Қазақ әдебиет тілінің кейбір мәселелері жайында

5 Желтоқсан 2012, 05:01

Қазақ әдебиет тілінің кейбір мәселелері жайында Марксизм-ленинизм өзінің басқа ғылымдардан ерекше артықшылығын өмірмен нық байланыстылығы арқылы танытқан. Адам баласының тарихын биік асқарға бастаушы ең қасиетті ғылым екендігін ол ғасырдан аса дәурен ішінде, өмір жүзінде нақтылы нәтижелермен көрсетіп келеді. Бұл ғылымның осы қасиетін біз В.И.Ленин мен И.В. Сталин еңбектерінен сан рет тану, білумен келеміз. Заманды бастағандай, тарихтарды, халықтарды жаңғырта өсірген даналық ойлары біздің ұлы көсемдеріміздің әр дәуірде жазған ғылымдық еңбектерінің өзінен туатын. Сол қатардағы дәуірлік зор тың еңбектің бірі - Сталин жолдастың "Тіл біліміндегі марксизм жөнінде" деген шығармасы. Мұндағы базис пен қондырма жөніндегі пікірі, тапсыз социалистік коғамдағы даму заңының өзгешелігі жайындағы пікірі, тіл мен базис арасындағы жалғастықты шешкен ойлары, тіл мен ой арасындағы жайды білдірген пікірі, социализм дүние жүзіне жеңіспен тараған кезге шейін ұлттық тілдердің өсу жолын айтуы және социализм дүние жүзінде жеңіп орнаған дәуірде тілдердің қалай қалыптасуы жөнін баяндаған пікірі сияқты жайларды қорыта келсек, марксизм-ленинизм ғылымының жаңа биік сатыға қарай дами түскенін танимыз. Мұның осыншалық қазыналық қасиеті болғандықтан, қазіргі күнде тілшілер, философтар, тарихшылар, әдебиетшілер және неше сала табиғат ғылымдары қайраткерлері де Сталин жолдастың еңбегін зерлеп оқып, терең ұғынып қолдану жолында еңбек етіп келеді. Бұл мәселенің бірінші кезеңі - сол еңбекті ұғынып, түсіну сатысы болса, енді сондағы пікірлерді өзді-өзі ғылым саласында, творчестволық түрде қолданып пайдаланып, соның жемісін ғылымдық іздену жолына жұмсауға тырысуы басталды. Міне, осы мақсатпен қазақ әдебиет тіліне жанастыра бұл жөнінде сөз қылғанда, әзіргі айтатын пікірлеріміз ойлану, ойласу ретіндегі алғашқы адымның бірі болып саналады. Қазақ әдебиет тілінің жайына келгенде, Сталин жолдастың сол еңбегіндегі нақтылы әдебиет тіліне арналған жақтарын ең алдымен еске аламыз. Бұл ретте алдын ала жалпы айтатын бір қорытындымыз, сол ұлы еңбектің ұзын бойын алғанда, әдебиет тіліне, сонымен қатар қазақ әдебиет тіліне де жанаспайтын жақтары жоқ деуге болады. Сталин жолдастың бұл еңбекте әдебиет пен әдебиеттің тіліне көзеп, нақтылап айтылған сөздері Пушкин тілі жөнінде, РАПП пен пролеткульт жайын Марр жүйесімен жалғастыра сынап кеткен жерлерінде айқын көрінеді. Сонымен қатар халық тілі дегеннің көп ғасырлар бойында құралатынын айтқаны, тілдердегі тоғысулар мәселесін ашқаны, базис пен тілдің күнделік байланысын шешкені, әрбір тілдің өсу, өну тарихын сол тілде сөйлеген қоғамның тарихтық өсу, дамуымен байланыстырып тексеру керек дегені - бәрі де әдебиет тіліне, соның ішінде қазақ әдебиеті тіліне де, оның өсу, қалыптану жолдарына да мол сәуле төккендей. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ әдебиет тілінің бұрынғы өсу дәуірлері, онан соң, әсіресе социалистік дәуірде өсуі, өзінің барлық дерек, жағдайларымен Сталин жолдастың еңбектерінің зор мағыналы тезистеріне кезекті мысалдардың біріндей боп отырады. Ендігі қазақ әдебиет тілінің өткен ғасырдағы бір елеулі кезеңіне ой тоқтатудан бұрын, Сталин жолдастың Пушкин туралы айтқан қорытынды пікірін, оған берген тарихтық бағасын еске түсіре кетейік. Сталин жолдас орыс халқының барлық классик әдебиеті мен жазушыларының ішінен Пушкинді ерекше бөліп атауының өзгеше мәні бар. A.M.Горький: "Пушкин халық тілін қалай қорытып пайдалануды бізге көрсетіп кетті", - дейді. Анығында, Пушкиннен кейінгі дәуірдегі орыстың әдебиет тілі - әдебиеттенген халық тілі. Сондықтан да ол оны Россияның тіл мәдениеті тарихынан екшеп алып отыр. Сталин жолдастың Пушкинге берген бағалары, оның мұрасынан шығарып қорытқан тарихтық критерийлері, белгілі дәрежеде, өзге елдер классиктерінен де әр мөлшер, шамада табылатын ерекшеліктер болады. Бұл қатарда біз Шевченко, Церетели, Чавчавадзе, Налбандян, Абовян, Ахундов, Хетагуров, Абай, Банзаров, Тоқай сияқты жазушыларды еске аламыз. Мысалы, қазақта Абайды алсақ, оның тіл структурасы, грамматикалық құрылысы, негізгі сөздік қоры - біздің бүгінгі қауымымыз сөйлеп жүрген тілдің өзі болады. Осындай жайды жоғарыда аталған барлық классик жазушылардың өзді-өзі елдерінің бүгінгі тілдерімен нық байланыстылық түрінде берік айтуға болады. Шартты түрде болса да, оларды Пушкинге ұқсас қасиеттерге ие болған классиктер дейміз. Енді осы айтылған жүйелік, басшылық ойларды бүгінгі қазақ әдебиет тіліне қолдану жөнінде айтайық деген пікіріміз бар. Алдымен, әдебиет тілін революциядан бұрынғы дәуірде күшейте өсірген, классик ақынымыз Абайдың жайына азын-аулақ тоқтап өтейік. Бұл жерде Абай шығармаларында қазақ тілінің байлығы бар қалпында, Пушкин шығармаларына орыс тілінің байлығы кіргендей шамада болмағандығын ескерумен қатар, Абайдың қазақ әдебиет тілін жасаудағы екі алуан ірі ерекшелігін атап өту қажет. Бірінші, Абай қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген мол, шебер сөздік қорынан түгел пайдаланып, халықтың әдебиеттік тілін қалай жасаудың жолын көрсетті. Екінші, қазақ қоғамының ортасында Абай заманында таптық диалект, жаргон есебінде кіре бастаған бөтен елдердің де сөздері бар еді. Соның әсерімен ең алғаш шәкірт ақын шағында Абайдың өзі де оған идея жағынан бағынбаса да, өлеңдік сыртқы түр, тіл жағынан сол жаргондық сөздерге әуестеніп, еліктеп жазып жүргені болған. Бірақ, бері келе Абай бұл аламыш тілдің керексіз шұбарлығынан арылды. Ол өзінің барлық өзіндік көркем терең шығармаларын жазғанда, халқының тілімен жазады. Бар қасиетті, қадірлі нәрлі, ажар кестені, толық сипатты өз халқының тілінен тапты. Бірақ, енді осымен қатар, біздің тілші ғалымдарымыздың көбіне ортақ бір пікірге дау айтамыз. Ол - "қазақтың әдебиет тілі Абайдан басталды" деген қорытындылар турасында. Ең әуелі осы жөнінде Сталин жолдастың тіл жасалуы, өсуі жөнінде айтқан пікірін еске алайық. "Тіл болса, керісінше, сан дәуірдің нәтижесі, сол кезеңдерде ол қалыптанады, байиды, өседі, сұрыпталады" - дейді. Ал әдебиет тілі деген тілді алсақ, ол - халықтың әдебиетке түсіп қалыптанған тілі. Әдебиеттенген тіл де халықтың тілі. Бұлай болғанда, әдебиеттік тіл бір дәуірдің бір ғана жазушысымен бірге туып қана қоймайды. Осы жайды ойласақ, Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Оларда, немесе XVIII ғасырда көпке жайылған жырлар тудырған Бұхарда, XIX ғасыр басында асыл, әсем бай тілмен халықтық асқақ, ескек жырлар тудырған Махамбетте қазақтың әдебиет тілінің үлгі, өрнектері жоқ деуге бола ма? Әсіресе, Октябрь революциясынан бұрын, қазақтың барлық өлкелеріндегі тіл байлықтары тұтасып, қосылып, біріккен мол қазына болмай тұрған кезінде, ақындық еңбек еткен Абайдың шығармалары әдебиет тілінің түгел негізін құра қойды деуге сыя ма? Осы сұрақтардың бәрі де тіл ғалымдарының, әдебиетшілердің ойланып, ойласа кеңесіп жауап беретін жауапты, түйінді мәселелері. Осымен қатар, қазақтың революциядан бұрынғы әдебиет тілін өзінше белгілеп жүрген кейбір жолдастардың тағы бір пікіріне күмән жасап, дау айтуға тура келеді. Ол жолдастар "қазақтың әдебиет тілі солтүстік-шығыс Қазақстанда, Алтынсарин мен Абайдың жазушылық, шығармалық мұраларымен жалғас қалыптанды" - дейді. Бұл ретте, Абайдың сөздігі мен әдебиеттік тіл жасаған ізденулерін, табыстарын алсақ, ол тек шығыс Қазақстан тілімен жазды деу, біздіңше, жеткіліксіз, дәлелсіз. Рас, Абайдың салттағы сөйлеу тілін өзі өмір кешкен қазақ өлкесінің сөздік үлгісінен алғаны даусыз. Егер Абайдай классик жазушы өзінің сөз қорын сол өзі жүрген ортадан ғана, ауызша сөйлеп жүрген салттық сөздерден ғана құрады десек, бұл пікір дұрыс болар еді. Бірақ, Абай сол қорды пайдаланумен қатар, бүкіл қазақ халқының арғы-бергі заманда ауызша әдебиет үлгісінде тудырған шығармаларының: мақал-мәтелдерінің, ертегі, аңыздарының үлкенді-кішілі қазынасын да білді. Жазба күйде жетпесе де, ауызша айтылып, жыраққа тарап жатқан шешендік сөздердің, айтыс-тартыстардың және өзінен бұрынғы, өзімен тұстас әлденеше жеке ақындардың да шығармаларын көптен-көп есітіп, ұғынып, жадына тұтып қолданғандығы жөнінде толып жатқан даусыз дәлелдер бар. Сондықтан ол әдебиет тілін бастаушы ғана емес, өзінен бұрынғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында өсіре, байыта, сұрыптай түскен және өз шама-шарқынша қазақ әдебиет тілін жасауда белгілі дәрежеде Қазақстанның көп өлкесінің тіл қазыналығын кеңінен пайдаланып, халықтың әдебиет тілін биік белге шығара түскен классик ақын дейміз. Әрине, бұл тұста да Сталин жолдастың Пушкин турасында айтқан пікірі бойынша, Абай сөздігінен біздің заманымызда ескіріп, қалып қойған сөздер де бар, бірталай сөздердің мағынасы өзгеріп, жаңғырып пайдаланатын болғаны да бар дейміз. Ал қазақтың әдебиет тілінің негізін салушы Абай, Ыбырай деуші жолдастар пікірінің тағы бір терістік жағын айта кету шарт. Бұл ақындар тұсындағы қазақтың тілі, жазу-сызу өнері жаңа ғана кірген тіл қалпында еді. Мүлде жазуы жоқ ел болмаса да, қазақ тілі, ол кезде жазба өнері жас (младописьменный) халық елі. Бірақ бүгінгі біздің Одақтағы бауырлас ұлттардың бір топтарын алсақ, олар арасында мүлде жазу - сызу болмастан - ақ революцияға жеткендері бар. Ал соларда өткен көп ғасырлар тарихтарының бойында ауызша әдебиет бай болып келіп еді. Енді олардың Абай, Ыбырай сияқты жазушы, ақындары болмағандықтан әдебиет тілі мүлде болмады деуге бола ма? Әрине, болмайды. Революциядан бұрын өз жазуы болмаған Қырғыз, бурят, якут, хакас елдерінде көркем әдебиет қандай шарықтап өсті! Ал бұл Абай, Ыбырайы болмаған қазаққа ұқсас елдерде де әдебиет тілінің үлгісі мен іргесі анық болғандығын аңғартпай ма?   Енді осы айтылғандарға жалғас, қазақ әдебиет тілінің Абайдан кейін өсіп, өнген кезеңдерін, жолдарын, бүгінгі жеткен шамасын алып сөз қозғағанда, қазақ әдебиет тілінің шынайы қалыптасқан, халық әдебиет тілі болған дәуірі қайсы десек, ол, әрине, социалистік революцияның дәуірі, біздің анық халықтық совет әдебиетіміздің туып, өсіп, дамып келе жатқан дәуірі. Бұл дәурен әдебиеттің толып жатқан өзгеше мазмұн, идеялық молдық, кеңдігін былай қойғанда, Абай заманынан мүлде басқаша сапасы, біздің жаңғырып жасаған халқымыздың социалистік мол мәдениетінде қалың қоры жатыр. Абай заманында ғылым, техника, философия, социология, саясат - баршасынан қазақ тілінің сөздігі тіпті құр алақан еді. Абайдың сөздігіне орыс тілінен ауысқан, санаулы атаулар болса да, ол өте шамалы, соншалық мардымсыз болатын. Қазақ тілінің соңғы 30 жыл ішінде қаншалық дамығанын сырттай ғана мөлшерлеу үшін, тек ғылымдық атаулардың өзінен ғана құрылып жатқан сөздіктердің ұшан-теңіз сандарын ғана еске алуға болады. Осы ретте тіл ғылымдарына орнымен қойылатын үлкен бір талап, сол жеке ғылымдық атаулардың сөздіктерін бастырып шығару шарт еді. Рас, бұл жолда Қазақстан Ғылым академиясының әзірлеуімен, профессор Н.Сауранбаевтың басқаруымен терминдік сөздіктер енді-енді әзірленіп шыға бастады. Әдебиет тілін айтқанда, қазақтың совет жазушыларының, ақындарының тілі жөніндегі мәселе ең үлкен орын алатын нағыз бас мәселенің өзі екенінде шәк жоқ. Бүгінгі қазақ совет жазушыларының әзірлік сатыларын, тәрбиелерін алсақ, жазушылық еңбегіне мұның барлығы да мектеп арқылы келген. Бұлардың арасындағы сәл айырмыс болса, кейбірі барлық оқу білім тәрбиесін тек орыс (бастауыш, орта, жоғарғы дәрежелі) мектептерінен алды. Кейбіреулері қазақтық советтік мектептері арқылы әдебиетке келді. Сөйтіп, бүгінгі бар буын жазушылар үлгіні ұлы орыс әдебиетінен алып келген болады. Бірі орыс тілін көбірек, бірі кемірек білсе де, тым құрығанда, оқып отырғанда орыс кітабын молынан ұғынбайтын қазақ жазушысы бұл күнде жоқ деуге болады. Тіпті бұл жазушылардың көпшілігін екі тілді жазушы деп атауға келеді. Олардың өз туған тілінен басқа, екінші ана тілдері және бар. Ол –орыс тілі. Көркем шығармалық еңбекті қазақ тілінде жазғанмен, олар дүние жүзі әдебиетін орыс тілінде оқып таниды. Сол себепті әрбір қазақ совет жазушысының ойында, сезім тілінде, сөйлеу, теңеу, сөз асылын сұрыптау дәстүр, машығында сол орыс кітабынан келген әсерлердің әр алуан түрде, аса мол болатынын ескермеуге болмайды. Совет жазушыларының ендігі бір қазақ әдебиет тілін жасаудағы іздену жаңалықтары - сөйлем құраумен, синтаксиспен байланысты. Ол - әсіресе проза, драматургия жағында молырақ ұшырасатын өзгешеліктер. Біздің жазушылар орыс көркем әдебиетінен құрмалас сөйлем құрудың үлгісін де алады және алуға тиіс. Орыс халқының көркем әдебиет тарихында Н.В.Гоголь кіргізген құрмалас сөйлемдердің мәдениеттік, тарихтық орны өзгеше болған. Философияда, социологияда, саясатта В.И.Ленин мен И.В.Сталиннің еңбектерінде әйгілі қысқа сөйлемдермен қатар кездесетін сол құрмалас сөйлемдердің құрылысы әдебиет тілінің қандайлық өнерін, өрісін танытады! Ой кенеулі, терең толғаулы болу үстіне, шеберленіп ұстарған, өнерленген тілдің ұғымды, мөлдір айқындығы, орамдылығы және үлкен келісімімен сүйсіндіріп отырады. Көркем әдебиетте құрмалас сөйлем мәдениетін орынды, келісті етіп кіргізу, қазақ әдебиет тілінің ендігі өсу сатысындағы өнімді ізденудің бір түрі болуында дау жоқ. Ал бізде әдебиет шығармаларының тілін сөз ету ғылымдық дәрежеге жетпей келеді. Әдебиет тарихшылары да бұл мәселеге жете бойлап, нақтылы ғылымдық тексерулер жасап жүрген жоқ. Тіл мамандарының көбі де қазақ әдебиет тілінің совет жазушылар еңбегіндегі осы жаңа үлгіде сөйлем құрау ізденулерін, жаңалықтарын, табыстар мен олқылықтарын іздестіру проблемасы етіп қамти алмай келеді. Бұл жолда алғашқы зерттеу, талдау жұмысын бастап келе жатқан тек профессор Сауранбаев. Ол өзінің соңғы зерттеуінде Сәбиттің, Ғабиттің, Мұхтардың синтаксистерін талдауды айрықша тақырып етіп ала бастағанын аңғартты. Бұл - істің басы ғана. Бірақ, жалпы тілшілердің сөйлем жайын зерттеген көп еңбектеріне қарасақ, совет әдебиетінде дамып келе жатқан әдебиет тілінің сөйлемдік өзгешеліктерін аса саяз, формальды түрде ғана қамтиды. Қай шығарманың қандайлық жаңалық өзгешеліктерінде табыстық, сонылық белгі бар? Қай жазушының қандай шығармаларында жетіспеген олқылық, шалағайлықтар бар? Бұл туралы тіл ғалымдарымыз ғылым тұрғысынан қарап, түйінді, қорытынды пікірлерді әлі күнге дейін айта алмай жүр. Көпшілік сындар мен тілшілер тексеруінде "жақсы тіл" деп, қысқа сөйлеммен ғана қалыптанған тексттерді жедел мақтағыштық жиі кездеседі. Әрине, қысқа сөйлемнен құралған мөлдір, түсінікті, жеңіл құрылыстар кейбір жазушылардың қасиеті екені рас. Бірақ бар жақсылық осында ғана десек, ол орынсыз. Әдебиет тілі неше алуан үлгіде, өрнекте дамып көркейеді. Сонда, орыс әдебиетінің ұлы мәдениетінен келетін құрмалас сөйлем құрылыстарын ойдағыдай баурап, қазақ әдебиет тілінің ендігі үлгісінің бірі етіп сіңіре білу де табыстың олқысы болмасқа керек. Енді біздің тілшілерге әдебиет атынан арнап айтатын бір алуан талабымыз тағы бар. Орыс тілі мен шет елдер тілінен алынған атаулардың грамматикасы, нақтылап айтқанда, орфографиясы бізде әлі дұрыс жолға қойылып болмаған сияқты. Шынында мен тіл ғылымының маманы емеспін. Бұл тәріздес кемшіліктер жөнінде "Коммунист" журналының осы жылғы бірінші санында мәселе қозғау ретінде жарияланған "Тіл білімі жөніндегі қателерді батыл сынап, тез түзейік" деген Ысқақов жолдастың мақаласында анағұрлым жете айтылған. Мақалада совет тіл ғылымын шатастырған Н.Я. Маррдың қателері қазақ тілі ғылымын да шарпығандығы, залалын тигізгені, оның марксизмге қайшы келетін теріс қағидалары қазақ тілі мамандарының да ғылыми-зерттеу еңбектерінен, олар жасаған оқу құралдарынан, тағы басқа жөнде орын тепкендігі сыналды, бірсыпыра қателіктер мен кемшіліктер көрсетілді, көзге айтылды, елеулі мәселелер көтерілді. Ал бұл мәселе жөнінде қазіргі менің айтқалы отырған сын ойларым, ойласу ниетпен ортаға салмақ болған пікірлерім ғылымдық жүйе жағынан қарағанда ұшқары болып шықса, тіл жүйесін зерттеп жүрген ғалым жолдастарымыз жөнге салар. Біздің соңғы жылдардағы жазуымыз, қолдануымыз бойынша, орыс сөздері, шет ел атаулары орысша қалай жазылса, қазақша да солай жазылуы керек. Осы қағиданың екі жақты қайшылығы бар. Бұнда мұғалімге, балаға түзу үйрену үшін туатын бір қиындық - қазақ орфографиясын білуден бұрын, орыс тілінен кірген, бүгін қазақтікі боп кеткен орысша сөздерді орыс грамматикасы бойынша қалай дұрыс жазу керек екенін ең алдымен білу қажет болады. Қазақтың өз тілінің ерекше заңдарына бейімдеп алмай, орысша жазылу үлгісінде алғандықтан, қазақ балалары да, әсіресе мұғалімдері де, қазақ тілінің жазу заңдарын қанша жақсы білсе де, осы орыс сөздерін жазуға келгенде үнемі қате жазады. Өйткені олар ана тілін оқиды, ана тілінде сабақ береді. Орыс тілінің грамматикасын кейіндеп біледі және қазақ ана тілінің мұғалімі, бүгінгі сатыда, әсіресе орыс тілінің грамматикасына шорқақ. Бұл турада "Вопросы философии" журналының 1950 жылғы үшінші санында Мординов жолдас көтерген елеулі мәселелер жайын ойланбасқа болмайды. Әрине, осымен қатар, жаңа сөздерді алуда, түгелімен сингармонизм заңына бағындыра алу қажет десек, ол да ұшқары пікір болар еді. Бірақ қазақтың тіліне халықтың қолдануы арқылы заңды түрде өзгеріп сіңген: самауыр, стол, кереует, пеш,трактор, газет (газета емес), журнал, стақан, машина сияқты толып жатқан ескі - жаңалы сөздерді таза орысша жазылу үлгісімен жаздырудың өзі дұрыс па? Ол сөздерді қазақша оқығанда, осылай халықтың айтуынша үйренген бала, орыс тілінің сабағында, сол сөздер орысша грамматика бойынша жазылатынын жолай, оңай салыстыра біліп кете бермей ме? Мысалы, орыстың тіліне француз, ағылшын, неміс, латыннан кірген ұшан-теңіз сөздіктер бар екен. Олар орыс тілінің заңына бағына айтылып, жазылады екен. Қазіргі орыс балалары сол сөздердің, немісше, французша, ағылшынша тілдерді оқи бастағанда, басқаша айтылып, жазылатынын жолай қиналмай-ақ түсіне, ұғына келе жатқан жоқ па? Біздің грамматикамызда осы жөнде асыра сілтеу, сыңар жақтық жоқ емес сияқты. Бұл туралы жаңағы "Вопросы философии" журналындағы Мординов мақаласында орыс сөздерін ұлт тілдерінде орыс орфографиясымен жазғызуды "марршылдықтың бір солақайлығы" деп бағалайды. "Орыс тілінен, түрік тілдері сияқты, басқа көп тілдерге кірген сөздерді жазудың негізгі принципін белгілеген академик Мещанинов пен профессор Сердюченко болатын. Олар жасанды әр алуандықты жою мақсатымен" деп дәлелдеп, орыс орфографиясы мен туысқан елдер орфографиясы жөнінде заң ұсынды. "Орыс сөзі мен халықаралық атаулар орыс тілі арқылы алынғанда, орыс орфографиясы бойынша жазылсын. Бұл атаулардың жазылуына бұрмалау кірмесін"-деді... "Осындай аса зиянды ұсыныс ұлт тілдерінің заңдарын күйретіп, орфографияда анархия тудырды, ана тілінде хат тануды нешелер қиындыққа әкеп соқтырды, жергілікті газеттер мен журналдардың жұмыстарын да ауырлатты", - дейді Мординов. Қазіргі кезде "Вопросы философии" бетінде бұл тыңнан көтеріліп отырған мәселе. Әрине, Мординовтың ұсынысынан сингармонизмді түгел қостау туса, ол да дұрыс емес. Ендігі алынатын, тыңнан кіретін атаулар мен орыс сөздерін бұрынғы ол тілдерден жырақ тұрған, оқымаған кәрі әжелердің айтуына апарып, қайта салып отыру жол емес. Бірақ "электричествоны" - "электр" деп алсақ, "электрификацияны" - "электрлеу" деп алсақ, біздің қазіргі алып жүргеніміздей, "тік" жұрнағымен, немесе "изм"-мен алынып жүргені сияқты мысалдарымыз бірталай атауларды тіліміздің заңына үйлестіре қолдануды білдіреді. Осындай шаралар көп сөздің грамматикасы, орфографиясы жөнінде әлі де сұрыпталуы керек. Онан соң, қазақ тілінің агглютинатив бітіміне қарай, бізде сөз түбірі - есімдер мен етістікті алсақ, көбінше бір буын, екі буыннан артық болмайды. Осыған жалғау, жұрнақтар, көптік белгілер, жақ нышандары, тағы көп алуан үстеме буындар қосылу арқылы түбірдегі қысқа сөз ұзақ боп кетеді. Орыс тілінен алынатын сөздер жөнінде тілдің осы ерекшеліктері де ғылымдық түрде ұдайы ескерілуі қажет. Қазақ жазушылары, ғылым, техника сияқты, қазақ тіліне молынан кірген сан сала жаңалық атауларды қолданбай жүр. Солардың ішінде тілдің грамматикалық көп түрлеріне өзгертіп, өлең жолына қолданудың ақындарға қиын соғатыны да бар. Әсіресе орыс сөзі мен шет сөздерді алу, жазудағы біздің бүгінгі орфографиямыз қиындық туғызады. Бұл жөндегі мысалдарды да мен көп келтірмей-ақ қоям. Ол - әрбір ойланған оқушының, жазушы мен тіл ғалымының көңіліне аса айқын жайлар. Кейде жазушы, ақындар осындай атауларды грамматикалық өзгерістермен пайдалануға баса қоймай, жалтарып кетіп, сол мазмұнға төтеп бере алмаса да, маңайлас сөзді алады да, қиялай салады. Бұл дағы ескермейтін жағдай емес. Бұл жөнінде орыс халқының тіліне өзіміздің туысқан елдер тілінен ауысып кіріп отырған сөздердің жазылуы мен айтылуын еске алуға да болады ғой. Революциядан бері орыс тіліне қазақ сияқты барлық туысқан елдер тілінен кіріп жатқан сөздер көп. Сонда: жайлау, қашар, ақын (ақын емес) тәрізді сан сөздер орыс тілінің фонетикалық, грамматикалық жағдайларына бейімделіп алынып отырған жоқ па? Советтік әдебиет тіліміздің байып, өсуіне қосымша дамытатын қорды біз қазір жалғыз ғана орыс тілінен аламыз да қоямыз деп, кесіп байлау да дұрыс емес. Мұнымен бірге қазақ әдебиет тіліне көршілес туысқан елдер тілінен келіп араласқан, біте қайнасып жатқан көп сөздерден де жазба әдебиетіміз қашпау керек. Осы айтылған ойларға жалғаса жазба әдебиетіміздің бұрынғы шағында қолданған, ескірген натуралистік тұрпайылығы бар сөздіктерін алып тастап отырып, одан басқа фольклорда бар, барлық бұрынғы жазушы, ақындарда ұшырайтын ескілі-жаңалы сөздерді, көрші елдердің тілінен ауысқан, халық қабылдаған, жаргон емес, халықтық сөздерді, кітап, жазба тілінен Абай тәрізді ақындарымыз қолданған сөздерді де жатырқамай пайдалануымыз керек. Сталин жолдастың даналық еңбегіне байланысты, бүгінгі орыс әдебиет тілінің жайын сөз қылған орталық баспа жүзіндегі орыс әдебиетшілері мен тілшілерінің мақалаларына қарасақ, орыс халқының бұрын-соңды әдебиетіне түскен сөздің барлығымен толық пайдалану керек дейді. "Слово о полку Игорове"-ден бастап, Маяковскийге шейін қолданған сөздік қордың бәрі де бүгінгі орыс совет әдебиет тілінің қазынасы деп айтылады. Ал осы тұрғыдан қарап, біздің ендігі әдебиет тілімізді алсақ, әлі жазба кітап еңбектерімізге қазақ халқының барлық облыс, өлкелеріндегі тіл байлығы өте аз түсті деп байлауымыз керек. Біз жазу-сызуға жаңадан ие болған елміз. Біздің жазба әдебиет қорымыз өте аз ғана. Бұл жөнінде зор табыс, мол байлықтар жазбаға түсе бастаған, даусыз өскелең дәуір - қазақ совет әдебиетінің өсе бастаған дәуірі. Сыр бойының, сол сияқты Батыс Қазақстан, Каспий атырабының балықшылық, өсімдік, диқаншылық кәсібіне байланысты тіл өзгешеліктерін, сөздік байлықтарын өздерінің шығармаларына молынан кіргізбей, өзге жер қазағына түсініксіз болады деп тартынатын: Асқар, Әбділдә, Қалмақан және Тайыр, Қажым, Қабдол, Әбу, Хамит сияқты жазушылардың тәжірибесін кемшілік деп бағалау керек. Сондайлық солтүстік, шығыс облыстар жазушыларының және бұрынғы Жетісу облысынан шыққан жазушылардың бәрі де өз туған өлкелеріндегі қазақ сөздіктерінің байлықтары мен ерекшеліктерін молынан ортаға салып, әдебиеттік шығармаларына көптеп енгізіп отырулары керек. Әсіресе, сол әр облыс жазушысы кіргізген тың сөздерді, қосымша байлықтарды, олардың өздері ғана қолданып қоймай, басқа облыстардан шыққан жазушылар да түгел пайдалануға бет қоюы керек. Осы соңғы айтылған ұсынысты біз әсіресе аудандық, облыстық газеттер жүзеге асыруы қажет дейміз. Әр облыстық газеті өз өлкесіндегі халық тілінің жазбаға түспей жүрген халықтық ескілі-жаңалы сөздерінің барлығын мол пайдаланып отыруы шарт. Ал осы облыс газеттерінің жақсы тәжірибелерін, тың табыстарын республикалық орталық баспасөз орындары үлкен ықыласпен, ұқыптылықпен зер сала, мол пайдалануы қажет. Бұл ретте "Социалистік Қазақстан", "Коммунист" журналы, "Сталин жолы", "Әдебиет және искусство", "Халық мұғалімі", "Лениншіл жас" сияқты беделді, орталық баспаларымыз үлкен басшылық ету керек. Осындай шаралар әсіресе біздің газеттеріміздің айқын байқалатын тіл олақтығын жеңе беруге жәрдемші болар еді. Қазіргі дәуірімізде халықтық әдебиет тілінің бүкіл Қазақстан көлемінде бірыңғайланған, анық, ортақ, орамды, шебер сұрыпталған жазба әдебиетті болып қалыптасу дәуірі туды. Бір облыстан бір облыс тілінің сөздік басқашалықтары бұрынғыша бытыранды, даралық күйлерде қала беруі лайықсыз. Советтік тұтасқан ұлттың тіл қазынасы да тұтасып бірыңғайлануы шарт. Оны біздің бүгінгі коммунизмге қарай үдей өсіп келе жатқан социалистік мәдениетіміздегі, әсіресе екі түрлі ерекше қолайлы, тарихтық жағдайлар талап етеді. Тіл мәдениеті жөнінде қала мен қыстақ арасындағы айырмыстың жойыла бастағаны, ой еңбегі мен дене еңбегінің арасындағы айырмыстың жойыла бастауы әрбір советтік ұлттың әдебиеттік тілі де тұтасқан, бірыңғай тіл болуын тілейді. Енді осы айтқандарға байланысты, біздің тіл мамандарымыз көп көңіл бөлетін, көп таласқа салып жүретін диалект мәселесін де айта кеткен жөн. Сталин жолдастың еңбектерінде диалектің екі алуан болатыны аталып өтті. Бұның бірі - үстем таптың белгілі ортасы арнаулы дәуірлерде қолданатын, халық тілінен бөлек диалект немесе жаргон. Екіншісі - жергілікті елдің анық халқы болып қолданатын диалект. Осы соңғы мағынасындағы диалектіге Сталин жолдастың беретін ғылымдық талдауы бойынша, бұның өзіндік грамматикалық құрылысы болады. Оны диалект ететін айрықша белгі - өзге, өзімен туыстас тіл тобынан бөлекше қалыптанған, айқын грамматикалық өзіндік құрылысы. Ал осы жағынан қарағанда, қазақтың қазіргі тілінде диалект бар ма десек, жаңағы белгідей көп қазақ тілінен бөлек тұрған грамматикалық құрылысы бар диалект бар деп айта алмасақ керек. Біздің кейбір тіл ғалымдарымыз қазақта диалект бар дегенде, Жайық пен Алатау қазақтарының солтүстік, шығыс облыстар тілінен бөлегірек айырмыстарын грамматикалық өзгеше құрылыстарына қарап айырмайды, тек сол өлкелердегі сөздіктер айырмыстарын ғана айтады. Бұл, біздіңше, диалектік айырмыс емес, сөздік қордың айырмысы әдебиеттік тілі тұтасып, бірыңғай боп қалыптасқан орыс тілінде де бар. Айтайық, Сібірдің орыстары мен Кубанның, Донның, немесе теңіз жағасындағы солтүстік облыстардағы орыс халқының жергілікті сөз өзгешеліктері көп кездеседі. Одессаның тұрғындары қолданып жүрген орыс тілінде де әдебиеттік тілге кірмей жүрген көп жеке сөздіктер бар еді. Бірақ соған қарап, орыс әдебиет тілін тексеретін ғалымдар Сібір диалекті, Кубань, Дон диалекті, Архангельскі, Онега диалекті, немесе Одесса диалекті деген топтарды жасамайды, жіктемейді. Қазақта да бір облыс пен бір облыс арасындағы сөздік айырмыстарды - диалект деп, оның ішінен, кей жолдастардың айтуынша, оңтүстік пен шығыс қазақтарының тілін "қазақтың әдебиет тілінің негізі" деп, өзге батыс, Алатау, Сыр өлкелеріндегі қалың қазақ елдері қолданатын сөздерді "диалект" деп атау және сол сөздерді "әдебиет тіліне қолдану дұрыс емес" дейтін пікірдің барлығын біз ұшқары, орынсыз байлау деп білеміз. Әлі біздің әдебиеттік тіліміз қазақ тілінің бүгінгі барлық қорын жазба бетіне түсіріп болмаған заманда, жазушы да, әсіресе қазақ тіліне өздері шорқақ тіл мамандары да біліп болмаған, баурап алмаған тіл қасиеттері, сөздік байлықтары Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарында мол боп жатқан шақта, жаңағыдай байлау жасау әсіресе орынсыз. Алатау, Сыр, Жайық, Атырау өлкелерінде бір ауыл емес, немесе аудан ғана емес, бұл күнге дейін кем дегенде бір облыс, немесе бірнеше облыс қазағы қолданып келген сөздер болады екен. Ендеше, көпшілік халқымыз тұтынып келген, әдебиетке түспей жүрген ондай тың сөздерден жатырқап, бой тарту, бір жағынан, халық тіліне жасаған зорлық, екінші жағынан, бар қазақ тілін білмей, баурап алмай тұрып, бұлайша паңдық ету - қыңырлық пен астамдық. Кекірік ататын кез емес. Қазақ әдебиет тілі енді ғана бүкіл халықтық әдебиет тілі боп келе жатқан дәуірде "анау лайықты сөз, қабыл алынады, мынау диалект, бұны қолдану орынсыз" деушілер тіл баюына жәрдем етпей, шалағайлық етеді. Халық көпшілігі бір өлкеде сөйлеп жүрген сөзді алғызбай, "анау сөз балғын, мынау сөз қалғын" деп омырау жасау, өздері зерттеп, еңбек етіп жүрген тілінің қадірін түсінбеу - мезгілсіз солақайлық. Орыс халқының әдебиет тілі қалыптану жолындағы іздену мен табыстарды ойласақ, бұрынғы ғасырларда және совет дәуірінде сондай жергілікті сөздердің халықтық, қадірлі үлгілерінің барлығы барынша әдебиет тіліне араласып болған деуге болады. Кейде, бар байлығын меңгеріп болған көркем әдебиет тіліне тың сөз қосамын деп, Россияның әлдеқандай азғантай бір түпкірінде, кішкентай болымсыз топ қолданатын ғана, халыққа түсініксіз және қонымсыз сөздерді қолдануды A.M.Горький сынаған еді. Біздің тілдің өсуімен халықтың барлық қасиетті қорын қамтуы әлі де ол дәрежеге жетуден жырақ жатыр. Біз қазақ мекендеген өлкенің бәрінің сөздігі қосыла табыссын дегенде, әлдеқандай азғантай ғана топ қолданатын, Горький сынағандай өте оқшау, өрескел сөзді айтып отырғанымыз жоқ. Кемінде бір аудан, немесе облыс қолданып отырған сөздіктерді айтамыз. Мұндай сөздер әдебиет тіліне кіріп, барлық қазақстандық әдебиет тіліміздің мүлік - мұрасы болу керек дейміз. Осындай жайларды айта келе, тіл жүйесін тексеріп жүрген мамандарымыздың көпшілігі қазақтың әдебиеттік тіліне кіретін байлығы мен мүмкіншілігін түгел білмейтініне қарынымыз ашады. Біздегі тіл ғылымындағы, әдебиет тіліне байланысты, олқылықтың тағы бір алуаны - пунктуация мәселесінде. Әсіресе құрмалас сөйлемдерді қолдануда, оны жасауда пунктуацияның орны өзгеше. Сондықтан да Пушкин мұрасын зерттеуші мамандар арасында ақынның кей жолының соңына ноқат қою керек пе, көп ноқат қою дұрыс па, немесе ноқат пен үтір қою керек пе деген жайлардың өзінен сан таластар туып жатады. Бізде, мысалы, ноқат пен үтір сөйлем арасында қолдану мүлде жоқ болғандықтан, кейбір құрмалас сөйлемдеріміздің арасы ноқатпен бөлінеді. Жазушының ойында сол ноқаттар кей-кейде шартты түрде қойылады. Кейбір ноқаттарды біз орыс пунктуациясының қағидасы бойынша, ноқат пен үтір орнына қолданамыз. Ондай белгі барда мағына жігі үзілмеген сөйлемдердің бастауышы, біз шартты түрде қолданатын екі ноқат арасында келтірілмейтіні де болады. Осы жайға формалдық тұрғыдан қарап, ноқат пен ноқат арасын бағатын тілші, сыншы, кей жазушының құрмалас сөйлемінен не бастауышты, не баяндауышты таппай сұрау сап жүреді. Екі босағаның арасында адасып жүретіні де болады. Бұнда да біз тек жалпы көп мәселенің шетін ғана қозғап отырмыз. Пунктуация жөнінде кемшілік пен олқылықтардың біздегі мысалдары толып жатыр. Грамматиканың көп мәселесіне, тіл тану ғылымының бар саласына Маррдың "жаңа ілімі" келтірген залалы көп. Қазақстан тіл ғалымдарының бұл жөнінде өздері жіберген қателіктері қаншалық көп екенін барлық жұртшылығымыз да, тіл мамандарымыздың өздері де ашып айтып келеді. Әлі аршылып, тазарып болмаған залалды қателіктер толып жатыр. Енді сол олқылықтарды, қателіктерді тез уақыт ішінде құнды төлеулер беріп, түгел жою талабындамыз. Маррдың жүйесі тек тіл тануға ғана залал келтіріп қойған жоқ, әдебиеттану ғылымына да көп залалын тигізді. Осы ретте, әсіресе фольклорды тексеруде, бүкіл Одақ көлемінде және барлық туысқан ел фольклорын зерттеу жөнінде Маррдан жұққан залалды, теріс пікірлер аз емес. Сол қатарда, менің өзім редакторлық еткен, қазақ әдебиеті тарихының фольклорға арналған бірінші томында да теріс пікірлердің айтылғаны бар. Бірінші томның кіріспе бөлімінде Маррдың оқуын марксистік - лениндік әдебиеттану ғылымының көрнекті, өнімді саласының бірі деп бағалауымыз - сол қате ойдың нәтижесі болатын. Бірінші томның келесі баспасында марршылдықтың бұл түріндегі терістігін жойып жазуды өзіміздің міндетіміз деп білеміз. Ендігі бір мезгілді сөзді әдебиетшілер мен тіл мамандарына ғана арнамай, қазақ совет әдебиет майданында қайрат етіп жүрген қазақ оқымыстыларына түгел арнамақшымыз. Қазақ совет әдебиет тілі баю үшін бүгінгі сан сала ғылымда еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдары өздерінің еңбектерін орыс тілімен қатар, қазақ тілінде де түсінікті, көркем етіп жазып, бастырып жүретін болуы шарт. Қалың колхозшы, жұмысшы жұртшылығымыз, көп оқушы жастарымыз, өздігімен ізденуші партия, совет қызметкерлері, мұғалім қызметіндегі лектеріміз қысқасы, жұртшылығымыз орыс тілінде жазылған ғылымдық еңбектердің көпшілігін түсінбейді. Сондықтан да, осы халқымызға арнап ұлы даналарымыз Маркс, Энгельс шығармаларын, Ленин, Сталин томдарын қазақ тіліне үлкен ұқыптылықпен, зор талап, еңбекпен аударып, бастырып таратып отырмыз. Ендеше, сол жұртшылыққа қазақтан шыққан инженерлер, дәрігерлер, биологтар, математиктер өз еңбектерін өзінің жазып таратпауын немен ақтауға болады? Ал біздің бүгінгі әдебиет тіліміз байығанда, сол ғылым, техниканың бар саласындағы ұғым, түсініктер, атаулар мол - молынан кіретіндіктен байиды дейміз. Олай болса, сол сөздерді, сол ғылымдарға байланысты тіл орам шеберліктерді, осы ғылымдардың өз мамандарынан артық, қазақ тілінде айтып бере алатындай шеберлерді, қайраткерлерді бір жақтан қарызға сұрап аламыз ба? Осылардай ғылым мамандарына арнайтын сөздің бір алуанына мен айрықша бөліп алып, қазақтың тарихшыларына әсіресе қадап айтар едім. Кейбірі ғана болмаса, бұл күнде қазақтан шыққан тарихшы оқымыстылардың бәрі де өз еңбектерін тек орыс тілінде ғана жазады. Көбінің қазақ әдебиет тілін білуіне күмәнің де зор. Тарих - бар ғылымның анасы саналады. Аналық тілін білмеген анада қаншалық қадірлі қасиет болар еді? Тарих ғылымы - марксизм-ленинизм ғылымының үнемі иық сүйесіп отыратын, ең жақын ғылымының бірі. Ендеше, тарихшылар еңбектері - халқымыздың салт-саналық тәрбиесіне ең зор эсер ететін идеялық құралының бірі. Олай болса, қазақтан шыққан тарихшылар Ленин, Сталин томдары қазақ тілінде жетіп отырған Советтің қалың халқына өз тілдерінде сол үгіттік, тәрбиелік еңбектерін жазбауға бола ма? Қайта олардың кейбір диссертациялық еңбектерін, ең алдымен, қазақ тілінде жазуды шарт етіп қою да анық орынды, орайлы шараның бірі болар еді. Ұлы көсеміміз Сталин жолдастың тіл жөніндегі ғылымдық, терең, әрі зор мәселеге өз ойымен, еңбегімен атсалысып араласуы және сол еңбегінің нәтижесінде тіл ғылымына дүниежүзілік, дәуірлік жаңа басшылық ой қосуы халықтың тілін ерекше қадірлеп, сүйгендігінен деп білеміз. Сталин жолдастың даналық ұлы ойларынан осы жолда үлкен басшылық алумен қатар, қазақ әдебиет тілін көркейту жолында сол ана тілімізді Сталин жолдас үйреткен үлгіде сүйіп, қадірлеп еңбек ете білейік. Мұхтар Әуезов  

Қазақ әдебиет тілінің кейбір мәселелері жайында

Марксизм-ленинизм өзінің басқа ғылымдардан ерекше артықшылығын өмірмен нық байланыстылығы арқылы танытқан. Адам баласының тарихын биік асқарға бастаушы ең қасиетті ғылым екендігін ол ғасырдан аса дәурен ішінде, өмір жүзінде нақтылы нәтижелермен көрсетіп келеді. Бұл ғылымның осы қасиетін біз В.И.Ленин мен И.В. Сталин еңбектерінен сан рет тану, білумен келеміз.

Заманды бастағандай, тарихтарды, халықтарды жаңғырта өсірген даналық ойлары біздің ұлы көсемдеріміздің әр дәуірде жазған ғылымдық еңбектерінің өзінен туатын. Сол қатардағы дәуірлік зор тың еңбектің бірі - Сталин жолдастың "Тіл біліміндегі марксизм жөнінде" деген шығармасы. Мұндағы базис пен қондырма жөніндегі пікірі, тапсыз социалистік коғамдағы даму заңының өзгешелігі жайындағы пікірі, тіл мен базис арасындағы жалғастықты шешкен ойлары, тіл мен ой арасындағы жайды білдірген пікірі, социализм дүние жүзіне жеңіспен тараған кезге шейін ұлттық тілдердің өсу жолын айтуы және социализм дүние жүзінде жеңіп орнаған дәуірде тілдердің қалай қалыптасуы жөнін баяндаған пікірі сияқты жайларды қорыта келсек, марксизм-ленинизм ғылымының жаңа биік сатыға қарай дами түскенін танимыз.

Мұның осыншалық қазыналық қасиеті болғандықтан, қазіргі күнде тілшілер, философтар, тарихшылар, әдебиетшілер және неше сала табиғат ғылымдары қайраткерлері де Сталин жолдастың еңбегін зерлеп оқып, терең ұғынып қолдану жолында еңбек етіп келеді. Бұл мәселенің бірінші кезеңі - сол еңбекті ұғынып, түсіну сатысы болса, енді сондағы пікірлерді өзді-өзі ғылым саласында, творчестволық түрде қолданып пайдаланып, соның жемісін ғылымдық іздену жолына жұмсауға тырысуы басталды. Міне, осы мақсатпен қазақ әдебиет тіліне жанастыра бұл жөнінде сөз қылғанда, әзіргі айтатын пікірлеріміз ойлану, ойласу ретіндегі алғашқы адымның бірі болып саналады.

Қазақ әдебиет тілінің жайына келгенде, Сталин жолдастың сол еңбегіндегі нақтылы әдебиет тіліне арналған жақтарын ең алдымен еске аламыз. Бұл ретте алдын ала жалпы айтатын бір қорытындымыз, сол ұлы еңбектің ұзын бойын алғанда, әдебиет тіліне, сонымен қатар қазақ әдебиет тіліне де жанаспайтын жақтары жоқ деуге болады.

Сталин жолдастың бұл еңбекте әдебиет пен әдебиеттің тіліне көзеп, нақтылап айтылған сөздері Пушкин тілі жөнінде, РАПП пен пролеткульт жайын Марр жүйесімен жалғастыра сынап кеткен жерлерінде айқын көрінеді. Сонымен қатар халық тілі дегеннің көп ғасырлар бойында құралатынын айтқаны, тілдердегі тоғысулар мәселесін ашқаны, базис пен тілдің күнделік байланысын шешкені, әрбір тілдің өсу, өну тарихын сол тілде сөйлеген қоғамның тарихтық өсу, дамуымен байланыстырып тексеру керек дегені - бәрі де әдебиет тіліне, соның ішінде қазақ әдебиеті тіліне де, оның өсу, қалыптану жолдарына да мол сәуле төккендей. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ әдебиет тілінің бұрынғы өсу дәуірлері, онан соң, әсіресе социалистік дәуірде өсуі, өзінің барлық дерек, жағдайларымен Сталин жолдастың еңбектерінің зор мағыналы тезистеріне кезекті мысалдардың біріндей боп отырады.

Ендігі қазақ әдебиет тілінің өткен ғасырдағы бір елеулі кезеңіне ой тоқтатудан бұрын, Сталин жолдастың Пушкин туралы айтқан қорытынды пікірін, оған берген тарихтық бағасын еске түсіре кетейік. Сталин жолдас орыс халқының барлық классик әдебиеті мен жазушыларының ішінен Пушкинді ерекше бөліп атауының өзгеше мәні бар. A.M.Горький: "Пушкин халық тілін қалай қорытып пайдалануды бізге көрсетіп кетті", - дейді. Анығында, Пушкиннен кейінгі дәуірдегі орыстың әдебиет тілі - әдебиеттенген халық тілі. Сондықтан да ол оны Россияның тіл мәдениеті тарихынан екшеп алып отыр.

Сталин жолдастың Пушкинге берген бағалары, оның мұрасынан шығарып қорытқан тарихтық критерийлері, белгілі дәрежеде, өзге елдер классиктерінен де әр мөлшер, шамада табылатын ерекшеліктер болады. Бұл қатарда біз Шевченко, Церетели, Чавчавадзе, Налбандян, Абовян, Ахундов, Хетагуров, Абай, Банзаров, Тоқай сияқты жазушыларды еске аламыз. Мысалы, қазақта Абайды алсақ, оның тіл структурасы, грамматикалық құрылысы, негізгі сөздік қоры - біздің бүгінгі қауымымыз сөйлеп жүрген тілдің өзі болады. Осындай жайды жоғарыда аталған барлық классик жазушылардың өзді-өзі елдерінің бүгінгі тілдерімен нық байланыстылық түрінде берік айтуға болады. Шартты түрде болса да, оларды Пушкинге ұқсас қасиеттерге ие болған классиктер дейміз.

Енді осы айтылған жүйелік, басшылық ойларды бүгінгі қазақ әдебиет тіліне қолдану жөнінде айтайық деген пікіріміз бар. Алдымен, әдебиет тілін революциядан бұрынғы дәуірде күшейте өсірген, классик ақынымыз Абайдың жайына азын-аулақ тоқтап өтейік. Бұл жерде Абай шығармаларында қазақ тілінің байлығы бар қалпында, Пушкин шығармаларына орыс тілінің байлығы кіргендей шамада болмағандығын ескерумен қатар, Абайдың қазақ әдебиет тілін жасаудағы екі алуан ірі ерекшелігін атап өту қажет. Бірінші, Абай қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген мол, шебер сөздік қорынан түгел пайдаланып, халықтың әдебиеттік тілін қалай жасаудың жолын көрсетті. Екінші, қазақ қоғамының ортасында Абай заманында таптық диалект, жаргон есебінде кіре бастаған бөтен елдердің де сөздері бар еді. Соның әсерімен ең алғаш шәкірт ақын шағында Абайдың өзі де оған идея жағынан бағынбаса да, өлеңдік сыртқы түр, тіл жағынан сол жаргондық сөздерге әуестеніп, еліктеп жазып жүргені болған. Бірақ, бері келе Абай бұл аламыш тілдің керексіз шұбарлығынан арылды. Ол өзінің барлық өзіндік көркем терең шығармаларын жазғанда, халқының тілімен жазады. Бар қасиетті, қадірлі нәрлі, ажар кестені, толық сипатты өз халқының тілінен тапты.

Бірақ, енді осымен қатар, біздің тілші ғалымдарымыздың көбіне ортақ бір пікірге дау айтамыз. Ол - "қазақтың әдебиет тілі Абайдан басталды" деген қорытындылар турасында. Ең әуелі осы жөнінде Сталин жолдастың тіл жасалуы, өсуі жөнінде айтқан пікірін еске алайық. "Тіл болса, керісінше, сан дәуірдің нәтижесі, сол кезеңдерде ол қалыптанады, байиды, өседі, сұрыпталады" - дейді.

Ал әдебиет тілі деген тілді алсақ, ол - халықтың әдебиетке түсіп қалыптанған тілі. Әдебиеттенген тіл де халықтың тілі. Бұлай болғанда, әдебиеттік тіл бір дәуірдің бір ғана жазушысымен бірге туып қана қоймайды. Осы жайды ойласақ, Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Оларда, немесе XVIII ғасырда көпке жайылған жырлар тудырған Бұхарда, XIX ғасыр басында асыл, әсем бай тілмен халықтық асқақ, ескек жырлар тудырған Махамбетте қазақтың әдебиет тілінің үлгі, өрнектері жоқ деуге бола ма? Әсіресе, Октябрь революциясынан бұрын, қазақтың барлық өлкелеріндегі тіл байлықтары тұтасып, қосылып, біріккен мол қазына болмай тұрған кезінде, ақындық еңбек еткен Абайдың шығармалары әдебиет тілінің түгел негізін құра қойды деуге сыя ма?

Осы сұрақтардың бәрі де тіл ғалымдарының, әдебиетшілердің ойланып, ойласа кеңесіп жауап беретін жауапты, түйінді мәселелері. Осымен қатар, қазақтың революциядан бұрынғы әдебиет тілін өзінше белгілеп жүрген кейбір жолдастардың тағы бір пікіріне күмән жасап, дау айтуға тура келеді. Ол жолдастар "қазақтың әдебиет тілі солтүстік-шығыс Қазақстанда, Алтынсарин мен Абайдың жазушылық, шығармалық мұраларымен жалғас қалыптанды" - дейді. Бұл ретте, Абайдың сөздігі мен әдебиеттік тіл жасаған ізденулерін, табыстарын алсақ, ол тек шығыс Қазақстан тілімен жазды деу, біздіңше, жеткіліксіз, дәлелсіз. Рас, Абайдың салттағы сөйлеу тілін өзі өмір кешкен қазақ өлкесінің сөздік үлгісінен алғаны даусыз. Егер Абайдай классик жазушы өзінің сөз қорын сол өзі жүрген ортадан ғана, ауызша сөйлеп жүрген салттық сөздерден ғана құрады десек, бұл пікір дұрыс болар еді. Бірақ, Абай сол қорды пайдаланумен қатар, бүкіл қазақ халқының арғы-бергі заманда ауызша әдебиет үлгісінде тудырған шығармаларының: мақал-мәтелдерінің, ертегі, аңыздарының үлкенді-кішілі қазынасын да білді. Жазба күйде жетпесе де, ауызша айтылып, жыраққа тарап жатқан шешендік сөздердің, айтыс-тартыстардың және өзінен бұрынғы, өзімен тұстас әлденеше жеке ақындардың да шығармаларын көптен-көп есітіп, ұғынып, жадына тұтып қолданғандығы жөнінде толып жатқан даусыз дәлелдер бар. Сондықтан ол әдебиет тілін бастаушы ғана емес, өзінен бұрынғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында өсіре, байыта, сұрыптай түскен және өз шама-шарқынша қазақ әдебиет тілін жасауда белгілі дәрежеде Қазақстанның көп өлкесінің тіл қазыналығын кеңінен пайдаланып, халықтың әдебиет тілін биік белге шығара түскен классик ақын дейміз.

Әрине, бұл тұста да Сталин жолдастың Пушкин турасында айтқан пікірі бойынша, Абай сөздігінен біздің заманымызда ескіріп, қалып қойған сөздер де бар, бірталай сөздердің мағынасы өзгеріп, жаңғырып пайдаланатын болғаны да бар дейміз. Ал қазақтың әдебиет тілінің негізін салушы Абай, Ыбырай деуші жолдастар пікірінің тағы бір терістік жағын айта кету шарт.

Бұл ақындар тұсындағы қазақтың тілі, жазу-сызу өнері жаңа ғана кірген тіл қалпында еді. Мүлде жазуы жоқ ел болмаса да, қазақ тілі, ол кезде жазба өнері жас (младописьменный) халық елі. Бірақ бүгінгі біздің Одақтағы бауырлас ұлттардың бір топтарын алсақ, олар арасында мүлде жазу - сызу болмастан - ақ революцияға жеткендері бар. Ал соларда өткен көп ғасырлар тарихтарының бойында ауызша әдебиет бай болып келіп еді. Енді олардың Абай, Ыбырай сияқты жазушы, ақындары болмағандықтан әдебиет тілі мүлде болмады деуге бола ма? Әрине, болмайды. Революциядан бұрын өз жазуы болмаған Қырғыз, бурят, якут, хакас елдерінде көркем әдебиет қандай шарықтап өсті! Ал бұл Абай, Ыбырайы болмаған қазаққа ұқсас елдерде де әдебиет тілінің үлгісі мен іргесі анық болғандығын аңғартпай ма?

 

Енді осы айтылғандарға жалғас, қазақ әдебиет тілінің Абайдан кейін өсіп, өнген кезеңдерін, жолдарын, бүгінгі жеткен шамасын алып сөз қозғағанда, қазақ әдебиет тілінің шынайы қалыптасқан, халық әдебиет тілі болған дәуірі қайсы десек, ол, әрине, социалистік революцияның дәуірі, біздің анық халықтық совет әдебиетіміздің туып, өсіп, дамып келе жатқан дәуірі. Бұл дәурен әдебиеттің толып жатқан өзгеше мазмұн, идеялық молдық, кеңдігін былай қойғанда, Абай заманынан мүлде басқаша сапасы, біздің жаңғырып жасаған халқымыздың социалистік мол мәдениетінде қалың қоры жатыр.

Абай заманында ғылым, техника, философия, социология, саясат - баршасынан қазақ тілінің сөздігі тіпті құр алақан еді. Абайдың сөздігіне орыс тілінен ауысқан, санаулы атаулар болса да, ол өте шамалы, соншалық мардымсыз болатын. Қазақ тілінің соңғы 30 жыл ішінде қаншалық дамығанын сырттай ғана мөлшерлеу үшін, тек ғылымдық атаулардың өзінен ғана құрылып жатқан сөздіктердің ұшан-теңіз сандарын ғана еске алуға болады.

Осы ретте тіл ғылымдарына орнымен қойылатын үлкен бір талап, сол жеке ғылымдық атаулардың сөздіктерін бастырып шығару шарт еді. Рас, бұл жолда Қазақстан Ғылым академиясының әзірлеуімен, профессор Н.Сауранбаевтың басқаруымен терминдік сөздіктер енді-енді әзірленіп шыға бастады.

Әдебиет тілін айтқанда, қазақтың совет жазушыларының, ақындарының тілі жөніндегі мәселе ең үлкен орын алатын нағыз бас мәселенің өзі екенінде шәк жоқ. Бүгінгі қазақ совет жазушыларының әзірлік сатыларын, тәрбиелерін алсақ, жазушылық еңбегіне мұның барлығы да мектеп арқылы келген. Бұлардың арасындағы сәл айырмыс болса, кейбірі барлық оқу білім тәрбиесін тек орыс (бастауыш, орта, жоғарғы дәрежелі) мектептерінен алды. Кейбіреулері қазақтық советтік мектептері арқылы әдебиетке келді. Сөйтіп, бүгінгі бар буын жазушылар үлгіні ұлы орыс әдебиетінен алып келген болады. Бірі орыс тілін көбірек, бірі кемірек білсе де, тым құрығанда, оқып отырғанда орыс кітабын молынан ұғынбайтын қазақ жазушысы бұл күнде жоқ деуге болады.

Тіпті бұл жазушылардың көпшілігін екі тілді жазушы деп атауға келеді. Олардың өз туған тілінен басқа, екінші ана тілдері және бар. Ол –орыс тілі. Көркем шығармалық еңбекті қазақ тілінде жазғанмен, олар дүние жүзі әдебиетін орыс тілінде оқып таниды. Сол себепті әрбір қазақ совет жазушысының ойында, сезім тілінде, сөйлеу, теңеу, сөз асылын сұрыптау дәстүр, машығында сол орыс кітабынан келген әсерлердің әр алуан түрде, аса мол болатынын ескермеуге болмайды.

Совет жазушыларының ендігі бір қазақ әдебиет тілін жасаудағы іздену жаңалықтары - сөйлем құраумен, синтаксиспен байланысты. Ол - әсіресе проза, драматургия жағында молырақ ұшырасатын өзгешеліктер. Біздің жазушылар орыс көркем әдебиетінен құрмалас сөйлем құрудың үлгісін де алады және алуға тиіс. Орыс халқының көркем әдебиет тарихында Н.В.Гоголь кіргізген құрмалас сөйлемдердің мәдениеттік, тарихтық орны өзгеше болған. Философияда, социологияда, саясатта В.И.Ленин мен И.В.Сталиннің еңбектерінде әйгілі қысқа сөйлемдермен қатар кездесетін сол құрмалас сөйлемдердің құрылысы әдебиет тілінің қандайлық өнерін, өрісін танытады!

Ой кенеулі, терең толғаулы болу үстіне, шеберленіп ұстарған, өнерленген тілдің ұғымды, мөлдір айқындығы, орамдылығы және үлкен келісімімен сүйсіндіріп отырады. Көркем әдебиетте құрмалас сөйлем мәдениетін орынды, келісті етіп кіргізу, қазақ әдебиет тілінің ендігі өсу сатысындағы өнімді ізденудің бір түрі болуында дау жоқ.

Ал бізде әдебиет шығармаларының тілін сөз ету ғылымдық дәрежеге жетпей келеді. Әдебиет тарихшылары да бұл мәселеге жете бойлап, нақтылы ғылымдық тексерулер жасап жүрген жоқ. Тіл мамандарының көбі де қазақ әдебиет тілінің совет жазушылар еңбегіндегі осы жаңа үлгіде сөйлем құрау ізденулерін, жаңалықтарын, табыстар мен олқылықтарын іздестіру проблемасы етіп қамти алмай келеді. Бұл жолда алғашқы зерттеу, талдау жұмысын бастап келе жатқан тек профессор Сауранбаев. Ол өзінің соңғы зерттеуінде Сәбиттің, Ғабиттің, Мұхтардың синтаксистерін талдауды айрықша тақырып етіп ала бастағанын аңғартты. Бұл - істің басы ғана. Бірақ, жалпы тілшілердің сөйлем жайын зерттеген көп еңбектеріне қарасақ, совет әдебиетінде дамып келе жатқан әдебиет тілінің сөйлемдік өзгешеліктерін аса саяз, формальды түрде ғана қамтиды.

Қай шығарманың қандайлық жаңалық өзгешеліктерінде табыстық, сонылық белгі бар? Қай жазушының қандай шығармаларында жетіспеген олқылық, шалағайлықтар бар? Бұл туралы тіл ғалымдарымыз ғылым тұрғысынан қарап, түйінді, қорытынды пікірлерді әлі күнге дейін айта алмай жүр. Көпшілік сындар мен тілшілер тексеруінде "жақсы тіл" деп, қысқа сөйлеммен ғана қалыптанған тексттерді жедел мақтағыштық жиі кездеседі. Әрине, қысқа сөйлемнен құралған мөлдір, түсінікті, жеңіл құрылыстар кейбір жазушылардың қасиеті екені рас. Бірақ бар жақсылық осында ғана десек, ол орынсыз. Әдебиет тілі неше алуан үлгіде, өрнекте дамып көркейеді. Сонда, орыс әдебиетінің ұлы мәдениетінен келетін құрмалас сөйлем құрылыстарын ойдағыдай баурап, қазақ әдебиет тілінің ендігі үлгісінің бірі етіп сіңіре білу де табыстың олқысы болмасқа керек.

Енді біздің тілшілерге әдебиет атынан арнап айтатын бір алуан талабымыз тағы бар. Орыс тілі мен шет елдер тілінен алынған атаулардың грамматикасы, нақтылап айтқанда, орфографиясы бізде әлі дұрыс жолға қойылып болмаған сияқты. Шынында мен тіл ғылымының маманы емеспін. Бұл тәріздес кемшіліктер жөнінде "Коммунист" журналының осы жылғы бірінші санында мәселе қозғау ретінде жарияланған "Тіл білімі жөніндегі қателерді батыл сынап, тез түзейік" деген Ысқақов жолдастың мақаласында анағұрлым жете айтылған. Мақалада совет тіл ғылымын шатастырған Н.Я. Маррдың қателері қазақ тілі ғылымын да шарпығандығы, залалын тигізгені, оның марксизмге қайшы келетін теріс қағидалары қазақ тілі мамандарының да ғылыми-зерттеу еңбектерінен, олар жасаған оқу құралдарынан, тағы басқа жөнде орын тепкендігі сыналды, бірсыпыра қателіктер мен кемшіліктер көрсетілді, көзге айтылды, елеулі мәселелер көтерілді.

Ал бұл мәселе жөнінде қазіргі менің айтқалы отырған сын ойларым, ойласу ниетпен ортаға салмақ болған пікірлерім ғылымдық жүйе жағынан қарағанда ұшқары болып шықса, тіл жүйесін зерттеп жүрген ғалым жолдастарымыз жөнге салар.

Біздің соңғы жылдардағы жазуымыз, қолдануымыз бойынша, орыс сөздері, шет ел атаулары орысша қалай жазылса, қазақша да солай жазылуы керек. Осы қағиданың екі жақты қайшылығы бар. Бұнда мұғалімге, балаға түзу үйрену үшін туатын бір қиындық - қазақ орфографиясын білуден бұрын, орыс тілінен кірген, бүгін қазақтікі боп кеткен орысша сөздерді орыс грамматикасы бойынша қалай дұрыс жазу керек екенін ең алдымен білу қажет болады. Қазақтың өз тілінің ерекше заңдарына бейімдеп алмай, орысша жазылу үлгісінде алғандықтан, қазақ балалары да, әсіресе мұғалімдері де, қазақ тілінің жазу заңдарын қанша жақсы білсе де, осы орыс сөздерін жазуға келгенде үнемі қате жазады. Өйткені олар ана тілін оқиды, ана тілінде сабақ береді. Орыс тілінің грамматикасын кейіндеп біледі және қазақ ана тілінің мұғалімі, бүгінгі сатыда, әсіресе орыс тілінің грамматикасына шорқақ.

Бұл турада "Вопросы философии" журналының 1950 жылғы үшінші санында Мординов жолдас көтерген елеулі мәселелер жайын ойланбасқа болмайды. Әрине, осымен қатар, жаңа сөздерді алуда, түгелімен сингармонизм заңына бағындыра алу қажет десек, ол да ұшқары пікір болар еді. Бірақ қазақтың тіліне халықтың қолдануы арқылы заңды түрде өзгеріп сіңген: самауыр, стол, кереует, пеш,трактор, газет (газета емес), журнал, стақан, машина сияқты толып жатқан ескі - жаңалы сөздерді таза орысша жазылу үлгісімен жаздырудың өзі дұрыс па? Ол сөздерді қазақша оқығанда, осылай халықтың айтуынша үйренген бала, орыс тілінің сабағында, сол сөздер орысша грамматика бойынша жазылатынын жолай, оңай салыстыра біліп кете бермей ме? Мысалы, орыстың тіліне француз, ағылшын, неміс, латыннан кірген ұшан-теңіз сөздіктер бар екен. Олар орыс тілінің заңына бағына айтылып, жазылады екен. Қазіргі орыс балалары сол сөздердің, немісше, французша, ағылшынша тілдерді оқи бастағанда, басқаша айтылып, жазылатынын жолай қиналмай-ақ түсіне, ұғына келе жатқан жоқ па? Біздің грамматикамызда осы жөнде асыра сілтеу, сыңар жақтық жоқ емес сияқты. Бұл туралы жаңағы "Вопросы философии" журналындағы Мординов мақаласында орыс сөздерін ұлт тілдерінде орыс орфографиясымен жазғызуды "марршылдықтың бір солақайлығы" деп бағалайды.

"Орыс тілінен, түрік тілдері сияқты, басқа көп тілдерге кірген сөздерді жазудың негізгі принципін белгілеген академик Мещанинов пен профессор Сердюченко болатын. Олар жасанды әр алуандықты жою мақсатымен" деп дәлелдеп, орыс орфографиясы мен туысқан елдер орфографиясы жөнінде заң ұсынды. "Орыс сөзі мен халықаралық атаулар орыс тілі арқылы алынғанда, орыс орфографиясы бойынша жазылсын. Бұл атаулардың жазылуына бұрмалау кірмесін"-деді... "Осындай аса зиянды ұсыныс ұлт тілдерінің заңдарын күйретіп, орфографияда анархия тудырды, ана тілінде хат тануды нешелер қиындыққа әкеп соқтырды, жергілікті газеттер мен журналдардың жұмыстарын да ауырлатты", - дейді Мординов.

Қазіргі кезде "Вопросы философии" бетінде бұл тыңнан көтеріліп отырған мәселе. Әрине, Мординовтың ұсынысынан сингармонизмді түгел қостау туса, ол да дұрыс емес. Ендігі алынатын, тыңнан кіретін атаулар мен орыс сөздерін бұрынғы ол тілдерден жырақ тұрған, оқымаған кәрі әжелердің айтуына апарып, қайта салып отыру жол емес. Бірақ "электричествоны" - "электр" деп алсақ, "электрификацияны" - "электрлеу" деп алсақ, біздің қазіргі алып жүргеніміздей, "тік" жұрнағымен, немесе "изм"-мен алынып жүргені сияқты мысалдарымыз бірталай атауларды тіліміздің заңына үйлестіре қолдануды білдіреді. Осындай шаралар көп сөздің грамматикасы, орфографиясы жөнінде әлі де сұрыпталуы керек.

Онан соң, қазақ тілінің агглютинатив бітіміне қарай, бізде сөз түбірі - есімдер мен етістікті алсақ, көбінше бір буын, екі буыннан артық болмайды. Осыған жалғау, жұрнақтар, көптік белгілер, жақ нышандары, тағы көп алуан үстеме буындар қосылу арқылы түбірдегі қысқа сөз ұзақ боп кетеді. Орыс тілінен алынатын сөздер жөнінде тілдің осы ерекшеліктері де ғылымдық түрде ұдайы ескерілуі қажет.

Қазақ жазушылары, ғылым, техника сияқты, қазақ тіліне молынан кірген сан сала жаңалық атауларды қолданбай жүр. Солардың ішінде тілдің грамматикалық көп түрлеріне өзгертіп, өлең жолына қолданудың ақындарға қиын соғатыны да бар. Әсіресе орыс сөзі мен шет сөздерді алу, жазудағы біздің бүгінгі орфографиямыз қиындық туғызады. Бұл жөндегі мысалдарды да мен көп келтірмей-ақ қоям. Ол - әрбір ойланған оқушының, жазушы мен тіл ғалымының көңіліне аса айқын жайлар. Кейде жазушы, ақындар осындай атауларды грамматикалық өзгерістермен пайдалануға баса қоймай, жалтарып кетіп, сол мазмұнға төтеп бере алмаса да, маңайлас сөзді алады да, қиялай салады. Бұл дағы ескермейтін жағдай емес.

Бұл жөнінде орыс халқының тіліне өзіміздің туысқан елдер тілінен ауысып кіріп отырған сөздердің жазылуы мен айтылуын еске алуға да болады ғой. Революциядан бері орыс тіліне қазақ сияқты барлық туысқан елдер тілінен кіріп жатқан сөздер көп. Сонда: жайлау, қашар, ақын (ақын емес) тәрізді сан сөздер орыс тілінің фонетикалық, грамматикалық жағдайларына бейімделіп алынып отырған жоқ па?

Советтік әдебиет тіліміздің байып, өсуіне қосымша дамытатын қорды біз қазір жалғыз ғана орыс тілінен аламыз да қоямыз деп, кесіп байлау да дұрыс емес. Мұнымен бірге қазақ әдебиет тіліне көршілес туысқан елдер тілінен келіп араласқан, біте қайнасып жатқан көп сөздерден де жазба әдебиетіміз қашпау керек. Осы айтылған ойларға жалғаса жазба әдебиетіміздің бұрынғы шағында қолданған, ескірген натуралистік тұрпайылығы бар сөздіктерін алып тастап отырып, одан басқа фольклорда бар, барлық бұрынғы жазушы, ақындарда ұшырайтын ескілі-жаңалы сөздерді, көрші елдердің тілінен ауысқан, халық қабылдаған, жаргон емес, халықтық сөздерді, кітап, жазба тілінен Абай тәрізді ақындарымыз қолданған сөздерді де жатырқамай пайдалануымыз керек.

Сталин жолдастың даналық еңбегіне байланысты, бүгінгі орыс әдебиет тілінің жайын сөз қылған орталық баспа жүзіндегі орыс әдебиетшілері мен тілшілерінің мақалаларына қарасақ, орыс халқының бұрын-соңды әдебиетіне түскен сөздің барлығымен толық пайдалану керек дейді. "Слово о полку Игорове"-ден бастап, Маяковскийге шейін қолданған сөздік қордың бәрі де бүгінгі орыс совет әдебиет тілінің қазынасы деп айтылады. Ал осы тұрғыдан қарап, біздің ендігі әдебиет тілімізді алсақ, әлі жазба кітап еңбектерімізге қазақ халқының барлық облыс, өлкелеріндегі тіл байлығы өте аз түсті деп байлауымыз керек. Біз жазу-сызуға жаңадан ие болған елміз. Біздің жазба әдебиет қорымыз өте аз ғана. Бұл жөнінде зор табыс, мол байлықтар жазбаға түсе бастаған, даусыз өскелең дәуір - қазақ совет әдебиетінің өсе бастаған дәуірі.

Сыр бойының, сол сияқты Батыс Қазақстан, Каспий атырабының балықшылық, өсімдік, диқаншылық кәсібіне байланысты тіл өзгешеліктерін, сөздік байлықтарын өздерінің шығармаларына молынан кіргізбей, өзге жер қазағына түсініксіз болады деп тартынатын: Асқар, Әбділдә, Қалмақан және Тайыр, Қажым, Қабдол, Әбу, Хамит сияқты жазушылардың тәжірибесін кемшілік деп бағалау керек.

Сондайлық солтүстік, шығыс облыстар жазушыларының және бұрынғы Жетісу облысынан шыққан жазушылардың бәрі де өз туған өлкелеріндегі қазақ сөздіктерінің байлықтары мен ерекшеліктерін молынан ортаға салып, әдебиеттік шығармаларына көптеп енгізіп отырулары керек. Әсіресе, сол әр облыс жазушысы кіргізген тың сөздерді, қосымша байлықтарды, олардың өздері ғана қолданып қоймай, басқа облыстардан шыққан жазушылар да түгел пайдалануға бет қоюы керек. Осы соңғы айтылған ұсынысты біз әсіресе аудандық, облыстық газеттер жүзеге асыруы қажет дейміз. Әр облыстық газеті өз өлкесіндегі халық тілінің жазбаға түспей жүрген халықтық ескілі-жаңалы сөздерінің барлығын мол пайдаланып отыруы шарт. Ал осы облыс газеттерінің жақсы тәжірибелерін, тың табыстарын республикалық орталық баспасөз орындары үлкен ықыласпен, ұқыптылықпен зер сала, мол пайдалануы қажет. Бұл ретте "Социалистік Қазақстан", "Коммунист" журналы, "Сталин жолы", "Әдебиет және искусство", "Халық мұғалімі", "Лениншіл жас" сияқты беделді, орталық баспаларымыз үлкен басшылық ету керек.

Осындай шаралар әсіресе біздің газеттеріміздің айқын байқалатын тіл олақтығын жеңе беруге жәрдемші болар еді.

Қазіргі дәуірімізде халықтық әдебиет тілінің бүкіл Қазақстан көлемінде бірыңғайланған, анық, ортақ, орамды, шебер сұрыпталған жазба әдебиетті болып қалыптасу дәуірі туды. Бір облыстан бір облыс тілінің сөздік басқашалықтары бұрынғыша бытыранды, даралық күйлерде қала беруі лайықсыз. Советтік тұтасқан ұлттың тіл қазынасы да тұтасып бірыңғайлануы шарт. Оны біздің бүгінгі коммунизмге қарай үдей өсіп келе жатқан социалистік мәдениетіміздегі, әсіресе екі түрлі ерекше қолайлы, тарихтық жағдайлар талап етеді. Тіл мәдениеті жөнінде қала мен қыстақ арасындағы айырмыстың жойыла бастағаны, ой еңбегі мен дене еңбегінің арасындағы айырмыстың жойыла бастауы әрбір советтік ұлттың әдебиеттік тілі де тұтасқан, бірыңғай тіл болуын тілейді.

Енді осы айтқандарға байланысты, біздің тіл мамандарымыз көп көңіл бөлетін, көп таласқа салып жүретін диалект мәселесін де айта кеткен жөн. Сталин жолдастың еңбектерінде диалектің екі алуан болатыны аталып өтті. Бұның бірі - үстем таптың белгілі ортасы арнаулы дәуірлерде қолданатын, халық тілінен бөлек диалект немесе жаргон. Екіншісі - жергілікті елдің анық халқы болып қолданатын диалект.

Осы соңғы мағынасындағы диалектіге Сталин жолдастың беретін ғылымдық талдауы бойынша, бұның өзіндік грамматикалық құрылысы болады. Оны диалект ететін айрықша белгі - өзге, өзімен туыстас тіл тобынан бөлекше қалыптанған, айқын грамматикалық өзіндік құрылысы. Ал осы жағынан қарағанда, қазақтың қазіргі тілінде диалект бар ма десек, жаңағы белгідей көп қазақ тілінен бөлек тұрған грамматикалық құрылысы бар диалект бар деп айта алмасақ керек.

Біздің кейбір тіл ғалымдарымыз қазақта диалект бар дегенде, Жайық пен Алатау қазақтарының солтүстік, шығыс облыстар тілінен бөлегірек айырмыстарын грамматикалық өзгеше құрылыстарына қарап айырмайды, тек сол өлкелердегі сөздіктер айырмыстарын ғана айтады. Бұл, біздіңше, диалектік айырмыс емес, сөздік қордың айырмысы әдебиеттік тілі тұтасып, бірыңғай боп қалыптасқан орыс тілінде де бар. Айтайық, Сібірдің орыстары мен Кубанның, Донның, немесе теңіз жағасындағы солтүстік облыстардағы орыс халқының жергілікті сөз өзгешеліктері көп кездеседі. Одессаның тұрғындары қолданып жүрген орыс тілінде де әдебиеттік тілге кірмей жүрген көп жеке сөздіктер бар еді. Бірақ соған қарап, орыс әдебиет тілін тексеретін ғалымдар Сібір диалекті, Кубань, Дон диалекті, Архангельскі, Онега диалекті, немесе Одесса диалекті деген топтарды жасамайды, жіктемейді.

Қазақта да бір облыс пен бір облыс арасындағы сөздік айырмыстарды - диалект деп, оның ішінен, кей жолдастардың айтуынша, оңтүстік пен шығыс қазақтарының тілін "қазақтың әдебиет тілінің негізі" деп, өзге батыс, Алатау, Сыр өлкелеріндегі қалың қазақ елдері қолданатын сөздерді "диалект" деп атау және сол сөздерді "әдебиет тіліне қолдану дұрыс емес" дейтін пікірдің барлығын біз ұшқары, орынсыз байлау деп білеміз.

Әлі біздің әдебиеттік тіліміз қазақ тілінің бүгінгі барлық қорын жазба бетіне түсіріп болмаған заманда, жазушы да, әсіресе қазақ тіліне өздері шорқақ тіл мамандары да біліп болмаған, баурап алмаған тіл қасиеттері, сөздік байлықтары Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарында мол боп жатқан шақта, жаңағыдай байлау жасау әсіресе орынсыз.

Алатау, Сыр, Жайық, Атырау өлкелерінде бір ауыл емес, немесе аудан ғана емес, бұл күнге дейін кем дегенде бір облыс, немесе бірнеше облыс қазағы қолданып келген сөздер болады екен. Ендеше, көпшілік халқымыз тұтынып келген, әдебиетке түспей жүрген ондай тың сөздерден жатырқап, бой тарту, бір жағынан, халық тіліне жасаған зорлық, екінші жағынан, бар қазақ тілін білмей, баурап алмай тұрып, бұлайша паңдық ету - қыңырлық пен астамдық. Кекірік ататын кез емес. Қазақ әдебиет тілі енді ғана бүкіл халықтық әдебиет тілі боп келе жатқан дәуірде "анау лайықты сөз, қабыл алынады, мынау диалект, бұны қолдану орынсыз" деушілер тіл баюына жәрдем етпей, шалағайлық етеді. Халық көпшілігі бір өлкеде сөйлеп жүрген сөзді алғызбай, "анау сөз балғын, мынау сөз қалғын" деп омырау жасау, өздері зерттеп, еңбек етіп жүрген тілінің қадірін түсінбеу - мезгілсіз солақайлық.

Орыс халқының әдебиет тілі қалыптану жолындағы іздену мен табыстарды ойласақ, бұрынғы ғасырларда және совет дәуірінде сондай жергілікті сөздердің халықтық, қадірлі үлгілерінің барлығы барынша әдебиет тіліне араласып болған деуге болады. Кейде, бар байлығын меңгеріп болған көркем әдебиет тіліне тың сөз қосамын деп, Россияның әлдеқандай азғантай бір түпкірінде, кішкентай болымсыз топ қолданатын ғана, халыққа түсініксіз және қонымсыз сөздерді қолдануды A.M.Горький сынаған еді.

Біздің тілдің өсуімен халықтың барлық қасиетті қорын қамтуы әлі де ол дәрежеге жетуден жырақ жатыр. Біз қазақ мекендеген өлкенің бәрінің сөздігі қосыла табыссын дегенде, әлдеқандай азғантай ғана топ қолданатын, Горький сынағандай өте оқшау, өрескел сөзді айтып отырғанымыз жоқ. Кемінде бір аудан, немесе облыс қолданып отырған сөздіктерді айтамыз. Мұндай сөздер әдебиет тіліне кіріп, барлық қазақстандық әдебиет тіліміздің мүлік - мұрасы болу керек дейміз. Осындай жайларды айта келе, тіл жүйесін тексеріп жүрген мамандарымыздың көпшілігі қазақтың әдебиеттік тіліне кіретін байлығы мен мүмкіншілігін түгел білмейтініне қарынымыз ашады.

Біздегі тіл ғылымындағы, әдебиет тіліне байланысты, олқылықтың тағы бір алуаны - пунктуация мәселесінде. Әсіресе құрмалас сөйлемдерді қолдануда, оны жасауда пунктуацияның орны өзгеше. Сондықтан да Пушкин мұрасын зерттеуші мамандар арасында ақынның кей жолының соңына ноқат қою керек пе, көп ноқат қою дұрыс па, немесе ноқат пен үтір қою керек пе деген жайлардың өзінен сан таластар туып жатады. Бізде, мысалы, ноқат пен үтір сөйлем арасында қолдану мүлде жоқ болғандықтан, кейбір құрмалас сөйлемдеріміздің арасы ноқатпен бөлінеді. Жазушының ойында сол ноқаттар кей-кейде шартты түрде қойылады. Кейбір ноқаттарды біз орыс пунктуациясының қағидасы бойынша, ноқат пен үтір орнына қолданамыз. Ондай белгі барда мағына жігі үзілмеген сөйлемдердің бастауышы, біз шартты түрде қолданатын екі ноқат арасында келтірілмейтіні де болады. Осы жайға формалдық тұрғыдан қарап, ноқат пен ноқат арасын бағатын тілші, сыншы, кей жазушының құрмалас сөйлемінен не бастауышты, не баяндауышты таппай сұрау сап жүреді. Екі босағаның арасында адасып жүретіні де болады. Бұнда да біз тек жалпы көп мәселенің шетін ғана қозғап отырмыз. Пунктуация жөнінде кемшілік пен олқылықтардың біздегі мысалдары толып жатыр.

Грамматиканың көп мәселесіне, тіл тану ғылымының бар саласына Маррдың "жаңа ілімі" келтірген залалы көп. Қазақстан тіл ғалымдарының бұл жөнінде өздері жіберген қателіктері қаншалық көп екенін барлық жұртшылығымыз да, тіл мамандарымыздың өздері де ашып айтып келеді. Әлі аршылып, тазарып болмаған залалды қателіктер толып жатыр. Енді сол олқылықтарды, қателіктерді тез уақыт ішінде құнды төлеулер беріп, түгел жою талабындамыз.

Маррдың жүйесі тек тіл тануға ғана залал келтіріп қойған жоқ, әдебиеттану ғылымына да көп залалын тигізді. Осы ретте, әсіресе фольклорды тексеруде, бүкіл Одақ көлемінде және барлық туысқан ел фольклорын зерттеу жөнінде Маррдан жұққан залалды, теріс пікірлер аз емес. Сол қатарда, менің өзім редакторлық еткен, қазақ әдебиеті тарихының фольклорға арналған бірінші томында да теріс пікірлердің айтылғаны бар. Бірінші томның кіріспе бөлімінде Маррдың оқуын марксистік - лениндік әдебиеттану ғылымының көрнекті, өнімді саласының бірі деп бағалауымыз - сол қате ойдың нәтижесі болатын. Бірінші томның келесі баспасында марршылдықтың бұл түріндегі терістігін жойып жазуды өзіміздің міндетіміз деп білеміз.

Ендігі бір мезгілді сөзді әдебиетшілер мен тіл мамандарына ғана арнамай, қазақ совет әдебиет майданында қайрат етіп жүрген қазақ оқымыстыларына түгел арнамақшымыз. Қазақ совет әдебиет тілі баю үшін бүгінгі сан сала ғылымда еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдары өздерінің еңбектерін орыс тілімен қатар, қазақ тілінде де түсінікті, көркем етіп жазып, бастырып жүретін болуы шарт. Қалың колхозшы, жұмысшы жұртшылығымыз, көп оқушы жастарымыз, өздігімен ізденуші партия, совет қызметкерлері, мұғалім қызметіндегі лектеріміз қысқасы, жұртшылығымыз орыс тілінде жазылған ғылымдық еңбектердің көпшілігін түсінбейді. Сондықтан да, осы халқымызға арнап ұлы даналарымыз Маркс, Энгельс шығармаларын, Ленин, Сталин томдарын қазақ тіліне үлкен ұқыптылықпен, зор талап, еңбекпен аударып, бастырып таратып отырмыз. Ендеше, сол жұртшылыққа қазақтан шыққан инженерлер, дәрігерлер, биологтар, математиктер өз еңбектерін өзінің жазып таратпауын немен ақтауға болады?

Ал біздің бүгінгі әдебиет тіліміз байығанда, сол ғылым, техниканың бар саласындағы ұғым, түсініктер, атаулар мол - молынан кіретіндіктен байиды дейміз. Олай болса, сол сөздерді, сол ғылымдарға байланысты тіл орам шеберліктерді, осы ғылымдардың өз мамандарынан артық, қазақ тілінде айтып бере алатындай шеберлерді, қайраткерлерді бір жақтан қарызға сұрап аламыз ба?

Осылардай ғылым мамандарына арнайтын сөздің бір алуанына мен айрықша бөліп алып, қазақтың тарихшыларына әсіресе қадап айтар едім. Кейбірі ғана болмаса, бұл күнде қазақтан шыққан тарихшы оқымыстылардың бәрі де өз еңбектерін тек орыс тілінде ғана жазады. Көбінің қазақ әдебиет тілін білуіне күмәнің де зор. Тарих - бар ғылымның анасы саналады. Аналық тілін білмеген анада қаншалық қадірлі қасиет болар еді?

Тарих ғылымы - марксизм-ленинизм ғылымының үнемі иық сүйесіп отыратын, ең жақын ғылымының бірі. Ендеше, тарихшылар еңбектері - халқымыздың салт-саналық тәрбиесіне ең зор эсер ететін идеялық құралының бірі. Олай болса, қазақтан шыққан тарихшылар Ленин, Сталин томдары қазақ тілінде жетіп отырған Советтің қалың халқына өз тілдерінде сол үгіттік, тәрбиелік еңбектерін жазбауға бола ма? Қайта олардың кейбір диссертациялық еңбектерін, ең алдымен, қазақ тілінде жазуды шарт етіп қою да анық орынды, орайлы шараның бірі болар еді.

Ұлы көсеміміз Сталин жолдастың тіл жөніндегі ғылымдық, терең, әрі зор мәселеге өз ойымен, еңбегімен атсалысып араласуы және сол еңбегінің нәтижесінде тіл ғылымына дүниежүзілік, дәуірлік жаңа басшылық ой қосуы халықтың тілін ерекше қадірлеп, сүйгендігінен деп білеміз. Сталин жолдастың даналық ұлы ойларынан осы жолда үлкен басшылық алумен қатар, қазақ әдебиет тілін көркейту жолында сол ана тілімізді Сталин жолдас үйреткен үлгіде сүйіп, қадірлеп еңбек ете білейік.

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу: