Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай

8 Желтоқсан 2012, 04:57

Ыбырай Сандыбайұлы (1856—1930) туралы мағлұмат берместен бұрын қазақтың жалпы әдебиеті туралы бір-екі ауыз сөз жазып кетуге тура келеді. Әрбір тарихқа аты түскен елдің қайсысын алсақ та өздерінше, яғни өзінін, тұрмысына, біліміне, шаруасына қарай әлемге көзқарасы болады. Әдебиетті бағалаушылар оны «айна» деп атайды. «Айна» деген сөз - кімге болса да түсінікті, ол — адамның сыншысы. Айнаны алдыңа қарсы ұстасаң, кескініңнің түзу я қисығын көресің. Әдебиет халықтың айнасы деген сөз, әдебиетте қоғам өмірінің суреті тұрады деген сөз. Қоғам немен тіршілік қылады? Түсінісі қандай? Білімі қандай? Не нәрседен жәбірленеді? Не нәрсеге қуанады? Не тілейді? Осының бәрі де әдебиетте суреттеліп келеді. Бірақ әдебиеттің әртүрлі сатысы бар. Ол саты өзінен-өзі жасалмайды. Әрбір сатының жоғарылау я төмендеуіне белгілі себептер болады. Тұрмыстың құбылысы адамның сезіміне жетекші. Әдебиет те осы заңға бағынады. Мәдениетте артта қалған, арбасын сықырлатып түйесін теңселтіп көшіп жүрген елмен, айлық жолды күндік қылып жүрген мәдениетті елдің әдебиеті бірдей емес. Екеуінің арасы жер мен көктей. Тарихқа қарап отырсаң жер жүзіндегі адамзаттың басынан көп дәуір кешкен. Мәселен, орыс елі бұдан бірнеше ғасыр бұрын жасаған дәуірін қазақ елі осы күнде жасап отыр. Бұл екі елдің әдебиет айырмашылығы да осындай. Бірақ, қазақ әдебиетін төмен сатыда деп далаға тастауға болмайды. Енеден туа өнерленіп кеткен ешбір ел жоқ. Мәдениетті елдердің бәрі де бірте-бірте өнерленген.. Ендеше қазақ та алдағы аз жылда мәдениетті болуына сөз жоқ. Бірақ ол күнді күтіп отырмай, қазақ әдебиетін тексерудің негізін сала беру керек. «Қазақ әдебиеті» дегенде біздің аузымызға толымды әдебиет шамалы сықылды көрінетіні бар. Бірақ, шынын тексергенде олай емес, бар. Әдебиет екі түрлі ғой: біреуі ауыз әдебиеті, біреуі жазба әдебиет. Қазақта жазба әдебиет әлі жан-жақты толық өркендеп болған жоқ. Ал, ауыз әдебиеті бізде бай, әдемі әдебиет деуге болады. Қазақ арасында ауыз әдебиетті де, әнді де көп білетін, сыбызғы домбыра сықылды қазақ музыкаларын жақсы білетін кісілер көбіне еңбек иелерінен шығады. Өйтетін себебі — олардың жаратылысқа байланыстылығы. Қызарып атқан таңды, жалтырап шыққан күнді, көтерілген шықты, бұлтты яки ашық күнді, желді яки тымық күнді, батқан күнді, қоңыр дүрсін іңірді, жұлдызы ашық түнді, балқыған айды, күзді, жазды, қысты, жазғытұрым малдардың, аңдардың қалай шаттанатынын... қысқасы жаратылыстың нендей құбылыстарын көздерімен көріп өткізеді. Осы құбылыстар оларды еріксіз әнші, еріксіз өлеңші, ақын етеді. Олардың шығармаларын жинайтын, бағалайтын кісі аз болып жүр. Егер түгел жинап алса біздің ауыз әдебиетімізді мынадай деп мақтаныш етуге болады. Қазақ ауыз әдебиетінің бір бай жері — Көкшетау. Онда туған: Орымбай, Шөже, Арыстанбай, Шал, Тоғжан, Біржан, Нүркей, Ақан сияқты ақындар бар. Қазақ ауыз әдебиетін жинаймыз десек, жоғары аттары аталған адамдардың сөздерін аттап өтуге болмайды. Солардың қазіргі тірі көзі — Ыбырай ақын. Ыбырайдың руы—Қарауыл, оның ішінде, Есенай, - оның ішінде Жақсылық. (Сандыбайдың шешесі жаугершілікте келген қалмақ қызы болғандықтан, оны да, кейінгі ұрпақтарын да «Қалмақ» деп атаушылық бар). Сандыбай дәулеті дөңгелек кедей адам болған. Өзі темірші ұста болғандықтан «Қарамұрын» аталған екен. Ыбырайдың бір өлеңінде: Әкеміз Қарамұрын ұста болған, Көмірге өзімді-өзім қия алмадым,—   деуі содан. Сандыбайдан Ыбырай 1856 жылы туады. Ескі ауылдың салтында, ақындықтың да «аруағы» бар деген түсінушілік болған. Ыбырайдың да ақын болуын соған жорып, оған «аруақ» сегіз жаста қоныпты-мыс деген аңыз бар. Бұл аңыз бойынша, Ыбырай сегіз жасында түс көреді. Түсінде: аулы шалқар көлдің жағасында екен. Ыбырай сол жағада асық ойнап жүрсе, көлдің арғы жақ қабағынан біреудің айғай салған дауысы шығады. Жалт қараса, ақсақалды, қолына домбыра ұстаған шал. Ол Ыбырайға «шырағым, мынаны саған сыйладым!» деп домбырасын лақтырып жібергенде Ыбырай қағып алыпты. Қолына домбыра тиген Ыбырай, шошып оянып, әндете, өлеңдете түрегеледі. Сол күннен былай қарай ол әрі өлең, әрі ән шығарғыш болып, елге атағы жайылады. Егде ақындар Ыбырайды бағалап, өсуіне жәрдемдеседі. Ыбырай бір өлеңінде:   Жігіт болдым он жетімде, Тыңда айтқан кепімді, Шаруадан бас тартып, Қалжыңға бұрдым бетімді Сал атандым он сегізде, Қайықсыз кірдім бір теңізге, Он тоғызда оттай лаулап, Ойнақ салдым кемеңізде...   дейді.   «Аққумен аспандағы ән қосамын, Шығарсам ащы күйді түптен тартып»,—   деп кең сахарада шалқып ән салып сынаптай толқып жүрген Біржан салдың жанына еріп әнінен өрнек алады. Бір өлеңінде:   Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын, Қорғасындай денеңді балқытайын. Біржаннан алып қалған аңыз еді, Толқыта шалқымамды шалқытайын,—   дейтіні сондықтан.   Ыбырай «ұстазымның бірі еді» деп; Орынбай ақынның төмендегі сөздерін үнемі үлгі есебінде айтып отырар еді:   «Ежелден күш аттыда, сөз малдыда, Ақыл, айла болмайды жоқ жарлыда   Кедей шәйқор болғаны оңбағаны, Қырсығың соңыңнан қалмағаны...   Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ, Сол таяқ таусыла ма жонған сайын...   Кедей шаруада туып-өскен Ыбырай, ақындық дарығаннан кейін ел ақтап өлең айтып кетеді. Ол замандағы ақындардың салты байларды мақтап, күн көрісіне талғажау табу. Ыбырай да сөйтеді. Бірақ үнемі байды мақтай бермей, кейбірін қатты сынайды.   Бұл арада, төмендегідей бір қызық әңгіме айта кеткен жөн: бұрынғы Қызылжар (Петропавл) уезінде 1868 жылдың қазақ даласын меңгеру туралы заңы шыққаннан кейін, сұлтан-правительдік тәртіп жойылып қазақ ауылдарында да болыстар, старшиндар сайланған. Осы сайлауды жүргізбек болған уездік начальник — Мамонтов (қазақтар оны —«Ақ байпақ» деп атаған», ол кезде ұй,саны шағын Қызылжарда бақташы болып отырған Пышқантай есімді кедей жатақтың орыс тілін жақсы білетін пысық, сөзуар баласы — Маймақты тілмәш есебінде ала кеткен.   Мамонтов болыстыққа орыс тілін білетін кісі іздесе, ауылдан . табылмайды да, ақыры Маймақты белгілейді. Болыс болған Маймақ тез байып, алты қатын алады, «салтанатымды елден асырам» деп, екі кигіз үйді қабаттастыра тіктіріп, шаңырағының үстіне айлы мұнара орнатады, Осы байды жас ақын Ыбырай іздеп кеп өлең айтқанда, бай оны менсінбей, мақтағанда жөнді ештеңе бермей, «енді жаманда» деп жиырма бес сом берген екен. Бірақ, Ыбырай ол бағаға сатылмай, намысына тиген Маймаққа:   Баласы Пышқантайдың Маймақ едің, Өлі жүнің түспеген тайлақ едің Әкеңді көрмесем де естуім бар, Арбаңа жалғыз сиыр байлап едің Қызылжар қойын жаяу айдап едің, Күйген нан қатырлатып шайнап едің. Бұл күнде «Маймақпын» деп күпілдейсің Сол кезде «Маймақ» болсаң, қайда-ақ едің? Осы кезде ақ майды жей алмайсың. Сол кезде жылында бір тоймап едің, Бір қатынға беруге малың жетпей Отыз беске келгенше бойдақ едің Мен сені жамандауды таппаймын ба, Оңбаған, кісі өлтірген барнак едің —   деген.   Ыбырайдың байларды, зорлықшыларды осылай шенеп айтқан өлеңдері толып жатыр. Оның жеке тақырыптарға шығарған жақсы өлеңдері де аз емес. Соларынан бұл мақалада бірнеше мысал алайық. Бірінші мысал — аңшылық туралы. Ыбырайдың өзі де жаз қаршыға, тұйғын салуды, қыс бүркіт салып, ит жүгіртуді кәсіп еткен, аңшыларға да көп ерген адам, бұл жайда, халық арасына көп тараған, төмендегідей өлеңі бар:   Бір қызық ит жүгіртіп аң ауласа, Мінген ат шабуылмен танауласа, Кигенің іші қызыл орман түлкі Құлпыртып жез сабаумен сабауласа. Болғанда биең жарау, атың қату, Жігітке лайық па қарап жату, Бір серілік, жастықта ерлік бойға қонып, Жігітке ол бір қызық дуылдату.   Қызыл жел көңіліңді қыздырмалап Тұрмай ма тағатыңды бұздырмалап Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, Үшеуі ер жігітке құйрық, қанат Қалың бет, салыңқы төс, қамыс құлақ, Бөп-бөлек ойынды еті тұрған құлап Жүйрікті бір досыңнан сұрап алып Кежімдеп кіреуетте жатсаң сұлап Бүркітін сонда тұрса саңқ-саңқ етіп, Күтіліп саятшымен бабы жетіп, Қанды көз, қайқы тұмсық қарауытып, Ұмтылып көрінгенге тап-тап етіп Қарғылы тұрса тазың сылдыр қағып, Керіліп бір сілкінсе дүр-дүр қағып Таңертең аңға шығар мезгіліңде Еркелеп келсе жетіп сылаң қағып.   Сол күні келе қалса аң құмарың, Лепілдеп соға қалса ынтызарың Бүгілтіп жылқыдағы жарау атты, Ертемен алып келсе малшыларын. Итті алып аңға шықсақ, құсты біреу Еріне күміс балдақ қылып тіреу Жігіттің бес күн жарым ғұмырында, Па шіркін, «болса» деген бұл бір тілеу Таулардан түлкі қашса бұлдыр қағып, Соңынан қуса тазы сылдыр қағып, Кейінгі дабылшының айғайымен Шайқақтап қыран ұшса бұлтты жарып Алғанда қыран бастан, тазы таңнан, Құтылмас қашқан түлкі қос қыраннан, Жігіттің бес күн жарым өмірінде Мұншама қызық өтер сұм жалғаннан!.. Күн ұзын түлкі қуып тауды айналып Қарайып күн кеш болса көз байланып, Олжаны қанжығаға байлап алып Қонуға қызды ауылға ыңғайланып Желіккен сол көңілмен қайтқанда елге, Мінген ат қырауытып батса терге Өлеңші, домбырашың қасыңда боп, Кез болсаң қоналқаға бұран белге. Самауыр ақ шәйнекпен тұрса қайнап, Отырса бір сұлу қыз көзі жайнап, Ол күні қыз әкесі үйде жоқ боп, Отырсақ әзілдесіп күліп-ойнап. Шешесі жез өкпелеу жастау келсе, Ол қызға бір жеңгесі қастау келсе, Бір жігіт аузы епті, түлкі сойып Әзілді қалжың сөзін бастай берсе Сол жігіт бастай берсе әзіл сөзін, Қараса қызға жігіт қадап көзін Ішінде махаббаттың оты лаулап, Балқыса қорғасындай сонда сезім... Ыбырай табиғат бейнесін суреттеуге де өте шебер адам болған. Оған бір мысал, 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 2 апрельде шыққан 308 санында жарияланған «Жазғытұрым» деген төмендегі өлеңі:   Март ішінде қар кетті Кеңшілік келді, тар кетті. Кеңшілік жерге жайылып Бетіменен мал кетті... Байларға қосқан аз малын, Өзді өзіне меңгертті Балалар, бақ малыңды Ұмытпа адал еңбекті Қалың бұлтты қақ жарып, Күн көрсетті шуақты Алты ай жатқан ақ күртік, Қимады жатқан тұрақты Сол жақтан шыққан суық жел, Ақ күртіктің арасын Дем салғандай үшкіріп Үңгірлеп ішін қулапты. Шын келгенін білген соң Денесіне суық жел, Ызғарланып кірген соң Қар де бекіп тұрмапты. Жердің жүзі саз болып, Сазы жоқ жер аз болып Сай сайдан жылжып су ақты Жол жолын тауып бұрмаштап, Биіктен ақса құлаштап Демін алып кідірмей Көзі ілініп мүдірмей, Қаншама күндер түн қатты Тіке тартып кете алмай Жалпақ жерде ылбырап Терең жерде тұнжырап Биіктен ақса сылдырап Тұрымтайдай құлдырап Ақылға салсаң қалайық Жалтаң-жұлтаң бұлт еткен, Көрсетті аз күн бұлғақты Бастап жүрген басшы жоқ, Бұраңдап жүріп бұлтыңдап, Құятын барып жөн тапты Құстар келді шуылдап, Қанаттары зуылдап, Білгенімше айтайын, Бас-басына буындап. Көк мойын таған құс алды, Көрдік міне нысанды, Жалаңаш-жалпы шуылдап Бала-шаға қотанда Алты ай қыс көрген қысамды. Жасыл шұбар жүні бар, Бұлбұлдайын үні бар, Қараторғай деген құс, Оның да атын біліп ал... Жер жүзі тойып ыңқылдап, Буланып беті дымқылдап Ителгі келді сыбанып, Сұлу қыздай мазданып Көмейден даусы сыңқылдап Сегіз найза қолында, Тұяқтың ұшы жылтылдап, Екі көзі мөлдіреп, Шабыттанып сымпылдап Ызғарын төгіп суық жүз Аузынан жалын бұрқылдап Жұмыртқа іздеп балалар Өзекті, шілік, көлдерді, Ізденіп жүріп аралар, Балалықпен байқамай Аяғын шөгір жаралар Бұдан басқа мың түрлі, Ғажаптары жаңа бар Ойлап тұрсаң бұл кезді, Қиялға қиял жамалар, Құбылыстың мың түрін, Қай ақын түгел шамалар. Қазақтың ауыз әдебиетінде, көктем бейнесін бұдан көркем сипаттаған шығарманы мен өзім кездестірген емеспін. Бұл сипатты өлеңдер де Ыбырайдан көп табылады.   Ақындығымен қатар, Ыбырай ірі композитор адамның бірі болған. Кейін жасалған «Қыз Жібек» операсына өзек болған «Гәкку» әні Ыбырайдың шығармасы екені халыққа мәлім. Опера арқылы, оның бұлбұл — Күләш Байсейітова арқылы дүние жүзіне тараған бұл тамаша ән, Ыбырай шығарған көптеген әндердің біреуі ғана. Оның «Қарақат көзін», «Маңмаңкерін», «Мақпалын», «Қалдырғанын» қазақ халқы күні бүгінге дейін сүйіне шырқайды. Бұл әндер — қазақ әндерінің алтын қорына қосылатын шығармалар.   Ән шығарғыштық өнерінде, Ыбырай өзін «Біржан салдың шәкіртімін» дер еді. «Дауыс ашарым» деп айтатын Шалқыма» дейтін толқынды тамаша әнін;   Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын, Қорғасындай денеңді балқытайын, Біржаннан алып қалған әнім еді, Азырақ Шалқымамды шалқытайын,—   деп бастар еді. Ел аузындағы аңызда, жасы егде тартқан Біржан жас Ыбырай қасына еріп, әндерінен үлгі алғаннан кейін, —«Ендігі Біржандарың — Ыбырай, соны тыңдаңдар деп, Ыбырай бар жерде өзі ән айтуды қойған деседі.   Біржанға шәкірт болған Ыбырайдың өзінде де көп шәкірттер болған. Бір мысалы —Бағаналы Тайжан ақын. Тайжан Ыбырайдың туған апасынан туған жиені.   Сол Тайжан әндері мен өлеңдерін:   Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан Егіз туған анадан Арғын, Найман, Қарауылда бір тиын жұмысым жоқ, Бата алғалы барып ем Ыбырайдан.—   деп бастайтын. Тайжанның шәкірті жуық арада ғана уапат болған ардақты ақын — Нартай Бекежанов. Тайжан да, Нартай да әндерін Ыбырай үлгісінде екпіндете, қыздыра биік шырқай айтатын еді. «Биік» деген сөзге бір қосымша: 1927 жылы, жаздыкүні Сәкен Сейфуллин Қызылордадан Көкшетау еліне, жер бөліс науқанын өткізуге барды. Бурабай тауын айнала отырған елде бұл науқанды жүргізіп жатқан Сәкенді, сол жылы 71 жасқа шыққан Ыбырай іздеп келді. Мен Сәкеннің қасында жүр едім. Ыбырай мен Сәкен бұған дейін жүз таныс емес екен. Ыбырайдың ірі ақын, ірі әнші екенін естіген Сәкен, «Оқжетпестің түбінде отырып тыңдау керек» деді де, ауылдан қымыз, тоқты алып, бір топ адам Оқжетпес түбіне кешке қарай бардық. Сонда, Көкшенің жотасы қоршаған Оқжетпес қасында Ыбырай «Көкшетаудың биігі-ай!» деп бастайтын «Қарагөз» әніне шырқап жібергенде, жантайып жатқан Сәкен орнынан атыл тұрып, Ыбырайдың алдына шөке түсіп қатты да қалды. Аса ырғақты, және аса биік бұл ән орындалып болғаннан кейін, Сәкен «Апырай, бұндай биік және көркем дауыс болады екен!» деп - Ыбырайды құшақтап сүйді. «Көкшетау» атты поэмасында, Сәкеннің:   Туса егер, өнерлі елдің бақтарына, Білім ап жүрсе бәрі баптарында, Біржан сал, Ақан сері, Ыбырайлар Алмас ед Шаляпинді қапталына!—   деп жазуы осыдан кейін. Ыбырай — жаңа, советтік тақырыпқа да әндер шығарған адам. Оның «От арба» дейтін тамаша әні қағазға түспегендіктен, ел аузында сақталмай қалды. Кәзіргі атақты әншінің және халық композиторының бірі — Манарбек Ержановтың «Паровоз» аталатын екпінді көркем әні (сөзі Әбділда Тәжібаевтікі), оған менің «Ыбырайда осындай ән болған еді» деп ыңырсуымнан туды. Қазақтың ауыз әдебиет өкілдерінен Октябрь революциясын, совет өкіметін ең алғаш жырлаған ақындардың біреуі — Ыбырай. Оның бір куәсі — Қызылжарда шыққан «Бостандық туы» газетінің 1925 майда басылған 26 санындағы бір топ жарияланған өлеңінің төменгі жолдары:   Патша үкіметінің саясаты   Қазақ халқы. ішінде, Бай болғанын ұнатты, Жарлыны жардан құлатты — Зар еңіретіп жылатты, Абақтыда сулатты, Барар жер, басар тауы жоқ Көшенің бойын таптатты Жалбыратып тымағын, Қайда барсын сорлылар Сөндірген соң шырақты!.. Тілеуі: қабыл бұл қазақ Ақырын зарлап сұрапты Сандалып халық тұрғанда — Бір сәуле шығып таң атты!   1917-жыл, Октябрь   Күн күркіреп, жел шықты, Тарлық кетіп, кең шықты Суалып қалған көңілден, Қуарып қалған өмірден Тасыған дария — сел шықты Тәнін-жанын пида қып Құлашын жайып көсіліп, Ақ жібектей есіліп Большевик атты ел шықты!.. Большевик халқын бастаған, Залымды жойып тастаған, ЛЕНИН деген ер шықты...   Совет   Зор қуаныш күн болды. Ескі дүние тұл болды, Николайшыл байларға — Жарық дүние түн болды... Жуан жұдырық залымдар, Биік таудың тасы еді — Бытырап ұсақ құм болды... Дариядай толқып жүргендер Суалып батпақ дым болды Жүрмейтін арық шабандар, Көтеріп енсе тең болды Жасасын Кеңес, жасасын! Жөн білмеген сорлыға Осындай шаттық күн болды.   Азамат соғысы   Бұрынғы тәртіп жойылды, Сындырды жуан мойынды, Сұмырай көздер ойылды Тастатты қамшы, сойылды, Жуан білек, жұдырық Келген соң Кеңес қойылды! . 300 жыл жұртты билеген, Найзасын тасқа түйреген, Белінен басып шойырды, Биік тауды құлатып, Теңіздерін сұлатып Қайғымен басын қуартып, Жер жүзінде нашардың Шат қылып көңілін қуантып Жауыздарға салды «ойынды!..»   Жаңа жол   Ұмытпа, қазақ, ұмытпа! Қараңғы сасық тұманнан, Көзіңді ашқан бабаңды! Ленин салған түзу жол! Жатыр міне жосылып!.. Жидек терген баладай Жиыстырып ел қылды, Кетіп едің шашылып! Өткен күнді еске алып, Жаңа жолменен топтанып Қызметке кіріс ашылып...   Мысалға алған бұл жолдар, айтылуы бір түнге созылатын ұзақ жырдан үзінділер ғана. Толығы кезінде жазылып алмағаны қатты өкініш. Революция тақырыбына, Ленинге арналған жырларды Ыбырай өте көп шығарғам адам. Солардан сақталған біреуі, 1927 жылы «Ақындар шашуы» деген жинаққа кіретін «Ленин ізіне» дейтін шығарма. Бұл жырды Ыбырай Ленин қайтыс болған шақта шығарып, халық аузына кең тарап кеткен. Ақынды еске алған бұл мақалада, осы жырды да түгелімен қайталау қажет:   Қараңғы түнде жол таппай, Тұман басып, ел таппай. Қанаты сынған қоңыр қаз, Жүзейін десе көл таппай, Жаралы жүрек зарланып, Ауруға ем таппай, Қабырға сынып, қысылып, Өлімге мойын ұсынып Қамалған сорлы халық едік, Тарлықтан шығып кең таппай; Сөйлейтұғын сөз таппай, Қарайтұғын көз таппай, Көзсіз жандай қармалап, Іздеген ісін тез таппай, Жарқырап шыққан алтын деп, Қарап тұрған халқың деп, Патшаға мұңды шаққанда, Алтын түгіл, жез таппай, Қорлықта жүрген халық едік.   Осындай күндер кез келді, Аспандағы күн мен ай, Нұры кетіп өзгерді, Мұндай зәлім патшаға, Керемет күн кез келді.   Владимир Ульянов,— Биікке қолын созған ол Мекалай атын өшіріп, Алтын тақтан түсіріп Жарыста ұлы озған ол Ніл дариясын суалтып, Бәйшешегін суартып, Патшаның көрін қазған ол Тастан бұлақ ағызып Өнермен халқын суартып, Жер жүзінде нашарды, Шат қылып көңілін қуантып, Патшаның тағын талқан ғып, Тас-талқан таж, тахытын.   1824 жылында, Поддан қазақ болғаны, Үш жылда. сайлау бір болып, Болысты қазақ алғалы, Ауылнай, болыс, уезнай, Күніміз соған қалғаны.   Жүз жыл поддан болғалы, Теңдікке бізді кім алған, Қайғы мен қасірет жүдетіп Сақал-мұртын қуарған; Тасыған бұлақ көз шықты Құдық едің суалған Ленин шығып бақытқа Жетім-жесір қуанған Сол Лениннің жолымен Еңбекші тап ту алған. Ленин-ақ сені аяды, Жылаған қарап көзіне, Бірақ, Ленин жетпеді Толып жеткен кезіне Көзіңді салып айрылма, Оның жүрген ізіне. Ыбырайда бұндай тақырыптардағы өлеңдер көп. Елде ол өлеңдерді және Ыбырайдың революцияға дейінгі өлеңдерін, айтыстарын, әндерін білетін кісілер көп. Ендігі міндет, соларды және Ыбырайдың әндерін жинап баспада шығару. Қазақ ауыз әдебиетінде және музыкасында Ыбырайдың орны үлкен. 1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының июль-сентябрь айларындағы 7-9 сандарында жарияланған бұл мақала, алғашқы редакциясынан бұл жолы біраз өзгеріп, материалы толықтырылды.

Ыбырай Сандыбайұлы (1856—1930) туралы мағлұмат берместен бұрын қазақтың жалпы әдебиеті туралы бір-екі ауыз сөз жазып кетуге тура келеді. Әрбір тарихқа аты түскен елдің қайсысын алсақ та өздерінше, яғни өзінін, тұрмысына, біліміне, шаруасына қарай әлемге көзқарасы болады. Әдебиетті бағалаушылар оны «айна» деп атайды. «Айна» деген сөз - кімге болса да түсінікті, ол — адамның сыншысы. Айнаны алдыңа қарсы ұстасаң, кескініңнің түзу я қисығын көресің. Әдебиет халықтың айнасы деген сөз, әдебиетте қоғам өмірінің суреті тұрады деген сөз. Қоғам немен тіршілік қылады? Түсінісі қандай? Білімі қандай? Не нәрседен жәбірленеді? Не нәрсеге қуанады? Не тілейді? Осының бәрі де әдебиетте суреттеліп келеді. Бірақ әдебиеттің әртүрлі сатысы бар. Ол саты өзінен-өзі жасалмайды. Әрбір сатының жоғарылау я төмендеуіне белгілі себептер болады. Тұрмыстың құбылысы адамның сезіміне жетекші. Әдебиет те осы заңға бағынады. Мәдениетте артта қалған, арбасын сықырлатып түйесін теңселтіп көшіп жүрген елмен, айлық жолды күндік қылып жүрген мәдениетті елдің әдебиеті бірдей емес. Екеуінің арасы жер мен көктей. Тарихқа қарап отырсаң жер жүзіндегі адамзаттың басынан көп дәуір кешкен. Мәселен, орыс елі бұдан бірнеше ғасыр бұрын жасаған дәуірін қазақ елі осы күнде жасап отыр. Бұл екі елдің әдебиет айырмашылығы да осындай.

Бірақ, қазақ әдебиетін төмен сатыда деп далаға тастауға болмайды. Енеден туа өнерленіп кеткен ешбір ел жоқ. Мәдениетті елдердің бәрі де бірте-бірте өнерленген.. Ендеше қазақ та алдағы аз жылда мәдениетті болуына сөз жоқ. Бірақ ол күнді күтіп отырмай, қазақ әдебиетін тексерудің негізін сала беру керек.

«Қазақ әдебиеті» дегенде біздің аузымызға толымды әдебиет шамалы сықылды көрінетіні бар. Бірақ, шынын тексергенде олай емес, бар. Әдебиет екі түрлі ғой: біреуі ауыз әдебиеті, біреуі жазба әдебиет. Қазақта жазба әдебиет әлі жан-жақты толық өркендеп болған жоқ. Ал, ауыз әдебиеті бізде бай, әдемі әдебиет деуге болады.

Қазақ арасында ауыз әдебиетті де, әнді де көп білетін, сыбызғы домбыра сықылды қазақ музыкаларын жақсы білетін кісілер көбіне еңбек иелерінен шығады. Өйтетін себебі — олардың жаратылысқа байланыстылығы. Қызарып атқан таңды, жалтырап шыққан күнді, көтерілген шықты, бұлтты яки ашық күнді, желді яки тымық күнді, батқан күнді, қоңыр дүрсін іңірді, жұлдызы ашық түнді, балқыған айды, күзді, жазды, қысты, жазғытұрым малдардың, аңдардың қалай шаттанатынын... қысқасы жаратылыстың нендей құбылыстарын көздерімен көріп өткізеді. Осы құбылыстар оларды еріксіз әнші, еріксіз өлеңші, ақын етеді. Олардың шығармаларын жинайтын, бағалайтын кісі аз болып жүр. Егер түгел жинап алса біздің ауыз әдебиетімізді мынадай деп мақтаныш етуге болады.

Қазақ ауыз әдебиетінің бір бай жері — Көкшетау. Онда туған: Орымбай, Шөже, Арыстанбай, Шал, Тоғжан, Біржан, Нүркей, Ақан сияқты ақындар бар. Қазақ ауыз әдебиетін жинаймыз десек, жоғары аттары аталған адамдардың сөздерін аттап өтуге болмайды. Солардың қазіргі тірі көзі — Ыбырай ақын.

Ыбырайдың руы—Қарауыл, оның ішінде, Есенай, - оның ішінде Жақсылық. (Сандыбайдың шешесі жаугершілікте келген қалмақ қызы болғандықтан, оны да, кейінгі ұрпақтарын да «Қалмақ» деп атаушылық бар). Сандыбай дәулеті дөңгелек кедей адам болған. Өзі темірші ұста болғандықтан «Қарамұрын» аталған екен. Ыбырайдың бір өлеңінде:

Әкеміз Қарамұрын ұста болған,

Көмірге өзімді-өзім қия алмадым,—

 

деуі содан. Сандыбайдан Ыбырай 1856 жылы туады. Ескі ауылдың салтында, ақындықтың да «аруағы» бар деген түсінушілік болған. Ыбырайдың да ақын болуын соған жорып, оған «аруақ» сегіз жаста қоныпты-мыс деген аңыз бар. Бұл аңыз бойынша, Ыбырай сегіз жасында түс көреді. Түсінде: аулы шалқар көлдің жағасында екен. Ыбырай сол жағада асық ойнап жүрсе, көлдің арғы жақ қабағынан біреудің айғай салған дауысы шығады. Жалт қараса, ақсақалды, қолына домбыра ұстаған шал. Ол Ыбырайға «шырағым, мынаны саған сыйладым!» деп домбырасын лақтырып жібергенде Ыбырай қағып алыпты. Қолына домбыра тиген Ыбырай, шошып оянып, әндете, өлеңдете түрегеледі. Сол күннен былай қарай ол әрі өлең, әрі ән шығарғыш болып, елге атағы жайылады. Егде ақындар Ыбырайды бағалап, өсуіне жәрдемдеседі. Ыбырай бір өлеңінде:

 

Жігіт болдым он жетімде,

Тыңда айтқан кепімді,

Шаруадан бас тартып,

Қалжыңға бұрдым бетімді

Сал атандым он сегізде,

Қайықсыз кірдім бір теңізге,

Он тоғызда оттай лаулап,

Ойнақ салдым кемеңізде...

 

дейді.

 

«Аққумен аспандағы ән қосамын,

Шығарсам ащы күйді түптен тартып»,—

 

деп кең сахарада шалқып ән салып сынаптай толқып жүрген Біржан салдың жанына еріп әнінен өрнек алады. Бір өлеңінде:

 

Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,

Қорғасындай денеңді балқытайын.

Біржаннан алып қалған аңыз еді,

Толқыта шалқымамды шалқытайын,—

 

дейтіні сондықтан.

 

Ыбырай «ұстазымның бірі еді» деп; Орынбай ақынның төмендегі сөздерін үнемі үлгі есебінде айтып отырар еді:

 

«Ежелден күш аттыда, сөз малдыда,

Ақыл, айла болмайды жоқ жарлыда

 

Кедей шәйқор болғаны оңбағаны,

Қырсығың соңыңнан қалмағаны...

 

Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ,

Сол таяқ таусыла ма жонған сайын...

 

Кедей шаруада туып-өскен Ыбырай, ақындық дарығаннан кейін ел ақтап өлең айтып кетеді. Ол замандағы ақындардың салты байларды мақтап, күн көрісіне талғажау табу. Ыбырай да сөйтеді. Бірақ үнемі байды мақтай бермей, кейбірін қатты сынайды.

 

Бұл арада, төмендегідей бір қызық әңгіме айта кеткен жөн: бұрынғы Қызылжар (Петропавл) уезінде 1868 жылдың қазақ даласын меңгеру туралы заңы шыққаннан кейін, сұлтан-правительдік тәртіп жойылып қазақ ауылдарында да болыстар, старшиндар сайланған. Осы сайлауды жүргізбек болған уездік начальник — Мамонтов (қазақтар оны —«Ақ байпақ» деп атаған», ол кезде ұй,саны шағын Қызылжарда бақташы болып отырған Пышқантай есімді кедей жатақтың орыс тілін жақсы білетін пысық, сөзуар баласы — Маймақты тілмәш есебінде ала кеткен.

 

Мамонтов болыстыққа орыс тілін білетін кісі іздесе, ауылдан . табылмайды да, ақыры Маймақты белгілейді. Болыс болған Маймақ тез байып, алты қатын алады, «салтанатымды елден асырам» деп, екі кигіз үйді қабаттастыра тіктіріп, шаңырағының үстіне айлы мұнара орнатады, Осы байды жас ақын Ыбырай іздеп кеп өлең айтқанда, бай оны менсінбей, мақтағанда жөнді ештеңе бермей, «енді жаманда» деп жиырма бес сом берген екен. Бірақ, Ыбырай ол бағаға сатылмай, намысына тиген Маймаққа:

 

Баласы Пышқантайдың Маймақ едің,

Өлі жүнің түспеген тайлақ едің

Әкеңді көрмесем де естуім бар,

Арбаңа жалғыз сиыр байлап едің

Қызылжар қойын жаяу айдап едің,

Күйген нан қатырлатып шайнап едің.

Бұл күнде «Маймақпын» деп күпілдейсің

Сол кезде «Маймақ» болсаң, қайда-ақ едің?

Осы кезде ақ майды жей алмайсың.

Сол кезде жылында бір тоймап едің,

Бір қатынға беруге малың жетпей

Отыз беске келгенше бойдақ едің

Мен сені жамандауды таппаймын ба,

Оңбаған, кісі өлтірген барнак едің —

 

деген.

 

Ыбырайдың байларды, зорлықшыларды осылай шенеп айтқан өлеңдері толып жатыр. Оның жеке тақырыптарға шығарған жақсы өлеңдері де аз емес. Соларынан бұл мақалада бірнеше мысал алайық. Бірінші мысал — аңшылық туралы. Ыбырайдың өзі де жаз қаршыға, тұйғын салуды, қыс бүркіт салып, ит жүгіртуді кәсіп еткен, аңшыларға да көп ерген адам, бұл жайда, халық арасына көп тараған, төмендегідей өлеңі бар:

 

Бір қызық ит жүгіртіп аң ауласа,

Мінген ат шабуылмен танауласа,

Кигенің іші қызыл орман түлкі

Құлпыртып жез сабаумен сабауласа.

Болғанда биең жарау, атың қату,

Жігітке лайық па қарап жату,

Бір серілік, жастықта ерлік бойға қонып,

Жігітке ол бір қызық дуылдату.

 

Қызыл жел көңіліңді қыздырмалап

Тұрмай ма тағатыңды бұздырмалап

Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,

Үшеуі ер жігітке құйрық, қанат

Қалың бет, салыңқы төс, қамыс құлақ,

Бөп-бөлек ойынды еті тұрған құлап

Жүйрікті бір досыңнан сұрап алып

Кежімдеп кіреуетте жатсаң сұлап

Бүркітін сонда тұрса саңқ-саңқ етіп,

Күтіліп саятшымен бабы жетіп,

Қанды көз, қайқы тұмсық қарауытып,

Ұмтылып көрінгенге тап-тап етіп

Қарғылы тұрса тазың сылдыр қағып,

Керіліп бір сілкінсе дүр-дүр қағып

Таңертең аңға шығар мезгіліңде

Еркелеп келсе жетіп сылаң қағып.

 

Сол күні келе қалса аң құмарың,

Лепілдеп соға қалса ынтызарың

Бүгілтіп жылқыдағы жарау атты,

Ертемен алып келсе малшыларын.

Итті алып аңға шықсақ, құсты біреу

Еріне күміс балдақ қылып тіреу

Жігіттің бес күн жарым ғұмырында,

Па шіркін, «болса» деген бұл бір тілеу

Таулардан түлкі қашса бұлдыр қағып,

Соңынан қуса тазы сылдыр қағып,

Кейінгі дабылшының айғайымен

Шайқақтап қыран ұшса бұлтты жарып

Алғанда қыран бастан, тазы таңнан,

Құтылмас қашқан түлкі қос қыраннан,

Жігіттің бес күн жарым өмірінде

Мұншама қызық өтер сұм жалғаннан!..

Күн ұзын түлкі қуып тауды айналып

Қарайып күн кеш болса көз байланып,

Олжаны қанжығаға байлап алып

Қонуға қызды ауылға ыңғайланып

Желіккен сол көңілмен қайтқанда елге,

Мінген ат қырауытып батса терге

Өлеңші, домбырашың қасыңда боп,

Кез болсаң қоналқаға бұран белге.

Самауыр ақ шәйнекпен тұрса қайнап,

Отырса бір сұлу қыз көзі жайнап,

Ол күні қыз әкесі үйде жоқ боп,

Отырсақ әзілдесіп күліп-ойнап.

Шешесі жез өкпелеу жастау келсе,

Ол қызға бір жеңгесі қастау келсе,

Бір жігіт аузы епті, түлкі сойып

Әзілді қалжың сөзін бастай берсе

Сол жігіт бастай берсе әзіл сөзін,

Қараса қызға жігіт қадап көзін

Ішінде махаббаттың оты лаулап,

Балқыса қорғасындай сонда сезім...

Ыбырай табиғат бейнесін суреттеуге де өте шебер адам болған. Оған бір мысал, 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 2 апрельде шыққан 308 санында жарияланған «Жазғытұрым» деген төмендегі өлеңі:

 

Март ішінде қар кетті

Кеңшілік келді, тар кетті.

Кеңшілік жерге жайылып

Бетіменен мал кетті...

Байларға қосқан аз малын,

Өзді өзіне меңгертті

Балалар, бақ малыңды

Ұмытпа адал еңбекті

Қалың бұлтты қақ жарып,

Күн көрсетті шуақты

Алты ай жатқан ақ күртік,

Қимады жатқан тұрақты

Сол жақтан шыққан суық жел,

Ақ күртіктің арасын

Дем салғандай үшкіріп

Үңгірлеп ішін қулапты.

Шын келгенін білген соң

Денесіне суық жел,

Ызғарланып кірген соң

Қар де бекіп тұрмапты.

Жердің жүзі саз болып,

Сазы жоқ жер аз болып

Сай сайдан жылжып су ақты

Жол жолын тауып бұрмаштап,

Биіктен ақса құлаштап

Демін алып кідірмей

Көзі ілініп мүдірмей,

Қаншама күндер түн қатты

Тіке тартып кете алмай

Жалпақ жерде ылбырап

Терең жерде тұнжырап

Биіктен ақса сылдырап

Тұрымтайдай құлдырап

Ақылға салсаң қалайық

Жалтаң-жұлтаң бұлт еткен,

Көрсетті аз күн бұлғақты

Бастап жүрген басшы жоқ,

Бұраңдап жүріп бұлтыңдап,

Құятын барып жөн тапты

Құстар келді шуылдап,

Қанаттары зуылдап,

Білгенімше айтайын,

Бас-басына буындап.

Көк мойын таған құс алды,

Көрдік міне нысанды,

Жалаңаш-жалпы шуылдап

Бала-шаға қотанда

Алты ай қыс көрген қысамды.

Жасыл шұбар жүні бар,

Бұлбұлдайын үні бар,

Қараторғай деген құс,

Оның да атын біліп ал...

Жер жүзі тойып ыңқылдап,

Буланып беті дымқылдап

Ителгі келді сыбанып,

Сұлу қыздай мазданып

Көмейден даусы сыңқылдап

Сегіз найза қолында,

Тұяқтың ұшы жылтылдап,

Екі көзі мөлдіреп,

Шабыттанып сымпылдап

Ызғарын төгіп суық жүз

Аузынан жалын бұрқылдап

Жұмыртқа іздеп балалар

Өзекті, шілік, көлдерді,

Ізденіп жүріп аралар,

Балалықпен байқамай

Аяғын шөгір жаралар

Бұдан басқа мың түрлі,

Ғажаптары жаңа бар

Ойлап тұрсаң бұл кезді,

Қиялға қиял жамалар,

Құбылыстың мың түрін,

Қай ақын түгел шамалар.

Қазақтың ауыз әдебиетінде, көктем бейнесін бұдан көркем сипаттаған шығарманы мен өзім кездестірген емеспін. Бұл сипатты өлеңдер де Ыбырайдан көп табылады.

 

Ақындығымен қатар, Ыбырай ірі композитор адамның бірі болған. Кейін жасалған «Қыз Жібек» операсына өзек болған «Гәкку» әні Ыбырайдың шығармасы екені халыққа мәлім. Опера арқылы, оның бұлбұл — Күләш Байсейітова арқылы дүние жүзіне тараған бұл тамаша ән, Ыбырай шығарған көптеген әндердің біреуі ғана. Оның «Қарақат көзін», «Маңмаңкерін», «Мақпалын», «Қалдырғанын» қазақ халқы күні бүгінге дейін сүйіне шырқайды. Бұл әндер — қазақ әндерінің алтын қорына қосылатын шығармалар.

 

Ән шығарғыштық өнерінде, Ыбырай өзін «Біржан салдың шәкіртімін» дер еді. «Дауыс ашарым» деп айтатын Шалқыма» дейтін толқынды тамаша әнін;

 

Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,

Қорғасындай денеңді балқытайын,

Біржаннан алып қалған әнім еді,

Азырақ Шалқымамды шалқытайын,—

 

деп бастар еді. Ел аузындағы аңызда, жасы егде тартқан Біржан жас Ыбырай қасына еріп, әндерінен үлгі алғаннан кейін, —«Ендігі Біржандарың — Ыбырай, соны тыңдаңдар деп, Ыбырай бар жерде өзі ән айтуды қойған деседі.

 

Біржанға шәкірт болған Ыбырайдың өзінде де көп шәкірттер болған. Бір мысалы —Бағаналы Тайжан ақын. Тайжан Ыбырайдың туған апасынан туған жиені.

 

Сол Тайжан әндері мен өлеңдерін:

 

Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан

Егіз туған анадан Арғын, Найман,

Қарауылда бір тиын жұмысым жоқ,

Бата алғалы барып ем Ыбырайдан.—

 

деп бастайтын. Тайжанның шәкірті жуық арада ғана уапат болған ардақты ақын — Нартай Бекежанов. Тайжан да, Нартай да әндерін Ыбырай үлгісінде екпіндете, қыздыра биік шырқай айтатын еді.

«Биік» деген сөзге бір қосымша: 1927 жылы, жаздыкүні Сәкен Сейфуллин Қызылордадан Көкшетау еліне, жер бөліс науқанын өткізуге барды. Бурабай тауын айнала отырған елде бұл науқанды жүргізіп жатқан Сәкенді, сол жылы 71 жасқа шыққан Ыбырай іздеп келді. Мен Сәкеннің қасында жүр едім. Ыбырай мен Сәкен бұған дейін жүз таныс емес екен. Ыбырайдың ірі ақын, ірі әнші екенін естіген Сәкен, «Оқжетпестің түбінде отырып тыңдау керек» деді де, ауылдан қымыз, тоқты алып, бір топ адам Оқжетпес түбіне кешке қарай бардық. Сонда, Көкшенің жотасы қоршаған Оқжетпес қасында Ыбырай «Көкшетаудың биігі-ай!» деп бастайтын «Қарагөз» әніне шырқап жібергенде, жантайып жатқан Сәкен орнынан атыл тұрып, Ыбырайдың алдына шөке түсіп қатты да қалды. Аса ырғақты, және аса биік бұл ән орындалып болғаннан кейін, Сәкен «Апырай, бұндай биік және көркем дауыс болады екен!» деп - Ыбырайды құшақтап сүйді. «Көкшетау» атты поэмасында, Сәкеннің:

 

Туса егер, өнерлі елдің бақтарына,

Білім ап жүрсе бәрі баптарында,

Біржан сал, Ақан сері, Ыбырайлар

Алмас ед Шаляпинді қапталына!—

 

деп жазуы осыдан кейін. Ыбырай — жаңа, советтік тақырыпқа да әндер шығарған адам. Оның «От арба» дейтін тамаша әні қағазға түспегендіктен, ел аузында сақталмай қалды. Кәзіргі атақты әншінің және халық композиторының бірі — Манарбек Ержановтың «Паровоз» аталатын екпінді көркем әні (сөзі Әбділда Тәжібаевтікі), оған менің «Ыбырайда осындай ән болған еді» деп ыңырсуымнан туды.

Қазақтың ауыз әдебиет өкілдерінен Октябрь революциясын, совет өкіметін ең алғаш жырлаған ақындардың біреуі — Ыбырай. Оның бір куәсі — Қызылжарда шыққан «Бостандық туы» газетінің 1925 майда басылған 26 санындағы бір топ жарияланған өлеңінің төменгі жолдары:

 

Патша үкіметінің саясаты

 

Қазақ халқы. ішінде,

Бай болғанын ұнатты,

Жарлыны жардан құлатты —

Зар еңіретіп жылатты,

Абақтыда сулатты,

Барар жер, басар тауы жоқ

Көшенің бойын таптатты

Жалбыратып тымағын,

Қайда барсын сорлылар

Сөндірген соң шырақты!..

Тілеуі: қабыл бұл қазақ

Ақырын зарлап сұрапты

Сандалып халық тұрғанда —

Бір сәуле шығып таң атты!

 

1917-жыл, Октябрь

 

Күн күркіреп, жел шықты,

Тарлық кетіп, кең шықты

Суалып қалған көңілден,

Қуарып қалған өмірден

Тасыған дария — сел шықты

Тәнін-жанын пида қып

Құлашын жайып көсіліп,

Ақ жібектей есіліп

Большевик атты ел шықты!..

Большевик халқын бастаған,

Залымды жойып тастаған,

ЛЕНИН

деген ер шықты...

 

Совет

 

Зор қуаныш күн болды.

Ескі дүние тұл болды,

Николайшыл байларға —

Жарық дүние түн болды...

Жуан жұдырық залымдар,

Биік таудың тасы еді —

Бытырап ұсақ құм болды...

Дариядай толқып жүргендер

Суалып батпақ дым болды

Жүрмейтін арық шабандар,

Көтеріп енсе тең болды

Жасасын Кеңес, жасасын!

Жөн білмеген сорлыға

Осындай шаттық күн болды.

 

Азамат соғысы

 

Бұрынғы тәртіп жойылды,

Сындырды жуан мойынды,

Сұмырай көздер ойылды

Тастатты қамшы, сойылды,

Жуан білек, жұдырық

Келген соң Кеңес қойылды! .

300 жыл жұртты билеген,

Найзасын тасқа түйреген,

Белінен басып шойырды,

Биік тауды құлатып,

Теңіздерін сұлатып

Қайғымен басын қуартып,

Жер жүзінде нашардың

Шат қылып көңілін қуантып

Жауыздарға салды «ойынды!..»

 

Жаңа жол

 

Ұмытпа, қазақ, ұмытпа!

Қараңғы сасық тұманнан,

Көзіңді ашқан бабаңды!

Ленин салған түзу жол!

Жатыр міне жосылып!..

Жидек терген баладай

Жиыстырып ел қылды,

Кетіп едің шашылып!

Өткен күнді еске алып,

Жаңа жолменен топтанып

Қызметке кіріс ашылып...

 

Мысалға алған бұл жолдар, айтылуы бір түнге созылатын ұзақ жырдан үзінділер ғана. Толығы кезінде жазылып алмағаны қатты өкініш.

Революция тақырыбына, Ленинге арналған жырларды Ыбырай өте көп шығарғам адам. Солардан сақталған біреуі, 1927 жылы «Ақындар шашуы» деген жинаққа кіретін «Ленин ізіне» дейтін шығарма. Бұл жырды Ыбырай Ленин қайтыс болған шақта шығарып, халық аузына кең тарап кеткен. Ақынды еске алған бұл мақалада, осы жырды да түгелімен қайталау қажет:

 

Қараңғы түнде жол таппай,

Тұман басып, ел таппай.

Қанаты сынған қоңыр қаз,

Жүзейін десе көл таппай,

Жаралы жүрек зарланып,

Ауруға ем таппай,

Қабырға сынып, қысылып,

Өлімге мойын ұсынып

Қамалған сорлы халық едік,

Тарлықтан шығып кең таппай;

Сөйлейтұғын сөз таппай,

Қарайтұғын көз таппай,

Көзсіз жандай қармалап,

Іздеген ісін тез таппай,

Жарқырап шыққан алтын деп,

Қарап тұрған халқың деп,

Патшаға мұңды шаққанда,

Алтын түгіл, жез таппай,

Қорлықта жүрген халық едік.

 

Осындай күндер кез келді,

Аспандағы күн мен ай,

Нұры кетіп өзгерді,

Мұндай зәлім патшаға,

Керемет күн кез келді.

 

Владимир Ульянов,—

Биікке қолын созған ол

Мекалай атын өшіріп,

Алтын тақтан түсіріп

Жарыста ұлы озған ол

Ніл дариясын суалтып,

Бәйшешегін суартып,

Патшаның көрін қазған ол

Тастан бұлақ ағызып

Өнермен халқын суартып,

Жер жүзінде нашарды,

Шат қылып көңілін қуантып,

Патшаның тағын талқан ғып,

Тас-талқан таж, тахытын.

 

1824 жылында,

Поддан қазақ болғаны,

Үш жылда. сайлау бір болып,

Болысты қазақ алғалы,

Ауылнай, болыс, уезнай,

Күніміз соған қалғаны.

 

Жүз жыл поддан болғалы,

Теңдікке бізді кім алған,

Қайғы мен қасірет жүдетіп

Сақал-мұртын қуарған;

Тасыған бұлақ көз шықты

Құдық едің суалған

Ленин шығып бақытқа

Жетім-жесір қуанған

Сол Лениннің жолымен

Еңбекші тап ту алған.

Ленин-ақ сені аяды,

Жылаған қарап көзіне,

Бірақ, Ленин жетпеді

Толып жеткен кезіне

Көзіңді салып айрылма,

Оның жүрген ізіне.

Ыбырайда бұндай тақырыптардағы өлеңдер көп. Елде ол өлеңдерді және Ыбырайдың революцияға дейінгі өлеңдерін, айтыстарын, әндерін білетін кісілер көп. Ендігі міндет, соларды және Ыбырайдың әндерін жинап баспада шығару. Қазақ ауыз әдебиетінде және музыкасында Ыбырайдың орны үлкен.

1924 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының июль-сентябрь айларындағы 7-9 сандарында жарияланған бұл мақала, алғашқы редакциясынан бұл жолы біраз өзгеріп, материалы толықтырылды.

Бөлісу: