8 Желтоқсан 2012, 05:34
Ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынов: "Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады", - деп соқырға таяқ ұстатқандай етіп айтып кеткен екен. Біздер балабақшаны қазақша тәрбиеге көшіруді ең басты нысанамыз етіп алдық. Ендігі жерде олардың тілдерінің орысша шығуына төзімділік танытсақ, болашақ буынның сөзі мен бірге өздерінің де бөтен болып, ұлтсызданатынын жақсы түсіндік. Сөйтіп балабақшаларды өзара бөлісіп алып, жиналыстар ашып, балаларын қазақша тәрбиелеуге ата-аналардың ризашылығын алу керек болды. Сонымен бірге "партизандық" әдістерді де қатар жүргіздік. Осы бағыттағы бір қызықты жағдай менің есімде. Бір күні кешкі 7-лердің маңайында үйде отырған маған біздің басқарма мүшеміз Қартбаев Қалдыбай /марқұм/ телефон шалды.
Мақсатым: баласын алып кетуге келген ата-анадан 5 "қазақша тәрбиелеуді өтінемін"деген арыз алып қалу. Мұнда кіргенім сол еді, милиция черный воронға салып алды да, қамап тастады. Қазір жігіттерден өтініп,Сізге телефон шалдым, - деп тұр. Мен дереу ІІБ бастығының үйіне телефон соғып, жағдайды баяндадым да, "дереу шығармасаңыз, ертең үлкен әңгіме болады",- деп нықтап қойдым. Бірақ дереу шығара қояр деп үміттенген жоқ еді. Оншақты минуттан кейін Қалдыбайым: "Босандым, үйге әкеліп салды", - деп хабар беріп тұр. Ол кезде балабақшалардың басшылары түгелдей дерлік басқа ұлттан еді. Олар да қарсылық жасап бақты: ата-аналарды жинап бермей бір діңкелетсе, "Мұнай-газ өндіру басқармасындағы" балабақша инспекторының үстінен "ұлтшыл, біздерді жұмыстан аластағысы келеді, ұйымдастыру, әдістемелік жұмыстарды атқара алмайды, ауыстыру қажет", - деп топтанып келіп, Мұнай газ өндіру басқармасы басшыларына /МГӨБ/ шағымдарды жаудырды. Бірақ олардың түпкі ойларын қалалық газет беттерінде әшкерелеп, ұлтжанды қызымыз Қашаубаева Маңдайлыны қорғап қала алдық. Әсіресе бұл мәселеге бел шешіп кірісіп, шабуылдаушыларға қалқан бола білген жалынды жорналшы Қатешова Ағибаның еңбегін ерекше атауымыз қажет. Қазақша тәрбиеге көшіруге аса қатты кедергі келтірген "Айгүл" балабақшасының директоры туралы Ағибаның қалалық газетте жарияланған "Тарпандаған Тарабрина" деген мақаласы көбіміздің есімізде болар.
Балабақшаны қазақшаландырудың біз басқа да жолдарын іздестірдік: алғашындағы Партия комитетінің 1 хатшысы, соңғы сайланған өкімдер/10 жылдың ішінде 5 әкім ауысып отыр ғой/: - мамандар жоқ әлі, бұл мәселеге ерте, - деген желеу айтты. 23 балабақшаның 20-сы Мұнайгаз өндіру басқармасының қармағында еді. Оларды ұлттық балабақшаға аудару үшін, МГОБ бастығынан арнайы бұйрық керек еді. Әрине бұндай жауапкершілікке әркімнің бара бермейтіні бесенеден белгілі. Бірақ МГОБ бастығы мәселенің мәніне түсініп, "Тополек" балабақшасын қазақша тәрбиеге көшіруге бұйрық берді. Оның директоры Нұрмұханова Мереке 2 апта дайындалып, ұжымдардан қонақтар шақырып, балабақшаның залына киіз үй қимасын жасап, қазақша концерт даярлап, бұл қызметті мереке етіп өткізді. Міне, осыдан бастап, 1996 жылға шейін қала көлеміндегі балабақшаның 90 пайызы қазақша тәрбиеге көшірілді. Осылай айта салу әрине оңай. Бірақ ұлттық мамандарды қазақ бақшаларына топтау, тәрбиешілердің бірнеше рет қысқа мерзімді курстарын оқытып, Алматыдан 6 айлық тәрбиешілер курстарына оқытып алу, т.б. жұмыстарды батыл және тез жасаған іскер қызметкер, МГӨБ-тің балабақша нұсқаушы инспекторы Қашаубаева Маңдайлының еңбегін болашақ ұрпақ ұмытпақ емес. Бәрінен бұрын ұлт болашағына төніп тұрған рухани қауіпті таразылай білген, сөйтіп "қала басшылары не дейді" деп, қауіптенбей, балабақшаларды қазақша тәрбиеге ауыстыру туралы бұйрықтар беріп, бар жауапкершілікті арқалай білген сол кездегі МГӨБ бастығы Батырбаев Махамбетке деген айтар алғысымыз шексіз. Бүлдіршіндерімізді қазақ тілінде оқыту мен тәрбиелеу ісін дереу іліп әкетіп, бұл қызметтің алдыңғы тобында жүрген балабақша басшылары Нұрмұханова Мереке, Садыханова Зәуреш, Кәрімова Гүлбаһрам басқаларға үлгі бола білді.