27 Желтоқсан 2012, 09:00
2013-жылы Шығыс күнтізбесі бойынша жылан жылы кіреді. Ежелгі Інжіл бойынша Адам атаға алманы жегізген арбаушы да, қытай халқы әсіре әспеттейтін айдаһар да - осы жылан. Ал әр жылдан тек жақсылық күтетін қазақ үшін жылан жылы жылылықтың белгісі болған. Бұл жылы туғандардың арасынан ұлы ойшылдар мен ел бастаған серкелерді көптен кездестіруге болады. Өйткені астрологтардың пайымдауынша, жылан жылы дүние есігін ашқандар жүз рет өлшеп, бір рет кесетіндер. Сондықтан олар терең пайым мен сараптауға бейім болады екен. Ендеше, осы жылы өмірге келген тұлғалар кімдер?
Қазақтың ұлы ойшылы, ақын, сазгер, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаев жылан жылы өмірге келген. XIX ғасырдың 45 жылының жазында Тобықты руының биі Құнанбай ақсақалдың отбасында дүние есігін ашқан бала Ибрахим өзінің парасат-пайымы, терең ойшылдығы арқасында қазақтың Абайы атанған. Жастайынан ерекше қабілетімен көзге түскен Абайдан әкесі ерекше үміт күтіп, медреседе оқытып, артынан ел билігіне араластырғаны белгілі. Игі жақсылармен араласа жүріп, шешен сөйлеуге үйреніп, халықтың рухани мұрасымен терең танысады. Бүгінде Абай Құнанбаевтың өмірбаянын білмейтін қазақ баласы жоқ шығар. Артынан өлмес мұра қалдырған тұлғаның өлеңдері, қара сөздері, аудармалары әлі талай ұрпаққа жаназық болмақ.
Сондай-ақ туған жылы жыланға тура келетін тағы бір ақын - қазақтың лирик ақыны Мағжан Жұмабаев. Ол 1893 жылы дүниеге келген. ХХ ғасырдың басында қазақ поэзиясының көгінде жарқырай жанған лирик ақын - зобалаң заман кезінде «Халық жауы» деп сотталып, ату жазасына кесілгендердің бірі. Солтүстік Қазақстан облысында өмірге келген, жастайынан зерек болып, ауыл мұғалімінен сауат ашқан. Қызылжар қаласындағы медреседен білім алып шыққан соң, Уфа қаласына оқу іздеп аттанған. Сол кезеңдегі аты әйгілі Медресе-Ғалияда оқып жүрген кезінде ең алғашқы «Шолпан» атты жинағын шығарғаны көзі-қарақты оқырманға белгілі. Тумасынан лирик ақын шығармашылығы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды қазақ қайраткерлерімен тығыз араласқан кезінде кемелдене түседі. «Мен жастарға сенемін!» деп жырлаған Мағжанның шығармалары қазақ поэзиясының алтын қорынан ойып орын алады. Оның өзіндік қолтаңбасын жырсүйер оқырман бірден таныры анық.
Қазақтың ән-күйін жинастырып, нотаға түсіріп, «Қазақ халқының 100 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» атты жинақтар қалдырған композитор-этнограф, музыка зерттеушісі Александр Викторұлы Затаевич 1869 жылы дүниеге келген. Бұл жыл да - шығыс күнтізбесі бойынша жыланға сәйкес келеді. Бала жасынан керемет есту қабілетіне ие Затаевичтің қазақ халқының музыкасымен таныстығы 1920 жылдардан басталған екен. Музыкаға аса талғаммен қарайтын талантты жан қазақ музыкасын алыста жүріп зерттеуді жөн көрмей, ел арасына шығып, Жайықтың бойын, Сыр, Ертіс өзендерін, Бөкей, Қарқаралы далаларын аралайды. «Қазақ энциклопедиясында» ол туралы былай деп жазылған: «Халықтық кәсіби әнші-күйшілерінің шығармашылық қызметін, олардың орындаушылық шеберліктерінің сырын ашып, өте құнды мағлұматтар жинады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет, т.б. шығармаларын алғаш рет Затаевич жарыққа шығарды. Сөйтіп, ұлттық дәстүрлерді сақтаушылар мен дамытушылар жайында қайталанбас деректер жазып қалдырды. Этнографтың «Қазақ халқының 1000 әні» (1-бас., 1925 ж., 2-бас., 1963 ж.), «Қазақтың 500 ән-күйі» (1931), «Песни разных народов» (1971), жарияланбаған «Қазақ музыкасының 3-томы» деп аталатын жинақтарында қазақ халқының классикалық ән, күйлерінің үлгілері мол орын алған. Затаевичтің еңбектері арқылы қазақ музыкасы дүниежүзіне тарады, бүкіл Еуропа елдеріне жетті, алдыңғы қатарлы өнер иелерінен жоғары баға алды. Мұнда қазақ музыкасының көптеген теориялық және тарихи мәселелерінің беті ашылды. Затаевичтің әрбір ән-күйге берген жеке талдауларының мәні зор. Халық композиторлары мен орындаушыларының шығармаларына берген мінездемелері де әлі өз бағасын жоғалтқан жоқ. Затаевич жинақтары қазақ халқының кәсіби музыкасының дамуына зор ықпал етті».
Ғылым мен білім, әдебиет саласында зор жетістіктерге жеткендерге жыл сайын табысталатын Нобель атындағы сайлық бар. Бұл сыйлық атақты швед ғалымы Альфред Нобельдің құметіне аталады. Шведтің өнертапқыш ұлының өмірге келген уақыты - 1833, жылан жылы. Динамитті және басқа түрлі жарылғыш заттарды ойлап тапқан атақты инженер-химиктің сүйікті ісі - зертханада зерттеу жүргізу болатын. Өзінің 63 жылдық ғұмырында талай ғылыми жаңалық ашып, үлкен корпорация құрған адам. Өзінен қалған байлығын медицина, әдебиет, физика, химия және бейбітшілік жолында ашылған ірі жаңалықтарды марапаттайтын Нобель сыйлығын табыстайтын қоғамдық қорға өсиет етіп кеткен. Оның зерттеуге, өнертабуға деген бейімділігі әкесі Иммануилден берілген. Әкесі кезінде өзі шығарған минасын Ресей патшалығына сатып, одан үлкен табыс көрген кісі.
1849 жылы әкесі оның Еуропа мен Америкаға екі жылдық саяхатқа жібереді. Өйткені Альфред әдебиетке жақын болып, өзі өлең жазған, ал әкесі баласын тек инженер ретінде көріпті. Тіпті аты әйгілі ғалым атанған кезде де өз шығармаларын жарияламаған. Тек өмірінің соңғы кезеңінде «Немесис» атты пьесасы жарық көріпті. Осы уақыт ішінде ол талай таңдаулы ғалымдармен кездесіп, ғылыми жаңалықтарға қанығады. Уақытының көп бөлігін Париж қаласында өткізген Альфред француздың белгілі химигі Жюль Пелуздің зертханасында тәжірибеден өтеді.
Өзінің Еуропаға саяхаты барысында өте үлкен жарылғыш қасиеті бар зат - нитроглицеринді ашқан итальяндық Собреромен кездеседі. Әлі толық зерттелмеген заттың қандай керемет қасиеттері барлығын Альфред бірден ұғып, оны түбегейлі зерттеуге кіріседі. Соның нәтижесінде динамиттер мен түрлі жарылғыш зарттарды ойлап тапқан ғалым, өз жаңалықтарын патенттеуден жалықпайды. Бар ғұмырында ол 350 патент иеленген екен. Оның барлығы тек жарылғыш заттарға байланысты емес. Соның ішінде, барометр, су өлшегіш құрал, мұздатқыш аппарат, газ «горелкасы» және тағы басқалары бар.
Жылан жылы дүние есігін ашқан әлемдік тұлғалардың бірі - Индира Ганди. Ол 1917 жылы Үндістанның солтүстігіндегі Аллахабаде штатында дүниеге келген. Индира дүниеге келген кезде әкесі Джавахарлал Неру саясаттағы алғашқы қадамдарын жасап жүрген. Олардың отбасында барлығы дерлік саясатпен айналысқан. Атасы Мотилал Неру Үнді ұлттық конгресінің ардагері ретінде танымал болса, анасы пен әжесі сол кездегі билік тарапынан қудалауға аз ұшырамаған. Жастайынан осындай ортада өскен Индира қыз түрлі шерулердің бел ортасында жүрді.
1937 жылы Оксфордтың Сомервельский колледжіне түсіп, тарих пен басқару саласын оқи бастайды. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, Ганди өз елімен бірге болған дұрыс деп шешеді. Еліне Оңтүстік Африка арқылы қайтқан кезде, ең алғаш рет халық алдына шығады. 1942 жылы Фероз Ганди есімді саясаткер, журналист жігітпен отбасын құрады.
1947 жылы Үндістан өзінің тәуелсіздігін жариялаған кезде, премьердің орнына отырған әкесінің жеке хатшысы болады. Ол бірнеше жыл Үнді ұлттық конгресінің әйелдер ұйымын басқарды. 1966 жылы Ганди Үндістан мемлекетінің премьер-министрі атанды. Содан 1977 жылға дейін, кейін 1980-84 жылдар арасында премьер-министр болған Индира Гандидің басқару жылдарында Үндістанның өнеркәсібі үлкен қарқынмен дамыды. Алғашқы атом-электр стансасы салынып, елдің ауыл шаруашылығы аяғынан тік тұрды. Соның арқасында мемлекет шетелдік азық-түлік тауарларына деген тәуелділіктен құтылды. Индира Ганди тарихқа тек Үндістанды ұзақ жылдар басқарған әйел ғана емес, халықаралық аренада өз елінің беделін көтеруге барын салған жан ретінде қалып отыр.
Жоғарыда аты алған ойшыл, ақын, ғалым, саясаткерлерден басқа да жылан жылы дүниеге келген белгілі азаматтар жетерлік. АҚШ-тың 16-шы Президенті Авраам Линкольн, 35-ші Президенті Джон Кеннеди, Қытайдағы жаңа дәуір төңкерісінің көсемі Мао Цзедун, Осман және Түркия мемлекетінің реформаторы Мұстафа Кемал Ататүрік сынды саясаткерлермен қатар, Николай Коперник, Пабло Пикассо, Франс Шуберт, Иоганн Вольфганг Гете, Дени Дидро, Дмитрий Достоевский, Николай Гоголь, Мұхаммед Әли, Одри Хепберн, т.б. секілді түрлі саланың саңлақтары омірге келген. Ендеше, 2013 жылы өмірге келетін қарадомалақтардың арасында қазақтың атын шығарар ұландары көп болсын деп тілейік...
Дайындаған
Үмітжан ЖАПАР
BAQ.kz