ЖАҢА АТАУДА ЕЖЕЛГІ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ БАР

8 Желтоқсан 2012, 05:42

- Астана Ақмолаға ауысады дегеннен бері оның аты туралы әр қилы пікірлер туып келді. Өткен жазда Елбасымыз Қазақстан халықтары Ассамблеясының кезекті жиынында байырғы атауды өзгертпей тұра тұрғысы келетіндігін айтты. Енді, міне... – Иә, Ақмола атауын бәрібір өзгертуге тура келді. Түпкілікті ұйғарымға келу де оңай болған жоқ. Елбасы жұртшылық пікірлерін де ескерді. Ғылыми дәйектемелерге де құлақ асты. Бұл реттен келгенде, «Ақмола» деген атаудың да әбестігі жоқ екені рас. Оны жасап тұрған екі түбірдің біріншісі ешқашан ешқандай дау туғызып көрген жоқ. «Ақ» – кім-кім де қастерлейтін ұғым. Ал, екінші «мола» деген түбір баяғыда Целиноград деген ат қойылғанда да бірден-бір желеу болған сөз еді. Семантикалық жағынан, «мола», «там», «бейіт» деген ұғымдардың ешқайсысы да кісі үркітпеуге тиісті. «Қорған», «үй», «от басы» – баяғыда да, қазірде де жұрттың құлағына әрі ыстық, әрі түсінікті ұғымдар. Бірақ, бір сөздің әр ғасырда әр қилы мағына білдіруі мүмкін екендігі де көз жетіп жүрген ақиқат. Осы реттен келгенде, қазақтың көп жерінде бұрын жанұяны, бір оттың басындағы адамдарды, кейін олардың бірге жерленетін қорымын білдіретін «бейіт» атты араб сөзі біржолата «зираттың» баламасы болып кірікті. Баспананы білдіретін «там» өлік басына тұрғызылар жәй болып сіңісті. «Қорған», «қамал» мағынасынан біртіндеп айырылған «мола» сөзі біржолата кісі қорқытатын ұғымға айналыпты. Қалың көпшілік тіл білімінде синекдоха деп аталатын бұл құбылысқа бәрі бірдей қанық емес. Бүгінгі ұрпақтың бәр-бәрі аталмыш сөздің қазіргі тұрмыстық қолданыстағы мағынасынан басқа да мағыналары болғанын біле бермейді. Ал бұндай мағыналық екі ұдайылық жаңа астананың имиджіне оң ықпал ете қоймайтындығы даусыз. Ол өз кезегінде еліміздің мемлекеттік имиджіне де пайдасын тигізбесі түсінікті. Сөйтіп, бұл тек тілдік фактормен шектелмей, әлеуметтік психологиялық мәселеге айналды. Осыны ескерген Елбасы жаңа астананың тұсау кесер тойы алдында оның атын да жаңалау туралы шешім қабылдап отыр. —     Бүйтіп, жұрттың бәрі түсіне бермейтін атауларды өзгерте берсек, тарихи қалыптасқан атаулардан жұрдай болып қалып жүрмейміз бе? —     Егер ежелгі атау белгілі бір елдің өз тұрғындары және шектес қауымдар тарапынан екі ұшты ұғым тудырмайтын болса, сол қалпында қала бергені дұрыс. Мәселен, бұрыннан дүниеге мәшһүр Мерв, Баку, Лондон, Берн, Берлин, Дублин, Дамаскінің неге «жылан», «жел», «ормандағы алаңқай», «аю», «аю апаны», «көл», «сауда орны» деген ұғымдармен байланысты болғандығын сұрап, не өз елдерінде, не сырттан бастарын ауыртып жатқан ешкім жоқ. Өйткені, ол елдерді де, қалаларды да жұрт ежелден біледі. Ал, біз турасына келсек, дүние жүзінің көп елдері мен халықтары енді-енді танып, мойындай бастаған мемлекетпіз. Ежелгі тарихымызды өзгелер түтіл өзіміз енді-енді шындап зерделей бастадық. Кез-келген жаңа мемлекет жайында бастапқы көзден дұрыс көзқарас қалыптастыра білудің мәні зор. Тәуелсіздік алуымызбен қоса астанамыздың жаңа орынға ауысуы бізге әлем назарын екі есе арттырып отыр. Оның үстіне, біздің жаңа астанамыз бұрын қалған әлем үшін жабық аймақ болып келген өлкеге орналасып отыр. Сонау Геродот пен Аристейден бастап «түнек елі», «алтын қорыған тазқаралар елі» ретінде тым күңгірт бейнеленіп келген маң дала осы ғасыр басынан ағылшын геосаясатшысы Маккиндердің ауызымен «жер кіндігі» аталды. Әлемдік мұхиттың ешқайсысынан атып снаряд жеткізе алмайтын бұл кеңістікті қалған дүние саяси ауа райынан шеткері қалдырмау жаппай қаруланудың негізгі мақсатының біріне айналғаны, континентаралық баллистикалық қару да әу баста сол пиғылдан туындағаны белгілі. Ол кеңістік тоталитаризм тұсында жаппай саяси жер аудару мен қырып-жойғыш қаруларды сынау алаңына айналғаны да мәлім. Сондай құлақ шошытып тастаған өлке тәуелсіздік алғанымыздан соң ғана әлгіндей қорқынышты сипаттарынан арыла бастады. Енді ол «ашық есік» саясатын ұстанатын демократиялық мемлекеттің орталығы көшіп келуіне байланысты тек әскери зымырандар ғана емес, бейбітшілікті, екі жаққа бірдей тиімді саяси, экономикалық, рухани ықпалдастықты көздейтін кез-келген ізгі ниетті адамның аяғы жете алатын кеңістікке айналып келеді. Ендеше, жаңа астананың аты да, ажары да айрықша тартымды болуға тиісті. Бұл – біз ұстанған саяси бағыт пен мемлекеттік құрылымнан туындап отырған шарт. Ол алға қойған мақсаттарымызға да, тарихи дәстүрлерімізге де еш қайшы келмейді. – Ендеше, тарихи дәстүрлік жағынан жаңа орталығымызды ресми мәртебесін білдіретін ұғыммен атай салғанымыз қаншалықты қонымды? – Ежелгі дүние қауымдары «қасиетті», «шарапатты» деген орындарға ғана тұрақ салған. Сол тұрақтардың кейбірі өсе келе әуелі тайпалық бірлестік, кейін тайпалар одақтастығының, артынан алғашқы мемлекеттер мен байырғы мемлекеттердің орталығына айналған. Кейін бізге жұмбақ болып жүрген қарапайым сөздер алғаш иемденушілер үшін ең киелі ұғымдар болуы ғажап емес. Халықтарының табаны сол қалпында сақталған елдер орталықтарының әлге дейін ежелгі атауларын сақтап қалуы да сол себептен шығар. Бұл дәстүр кейінгі ғасырларда да жалғастық таппай қалған жоқ. Билікті кие тұту – көп астананың аттарынан да, орналасқан жерлерінен де байқалады. Мәселен, 736 жылы Тигр өзенінің жағалауына салынған жаңа қалаға иран тілді бастапқы тұрғындары «бағ» – тәңірі, «дад» – тарту дегеннен шығарып, «тәңірінің тартуы» деген ат берді. Кейін арабтар Дар-эс-Салам – «бейбітшілік тұрағы» деп өзгерткенмен, ресми құжаттарда ғана пайдаланылып, жаппай қолданыста баяғы атауын сақтап қалды. Джакарта – санскритше: «жеңіс мекені». Лима-кечуа тілінде: «тәңірдің айтқаны естілетін жер». Амман – ежелгі Мысыр тәңірісі Аммонның киесі қонақтаған қоныс. Ереван – Ару тәңірінің үйі. Қысқасы, дүйім жұртқа билігі жүретін ықпал орталығы. Бір қызығы, ежелгі дүние, көбіне көп, биліктің орталығы биіктің басында болады деп түсінген. Құдайлар Олимптің басында кеңес құрады деп ұққан гректер өздерінен бұрынғы пеласг тайпаларынан қалған «төбе» деген сөзді басты құдайларының да, астаналарының да атына айналдырған. Белград, Вена, Варшава, Иерусалим, Каракас, Киев, Лондон, Таллин, Тель-Авив, Уфа шаһарларының арғы түп мағынасы ежелгі тайпалар тіліндегі «төбе», «дөң», «биік» деген сөздерден туындап, кейін соның басына салынған құрылыс, қамал, қорған, қалалардың сипатына қарай үстеме мағына қосып отырған. Демек, бәрі де билік шығаратын биік деген мағынаны білдіреді. Бұл дәстүр біздің түркі-монғол әлеміне де өте-мөте тән болған сияқты. Тіпті ежелгі түркі тіліндегі «тау» мен «тақтың» арасында тек дыбыстық қана емес, мағыналық та үндестік бары даусыз. «Тәңірді көргің келсе, тауға бар» –деген мақал да, Тәңіртау, Хан-Тәңірі атауы да тектен тек-ке шықпаған сияқты. Түрік-моңғолдың ортақ бабасы – Олжай. Інжіл тілінде – Яфес. Нұқ пайғамбардың ұлы. «Оғызнаманың» айтуынша, Ортақ (Ұлытау), Кертақта (Кішітауда) орда тігіп, Қарақорымды жайлаған. Қазаққа айтқызсақ: хан жайлаған Қаратау, би жайлаған Алатау. Билікті бәрібір жоғарыдан күткен. Жиынды төбенің басында құрған. Мәртөбе. Күлтөбе. Ордабасы, Хантауы. Шыңғыс жиын ашқан Мыңбұлақ, Бату жиын ашқан Ордатау, Жәнібек пен Керей жиын ашқан Қозыбасы, Үш би жиын ашқан Ордабасы. Бәрі де – өз тұсында күллі ел тағдырын шешетін билік орындарына айналған. Кейін ондай жерге орда қонып, тұрақты қоныстар пайда болған. Орда, Үрға, Ордабасы, Ордабазар, Ордакент содан шыққан. Оларға билік құратын мекенжайлар салынып, әуелі бекіністі қамалға, сосын байтақ шаһарларға ұлғайған. Сарай, Ақ Сарай, Көк Сарай, Ескі Сарай, Сарай-аль-Джадид, Сарайшық, Сарайлы, Ақ қорған, Ақкермандар содан қалған. Сонау Анадолы, Балқан, Дунай, Днепр, Қап, Азау, Еділ, Жайықтан бастап Сары Өзенге дейінгі аралықтағы осы тектес атаулар ежелгі саяси орталықтардың өсуі мен өшуінен, көшуі мен тұрақтануынан хабар бергендей. Бір ғана Алтын Ордада 110 қала болып, оның жиырма бірінде ақша шығарылыпты. Осының өзі-ақ біздегі мемлекеттік билік дәстүрінің қаншалықты тереңде жатқанын аңғартқандай. Қазақ даласындағы «кент», «қант», «шаһар», «қала», «балық», «байтақ», «астана», «орда» топонимдерінің, «кердері», «балықшы», «сунақ» руларының ұшырасуы біздің урбанистік дәстүрлерімізді айғақтап тұрғандай. – Ендеше, сол дәстүрлер жаңа астанаға ат қоюда қаншалықты көмек көрсете алды? – Меніңше, мықты көмек көрсетті. Жоғарыдағы мысалдарға қарағанда, түркі-монғол дүниесі саяси орталыққа ат беруде ерекше ұстамдылық танытқан. Саяси үстемдік құмарлықты білдіретін немесе мемлекет пен билікшіні мадақтайтын дәріптемелік сипаттамалар атымен ұшыраспайды. Көбіне, көп оның мемлекеттің саяси орталығы екендігін білдірумен ғана шектелген. Қарақорым – әскери қосын қонатын орын. Ұрға – әскер басының ордасы тұратын тұрақ. Сарай – билік мекемесі орналасқан жай. Олар бұл қағиданы өздері үстемдік еткен кеңістікке де кеңінен дарыта білген. Мәселен, Пекинді монғолдар Хан-балгат (патша қала) деп атаса, қытайлар Бэйцзин – солтүстік астана, ал Нанкинді Нанцзин – оңтүстік астана деп атаған. Жапондар да ескі астанасын Киото – батыс астана, жаңа астанасын Токио шығыс астана деп атаған. Бұл батыс елдеріне де тән дәстүр. Славян дүниесі Византия астанасы Константинопольді Царь-град (патша қала) атаған. Кингстон, Кингсберг – король тұратын қала атаулары соған куә. Сондықтан, жаңа саяси орталығымызды жәй ғана Астана атауымыздың тарихи дәстүрлерімен, қай тұрғыдан келсек те, терең қабысатыны ешқандай дау туғызбаса керек. – Олай болса, тіліміздегі дәл осы ұғымды білдіретін басқа сөздерге емес, неге тек «астана» деген сөзге таңдау жасалған? – Оның бірқатар себебін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жарлығын жариялағанда өзіде айтты. Қала әкімі Ә.Жақсыбеков те жүйелі түсініктеме жасады. Расында да, қазіргідей тыңдамалы-көрмелі белсенді ақпарат құралдары заманында жаңа атаулардың қалай дыбысталып, қалай бейнелейтіндігіне де мейлінше назар аудармай болмайды. Оның үстіне, бұл тұрғыдан да, ежелгі, жаңа дәстүрлерімізге ерекше мән берілгенін баса айтуымыз қажет. «Астана» деген сөз жас мемлекетіміздің конституциялық басты әлпетін де, қалған баламаларға қарағанда, анығырақ аша түседі. Рас, Астана дейтін қала қазақ даласында бұрын да болыпты. Ол Ақтөбе облысында Қарасу өзенінің Ұлы Қобдаға құяр сағасына орналасыпты. Кеңгір бойындағы Домбауыл, Аягөздегі Баян сұлу кешендерінің діңгектеріне ұқсайтын діңгектері мен қабырғаларының орны XIX ғасырдың аяғына дейін сақталып келіпті. Қазақ энциклопедиясының бірінші томының 521 беттегі дерек бойынша, Дешті Қыпшақ (ХІІ-ХУ ғ.ғ) заманының жұрағаты болса керек. Шамасы, бұл сол дәуірдегі көп болып жиылып, кеңес құрып, шешім қабылдайтын орталық болса керек. Кейін соған ұқсас жиын-той өткізетін жерлерді, сосын жиын-тойдың өзін, ақырында соған жиылып ұйғарым айтатын халықты, көпшілікті атап кетсе керек. Өйткені, өткен ғасырдағы шығарған жырларында Сәттіғүл ақын: «Астана жұртқа дабылың, хабарың тегіс білінді, досың түгілі дұшпаның айта алмас тауып мініңді, қолдағы тұрған алтынсың, біле алса халқың пұлыңды», – деп жырласа, Өмір Қараұлы (XIX ғ.) жырау: «Ер жігіттің белгісі қиын жерден қиялап көкірегі ұшқан шартарап, астана халқын асырап, көзін салар алысқа, жауабын берер жаңылмай», – дейді. Ел аузында: «Ақ сүйрік саусақ кимесе, алма мойын ілмесе, алтын да азып, жез болар; астана алдын көрмесе, алқалы дауға кірмесе, ақыл да жасып өз болар», – деген сөз бар. Бұның бәрі де «астанаға» географиялық мазмұнынан гөрі саяси-әлеуметтік мазмұн беріңкірейді. Дүйім көпшілікке баға беретін алқалы жиынға көбірек меңзейді. Ғасыр басындағы зиялыларымыз әуелі батыс шалғайдағы Орынборға, сосын күнгей беттегі Ақмешітке, кейін шығыс шалғайдағы Алматыға астана мәртебесін бергенде көрші ағайындарымыз сияқты «орталық» деген географиялық сипаты басым ұғымға бой ұрмай, биліктің жалпыхалықтық тегін бейнелейтін «көпшілік жиналатын ая» деген мағына білдіретін әлеуметтік сипаты басым атауға тоқтапты. Бұл арқылы халқымыздың ежелгі грек полистері сияқты ат жалын тартып мінер жасқа жеткен естияр қауымы – астана жұрты болып, бірлесе шешім қабылдайтын демократиялық үрдісін мәңгі есте қалдыруды ойласа керек. Елбасы Жарлығы да ғасыр басындағы қазақ зиялылары ұғымын дамытып, «астана» саяси терминін нақты ономастикалық атауға айналдырып отыр. Сүйтіп, бір кезде Бұқар бабамыз айтқан Есіл бойындағы Қараөткел мен Нұра бойындағы Ақмола арасын алып жатқан кең алқапқа жайғасатын нағыз осы заманғы жаңа қала тәуелсіз мемлекет орнықтырып жатқан еліміз дүйім көп болып жиылып, келелі мәселелер талқылап, кеңінен толғап, кемел шешім қабылдайтын алқалы орын Астанаға айналып отыр. - Айтқаныңыз келсін. Жаңа орталығымыз да, оның жаңа атауы да құтты болсын! – Рахмет! Мамыр, 1998 жыл.    

- Астана Ақмолаға ауысады дегеннен бері оның аты туралы әр қилы пікірлер туып келді. Өткен жазда Елбасымыз Қазақстан халықтары Ассамблеясының кезекті жиынында байырғы атауды өзгертпей тұра тұрғысы келетіндігін айтты. Енді, міне...

– Иә, Ақмола атауын бәрібір өзгертуге тура келді. Түпкілікті ұйғарымға келу де оңай болған жоқ. Елбасы жұртшылық пікірлерін де ескерді. Ғылыми дәйектемелерге де құлақ асты. Бұл реттен келгенде, «Ақмола» деген атаудың да әбестігі жоқ екені рас. Оны жасап тұрған екі түбірдің біріншісі ешқашан ешқандай дау туғызып көрген жоқ. «Ақ» – кім-кім де қастерлейтін ұғым. Ал, екінші «мола» деген түбір баяғыда Целиноград деген ат қойылғанда да бірден-бір желеу болған сөз еді. Семантикалық жағынан, «мола», «там», «бейіт» деген ұғымдардың ешқайсысы да кісі үркітпеуге тиісті. «Қорған», «үй», «от басы»
– баяғыда да, қазірде де жұрттың құлағына әрі ыстық, әрі түсінікті ұғымдар. Бірақ, бір сөздің әр ғасырда әр қилы мағына білдіруі мүмкін екендігі де көз жетіп жүрген ақиқат. Осы реттен келгенде, қазақтың көп жерінде бұрын жанұяны, бір оттың басындағы адамдарды, кейін олардың бірге жерленетін қорымын білдіретін «бейіт» атты араб сөзі біржолата «зираттың» баламасы болып кірікті. Баспананы білдіретін «там» өлік басына тұрғызылар жәй болып сіңісті. «Қорған», «қамал» мағынасынан біртіндеп айырылған «мола» сөзі біржолата кісі қорқытатын ұғымға айналыпты. Қалың көпшілік тіл білімінде синекдоха деп аталатын бұл құбылысқа бәрі бірдей қанық емес. Бүгінгі ұрпақтың бәр-бәрі аталмыш сөздің қазіргі тұрмыстық қолданыстағы мағынасынан басқа да мағыналары болғанын біле бермейді. Ал бұндай мағыналық екі ұдайылық жаңа астананың имиджіне оң ықпал ете қоймайтындығы даусыз. Ол өз кезегінде еліміздің мемлекеттік имиджіне де пайдасын тигізбесі түсінікті. Сөйтіп, бұл тек тілдік фактормен шектелмей, әлеуметтік психологиялық мәселеге айналды. Осыны ескерген Елбасы жаңа астананың тұсау кесер тойы алдында оның атын да жаңалау туралы шешім қабылдап отыр.

—     Бүйтіп, жұрттың бәрі түсіне бермейтін атауларды өзгерте берсек, тарихи қалыптасқан атаулардан жұрдай болып қалып жүрмейміз бе?

—     Егер ежелгі атау белгілі бір елдің өз тұрғындары және шектес қауымдар тарапынан екі ұшты ұғым тудырмайтын болса, сол қалпында қала бергені дұрыс. Мәселен, бұрыннан дүниеге мәшһүр Мерв, Баку, Лондон, Берн, Берлин, Дублин, Дамаскінің неге «жылан», «жел», «ормандағы алаңқай», «аю», «аю апаны», «көл», «сауда орны» деген ұғымдармен байланысты болғандығын сұрап, не өз елдерінде, не сырттан бастарын ауыртып жатқан ешкім жоқ. Өйткені, ол елдерді де, қалаларды да жұрт ежелден біледі. Ал, біз турасына келсек, дүние жүзінің көп елдері мен халықтары енді-енді танып, мойындай бастаған мемлекетпіз. Ежелгі тарихымызды өзгелер түтіл өзіміз енді-енді шындап зерделей бастадық. Кез-келген жаңа мемлекет жайында бастапқы көзден дұрыс көзқарас қалыптастыра білудің мәні зор. Тәуелсіздік алуымызбен қоса астанамыздың жаңа орынға ауысуы бізге әлем назарын екі есе арттырып отыр. Оның үстіне, біздің жаңа астанамыз бұрын қалған әлем үшін жабық аймақ болып келген өлкеге орналасып отыр. Сонау Геродот пен Аристейден бастап «түнек елі», «алтын қорыған тазқаралар елі» ретінде тым күңгірт бейнеленіп келген маң дала осы ғасыр басынан ағылшын геосаясатшысы Маккиндердің ауызымен «жер кіндігі» аталды. Әлемдік мұхиттың ешқайсысынан атып снаряд жеткізе алмайтын бұл кеңістікті қалған дүние саяси ауа райынан шеткері қалдырмау жаппай қаруланудың негізгі мақсатының біріне айналғаны, континентаралық баллистикалық қару да әу баста сол пиғылдан туындағаны белгілі. Ол кеңістік тоталитаризм тұсында жаппай саяси жер аудару мен қырып-жойғыш қаруларды сынау алаңына айналғаны да мәлім. Сондай құлақ шошытып тастаған өлке тәуелсіздік алғанымыздан соң ғана әлгіндей қорқынышты сипаттарынан арыла бастады. Енді ол «ашық есік» саясатын ұстанатын демократиялық мемлекеттің орталығы көшіп келуіне байланысты тек әскери зымырандар ғана емес, бейбітшілікті, екі жаққа бірдей тиімді саяси, экономикалық, рухани ықпалдастықты көздейтін кез-келген ізгі ниетті адамның аяғы жете алатын кеңістікке айналып келеді. Ендеше, жаңа астананың аты да, ажары да айрықша тартымды болуға тиісті. Бұл – біз ұстанған саяси бағыт пен мемлекеттік құрылымнан туындап отырған шарт. Ол алға қойған мақсаттарымызға да, тарихи дәстүрлерімізге де еш қайшы келмейді.

– Ендеше, тарихи дәстүрлік жағынан жаңа орталығымызды ресми мәртебесін білдіретін ұғыммен атай салғанымыз қаншалықты қонымды?

– Ежелгі дүние қауымдары «қасиетті», «шарапатты» деген орындарға ғана тұрақ салған. Сол тұрақтардың кейбірі өсе келе әуелі тайпалық бірлестік, кейін тайпалар одақтастығының, артынан алғашқы мемлекеттер мен байырғы мемлекеттердің орталығына айналған. Кейін бізге жұмбақ болып жүрген қарапайым сөздер алғаш иемденушілер үшін ең киелі ұғымдар болуы ғажап емес. Халықтарының табаны сол қалпында сақталған елдер орталықтарының әлге дейін ежелгі атауларын сақтап қалуы да сол себептен шығар. Бұл дәстүр кейінгі ғасырларда да жалғастық таппай қалған жоқ. Билікті кие тұту – көп астананың аттарынан да, орналасқан жерлерінен де байқалады. Мәселен, 736 жылы Тигр өзенінің жағалауына салынған жаңа қалаға иран тілді бастапқы тұрғындары «бағ» – тәңірі, «дад» – тарту дегеннен шығарып, «тәңірінің тартуы» деген ат берді. Кейін арабтар Дар-эс-Салам – «бейбітшілік тұрағы» деп өзгерткенмен, ресми құжаттарда ғана пайдаланылып, жаппай қолданыста баяғы атауын сақтап қалды. Джакарта – санскритше: «жеңіс мекені». Лима-кечуа тілінде: «тәңірдің айтқаны естілетін жер». Амман – ежелгі Мысыр тәңірісі Аммонның киесі қонақтаған қоныс. Ереван – Ару тәңірінің үйі. Қысқасы, дүйім жұртқа билігі жүретін ықпал орталығы. Бір қызығы, ежелгі дүние, көбіне көп, биліктің орталығы биіктің басында болады деп түсінген. Құдайлар Олимптің басында кеңес құрады деп ұққан гректер өздерінен бұрынғы пеласг тайпаларынан қалған «төбе» деген сөзді басты құдайларының да, астаналарының да атына айналдырған. Белград, Вена, Варшава, Иерусалим, Каракас, Киев, Лондон, Таллин, Тель-Авив, Уфа шаһарларының арғы түп мағынасы ежелгі тайпалар тіліндегі «төбе», «дөң», «биік» деген сөздерден туындап, кейін соның басына салынған құрылыс, қамал, қорған, қалалардың сипатына қарай үстеме мағына қосып отырған. Демек, бәрі де билік шығаратын биік деген мағынаны білдіреді.

Бұл дәстүр біздің түркі-монғол әлеміне де өте-мөте тән болған сияқты. Тіпті ежелгі түркі тіліндегі «тау» мен «тақтың» арасында тек дыбыстық қана емес, мағыналық та үндестік бары даусыз. «Тәңірді көргің келсе, тауға бар» –деген мақал да, Тәңіртау, Хан-Тәңірі атауы да тектен тек-ке шықпаған сияқты. Түрік-моңғолдың ортақ бабасы – Олжай. Інжіл тілінде – Яфес. Нұқ пайғамбардың ұлы. «Оғызнаманың» айтуынша, Ортақ (Ұлытау), Кертақта (Кішітауда) орда тігіп, Қарақорымды жайлаған. Қазаққа айтқызсақ: хан жайлаған Қаратау, би жайлаған Алатау. Билікті бәрібір жоғарыдан күткен. Жиынды төбенің басында құрған. Мәртөбе. Күлтөбе. Ордабасы, Хантауы. Шыңғыс жиын ашқан Мыңбұлақ, Бату жиын ашқан Ордатау, Жәнібек пен Керей жиын ашқан Қозыбасы, Үш би жиын ашқан Ордабасы. Бәрі де – өз тұсында күллі ел тағдырын шешетін билік орындарына айналған. Кейін ондай жерге орда қонып, тұрақты қоныстар пайда болған. Орда, Үрға, Ордабасы, Ордабазар, Ордакент содан шыққан. Оларға билік құратын мекенжайлар салынып, әуелі бекіністі қамалға, сосын байтақ шаһарларға ұлғайған. Сарай, Ақ Сарай, Көк Сарай, Ескі Сарай, Сарай-аль-Джадид, Сарайшық, Сарайлы, Ақ қорған, Ақкермандар содан қалған. Сонау Анадолы, Балқан, Дунай, Днепр, Қап, Азау, Еділ, Жайықтан бастап Сары Өзенге дейінгі аралықтағы осы тектес атаулар ежелгі саяси орталықтардың өсуі мен өшуінен, көшуі мен тұрақтануынан хабар бергендей. Бір ғана Алтын Ордада 110 қала болып, оның жиырма бірінде ақша шығарылыпты. Осының өзі-ақ біздегі мемлекеттік билік дәстүрінің қаншалықты тереңде жатқанын аңғартқандай. Қазақ даласындағы «кент», «қант», «шаһар», «қала», «балық», «байтақ», «астана», «орда» топонимдерінің, «кердері», «балықшы», «сунақ» руларының ұшырасуы біздің урбанистік дәстүрлерімізді айғақтап тұрғандай.

– Ендеше, сол дәстүрлер жаңа астанаға ат қоюда қаншалықты көмек көрсете алды?

– Меніңше, мықты көмек көрсетті. Жоғарыдағы мысалдарға қарағанда, түркі-монғол дүниесі саяси орталыққа ат беруде ерекше ұстамдылық танытқан. Саяси үстемдік құмарлықты білдіретін немесе мемлекет пен билікшіні мадақтайтын дәріптемелік сипаттамалар атымен ұшыраспайды. Көбіне, көп оның мемлекеттің саяси орталығы екендігін білдірумен ғана шектелген. Қарақорым – әскери қосын қонатын орын. Ұрға – әскер басының ордасы тұратын тұрақ. Сарай – билік мекемесі орналасқан жай. Олар бұл қағиданы өздері үстемдік еткен кеңістікке де кеңінен дарыта білген. Мәселен, Пекинді монғолдар Хан-балгат (патша қала) деп атаса, қытайлар Бэйцзин – солтүстік астана, ал Нанкинді Нанцзин – оңтүстік астана деп атаған. Жапондар да ескі астанасын Киото – батыс астана, жаңа астанасын Токио шығыс астана деп атаған. Бұл батыс елдеріне де тән дәстүр. Славян дүниесі Византия астанасы Константинопольді Царь-град (патша қала) атаған. Кингстон, Кингсберг – король тұратын қала атаулары соған куә. Сондықтан, жаңа саяси орталығымызды жәй ғана Астана атауымыздың тарихи дәстүрлерімен, қай тұрғыдан келсек те, терең қабысатыны ешқандай дау туғызбаса керек.

– Олай болса, тіліміздегі дәл осы ұғымды білдіретін басқа сөздерге емес, неге тек «астана» деген сөзге таңдау жасалған?

– Оның бірқатар себебін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жарлығын жариялағанда өзіде айтты. Қала әкімі Ә.Жақсыбеков те жүйелі түсініктеме жасады. Расында да, қазіргідей тыңдамалы-көрмелі белсенді ақпарат құралдары заманында жаңа атаулардың қалай дыбысталып, қалай бейнелейтіндігіне де мейлінше назар аудармай болмайды. Оның үстіне, бұл тұрғыдан да, ежелгі, жаңа дәстүрлерімізге ерекше мән берілгенін баса айтуымыз қажет. «Астана» деген сөз жас мемлекетіміздің конституциялық басты әлпетін де, қалған баламаларға қарағанда, анығырақ аша түседі. Рас, Астана дейтін қала қазақ даласында бұрын да болыпты. Ол Ақтөбе облысында Қарасу өзенінің Ұлы Қобдаға құяр сағасына орналасыпты. Кеңгір бойындағы Домбауыл, Аягөздегі Баян сұлу кешендерінің діңгектеріне ұқсайтын діңгектері мен қабырғаларының орны XIX ғасырдың аяғына дейін сақталып келіпті. Қазақ энциклопедиясының бірінші томының 521 беттегі дерек бойынша, Дешті Қыпшақ (ХІІ-ХУ ғ.ғ) заманының жұрағаты болса керек. Шамасы, бұл сол дәуірдегі көп болып жиылып, кеңес құрып, шешім қабылдайтын орталық болса керек. Кейін соған ұқсас жиын-той өткізетін жерлерді, сосын жиын-тойдың өзін, ақырында соған жиылып ұйғарым айтатын халықты, көпшілікті атап кетсе керек. Өйткені, өткен ғасырдағы шығарған жырларында Сәттіғүл ақын: «Астана жұртқа дабылың, хабарың тегіс білінді, досың түгілі дұшпаның айта алмас тауып мініңді, қолдағы тұрған алтынсың, біле алса халқың пұлыңды», – деп жырласа, Өмір Қараұлы (XIX ғ.) жырау: «Ер жігіттің белгісі қиын жерден қиялап көкірегі ұшқан шартарап, астана халқын асырап, көзін салар алысқа, жауабын берер жаңылмай», – дейді. Ел аузында: «Ақ сүйрік саусақ кимесе, алма мойын ілмесе, алтын да азып, жез болар; астана алдын көрмесе, алқалы дауға кірмесе, ақыл да жасып өз болар», – деген сөз бар. Бұның бәрі де «астанаға» географиялық мазмұнынан гөрі саяси-әлеуметтік мазмұн беріңкірейді. Дүйім көпшілікке баға беретін алқалы жиынға көбірек меңзейді. Ғасыр басындағы зиялыларымыз әуелі батыс шалғайдағы Орынборға, сосын күнгей беттегі Ақмешітке, кейін шығыс шалғайдағы Алматыға астана мәртебесін бергенде көрші ағайындарымыз сияқты «орталық» деген географиялық сипаты басым ұғымға бой ұрмай, биліктің жалпыхалықтық тегін бейнелейтін «көпшілік жиналатын ая» деген мағына білдіретін әлеуметтік сипаты басым атауға тоқтапты. Бұл арқылы халқымыздың ежелгі грек полистері сияқты ат жалын тартып мінер жасқа жеткен естияр қауымы – астана жұрты болып, бірлесе шешім қабылдайтын демократиялық үрдісін мәңгі есте қалдыруды ойласа керек.

Елбасы Жарлығы да ғасыр басындағы қазақ зиялылары ұғымын дамытып, «астана» саяси терминін нақты ономастикалық атауға айналдырып отыр.

Сүйтіп, бір кезде Бұқар бабамыз айтқан Есіл бойындағы Қараөткел мен Нұра бойындағы Ақмола арасын алып жатқан кең алқапқа жайғасатын нағыз осы заманғы жаңа қала тәуелсіз мемлекет орнықтырып жатқан еліміз дүйім көп болып жиылып, келелі мәселелер талқылап, кеңінен толғап, кемел шешім қабылдайтын алқалы орын Астанаға айналып отыр.

- Айтқаныңыз келсін. Жаңа орталығымыз да, оның жаңа атауы да құтты болсын!

– Рахмет!

Мамыр, 1998 жыл.
 
 

Бөлісу: