21 Желтоқсан 2012, 11:22
«Қазақстан-2030» стратегиясындағы жетістіктеріміз жаңа биіктердің тұғыры болмақ. Бұл туралы Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауын талқылау бойынша ұйымдастырылған онлайн конференцияның алдында ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Биылғы Жолдау – тарихи ұзақ мерзімді қамтыған, ұзақ межені белгілеген Жолдау. Сол Жолдауды насихаттау бойынша біздің академияның ұйымдастырып жатқан алғашқы шарасы жаңа технологияларды, жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, жүзеге асырылып жатыр. Бұл да бір Жолдаудың алғашқы кезеңнен бастап белгілі бір дайындыққа негізделгенін көрсетеді. Себебі, егемендіктің 20 жылында, соның ішінде «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асырған 15 жылда Қазақстан өзінің ішкі әлеуетін пайдаланып, халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып және де Елбасының белгілеген басымдықтарын алға қоя отырып, 7 бағыт бойынша да үлкен жетістіктерге жетті. Бұл жетістіктер жаңа биіктердің тұғыры болмақ. Бүгінгі шара негізінен 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясының негізгі басымдықтарын түсіндіруге бағытталған», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.
Айта кетейік, бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын талқылау бойынша онлайн конференция өтуде.