5 Желтоқсан 2012, 10:28
Баланы сылау - баланың денесіне қой майын жағып сылап-сипау. Қазақ жас нәрестенің күтіміне ерекше назар аударып, оның өмірге қалыптасу барысына жете мән берген. «Қар қылаумен, бала сылаумен өседі» деп, бала өздігінен талпынып жүргенге дейін ауық-ауық қой майымен сылап отырған.
Нәресте дүниеге келмей тұрып-ақ ана оған қажетті керек- жарақты біртіндеп дайындап қояды. Соның бірі - сылаумай. Сылаумайды әртүрлі жолмен дайындайды. Тортасынан айырған майды таза ыдысқа құйып, салқын жерге қойып тоңазытады. Одан соң ыдыстың бетін жауып, шаң-тозаң түсірмей сақтайды. Кейде қой кұйрығының күнтимес деп аталатын ішкі жағын қуыру арқылы да сылақ майын алады. Ал кейбірде жылқыныңтұздалмаған қазы майымен де сылайды. Нәрестені сумен жуындырған соң, жылытылған сылақ маймен жайлап сылайды. Май баланың денесіне әбден сіңіп болған соң баланы шалқасынан жатқызып, «менің қолым емес, пірім бибі Бәтима, Ұмай ананың қолы» деп бастап, «маңдайың жазық болсын» деп маңдайын жоғары қарай, «қасың қалың болсын» деп екі қастың үстінен бас бармағын жүргізе отырып сипайды, «қыр мұрынды, жігіттің сұлтаны бол, құлыным» деп екі көздің арасынан бастап, мұрынның ұшына дейін екі саусағын сипап жүргізеді. Денесінің құрыстырысын жазып, дене мүшелерін, мысалы, оң аяғын, оң қолын солға, сол аяқ, сол қолын оңға қарай «өс, өс, балам, өс» — деп, еппен тартып созады. «Бір мойын болмасын» (мойны мен иығы қысыңқы болса, оны бір мойын деп атайды), «мойны ұзын болсын» деп, баласының екі жағының астынан алақанымен ұстайды. Сонан соң етбетінен жатқызып «омыртқаң тік, аяғың түзу болсын» деп омыртқа тұсы мен белінен төмен қарай аяғының ұшына дейін ұзына бойлата сылайды. «Саусақтарың салалы болсын» деп саусақтарын бір-бірлеп сипай отырып сылайды. Бір аяқ және бір қолынан ұстап «өс, өс» деп жайлап созып тартып:
Өс-өс, өс!
Үйден пәле көш!
Тәу-тәу, тәу!
Сыламақ менен,
Шираң сенен!
Менің қолым емес,
Бибәтима пірімнің қолы!
Тастай мық бол!
Темірдей төзімді бол!
Сүттен ақ бол!
Судан пәк бол!
Дерт атаулы кірмесін
Ақ бөпеме тимесін!
Өс-өс, өс!
Үйден пәле көш!
- деп игі тілектерін білдіреді. Кейде:
Бет-аузың сопаң болмасын,
Aт жақты бол!
Мұрның қырдай болсын!
Маңдайың жазық болсын!
Мойның құрықтай болсын!
Бойың сырықтай болсын!
Қолдарың салалы болсын!
Құлағың бүрік болмасын, түрік болсын!
- деп тілек білдіреді.
Ал енді бірде әжелер былай дейді:
... Сыламақ менен,
Мықты болмақ сенен!
Жауырының жабыспасын,
Қабырғаң қабыспасын,
Өс-өс, өс!
Кейде екі қолын екі жаққа созып «қаздың қанатын берсін», екі аяғын соза сілкілеп «тырнаның аяғын берсін» деп тілек әрі жұбату айтып, бала денесінің қырыс-тырысын жазып, тамыры мен буын-сіңірін жетілдіріп,биологиялық белсенді нүктелерін оятып сергітеді.