Якуб-бек

5 Желтоқсан 2012, 08:59

ЯКУБ-БЕК, Мұхаммед Якуб-бек, Жақыпбек (1820, Піскенд, Қоқан хандығы – 1877, Қашқар қ.) – Цинь империясына қарсы мұсылмандар көтерілісінің басшысы, “Жетішар” мемлекетінің билеушісі. 1865 ж. оны Қоқан хандығының билеушілері Шығыс Түркістандағы маньчжур-қытай үстемдігіне қарсы көтерілісшілердің басшысы Бұзырық қожаға әскери кеңесші етіп жіберген. 1867 жылға қарай Шығыс Түркістандағы ұйғыр сұлтандықтары Бұзырық қожаның басшылығымен біртұтас мұсылман мемлекеті – “Жетішарға” бірікті. Сол жылы Я.-б. Қашқарда өкімет билігін басып алып, Шығыс Түркістанның басқа қалаларын да өзіне бағындыра бастады. 1870 – 71 ж. “Жетішар” мемлекетінің құрамына алдымен орт. Үрімші қ. болған Дүнген хандығы енді. 1872 жылдың қарсаңында “Жетішар” мемлекетінің құрамына Құмкөл мен Баркөл, Іле аймағынан басқа бүкіл Шығыс Түркістан аум. қосылды. Шығыс Түркістанға орнығып алғаннан кейін Я.-б. Үндістандағы ағылшын өкімет орындарымен тығыз байланыс орнатып, Цинь үкіметі мен Ресейге қарсы тұруға тырысты. Ағылшындар үшін Қашқария “Бұхара мен Құлжа рыноктарының қақпасы” болып саналды, сондықтан олар осы сәтті пайдаланып қалуға тырысты. 1868 ж. орыстардың Бұхараға әскери жорығы кезінде Я.-б. қырғыздарды өз билігіне бағындыру әрекеттерін жасады. 1869 ж. ағылшын үкіметі Ресейге Қытайдан тәуелсіз Я.-б. мемлекетін тануды ұсынды. Бірақ өзінің қол астына енді ғана бағынған қырғыздар мен қазақтардың көтерілісшілерге қосылып кету қаупінен сескенген Ресей үкіметі бұл ұсынысты қабылдаған жоқ. Я.-б. “Жетішар” мемлекетіне төнетін қауіптің ең бастысы Цинь империясы тарапынан болатынын жақсы түсінді. Экон. жағынан артта қалған, әрі шет мемлекеттер тарапынан мойындалып үлгермеген “Жетішар” мемлекетінің Цинь империясымен әскери қақтығысқа түсуі қауіпті еді. Сондықтан Я.-б. өзінің әскери күш-қуатын арттыруға тырысты және екінші жағынан Цинь империясымен тіл табысудың жолдарын қарастырды. 1874 – 75 ж. Я.-б. Пекинге өзінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Ишан ханды елшілікке жіберді. Бұл кезеңде Цинь өкіметі өте әлсіз еді. Сондықтан ол елшілерді қа-былдау арқылы уақыт ұтуға тырысты. Қытайлар мен түбі бір болатын соғысқа дайындалу үшін Я.-б. те өз кезегінде Үндістандағы ағылшын өкіметінен және түрік сұлтанынан көмек алуға тырысты. 1873 ж. ол Стамбұлдағы ағылшын елшісі Г.Эллиотқа өзінің Түркиядағы өкілі Сайид Якубхан арқылы әскерін ең жаңа қару-жарақпен қаруландыруды, жаяу әскер санын 60 мыңға, атты әскерді 20 мыңға дейін жеткізуді көздейтінін хабарлады. Ағылшын өкілдері Сайид Якубханға “Жетішар” билеушісіне Англиядан қару сатып алу мен әскери өнерді үйрету үшін нұсқаушылар жалдау үшін 800 мың фунт стерлинг көлемінде қарыз беретіндіктерін мәлімдеді. Ресей өкіметі алғашында Шыңжаңдағы оқиғаларға араласпай, бейтараптық саясат ұстауды мақұл көрді. Бірақ ағылшын өкіметінің “Жетішармен” тығыз байланыс орнатуынан қатты қауіптенген Ресей жан-тәнімен Қытайға көмектесуге кірісті. Я.-б. Цинь үкіметі бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы “Жетішар” мемлекетінің тәуелсіздігін соғыссыз-ақ мойындайды деп үміттенді. Бірақ Цинь үкіметі өзінің онсыз да қаржылық тапшылығы жағдайында ауыр соғысқа бара қоймайды деген қате түсінік, ұзақ уақыт бойы әскери қақтығыстардан қашқақтау өз кезегінде стратег. қателіктерге әкеп соқтырды. Орыс әскерлерінің Ілені басып алуы нәтижесінде Я.-б-тің бүкіл Шыңжаңды біріктірген күшті мұсылман мемлекетін құру жоспары іске аспай қалды. Англияның Шыңжаңға бекіну арманын да орыстар жүзеге асыртпады. Ресей өзіне жақында ғана бағынған Орт. Азия елдерінің тыныштығын сақтап қалуға тырысты. Бұған қоса Ресейге бағынбай шетелге кеткен ұлт қайраткерлерінің кейбіреулері Я.-б-тің төңірегінде жүргенін қаламады (қ. Сыздық). Орыстардың осы саясаты Қытай қолбасшысы Цзо Цзунь Танның Шыңжаңды Цинь билігіне қайтару жорығының тезірек жүзеге асып, жеңіске жетуіне жеңілдік туғызып берді. 1877 ж. 30 мамырда Я.-б. Курле деген жерде жаулары у беріп, кенеттен қайтыс болды. Ол қайтыс болғаннан кейінгі мемлекетінің ішкі жағдайының әлсіздігін пайдаланған циндік Қытай 1878 ж. “Жетішар” мемлекетін жойды. Әдеб.: Ходжаев А., Цинская империя, Джунгария и Восточный Туркестан, М., 1979; Алдабек Н., Тарихы талқыға толы Шыңжаң, А., 2003. Н. Алдабек  

ЯКУБ-БЕК, Мұхаммед Якуб-бек, Жақыпбек (1820, Піскенд, Қоқан хандығы – 1877, Қашқар қ.) – Цинь империясына қарсы мұсылмандар көтерілісінің басшысы, “Жетішар” мемлекетінің билеушісі. 1865 ж. оны Қоқан хандығының билеушілері Шығыс Түркістандағы маньчжур-қытай үстемдігіне қарсы көтерілісшілердің басшысы Бұзырық қожаға әскери кеңесші етіп жіберген. 1867 жылға қарай Шығыс Түркістандағы ұйғыр сұлтандықтары Бұзырық қожаның басшылығымен біртұтас мұсылман мемлекеті – “Жетішарға” бірікті. Сол жылы Я.-б. Қашқарда өкімет билігін басып алып, Шығыс Түркістанның басқа қалаларын да өзіне бағындыра бастады. 1870 – 71 ж. “Жетішар” мемлекетінің құрамына алдымен орт. Үрімші қ. болған Дүнген хандығы енді. 1872 жылдың қарсаңында “Жетішар” мемлекетінің құрамына Құмкөл мен Баркөл, Іле аймағынан басқа бүкіл Шығыс Түркістан аум. қосылды. Шығыс Түркістанға орнығып алғаннан кейін Я.-б. Үндістандағы ағылшын өкімет орындарымен тығыз байланыс орнатып, Цинь үкіметі мен Ресейге қарсы тұруға тырысты. Ағылшындар үшін Қашқария “Бұхара мен Құлжа рыноктарының қақпасы” болып саналды, сондықтан олар осы сәтті пайдаланып қалуға тырысты. 1868 ж. орыстардың Бұхараға әскери жорығы кезінде Я.-б. қырғыздарды өз билігіне бағындыру әрекеттерін жасады. 1869 ж. ағылшын үкіметі Ресейге Қытайдан тәуелсіз Я.-б. мемлекетін тануды ұсынды. Бірақ өзінің қол астына енді ғана бағынған қырғыздар мен қазақтардың көтерілісшілерге қосылып кету қаупінен сескенген Ресей үкіметі бұл ұсынысты қабылдаған жоқ. Я.-б. “Жетішар” мемлекетіне төнетін қауіптің ең бастысы Цинь империясы тарапынан болатынын жақсы түсінді. Экон. жағынан артта қалған, әрі шет мемлекеттер тарапынан мойындалып үлгермеген “Жетішар” мемлекетінің Цинь империясымен әскери қақтығысқа түсуі қауіпті еді. Сондықтан Я.-б. өзінің әскери күш-қуатын арттыруға тырысты және екінші жағынан Цинь империясымен тіл табысудың жолдарын қарастырды. 1874 – 75 ж. Я.-б. Пекинге өзінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Ишан ханды елшілікке жіберді. Бұл кезеңде Цинь өкіметі өте әлсіз еді. Сондықтан ол елшілерді қа-былдау арқылы уақыт ұтуға тырысты. Қытайлар мен түбі бір болатын соғысқа дайындалу үшін Я.-б. те өз кезегінде Үндістандағы ағылшын өкіметінен және түрік сұлтанынан көмек алуға тырысты. 1873 ж. ол Стамбұлдағы ағылшын елшісі Г.Эллиотқа өзінің Түркиядағы өкілі Сайид Якубхан арқылы әскерін ең жаңа қару-жарақпен қаруландыруды, жаяу әскер санын 60 мыңға, атты әскерді 20 мыңға дейін жеткізуді көздейтінін хабарлады. Ағылшын өкілдері Сайид Якубханға “Жетішар” билеушісіне Англиядан қару сатып алу мен әскери өнерді үйрету үшін нұсқаушылар жалдау үшін 800 мың фунт стерлинг көлемінде қарыз беретіндіктерін мәлімдеді. Ресей өкіметі алғашында Шыңжаңдағы оқиғаларға араласпай, бейтараптық саясат ұстауды мақұл көрді. Бірақ ағылшын өкіметінің “Жетішармен” тығыз байланыс орнатуынан қатты қауіптенген Ресей жан-тәнімен Қытайға көмектесуге кірісті. Я.-б. Цинь үкіметі бейбіт келіссөздер жүргізу арқылы “Жетішар” мемлекетінің тәуелсіздігін соғыссыз-ақ мойындайды деп үміттенді. Бірақ Цинь үкіметі өзінің онсыз да қаржылық тапшылығы жағдайында ауыр соғысқа бара қоймайды деген қате түсінік, ұзақ уақыт бойы әскери қақтығыстардан қашқақтау өз кезегінде стратег. қателіктерге әкеп соқтырды. Орыс әскерлерінің Ілені басып алуы нәтижесінде Я.-б-тің бүкіл Шыңжаңды біріктірген күшті мұсылман мемлекетін құру жоспары іске аспай қалды. Англияның Шыңжаңға бекіну арманын да орыстар жүзеге асыртпады. Ресей өзіне жақында ғана бағынған Орт. Азия елдерінің тыныштығын сақтап қалуға тырысты. Бұған қоса Ресейге бағынбай шетелге кеткен ұлт қайраткерлерінің кейбіреулері Я.-б-тің төңірегінде жүргенін қаламады (қ. Сыздық). Орыстардың осы саясаты Қытай қолбасшысы Цзо Цзунь Танның Шыңжаңды Цинь билігіне қайтару жорығының тезірек жүзеге асып, жеңіске жетуіне жеңілдік туғызып берді. 1877 ж. 30 мамырда Я.-б. Курле деген жерде жаулары у беріп, кенеттен қайтыс болды. Ол қайтыс болғаннан кейінгі мемлекетінің ішкі жағдайының әлсіздігін пайдаланған циндік Қытай 1878 ж. “Жетішар” мемлекетін жойды.

Әдеб.: Ходжаев А., Цинская империя, Джунгария и Восточный Туркестан, М., 1979; Алдабек Н., Тарихы талқыға толы Шыңжаң, А., 2003.

Н. Алдабек

 

Бөлісу: