тереңнен ойлайтын кемеңгер еді ғой, – деп аз-кем ойланған Жақсылық аға әңгімесін одан әрі сабақтады. – Бірде Димаш ағам мені Алматы облысының Шелек ауданындағы бір мерекелік шараға өзімен бірге ертіп барды. Жиналғандар кіл мықтылар, министрлер мен түрлі лауазымды қызметкерлер. Ағыл-тегіл дастарқан, дуылдап бірін-бірі қолпаштаған сөздер... Сонда Димаш ағам «Әй, жігіттер, айтқандарыңмен келісемін. Бірақ заман өтеді, бәрі ұмытылады. Сендердің керемет қызметкер болғандарың да ұмытылады. Дегенмен, бұл жерде қанша жыл өтсе де аты-атағы ұмытылмайтын бір жігіт отыр. Ол – Жақсылық Үшкемпіров. Оның Олимпиаданың алтын медалін алған тұңғыш қазақ екенін халық өмірі ұмытпайды. Соны есте сақтаңдар» деп мені министрлерден де жоғары, төрге отырғызып қойды. Расында да халықтың маған деген ыстық ықыласы әлі күнге басылған емес. Қашан да құрмет, қошеметке бөлеп жатады. Сондай кездері мен еріксіз Димаш ағамды ойыма аламын...
Жастар әрбір мүмкіндікті пайдалана білуі керек
– 21 жылдан бері егемен елміз, бірақ сол жақсылықты көбі сезінбейді. Біреуге тәуелді болудың қандай қиын екендігін басынан өтпегендер білмейді. Мысалы, КСРО кезінде менің өмірім, үлкен жарыстарға қатысуым өте қиын жағдайда өтті. 10 жыл бойы КСРО құрамасында болдым. Сол жылдардың бәрінде Кеңес Одағында өткен жарыстарда бірінші, екінші, үшінші орын алып жүрдім. Соның өзінде әлемдік деңгейдегі жарыстарға шыға алмай, қиналдық. Қазақ жастары арасынан тұңғыш рет Серік Қонақбаев екі дүркін Еуропа чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері болды. 1980 жылы ғана Мәскеу Олимпиадасында біріміз алтын, екіншіміз күміс медаль алып, қазақ елі кім екенін таныттық. Оған дейін біздің талай жастарымыз Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айхановтар Кеңес Одағының чемпионы болғанмен, әлемдік жарыстарға бара алмады. Қазіргі жастар әлемдік жарыстарға жылда барады. Көбіне жеңіліп жатады. Сол кездері мен «Қазір ата-бабамыздың аңсаған арманы орындалды, сол бақытты сендер неге сезінбейсіңдер? Кеңес Одағы кезінде күрессеңдер бір рет үшінші орын алып келіңдерші, сол күні құраманың қатарынан шығарып тастар еді» деп жастарымызды қайраймын. Жастар өздеріне берілген әрбір мүмкіндікті пайдалана білуі керек.
Біздің қазақтың жастары қай салада болсын меңгеремін деп ден қойған ісін тез-ақ игеріп алып кетеді. Бұл – қанның тазалығы. Жеті атаға дейін қыз алыспай, ұрпағының амандығын ойлаған қазақтың бүгінгі ұрпағы зерек, қабілетті. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында жастарымыз қандай ерен еңбек жасады. Біздің жастарымыз тарихта болмаған жағдайды болдырды. Күллі әлеммен бірге мен де соның куәсі болдым. 250 мемлекеттің ішінен 12-орын алу – тарихта болмаған көрсеткіш. Спорт саласынан қазақ елі өзін әлемге мойындатты. Ал спорт деген мемлекеттің өскендігін көрсетеді. Қай мемлекеттің спорты дамыған болса, сол мемлекет күшті деген сөз. Әрине, бұл тарих қайталана ма, жоқ па, білмеймін. Мен жастарға ризамын.
Қазір алпыстан астым. Менің ойымша, қазақша мектепті көбейтуіміз керек. Балаларымыздың бойына ана тілін жастайынан сіңіруіміз қажет. Қазіргі «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының түп-төркіні осында жатыр. Осы Алматыда кезінде екі-ақ қазақ мектебі болған. Қазір, Құдайға шүкір, қазақ мектебінің саны жыл сайын көбейіп келеді. Латын әліпбиіне ертерек көшіп, Ресейден іргемізді бөліп алуымыз керек. Бұл – Елбасымыздың азаматтығы. Бұл жас қазақ мемлекетінің қарыштап дамып, гүлденуіне жол ашатын жол болмақ. Жеріміз үлкен, ал өзгелер жан-жақтан анталап отыр. Менделеев кестесіндегі барлық элемент біздің жер қойнауымыздан табылады. Біз жастарымызды сол байлыққа білімімен, қабілет-қарымымен ие болатындай етіп тәрбиелеуіміз керек.
Балуанның өмір жолына көз салсақ, Таластың бойындағы кішкентай ғана Тегістік ауылында дүние есігін ашқан оның тағдыры еліміздің бір қиырындағы Семейге түпкілікті байланғандай. Боз кілемдегі алғашқы күрес жолын осы қалада бастағанын жоғарыда әңгіме етсек, ал өмірлік қосағы Күлпанды да осы жерде жолықтырып, мәңгілікке бір болмаққа серт байласып, өмірдің сан алуан белестерін қол ұстасып бірге бағындырып келеді. Темірдей тәртіпті талап ететін КСРО құрамасында 15 жыл бойы тер төгіп, апталап, айлап үй бетін көрмей, жаттығу залдарынан шықпай, одан қала берді үнемі ат үстінде іссапарларда жүретін спортшының жары болу сырт көзге қызығарлықтай болғанмен, қиыншылығы да аз емес. Отағасына сол ауыртпалықтың бірін білдірмей, оның елдің азаматы екенін түсініп, үнемі қолдау көрсетіп отыруды айт. Үш ұлды дүниеге әкелген Күлпан жеңгей – қазір батыр ағамызбен бірге ұлдарын аяқтандырып, немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Үшкемпіровтер отбасының тату-тәтті бірлігіне, жұмыла кіріскен тірлігіне қарап қызықтық. Әрбір әулеттің өзіне тән қадір-қасиеті болады. Жақсылық ағаның қара шаңырағының табалдырығын аттағаннан сондай бір жайма-шуақ жылылық есіп тұрды. Мұндай жайлылық пен жылылық әрбір шаңырақтан сезілмейді...
Дайындаған
Гүлнар Жұмабайқызы