ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ

5 Желтоқсан 2012, 09:24

«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ» (1960–67) – қазақ әдебиетінің қалыптасу жолын баяндайтын үш томдық (алты кітап). Кітапта ежелгі дәуір әдебиеті, қазақ хандығы тұсындағы жыраулық поэзия, 20 ғ-дың бас кезіндегі демократияшыл әдебиет, сондай-ақ кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің 50 жылдық тарихы жан-жақты зерттеліп, тұжырымдалған. 1-томның 1-кітабы (1960, «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», жалпы редакциясын басқарған М.Әуезов) ауыз әдебиетінің ерте заманнан бастап Қазан төңкерісіне дейінгі тарихын қамтитын тоғыз бөлім мен бірнеше тараудан тұрады. Оған ауыз әдебиеті туралы ғылымның даму тарихы, тұрмыс-салт жырлары, шешендік сөздер мен жұмбақ, мақал-мәтелдер, ертегілер, батырлар жыры мен лиро-эпос, тарихи жырлар мен айтыс, фольклор жайындағы зерттеулер енген. 2-кітабы (1964, жалпы редакциясын басқарған М.Қаратаев) қазақ фольклорының тарихын сөз ететін алты бөлім мен бірнеше тараудан тұрады. Мұнда қазақ фольклортану ғылымының тарихы, оның даму жолдары, фольклор және әдебиет, фольклор және музыка, айтыс, халық дастандары, мақал-мәтелдер, өлең-термелер, ақындық толғау, жұмбақ, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер жайындағы зерттеулер мен ақын-жырау, жыршылар туралы моногр. тараулар, библ. көрсеткіштер бар. 2-томының 1-кітабы (1961, «18–19 ғасырлардағы қазақ әдебиеті», жалпы редакциясын басқарған Қ.Жұмалиев) 18–19 ғ-лардағы қазақ әдебиетінің даму жолдары мен әр алуан бағыт-кезеңдерін ашып әңгімелейтін шолулармен қатар сол дәуірдегі ақын-жазушылар шығармаларын арнайы талдайтын моногр. зерттеулерден тұрады. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің шығыс әдебиетімен байланысы жеке қарастырылып, 18–19 ғ-лардағы қазақ әдебиеті тарихы жайындағы материалдардың қысқаша библиографиясы берілген. 2-кітабы (1965, «20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті», жалпы редакциясын басқарған Ы.Дүйсенбаев) 20 ғасырдың бас кезін-дегі саяси, әлеум., экон. өзгерістерге, сондай-ақ осы кезеңдегі әдеби процестің дамуына шолу мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты туған халық поэзиясын талдайтын тараудан және жеке ақын-жазушылардың шығармаларын арнайы қарастыратын моногр. бөлімдерден тұрады. Сонымен қатар мұнда 20 ғ-дың басындағы оқу-ағарту жүйесі мен баспасөзге арналған жеке тарау және сол дәуірдегі қазақ әдебиетінің тарихы жайындағы материалдардың қысқаша библиографиясы қамтылған. 3-томының 1-кітабы (1967, «Қазақ совет әдебиетінің тарихы», жалпы редакциясын басқарған Қаратаев) «Қазақ совет әдебиетінің алғашқы дәуірі», «Отызыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті», «Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ әдебиеті» деп аталатын тараулармен қатар қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылар С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Әуезов, С.Мұқанов шығармалары туралы моногр. бөлімдерден тұрады. Бұдан тыс қазақ кеңес әдебиетінің тарихын бейнелейтін әдеби өмірдің шежіресі де (1917–45) берілген. 2-кітабы (1967, жалпы редакциясын басқарған Қаратаев) «Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірдегі әдебиет», «Қазіргі дәуір әдебиеті» атты екі тараумен қатар, қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті қайраткерлері Ғ.Мүсірепов, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Мұстафин, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Қ.Аманжолов туралы моногр. бөлімдерден тұрады. Сондай-ақ кітапта әдеби өмірдің шежіресі де (1946–65) берілген. «Қ. ә. т-н» баспаға дайындаған – ҚР ҰҒА-ның Тіл және әдебиет (1961 жылдан Әдебиет және өнер) ин-ты. Бұл күрделі еңбек ғыл. қызметкерлерге, жоғары оқу орындары филол. ф-тінің оқытушылары мен аспиранттарға, студенттер мен көпшілік оқырмандарға арналған.

Бөлісу: