Редакцияның сұрауларына орай

5 Желтоқсан 2012, 11:22

Редакцияның сұрауларына орай Редакцияның маған қойған бірінші сұрағында Абайды Абай еткен негізгі ерекше қасиеттері неменелер екенін айтуды талап етеді. Тегінде, зор дарынды, ойшыл, білімді, алғыр адамдардың ой-сезімі, санасы, барлық интеллектуал сипаттары бір-ақ қана іргеден туады, бір ғана арнадан тарайды деп түсінбеймін. Өзімізге мәлім сүйікті ұлы жандардың қай-қайсысын алсақ та, сезім-санасын, ой-дүниесін қалыптаған негіздер біржақты ғана болмайды. Жалғыз-ақ сол көп саладан білім де, ой да, сезім, түсінік те ала жүре, ұлы адамның бәрі де өзінің ой-сезім дүниесіне әсер еткен ағымдардың бәрін өзінің өздік, ерекше елегінен өткізіп, қорытып, өзгертіп, өзіндік етіп алады. Осы жағынан қарасақ, Абайға әсер еткен дүниелер көп. Оның негізгілері аталып та жүр. Бірақ Абай деген — сол әсерлердің жиынтығы емес, бәрінен қорытылған асылы, жаңа бітім, тың тұлға. Рас, осымен қатар тағы да анықтай түсу керек, сол жаңа тұлға боп қалыптану жолында ағымдардың ішінен басымдап шыққан біреулері болады. Әсерлердің арасынан асқындай түскені тағы болады. Бұларды интеллектуал, эмоционал бітімдердің доминантасы, басым арқауы дейміз. Абайдың абайлығының да сондай басым арқауы бар. Онысы, даусыз, ұлы орыс халқының дүниежүзілік зор мәдениетінің қадірлі қасиеттері. Қысқаша қайырып айтқанда, ұлы орыс мәдениетінің әсерінсіз Абай бүгін бізге қадірі асқан Абай боп қалыптаса алмас еді. Өзінен бұрын жүз қазақ ақыны болса, жүз біріншісі болар еді. Жүз қазақ ойшылы, шешені болса және де жүз біріншісі болар еді. Ал орыс халқының классикалық әдебиетінен және революцияшыл демократтарының қоғамдық эстетикалық көзқарастарынан мол нәр алған, түлеп өскен Абай қазақ тарихында ақындықтың, ойшылдықтың өкілдерінің арасында жүз бірінші емес, бірден-бірі ғана екенін білеміз. Сөйтіп, Абайдағы ерекшелік қасиеттің ең асыл негізі осы айтқанда деп білеміз. Екінші сұрақта "Абай жолы" романының соңғы кітабы немен аяқталатыны аталып еді. Бұл кітап — Абай жөніндегі романдар циклінің соңғы кітабы. Сондықтан осы кітаптың ақырында Абайдың қайтыс болғаны баяндалады. Эпилогте, Жидебайдағы Абай зиратының басында: Дәрмен шығарған, Абайға арналған халық ұлының дос-жар сөзін, өзінің өміріндегі ең соңғы жыры-зары етіп, Әйгерім қоштасу мұңын айтады. Бұл кітапта, Абай өлерінен бірнеше ай бұрын революционер досы Павловтан 1905 жылдың революциясы тақап келе жатқан ұлы сарынын естіген болады. Өлім сағатына шейін Абайдың ақындық, ойшылдық сезім-санасынан сол сарын үзілмейді. Болашақтың үмітіндей боп ауру жанның ала кеткен ашық-жарқын бір жайы болатын. Соңғы деміне шейін Абай алыс белдің ар жағында, анық сәуле беріп атып келе жатқан таңды сезінумен үзіледі. Үшінші сұрауда редакция менің жазбақ болып жүрген алдыңғы романдарым жайын сұрайды. Ендігі алдағы бір топ жылдар бойында менің жазбағым Ұлы Октябрьден бергі социалистік Қазақстан тарихына, соның өрлеуіне, өркендеуіне арналатын кітаптар болады. Әзіргі мөлшер-өлшеулерім бойынша азамат соғысы күндерінен бастап, дәл осы биылғы үстіміздегі жылдарға шейінгі тарихтық дәуренді төрт кітап етіп жазбақ ниет бар. Төрт кітап осы соңғы қырық шамалы жылдың әрбір он жылынан бір-бір кітап болып қалыптанса деген арман мүдде бар. Осыдан арғыны әзірше айту да, айтқызу да қажет бола қоймас. Ерте "сауда болып жүрер" дегендіктен, әзір жоспарланып жүрсе де, кітап болып арнасына түспегендіктен, таратып айту лайықсыз. Төртінші сұрақта Абай жөніндегі ғылымдық зерттеушілік жұмыстарым қандай еңбекпен аяқталмақ екені сұралған. С.М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінде бірнеше жыл бойында мен оқыған "Абайды тану" атты курстан құралып келген көлемді монография болатын. Ол — Абайдың өмірін, дәуірін, шығармалық мұраларын зерттейтін еңбек. Абай жөніндегі өзімнің соңғы бір көлемді еңбегім ретінде сол монографияны қазақша және орысша әзірлеп, жақын жылдар ішінде жарияласам деген мақсат бар. Осымен, Абайды ауызға алса әрбір саналы адам көңіліне оралатын көп жайлардың кейбір ғана жақтарын жоғарыда айтқан тәрізді мәлім етуді лайық көрдік.   Мұхтар Әуезов  

Редакцияның сұрауларына орай

Редакцияның маған қойған бірінші сұрағында Абайды Абай еткен негізгі ерекше қасиеттері неменелер екенін айтуды талап етеді.

Тегінде, зор дарынды, ойшыл, білімді, алғыр адамдардың ой-сезімі, санасы, барлық интеллектуал сипаттары бір-ақ қана іргеден туады, бір ғана арнадан тарайды деп түсінбеймін. Өзімізге мәлім сүйікті ұлы жандардың қай-қайсысын алсақ та, сезім-санасын, ой-дүниесін қалыптаған негіздер біржақты ғана болмайды.

Жалғыз-ақ сол көп саладан білім де, ой да, сезім, түсінік те ала жүре, ұлы адамның бәрі де өзінің ой-сезім дүниесіне әсер еткен ағымдардың бәрін өзінің өздік, ерекше елегінен өткізіп, қорытып, өзгертіп, өзіндік етіп алады.

Осы жағынан қарасақ, Абайға әсер еткен дүниелер көп. Оның негізгілері аталып та жүр. Бірақ Абай деген — сол әсерлердің жиынтығы емес, бәрінен қорытылған асылы, жаңа бітім, тың тұлға. Рас, осымен қатар тағы да анықтай түсу керек, сол жаңа тұлға боп қалыптану жолында ағымдардың ішінен басымдап шыққан біреулері болады. Әсерлердің арасынан асқындай түскені тағы болады. Бұларды интеллектуал, эмоционал бітімдердің доминантасы, басым арқауы дейміз. Абайдың абайлығының да сондай басым арқауы бар. Онысы, даусыз, ұлы орыс халқының дүниежүзілік зор мәдениетінің қадірлі қасиеттері.

Қысқаша қайырып айтқанда, ұлы орыс мәдениетінің әсерінсіз Абай бүгін бізге қадірі асқан Абай боп қалыптаса алмас еді. Өзінен бұрын жүз қазақ ақыны болса, жүз біріншісі болар еді. Жүз қазақ ойшылы, шешені болса және де жүз біріншісі болар еді. Ал орыс халқының классикалық әдебиетінен және революцияшыл демократтарының қоғамдық эстетикалық көзқарастарынан мол нәр алған, түлеп өскен Абай қазақ тарихында ақындықтың, ойшылдықтың өкілдерінің арасында жүз бірінші емес, бірден-бірі ғана екенін білеміз. Сөйтіп, Абайдағы ерекшелік қасиеттің ең асыл негізі осы айтқанда деп білеміз.

Екінші сұрақта "Абай жолы" романының соңғы кітабы немен аяқталатыны аталып еді. Бұл кітап — Абай жөніндегі романдар циклінің соңғы кітабы. Сондықтан осы кітаптың ақырында Абайдың қайтыс болғаны баяндалады. Эпилогте, Жидебайдағы Абай зиратының басында: Дәрмен шығарған, Абайға арналған халық ұлының дос-жар сөзін, өзінің өміріндегі ең соңғы жыры-зары етіп, Әйгерім қоштасу мұңын айтады.

Бұл кітапта, Абай өлерінен бірнеше ай бұрын революционер досы Павловтан 1905 жылдың революциясы тақап келе жатқан ұлы сарынын естіген болады. Өлім сағатына шейін Абайдың ақындық, ойшылдық сезім-санасынан сол сарын үзілмейді. Болашақтың үмітіндей боп ауру жанның ала кеткен ашық-жарқын бір жайы болатын. Соңғы деміне шейін Абай алыс белдің ар жағында, анық сәуле беріп атып келе жатқан таңды сезінумен үзіледі.

Үшінші сұрауда редакция менің жазбақ болып жүрген алдыңғы романдарым жайын сұрайды. Ендігі алдағы бір топ жылдар бойында менің жазбағым Ұлы Октябрьден бергі социалистік Қазақстан тарихына, соның өрлеуіне, өркендеуіне арналатын кітаптар болады. Әзіргі мөлшер-өлшеулерім бойынша азамат соғысы күндерінен бастап, дәл осы биылғы үстіміздегі жылдарға шейінгі тарихтық дәуренді төрт кітап етіп жазбақ ниет бар.

Төрт кітап осы соңғы қырық шамалы жылдың әрбір он жылынан бір-бір кітап болып қалыптанса деген арман мүдде бар. Осыдан арғыны әзірше айту да, айтқызу да қажет бола қоймас. Ерте "сауда болып жүрер" дегендіктен, әзір жоспарланып жүрсе де, кітап болып арнасына түспегендіктен, таратып айту лайықсыз.

Төртінші сұрақта Абай жөніндегі ғылымдық зерттеушілік жұмыстарым қандай еңбекпен аяқталмақ екені сұралған. С.М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінде бірнеше жыл бойында мен оқыған "Абайды тану" атты курстан құралып келген көлемді монография болатын. Ол — Абайдың өмірін, дәуірін, шығармалық мұраларын зерттейтін еңбек. Абай жөніндегі өзімнің соңғы бір көлемді еңбегім ретінде сол монографияны қазақша және орысша әзірлеп, жақын жылдар ішінде жарияласам деген мақсат бар.

Осымен, Абайды ауызға алса әрбір саналы адам көңіліне оралатын көп жайлардың кейбір ғана жақтарын жоғарыда айтқан тәрізді мәлім етуді лайық көрдік.

 

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу: