4 Қаңтар 2013, 12:16
Қызылордада 2013 жылы екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі ашылмақ. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев мәлім етті.
«Облыста 2012 жылы жоғары спорт шеберлігі мектебі, көркем гимнастика, стендтік оқ ату, кикбоксинг, қазіргі көпсайыс, байдарка мен каноэ үйірмелері ашылды, - деп тізбектеп өтті Мұстафаев. – Енді ауыр атлетикадан мамандандырылған мектеп ашуды Құдайдың өзі қолдап отырған тәрізді, себебі Лондонда өткен олимпиада ойындарында жерлесіміз Илья Ильин тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет екі дүркін олимпиада чемпионы атанды. Жаңа мектепке оның есімін береміз, себебі Илья – шынымен оған қарап бой түзейтіндей жастардың көшбасшысы әрі кумирі».
«Жалпы, 2012 жыл аймақтың спорттық әлеуетін қалыптастыруда аса жемісті болды деп айтуға негіз бар, - деп атап өтті Мұстафаев. - Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде Қызылордада төбесі жабық халықаралық талаптарға сәйкес келетін теннис корты ашылды. Оның құрылысы былтыр басталған болатын. «Евразия» спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін құрылысы былтыр ғана басталған мұз айдыны бар спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілетін болды. 2012 жылы біз өңірдің ауылдық жерлерінде жүзге тарта балаларға арналған спорт алаңын аштық. Алдағы жылы осы тектес тағы 56 нысанның құрылысы жоспарланып отыр».