5 Желтоқсан 2012, 11:58
Тамаша кітап
(1949 ж.)
Тілші: "Абай" романын жазуға қалай әзірлендіңіз?
М. Әуезов: Абай жөнінде кітап жазу үшін мен жас шағымнан, студент кезімнен бастап көптеген тарихи материалдар жинадым. Жазушы ретінде Абайдың өз еңбектері мен өмірін тексердім. Бұл тексеру менің қолыма көп материал берді.
Жазушы өмірді тереңдей зерттеп, жақсы білуі керек. Жазушының қолында жеткілікті мағлұмат, материал болмайынша,толық піскен,жақсы шығарма жазылуы мүмкін емес. Сондықтан "Абайды" жазғанда басқа шығармаларымнан да көбірек ізденгенімдігінің себебі осы.
Мен ол жиналған материалдардың ішінен Абайды жақынырақ көрсететін таңдаулыларын ғана іріктеп, теріп алдым. Жазушы жете ойланып, тоқсан толғанғаннан кейін сыртқа тепкен, кемеліне келген ойды жазуға кірісуі керек. Бұл жөнінде ұлы жазушы М. Горькийдің: "Айтпасқа лажың жоқ нәрсені ғана жаз" деген сөзі еріксіз еске түседі. Академик Тарленің айтуынша, кітапты жазып болып, ақырғы бетін жазғанында, сондай тағы бір кітап жазарлық мүмкіншілігін болу керек. Бұл жайды мен жастарға ескерту ретінде айтып отырмын.
Тілші: "Абай" романы қалай басталды?
М. Әуезов: 1937 жылы орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкиннің туғанына 100 жыл толған еді. Ол мерекені жазуға ойланған тақырыбым үшін маңызы өте зор болатын. Өйткені Абай өзінің ақындығы жолында Пушкинді ұстазы тұтқан, халық мұңын жоқтауды содан үйрене отырып, осындай ұлы ақындар қатарына қосылған. Сол мереке құрметіне мен жазушылық дағдыдан тыс, романның соңғы — "Татьянаның сахарадағы әні" деген тарауын жаздым. Бұл — романның хабаршысы еді.
Романды жазғанда әдебиет тарихын зерттеуші ретінде ғылыми ұғым тілімен, ал жазушы ретінде роман, бейне тілінде жазуым керек еді. Бұл екі тілдің екеуі қабыса келе, бір мақсатты көздеген еді. Ол — Абайды, Абайдың дәуірін толық көрсету болатын. Абай — бүгінгі күннің үлкен көмекшісі, өйткені ол бізге өз дәуірін сынап, ашып көрсетіп береді.
Жас жеткіншектер шығармадағы бейнені ұғына оқуы керек. Сол бейненің айналасында көп сыншы ұғым бар екенін түсінуге болады.
Бірінші кітаптан екіншісі тез жазылды. Оған көмекші болған ақын Абайдың өз еңбектері. Бірінші кітап Абайдың адам ретінде өсуін көрсетсе, екінші кітап оның ақын ретінде қалыптасуын суреттейді.
Тілші: "Абай" романының түпкі мақсаты не еді?
М. Әуезов: Абайдың тартыс үстінде өсіп, қыр өмірінің шеңберін аттап, орыс мәдениетіне, прогреске дара соқпақ салғанын көрсету еді. Данышпан Абайдың бейнесі арқылы тарихи тағдырлары қосылған екі елдің — ұлы орыс халқы мен қазақ халқының достығын, ол достықтың қадамы игілікті, болашағы жарқын екенін, Абайдың жақсы түсінігін суреттеу — романның түпкі мақсаты болатын. Осы тұрғыдан романның ақырғы тарауы — "Татьянаның сахарадағы әні" жазылды. Романның түйіні осында.
Тілші: Алдағы уақытта қандай шығармалар жазбақсыз?
М. Әуезов: Мен қазір "Ақындар ағасы" шартты атпен жаңа кітап жазып жүрмін. Бұл кітапта Абай өмірінің соңғы 11 жылы қамтылады. Мұнда мен ойшыл, ақындық мектебінің жетекшісі болған Абайды көрсетпекшімін. Ол Абай — орыс мәдениетінің өз сахарасындағы өкілі, адамгершіл, алысушы қайраткер. Бұл жөнінде Абай көпке көп мұра берді. Роман Абайдың өлімімен аяқталады. Өзінің жолын және мүддесін, бар тағдырын еңбек елімен бірге қосқан Абай, сол еңбек елінің жүрегінде өлмес орын алады. Бұл романды былай аяқтамақпын.
Бұл — қазақ халқының жүз жылдық, соңғы бір ғасыр өмірін баяндайтын жеті романымның үшінші кітабы. Қалған төрт кітап совет дәуіріне арналады. Жас ұрпаққа — пионерлер мен оқушыларға айтатын кеңесім: халықтың өткен тарихын терең зерттеп, жақсы білетін болыңдар, ол үшін көп оқыңдар. Өйткені "өткенді білмейінше, бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес" (М. Горький).
Мұхтар Әуезов