14 Желтоқсан 2012, 05:50
Қазақстан Тәуелсіздігі күніне арналған балалардың сурет көрмесі 21 желтоқсанда елордадағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында өтеді. Экспозицияға «Туған жерім» деп аталатын балалар суреті І Халықаралық байқауы қатысушыларының еңбектері қойылады. Мұражайдан хабарлағанындай, байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі мен Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ, балалардың көркем шығармашылығын дамыту мен кеңінен насихаттау болып табылады.
«Көрмеде: «Қазақстанның өткеніне саяхат», «Қазақстан халқының аңыздары мен ертегілері», «Қазақ халқының дәстүрі мен салттары», «Астана – болашақ қаласы», «Қазақстан 20 жылдан кейін» тақырыптарына еліміздің барлық аймақтарынан жұмыстар ұсынылады. Қазақстан Суретшілер одағы мүшелерінен құрылған қазылар алқасы ұсынылған жұмыстардың кәсіби деңгейінің жоғары екендігін атап көрсетті», - делінген хабарламада.
Астана қаласының ресми сайты astana.kz