5 Желтоқсан 2012, 12:11
Отырықшылық – халықтың бір жерде қоныстануы, тұруы. Жергілікті жер жағдайы мен табиғат ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанды ерте заманда мекендеген көне түркі тайпалары ғасырлар бойы көшпелі мал ш-мен айналысты. Дегенмен өзен-көл жағалаулары мен құнарлы аймақтарда егіншілік те қатар дамыды. Қазақстан жерін мекендеген түркі тілдес тайпалар 6 ғ-да Ертіс өңірінде, Сыр бойында және Жетісуда егіншілікпен айналысып, отырықшылық өмірге дағдылана бастады. 6 – 7 ғ-ларда Түрік қағандығы тұсында Шу, Талас, Сырдария аңғарларында мал ш-мен қатар егіншіліктің де дамуы О-ты жеделдетті. Далалық солт. аудандарда бұл процесс баяу жүрді. 6 – 7 ғ-ларда қазақ жері арқылы Орта Азияны Қытаймен байланыстырған “Ұлы Жібек жолы” өтті. Бұл жол бойында отырықшыл Суяб, Құлан, Тараз, Меркі қ-лары болды. Тұрғындары саудамен де, егіншілікпен де айналысты. 8 – 10 ғ-ларда қарлұқ тайпалары Қазақстанның Балқаш пен Ыстықкөл аралығын, Іле, Шу, Талас аңғарларын, Тянь-Шань баурайларын қоныстанып, отырықшылық өмір салтын ұстанды. Осы мемлекеттің солт.-батыс жағында Сырдарияның орта және төм. ағысында және осыған жапсарлас Бат. Қазақстан даласында 9 – 10 ғ-ларда өмір сүрген оғыз тайпаларының мемлекетінде отырықшылықпен айналысқан Суяб, Тараз, Жент, Жаңакент қ-лары болды. Жетісудың оңт.-батысындағы Құлан, Ақтөбе, Меркі, Жуантөбе қалалары Қырғыз жотасындағы өзендер бойына салынып, өркендеді, отырықшылықтың басты белгілері саналған қолөнер мен сауда орт-тары стратег. маңызға ие болды. 10 – 12 ғ-ларда Қазақстанда қалалар мен қалалық қоныстар шапшаң өсіп, Іле алқабында 56 қаланың іргесі қаланды, Шу мен Талас алқаптарында, Сырдария бойында отырықшылыққа көшкен ондаған қала қоныстары орнады. Қала мәдениеті Орт. Қазақстанда Ұлытау бөктерінде Сарысу, Нұра, Кеңгір өзендері алқаптарында да дамыды. Осы кезеңде Отырар өңірі отырықшы өркениеттің ірі орт. болды. Отырар алқабындағы ирригац. көп тармақты жүйе суландырудың құрамдас бөлігін түгелдей қамтыды. Исфиджаб, Отырар, Тараз қ-лары басты сауда орт-тары болды. Отырықшы-егіншілік мәдениет пен қалалардың көбейіп өсуі этн. шоғырлану процесін күшейтті. Қазақ хандығы тұсында мемлекет экономикасының мешеулігі салдарынан оңт-тегі қалалар құлдырап, О. саябырлады. Хандықтың саяси-әкімш. және сауда-экон. орт. Сығанақ, ал астанасы Түркістан қ-лары болды. 17 – 18 ғ-ларда қазақ даласында отырықшы, көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық түрі дамып, егіншілікпен оңт-те ғана айналысты, елдің басым бөлігінде мал ш. негізгі күнкөріс көзі болды. Патша өкіметінің Қазақстанды отарлауы жергілікті халықтың отырықшылыққа көшуін мүлдем тежеді. 18 ғ-дың 50-жылдары патша өкіметі қазақтардың шұрайлы жерлерін тартып алып, Каспий жағалауынан Ертістің жоғ. ағысына дейінгі аралықта шептер мен бекіністер, форпостар мен бекініс қамалдар, қалалар салды. 19 ғ-дың 2-жартысынан бастап 60 – 90-жылдардағы реформаларға байланысты отарлық жүйе күшейіп, қазақтардың О-қа көшуі күн тәртібінен алынып тасталды. Жергілікті тұрғын халықтың жері тартып алынып, Ресейдің орт. аудандарынан көшіп келген шаруаларға берілді. 19 ғ-дың 2-жартысында Сырдария аймағы егіншілік дамыған О-тың негізгі орт. болды. Жетісу, Шу, Талас, Іле өз-нің алқабында О. өмір салты өз қалпын бұзбай, суармалы егіншілік басты әдіске айналды. Орыс шаруаларының қазақ даласына қоныс аударуына байланысты О. нығая түсті. 20 ғ-дың бас кезіне қарай патша өкіметі орыс шаруаларын жоспарлы түрде қоныстандыру үшін жергілікті халықтың 40 млн. десятина шұрайлы жерін тартып алып, қазақтарды шөл далаға ығыстырды. Көшпелі халықтың жерін күшпен тартып алу жалғасып, О-қа мейлінше кедергі жасалды. Капит. қатынастардың қазақ даласына енуі көшпелі және жартылай көшпелі мал ш. мен рулық қатынастардың ыдырау барысын жеделдетті, қазақ даласында өнеркәсіптің жаңа салалары пайда болып, жергілікті ұлт өкілдері арасынан жұмысшы кадрлар көбейді. 1927 ж. қарашада өткен 6-жалпықазақтық партия конференциясының мал өсірушілерді жерге жаппай орналастыру жөніндегі қарарына сәйкес көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды отырықшыландыру үшін күштеу саясаты қолданылып, ел тіршілігі бұзылды. Республика аумағында бірнеше округтер мен аудандарда (Семей, Ақтөбе, Шалқар, Сырдария, Қызылорда, т.б.) 3 млн-ға жуық көшпелі және жартылай көшпелі қазақтар күштеп отырықшыландырылды, мыңға жуық ірі байлар шаруашылығы тәркіленіп, жер аударылды. Осы жағдайлардың өзі О-қа дағдыланбаған қазақтардың малдарын шығынға ұшыратып, әміршіл-әкімшіл жүйенің қолдан жасалған ұжымдастыру шаралары кесірінен халық жаппай аштыққа ұшырады. Шаруалардың жер-жердегі жаппай наразылығы мен қарулы көтерілістері аяусыз жаншылып, қазақтарды күштеп ұжымдастыру, О-қа көшіру жалғасты. Отырықшыландыру науқаны барынша тұрпайы жүргізілді. Отырықшыландыру саясаты қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтын күйретті, мыңдаған жылдық тарихы бар көшпелі өркениет қиратылды. Қазақ шаруалары жаппай ашаршылыққа ұшырады (қ. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру). Дегенмен отырықшылыққа көшудің аса ауыр зардаптары болуына қарамастан тұрақты жерге қоныстанушылық барысында қазақ халқы мәдениеті дамыған іргелі елге айналып, экономикасы өркендеген ірі мемлекет қатарына қосылды.
Әбед.: Аманжолов К., Рахметов І., Түркі халықтарының тарихы, А., 1996 – 97; Қазақстан тарихы, 1– 3 т., А., 1996 – 2002; Қазақ қоғамындағы әкімшілік-шаруашылық жүйелердің эволюциясы, А., 1999.
Н. Жанақова