20 Желтоқсан 2012, 09:50
- Елбасының бұл жолғы Жолдауы ерекше шықты. Бір жылды ғана емес, болашақты болжаған бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы барлығымызды жұмылдыра түскендей. Әсіресе, мені ғана емес, ұлт зиялыларын тіл мәселесінің қатты толғандыратынын бұрыннан айтып келеміз. Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауы мен 2050 жылға дейін арналған стратегиясында мұның оңды шешімін айтты. Иә, бұл проблема шоқпар ұстап көшеге шығумен шешілмейтіні анық. Өзіміздің ішімізге үңіліп, соның ішінде ана тілінен алыстап, жақындауды жатсынып жүргендер өзінің ғана емес, ұлтының да ұят-аятына назар аударғаны абзал. 2025 жылы латын әліпбиіне көшуге қатысты да бастамасы өте көрегенділікпен айтылып отыр. Алдын ала қоғамды дайындап, нақты жоспармен әліпби ауыстыру баршаға тиімді болады. Көршіміз Өзбекстан осыдан сегіз жыл бұрын латынға көшті. Бірақ қоғам түсініксіз күйге түспеу үшін өзбектердің бұрынғы қолданған әліпбиі де қатарласып келеді. Алайда мұндай қадамдар адамдарды екіұдай сезімге қалдырып, бірқатар қиындықтар тудыратыны сөзсіз. Осыны жан-жақты елеп-екшеген Елбасы Н.Назарбаев ертеңгі күні қос әліпби қосарланып, халыққа қиындық тудырмау үшін дайындықты бүгіннен бастауды тапсырды. Егер белгіленген жоспарға сәйкес елді үйрете алсақ, жаңа әліпбиге көшкен кезде көп қиындықтар тумайтындығына кәміл сенемін.
Айқын газеті