8 Желтоқсан 2012, 06:26
ӘЙЕЛ ЖОЛЫ
Совет әйелдері коммунизм құрылысының белсенді қайраткерлері. Ұлы Октябрь революциясы әйелдерді бұғаудан азат етіп, өміріміздің бар саласына ерлермен бірдей араласуға, творчестволық қабілетін кедергісіз еркін дамытуына барлық мүмкіншілікті жасады. Оның тамаша жемісін көріп отырмыз. Біздің Отанымыздың өмірінің қай саласы болмасын — саяси-экономикалық, мәдени өмірімізге совет әйелдерінің орны ерекше зор. Сондықтан да тамаша совет адамдарының кесек образдарын жасауды мақсат еткен әдебиетіміздің басты кейіпкерлерінің талайы әйел болуы заңды құбылыс, өмір шындығы.
Революциядан бұрынғы әдебиетте әйел образы негізінен махаббат объектісі есебінде алынып, ғашықтық, жұбайлық, аналық тұрғыдан ғана суреттелсе, совет әдебиеті социалистік өміріміздің шындығына байланысты ол рамканы кеңітіп, қоғам қайраткері, күрескер, алдыңғы қатарлы жұмысшы, шаруа әйелдердің бейнесін жасады.
Азаттың үшін, бақыт үшін күрескен, Октябрь революциясы құлдық бұғаудан босатқан, социалистік өмірімізге белсене араласқан қазақ әйелдерінің бейнесі қазақ совет әдебиетінен елеулі орын алады. Жас прозамыздағы көлемді шығарманың басы болған Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» (кейін «Ботакөз» аталған) романында халықтың қалың ортасынан шыққан бостандық үшін күрескен қазақ қызының кесек образы жасалды.
Азамат соғысы жеңгеннен кейін қазақ даласында үлкен өзгерістер болды. Шиеленіскен таптық күрес арқылы қазақ кедейлері Коммунист партиясының басшылығымен үстем таптарды жойды, бақытты, жаңа тұрмыс орнатуға кірісті. Жиырмасыншы жылдардың аяқ кезі мен отызыншы жылдардың бас кезінде Қазақстанда тарихи зор оқиғалар болды. Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романының басты кейіпкерлерінің бірі Ардақ осы жылдардағы зор күреске, әсіресе, мәдениет үшін күреске белсенді араласады. Ардақ образы әдебиетіміздегі шытырман, күрделі образдардың бірі.
Әдебиетімізде халықтың тарихи дамуының жемісі нәтижесінде Жәмила, Сәуле, Жаннат, Гүлжан сияқты интеллигент әйелдердің образы жасалды. Әр түрлі көркемдік дәрежеде, әр түрлі стильде жасалған бұл образдардың қайсысы болмасын әдебиетімізде елеулі орын алмақ.
Сөз жоқ қазақ әдебиеті белгілі бір дәрежеде заманымыздың алдыңғы қатарлы әйелдерінің образдарын жасады. Бірақ өмір талабын қанағаттандыра алған жоқ. Әлі де жазушылардың қаламы тимеген кесек-кесек ірі образдар жатыр. Октябрь революциясынан кейінгі орасан зор өзгерістердің бәріне қазақ әйелдері белсене араласты. Саяси-экономикалық рухани бұғаудан азат етілген олардың тамаша творчестволық қабілеттері, заманымызға сай ірі істері әлемге аян. Кешегі от басындағы қараңғы әйел үлкен мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді. Ал біздің әдебиетімізде мұндай қызғылықты кесек образ жасалған жоқ. Әйел бостандығы туралы, олардың ел өмірінде еркін араласуы туралы жазылған жиырмасыншы жылдардағы ұсақ өлеңдер мен әңгімелер болмаса, бұл туралы есте қаларлықтай көркем, көлемді шығармалармен қазақ әдебиеті мақтана алмайды.
Ғ. Мұстафиннің «Қарағанды» романында Балжан дейтін әйелдің образы бар. Халықтың қалың ортасынан шыққан осы әйелді алғашқы көргенде үлкен үміткер болып қаласың. Қарағандыны басқарушылар Щербаков пен Мейрам жұмысшыларға керекті жабдық жеткізе алмай қиналып тұрғанда Балжан қиыннан жол тауып, өзінің ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілетінің бар екенін бірден әсем танытады. Оқушы автордан Балжанның осы қасиеттерін заңды дамытып, оны өсіре, кере масштабын кеңейтіп, кесек образ жасауын күтіп қалады. Бірақ автор әр жерде атағаны болмаса, осы өте бір қызғылықты басталған образды дамытпай тастап кетеді. Сол романда өндіріске ауылдан келген қойшы Жанәбілдің партия басшысына дейінгі өсу жолы өте нанымды, шебер суреттеледі. Ал енді от басынан шыққан Балжан сияқты әйелдердің өсу жолы жазушыны қызықтырмағаны ғажап нәрсе.
Біздің жазушылар мен ақындар интеллигент әйелдердің образын жасауда едәуір табысқа жетті. Бірақ әдебиетімізде еңбекші әйел — алдыңғы қатарлы колхозшы, жұмысшы әйелдің кесек образы жоқтың қасы. Бұл әрине, прототип жоқтығынан емес. Елімізге атағы шыққан, өз еңбектерімен коммунизм құруға белсене қатысып жатқан, ерлігі жыр боларлық жүздеген, мыңдаған қазақ әйелдері бар.
Ұлы Отан соғысы жылдарында барлық халқымызбен бірге совет әйелдері де дүниені таңырқатарлық ерлік көрсетті. Олар Отан соғысының майдандарында да, тылда да өз істерімен жеңіске үлкен үлес қосты. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Совет Одағының батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовалардың есімі бүкіл совет халқына аян. Жалғыз бұлар ғана емес, жүздеген қазақ қыздары мен әйелдері қолына қару алып, фашистерге қарсы ерлікпен соғысты. Халқымыздың батыр қыздарының көркем образын жасау совет жазушыларының ардақты міндеті. Ол үшін өмір материалдары да жеткілікті. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова туралы жазылған кейбір поэмалар сәтсіздікке ұшырады. Сөйтіп Отан соғысында ерлігімен аты шыққан қазақ әйелдерінің образы әдебиетімізде жасалды деп айта алмаймыз. Ұлы Отан соғысы туралы жазылған қазақ әдебиетінің ең елеулі шығармасы Ғабит Мүсреповтың «Қазақ солдаты» романынан да біз ондай образдарды көре алмаймыз. Бұл романдағы басты герой Қайрошпен бірге романға желі болып отыратын Ақбота образы. Бірақ Ақбота образын суреттеуде автор жалған романтикалық әдіске ұрынған. Ақбота біздің арамызда жүрген, өзімізбен бірге өмірдің ащысы мен тұщысын татқан кәдімгі жанды кейіпкер емес, тек Қайроштың ыстық сезімін ояту үшін ғана қиялда елес беретін махаббат объектісі: Қайроштың Ақботаға ғашық болуы да бүгінгі шындық өмірден гөрі ертеректегі жырларға ұқсайды. Жастар ғашық болғанда бір-бірін өмірде танып, ой-арманы, қиялы ұштасып, бірінің-бірі абзал қасиеттерін ұғынысып, білісіп ғашық болады. Ал «Қазақ солдатында» Қайрош жеті-сегіз жасынан кейін көрмеген Ақботаға он-он бес жыл үзбей ғашық болумен жүреді. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жақсы поэма болғанымен, ондағы оқиғалар бүгінгі өмірге қабыса бермейді. Біздің жастар өмірлік серігін ес біліп, кәмелетке жеткеннен кейін таңдайды. Жазушы Ақбота майданға барды дегенді айтады. Бірақ біз оны майданда көрмейміз. Тек романның соңында ғана Қайрош жараланып жатқанда самолет үстінде, өң мен түстің арасындағыдай бір елес беріп кетеді. Мұның бәрі образ ашудың дұрыс табылған құралы емес.
Хамит Ерғалиев «Біздің ауылдың қызы» поэмасында совет жасы Гүлжанның өсу жолын, негізінен шебер көрсетті. Әсіресе, мектеп босағасында жүрген Гүлжанның өскен ортасы, заманы туғызған жастық арманы, үлкен қиялы жақсы суреттелген. Оның өсіп, инженер болып үйіне қайтып келуі, ер жетіп өмірге араласуы, еңбектегі алғашқы қиыншылықтары шындықпен, көркем образдар арқылы бейнеленген. Ал келесі поэмада осы образды дамытып, тереңдетіп, жаңа, тосын бояулармен ажарлап, өсіре түседі. «Сенің өзеніңдегі» Гүлжан «Біздің ауылдың қызындағы» Гүлжанның заңды түрде дамыған, өскен жалғасы, бұрын қоғамдық өмірге белсене араласқан героиняны енді автор басқа қырынан да толықтыра түседі. Әрине, геройдың жеке өміріндегі қиыншылықтарды, сәтсіздікті, жеке басының қасіретін көрсетуге автор праволы. Сөйтіп, екі поэмада автор характері, өмір жолы, барша тағдыры жан-жақты қамтылған, қызғылықты да қиын өмір кешіп келе жатқан қазақ әйелінің образын жасаған.
Біздің драматургтеріміз сахнадан шығып, өмірге араласып кететін тамаша замандас әйелдеріміздің образдарын жacaй алмады. Халық аңызының негізінде жасалған «Қыз Жібек», «Баян сұлу» образдарындай ұмытылмай есте қалатын совет әйелдерінің образын жұртшылығымыз біздің драматургиямыздан кездестіре қоймайды. Кейінгі кезде жазылған Ә. Тәжібаевтың «Гүлден, дала!» пьесасындағы Анар, М. Иманжановтың «Менің махаббатым» пьесасындағы Қамаш, Ә. Әбішевтің «Әке үкіміндегі» Зейнеп образдары бір алуандас болуымен бірге іс-әрекеттері, трактовка жағынан да бір-біріне ұқсас келеді. Кей драматургтар совет әйелдері бойындағы капитализмнің қалдығын мещандықты шебер әшкерелейді. Мысалы, М. Иманжановтың «Менің махаббатым», осы мақаланың авторының «Арыстанның сыбағасы» пьесаларындағы ұнамсыз кейіпкерлер Бике, Рахила образдарының бояуларынан анағұрлым әсерлі, қою шыққан. Ондай мысалды басқа да шығармалардан келтіруге болады. Мұның өзі қазақ әдебиетінде совет әйелдерінің ұнамды образын жасау мәселесін әдебиетіміздің өзге де күрделі проблемаларымен ұластыра көтеру қажет екенін көрсетеді.
Өміріміздің қай саласында болмасын совет әйелдерінің қосқан үлесі орасан зор. Совет әйелі мемлекет, қоғам қайраткері, мәдениет, ғылым қайраткері, ардақты ана, асыл жар. Совет әйелі өндірістің барлық саласында, колхоз даласында коммунизм құру үшін белсенді күресіп жүр. Жан-жақты, толық қанды, терең мағыналы бейнелі, алуан қилы совет әйелдерінің кесек образдарын жасау жазушыларымыздың аса ардақты міндеттерінің бірі.
1954