7 Қаңтар 2013, 06:54
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты және қазақстандықтарды екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20-жылдығымен құттықтап, хат жолдады. Бұл туралы BNews.kz ақпараттық агенттігіне Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Осы күндері Тәжікстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына жиырма жыл толады.
Тәжік-қазақстан қатынастарының қазіргі тарихындағы осы мерейлі күн Сізге және Сіз арқылы бауырлас барша Қазақстан халқына шын жүректен шыққан құттықтауларым мен ізгі тілектерімді жолдаудағы қуанышты сәттерді маған сыйлап отыр.
Біздер үшін осы айтулы оқиға болған шақтан кейінгі өткен мезгілде Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы достық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастықтың екіжақты форматта да, көпжақты өзара іс-қимылдарда да серпінді дамып, сапалы өсуінің бірге ілесіп отырғанын зор қанағаттанғандықпен атап өткім келеді.
Бүгінде олар іс жүзінде мемлекеттеріміздің мүдделері үйлесетін өмірдің барлық салаларын қамтиды және өңірлік тұрақтылықты сақтаудың факторы болып көрінуде.
Біз жоғары деңгейде қалыптасқан қазіргі тәжік-қазақстан байланыстарын қадірлейміз әрі халықтарымыздың ой-армандарын ескере отырып, олардың әр алуан аспектілерін уақыт талаптарына сәйкес, жаңа мазмұнмен толықтыруға мүдделіміз.
Қолда бар тәжік-қазақстандық қатынастардың әлеуетіне сүйене отырып, бірлескен күш-жігерлердің арқасында оларды дамытуда жаңа биіктерге жететінімізге сенім білдіремін.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге шын ықыласпен зор денсаулық және қызметіңізге жаңа табыстар, ал барша бауырлас қазақстан халқына – құт-береке және бұдан былай да гүлдене беруді тілеймін», - делінген Тәжікстан Президентінің құттықтау хатында.
BNews.kz