Жыл келгендей жаңалық сеземіз

5 Желтоқсан 2012, 04:33

Жыл келгендей жаңалық сеземіз   Жолдастар, мен поэзияның жайын айтудан бұрын, жалпы поэзияға иық сүйеп келе жатқан, қатар жүріп келе жатқан өзіміздің ісімізде, тіршілігімізде, тарихымызда поэзияның табыстарымен қатар, халқымыздың әрқашан есімізде жүретін бірер жайларға жұбаныш алған, сүйсінген күйді айта кеткім келеді.   Қырық жыл деген — бір адамның өмірімен өлшенетіндей бірталай ұзақ дәурен. Қырық жылдың ішінде толып жатқан жаңалықтар қырық ғасыр да жетпейтін өріске біздің Одақ, оның ішінде қазақ сияқты елдердің табыстарын көрсететіні рас. Он-он бес жылдан соң болған жаңғыру, жаңа табыс өрлеудің жиынтық ойларын ойлай бастағандық сонда аңғарылады. Бізде осы күнде музыка саласында соңғы жылдары қазақ композиторларының қатарына жас талант композиторлар келіп қосылды да, қазақ әнін Абай әкелген дәрежеден, халықтық шырқау әндерінің үнін Абайдан әрі қарай дамытып, камералық музыкадан ауыстырғанда, бірталай симфониялық музыка тілінде айтылатын, соңғы жылдарда туып жатқан формалар туған да шығар, бірақ соңғы жылдарда туып жатқан жаңа әндер де бар. Ол әндер қандай ән? Оның мен бұл арада авторларын, әндерін айтып жатпайын, оны өздеріңіз де білесіздер. Колхозда болғанда жастардың аузынан, шоферлерден, кейде шопандардан, кейде обком, райком секретарьларының өздері-ақ айтып жүретін, адамды сүйсіндіретін тамаша әндер бар. Бұрынғы Абай, Біржан, Ақанның әндері емес. Жуықта болып өткен композиторлардың жиналысында Қазақстан композиторлары вальсомания жолына түсті деп сын айтты. Бірақ Хамидидің "Қазақ вальсі", Ш. Қалдаяқовтың "Ақмаңдайлым" сияқты вальстеріндей вальс көбейе берсе екен дер ем. Штраустың "Үлкен вальсі" — осы күнге дейін жұртшылықтың сүйсіне тыңдайтын вальсі.   Осы сияқты суретшілерге келгенде, суретшілердің арасында да бірсыдырғы жақсы буын өсіп келе жатыр. Халық суретшісі Қастеевті санамағанда, Орал Таңсықбаевтан кейінгі үзеңгілес келе жатқан Кенбаев, Мәмбеев, Телжанов, Нұрмұханбетов сияқты кіші жас буындар бар. Осы күнді олардың сезінуі, сол жайларын өздерінің өнерімен көрсетуге келгенде қазақтың жаңа сурет өнері өте жақсы, жаңа сапада өсіп келе жатқандығын көреміз.   Сол жайды біз өзіміздің жастар туғызып жатқан қазақ поэзиясы, қазақ лирикасы жайында айтқым келеді. Осы үш саланың табыстарын жаңа жыл келгендей өнердің жаңа, жас қайраткерлері келіп, қазақтың музыка, живопись, поэзия өнеріне жаңа бір жыл келгендей жақсылық әкеле жатқан сияқты.   Бізден арғы кездегі ақындарды қоя тұрып, бізден бергі атақты ақындар мен жас ақындардың бірқатарының шығармаларын алғанда, бұл арада жақсы-жақсы айырмыс бар, әрине, сонымен бірге олқылық та, кемшілік те бар. Сөз нақтылы болу үшін мен өзім кімдердің шығармасын оқыдым, соларды атап өткім келеді. Сол оқығандарыма сүйсіне отырып, лирика туралы айтатын қорытындым да бар. Мәселен, I. Мәмбетовтен "Жас қанат" жинағының ішінен тәуір деген өлеңдерім: "Жайыққа", "Өгей шешеме" сияқты өлендерін атап өтер едім. Т. Шопашевтан сүйсініп оқыған өлеңдерім: "Сарысудағы жас", "Шиелі", "Нартай ақын", "Сырласу" өлеңдерін көп өлеңнің ішінен сүйсініп оқыдым. Т. Молдағалиевтің өлеңдерінің ішінен: "Алматы таңы", "Көктем", "Асыл ұстазға", "Немере сыры", "Хат" деген өлеңдері ұнатып оқыған шығармаларым. Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлендерін сүйсініп оқыдым. "Партия туралы жыр", "Анама", "Абзал ана" деген сияқты өлеңдері. Жинаққа кірген шығармалардың көпшілігін түгел оқып шықтым. Жинаққа кірмеген, бұл өлеңдердің сыртында басқа өлеңдер де бар, бұрын да көзге түсіп жүрген өлеңдер. Жинақтағы барлық шығармаларды түгел оқып үлгергенім жоқ, бірақ келешекте оқымақшымын. Менің де ойымда жүрген жайлар бар. Ертедегіні еске түсіре, жаңа поэзия әкелген жаңалықтарды білмек мақсатымның бар екенін айтқым келеді.   К, Мырзалиевтің өлеңдері маған өте ұнады. Мысалы, "Жас ақынға", "Жырға сыймас нұр көрдім", "Еңбек" деген өлеңінің өзінде жұртшылық аузына түсе қоймаған талай оралымдар, шеберліктер сезілетін сияқты болады. Жаңа шығармалардың әрқайсысынан бұл сияқты цитаталар келтіріп жатсам, менің сөзім үлкен баяндамаға айналған болар еді. Менің оқымаған шығармаларымның ішінде де жақсы нәрселер болу керек.   Жалпы лирика туралы, қорытып айтқанда, біздің әдебиетке мәдениетті ақындар, оқыған ақындар келе бастаған. Бүкіл Совет Одағы көлеміндегі жазушыларды алмағанда, көршілес қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен, татар әдебиеттерін алғанда да оқыған, мәдениеттенген ақындар әкелмеген, өмір тәжірибесін басынан көп кешкен, өмірді, Отанның арманын ұға келген жақсы жазушылар бар екені рас. Бірақ қазір бірталай жанрлар білімді керек қылады. Оқымаған адамның драматург болып кетуі, оқымаған адамның романист болып кетуі оңай нәрсе емес сияқты. Шын жақсы өлең жазу үшін оқымаған адам болуы мүмкін емес. Халық поэзиясының өз шама-шарқына қарай жақсы шығарған шығармалары бар. Біздің дәуірімізде оқымысты ақындардың өмірге келгендігінің бір белгісі - қазақ әдебиетінің өзіндегі дәстүрлер ғана емес, айналасын көріп, шарлап қалғандығы байқалады. Твардовский, Исаковский, Вургун, Гамзатов сияқты ақындар қалай жырлайды? Айналаны, есікті түртіне жүргендігі байқалады. Жалғыз қазақ әдебиеті көлемінде өзімен-өзі болып, жалғыз шапқан аттың көдеден, бұтадан озғаны сияқты болу жарамайды. Ұлы орыс әдебиетінен туысқан тілдес елдердің әдебиетін, тілі бөлек әдебиет ақындарының аудармаларын оқып, үлгілерін көре отырып, ойлана отырып, іздену деген оқыған жастардың поэзияға келіп жеткендігін көрсетеді. Жинаққа кірген өлеңдердің олпы-солпы еш жері жоқ, бәрі де жып-жинақы, жап-жақсы әзірлікпен жазылған өлеңдер. Соның ішінде әдебиетке қойылып жүрген талаптарды ескергендігі байқалады. Өйткені қайталанбайды. Ой, тақырыбы қайталанғанымен, бұрынғы біреулердің жазғанын қайталау деген жоқ, әркім өз үйін танытқысы келеді. Поэзияның тақырыбы шағын болса да, өзінің туған жерін, анасының жайын, көктем, күз, қыс, махаббат мәселесін айтқысы келеді. Бұл тақырыптар бүкіл адамзат тарихы болғаннан бері айтылып келе жатқан тақырыптар. Әрдайым өз үнімен, өзіндік сөзімен, өз күйі, өзге білмеген бір пернені басады. Қазіргі поэзияның, мәдениетті поэзияның өкілдерінің — әрбір ақынның өзінің өзіндік тілі, үні біреудің айтқанын жазу керек емес дегендей талаптарды өздеріңізге өздеріңіз қойып келе жатқандықты байқатады.   Адам поэзия арқылы дүниеде танымағанын танытып, өзінің сезімі, санасы арқылы адамға танытады. Ақын бірқыдыру өзіндік жаңалық тапқысы келеді, өзін-өзі танығысы келеді, өз өмірінің үлкен шындығын, балалығын, анасын айтады. Жарды, жерді айтады, махаббат жайын жырлайды. Бар ақындар көп жерлерде тақырыптарды қайталап жүреді, үйіріліп жүрген бір шумақ тақырыптар бар екенін көресіздер. Соның ішінде партия, Ленин жайы, осы қырық жылдан бері келе жатқан ұлы дәстүр бойынша тақырыптардың ішінде бұлар да жүр. Соларды жырлағанда, соны тілмен жырлағысы келгендігі байқалады. Сағи Жиенбаевтың "Партия туралы жырында" толып жатқан образ, көп шындық, жұртшылыққа ортақ шындық бар. Ол шындық — бас мақаланың көлеміңде публицистика, журналистика ретінде шебер айтылып жүрген шындық. Бейбітшілік, халықаралық достықты айтқанда өлең, публицистикалық түр мен саяси лирикалық түр деп жатсақ та, бәрібір лирикамен ұйқастырылған бас мақала сияқты болып келетіні бар. Тың ой, тың образ, болмаса шешен ұйқастырылған сөздер болады. Мұның өзі поэзия болуы сенімсіз емес пе? Мұнда жастар Отан жайлы айтқысы келгенде, Ленин жайын айтқысы келгенде, жастардың бұл жағынан да жаңалығы байқалады. Жастардың "мені" біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар, поэзияға керек нәрсе — осы шыншылдық.   Менің бүгінгі аңғарғаным, бүгінгі жастардың барлығы да өз тілін жақсы біледі екен. Мен, менен кейінгі буын Әбділда, Ғали, Тайырлар қазақ халқының тілі дегенді білуге жағдайлары, мүмкіншіліктері көп болған жастар. Мен сіздерге бұл бола бермейді, қазақтың халық тілін жақсы білдіретін адамдар, орта кездесе бермейді, сондықтан да сіздер тілді жақсы білмейді ме деуші едім.   Әдебиеттен, кітаптан оқып үйренесіздер, кезі келгенде, колхозға барғанда, ауданға барғанда, ұшырасқан кәріқұлақ адамдардан естімесеңіздер, көпшілігінде газет, радио тілі болады да, сондықтан жастар тілге шорқақ болады-ау деп ойлаушы едім. Қазіргі жастар талабы бар, табиғатты, көргенін айтқанда, басқа ақындардың үніне үн қосып, ілесе сөйлеп келгенде, барлығында да тіл орамы, ой толғамы сай келіп отырғандығын танытады.   Осымен бірге айтылатын нәрсе: тағы бір үлкен қасиет — көпсөзділік азайыпты. Сіздерден алдыңғы буында көпсөзділік байқалатын. Көпсөзділікке терең ой қосылса, нұр үстіне нұр ғой. Көпсөзділікпен ойы ұштасқан Уитмен, Павло Неруда, Жоржу Амаду, Луи Арагон сияқты дүниежүзіндегі бейбітшілік үшін алысып жүрген революциялық санадағы ақындардың бірі Назым Хикмет, міне, бұлардың ұзағырақ жазатыны бар. Бірақ олар соны, тың, терең ойлы келеді. Ой болмаса, шығарма терең қасиетті болмайды. Жұрт айтқанын айтарсыз, соның өзінде өзіндік тілмен айта білу керек. Сол ой образбен айтылуы керек. Мұндайлар болмаған жерде поэзияның аз сөзді болуы жақсы нәрсе.   Көпсөзділік халық поэзиясында, тіпті екі жүз жолға бармай атының басын ірікпейтінін, тоқырау болмайтынын сіздер білесіздер. Міне, осындай нәрселер сіздерде жоқ. Ал шұбыртып жіберген болсаңыздар, өлең түрінен айрылады. Өлеңнің өлшеуі өзінің мөлшерімен қадірлі. Олай болса, осы қасиетінен айрылады. Ұзақ өлеңнің ұзына бойына бірдей ой да жете бермейді, образ да болмайды. Өлеңнің бірқатары асығыс жайларда жазылады. Ал біздің жастар — оқымысты жастар, ізденуші жастар, білімді жастар. Бұл жастар — поэзияға қойылып жатқан талапты ескеретін жастар. Міне, мұндай жастар терең сырлы, сөзге сараң болғысы келеді.   Образ болмай, ойдың да қасиеті болмайды. Жұрт айтып жүрген ойды сіз де айтасыз, жұрт айтпаған ойды айту — анда-санда бір ұшырасатын бақыт, ол — ырыс.   Жұрт айтпаған ой образдары партияның, жұртшылықтың сүйетін ойы — ол табыс, ол бақыт. Ойдың көпшілігі жұрт айтқан ой болуы мүмкін, бірақ соны басқаша түрде айта білудің өзі қасиет.   Біздің поэзияда да терең ой, мол образ жете қоймай жатыр. Жастар поэзиясына үлкен образдылық керек. Бұл образдылық бірталай жастар өлеңдерінде бар. Мысалы, партия тақырыбында қызық образдар аңғарылады. Т. Молдағалиевтің, Т. Шопашевтің, Қ. Мырзалиевтің өлеңдерінде жақсы ойы образымен табысып жатады. Бұлардың шығармаларын алдыңғы поэзиямен салыстырғанда өзіндік кемшіліктері де бар. Біздің алдыңғы буын поэзиясында үлкен әлеуметтік тақырып, халыққа тәрбиелік тақырып, маркстік-лениндік философияның бүкіл жаңа адамзат тарихына әкелген кең-кең, ұлы-ұлы тақырыптардың бірқатары азайып кеткен сияқты. Халықаралық достық, бейбітшілік, комсомол, ұлы орыс халқы жайындағы тақырып, ұлы адамдардан үйрену мәселесі, халықтар достығы деген тақырыптар, Сәкеннен бастап Қасымға дейін, Қасымнан М. Әлімбаевқа дейін бір буын ілгері жастарға келетін тақырыптар біздің поэзияда, осы жинақтың ішіндегі ақындар шығармаларында азайып кеткен сияқты. Осы күшпен осы сипатты осы ізбен көтерсеңіздер, бұл тақырып тозатын тақырып емес, жырланып мәдениетті дәрежеге жетіп болды деуге болмайды, бірде жетіп, бірде жетпей жүрген тақырып.   Біздің поэзияның барлық буындарына айта кетерлік бір жайды осы арада атап өткім келеді. Орыс поэзиясын былай қойғанда, қырғыз, өзбек, азербайжан, тәжік поэзияларын, Дағыстан поэзиясын алып қарасаңыздар, осында бірнеше адамдардың шығармаларында әр буын ақындардың аузына түсе қоймаған тақырыптар бар. Отан соғысы жылдары басқыншылық жерін шауып алған, бірінің атасы өліп, бірінің әкесі майданға кеткен жастар, бет-аузы қап-қара май болып қалған сан жетім балалар үлкен топтарымен поездарға мініп, бірнеше күн жүдеп-жадап, әр алуан халге ұшыраған, суыққа тоңып, аштыққа ұрынып, Ташкент, Алматы, Омскі қалаларына келді. Бұл балаларды Отан қойнын ашып қабыл алды, тәрбиеледі. Міне, осы мәселе, бүкіл совет поэзиясында сол сұрапыл қиыншылық соғыс дәуірінің анық белгісі ретінде қалған бір өлең "Бауырым, мен сенің атаңмын" деген Ғафур Ғұламның өлеңі. Бұл өлеңінде Ғафур Ғұлам майданда жүрген, қиыншылық көрген советтің жас буынының барлығына аталық қойнын ашып сөйлеген, Отан жүрегін, совет елінің жүрегін көрсеткен. Белоруссияда, Украинада ерте заманнан еврейлер отыратын жерлер болатын, сол жерлерге фашистер келгенде еврейлерді қыра бастаған. Міне, осы еврейлер ауыр халде, бет-бетімен қашып, үлкен қалаларға келген уақыттарда құлақтық мінездер көрсетушілер болды. Осыған қарсы Ғафур Ғұлам "Мен де евреймін" деген өлеңін жазды. Бұл лениндік аса бір асқақ ұран сияқты. Біздің туысқан елдердің ауыздарынан шыққан өлеңдерінің ең бір ірісі.   Дүниежүзіндегі езілген халық елдерінің атынан Африка, Америка негрі атынан "Негр сөйлейді" деп, құлдыққа, теңсіздікке қарсы сөйлейтін ақын өз дәуірінің тарихы атынан сөйлейді. Бұл негрді сөйлетіп отырған совет ақыны — Самед Вургун.   Дағыстан ақыны Расул Ғамзатовтың "Әкеммен әңгіме" деген поэмасы да бар. Ақын сөйлеп отырып, халық алдында өзінің қандай қарызы бар екенін, өз арын халықтың арымен салыстырғанда қарыздармын, соны түсіндім деп ақын әкесінің әруағымен сөйлеседі. Бұл - үлкен серпінді, кең тынысты поэзия.   Тәжік ақыны Тұрсын-заде біздің поэзиямызбен қатар жасап келе жатқан ақындардың ойларына не берді? Оның " Голос Азии" деген өлеңінде тіпті көп білетіндігін көрсетеді. Осы өлеңінде Азия, Африка халықтарының атынан, тіпті Үнді, Қытай ақыны, Гана ақыны, Жапон ақыны айтпаған ойды тәжіктің Тұрсын-задесі сөйлеп тұр. Мұның әрбір жолы бірдей адам аузына түспейтін мәселелер емес, бірақ үлкен, өрлеген ой дәуірдің биігіне шығып сөйлейтін сөздер. Жеке бастың, үй тұрмыстың, туған жеріңнің тақырыбы — бәрі де керек. Бірақ оның да шегі болады. Оның өзінде үлкен ақылдылық, зор толғау арқылы үлкен әдебиеттік шеберлік бар екендігін аңғару керек.   Өздеріңізге белгілі, осы Түрксиб жолы салынғанда бір ақындар өлеңінде, теңеулерінде "қара айғыр" деп, "отарба" деп алғанда, сонда бір өлең жазылды. "Бұл қай жол?" деген. Өткен жылдарда көзінің жасы төгіліп, тұтқын жүрген, өмір зары сан кезген Жетісу жолы деген жол — Қытай мен Европаның сауда қатынас жолы, сол жолмен адамзат көрмеген қастықтар жүрген, бір кездегі Шыңғыстың қанқұйлы жолы қазір Түрксиб жолы түсумен қандай жол болады? — деп, бұрынғы қандыбалақ жауыздар жүрген жолдың енді жаңа Отанның күре тамыры болады, сол темір жол арқылы жаңа ойлар, жаңа тамырмен жаңа қандар жүреді деп Ғафур Ғұлам жазған.   Азия, Африка елінің азаттығы жөнінде де жырлайсыздар. Қатарда келе жатқан ақындар қалай жырлайды? Міне, солардың шығармаларына қарап, танысып отыру керек. Үлкен образ болмай, поэзия болмайды. Сіздер жаңа бақыт пен жаңа мәдениетті ізденудің бойында осы жайларды ойланыңыздар. Сол мәдениетті ақындардың ешбірі айтпаған образды ойлармен айтқандарын сіздер де айта алады деп ойлаймын. Іздену үстінде, үміттену қалпында бір достық тілек: мен ақын емеспін, бірақ ақын өнерімен достардың алдында жақын тұрған қандай өрістер бар, жап-жақын бір белестің астында тұрған кейбір шындық бар, сол белеске шығып, табылмаған жоқты табу, соған тырысу керек деп ойлаймын.   Осымен бірге, Мұхтар қартайғасын ақыл айту дағдысына түскен екен демеңіздер, бірақ бір нәрсені айтқым келеді. Жастар, осы бастан бірнеше әдеттен сақ болыңыздар. Ең алдымен, жақсы жаздым екен деп асқақтамау керек, тумай тұрып толдым, жазбай жатып болдым деуден көшу керек. Бұл мінез адамды жаман нәрсеге апарып ұрындырады. Арақ ішу, мастану осыдан туады. Ұлы Лениннің, Горькийдің кішіпейілдік сияқты жақсы дәстүрі бар. Осыны үйрене білу керек. Мастану дегенді көрмей жүрген жоқсыздар, болып қалдым екен деп алдыңғыны мүйіздеп, шынтағымен қаққылап, өзіне-өзі ғашық болушылық — бұл адамның үлкен соры. Бұл, ең алдымен, өзімшілдікті, өзімшілдік — күншілдікті туғызады. Мәдениеті аз әдебиеттерде бұл үлкен сордың бірі. Екіншіден, жақсы еңбек жаздым, танылмады деп қорықпаңдар, танылмаған Шекспир мен танылмаған Толстой көп бола береді деп ойламаңыздар. Олар дүниеде біреу-ақ. Олар көрінгенге мысал емес. Шала Шекспирлер, толыспаған Толстойлар танылмай жүре берсін. Одан келер-кетер аз ғана. Өңірі табылмаған тау, тереңі танылмаған өзен бар ма? Біздің өмірімізде баға берілмей қалған қасиет бар ма? Бағалы-бағаланбай келген қасиет жоқ. Советтің адал сыны, әділ бағасы құмның түкпіріндегі Кербебаевты да таныды, тапты да ғой. Кішкентай Чукчаның Рытхэуін, Туваның Салчак Токасын таныды да, тапты ғой. Ақындық жақсылығым танылмайды деп ойламаңыздар. Жақсылықты тану ретінде ең әділ, әрі әділетті халық біздің совет халқы. Жақсы баға орын тауып беріледі. Сондықтан әдебиет үшін реклама керек емес. Бұл реклама өзімшілдік, күншілдікті туғызады. Америкаға барғанда Маяковский "Бруклинский мост" деген жыр жазған. Маяковский бұл көпірдің үлкендігін, талантты инженердің кім екенін айтпаған. Ол заманда Бруклин көпірі Маяковскийді таңдандырса, оның бер жағында бізде салынған, астында тіреуіші жоқ көпірді салған инженердің атын қайсыңыз білесіздер? Осыған қарағанда әдебиет саласы ең бір рекламалы, сондықтан өзін-өзі рекламалаудың ешбір қажеті жоқ. Еңбек жақсы жазылса, "басынғалы жатыр" деп бір хабарласа, "басылды" деп екінші рет хабарлайды. Ол шығарманың циклдары журнал бетінде басылады, кітап боп шығады, сыншы мақтау жазады, міне, көріп отырсыздар, әдебиеттен рекламалы не бар? Көп еңбек қаламның сиясы құрғап болмай-ақ даңқтанып жатады. Социалистік Отанда еңбек етіп жүрген жандардың ішінде еңбегін дабырлап жататын тек әдебиетшілер. Сондықтан соның ішінен реклама іздеу бейшаралық нәрсе деп санаймын. Ал жеке адамды рекламалау талантсыздықтың белгісі, ол бейшаралық. Күншілдік пен өзімшілдікке байланысты "менікі оныкінен артығырақ, мені бағаламады" деген нәрселердің барлығы осындай дерттерден пайда болады.   Сіздерден алдыңғы буын алдағы заманның жамандығын ала келетіні болады, сіздер адал әдебиетші, үлкен әділ таразыларың бар, салмақты сабырларың бар, әдебиеттің жақсылығын шын сүйетін, шын берілген кішіпейіл әдебиетші болыңыздар. Жақсы жазғандарыңыз далаға кетпейді, ешбір қасиет бағаланбай қалмайды, алтының танылмай қалмайды. Жақсылық арта түседі. Әдебиетке сұлу мінез әкелуші, үлкен мәдениетті қасиетті әкелуші, нұрлы, жақсы, жарқыраған өрісі бар жастар, еңбектеріңіздің жемісті болуына, талап үстіне талап, нұр үстіне нұр құйып, оқу-білімдеріңіздің өсіп-өрлеуіне зор ағалық достықпен тілек айтамын. Мұхтар Әуезов

Жыл келгендей жаңалық сеземіз

 

Жолдастар, мен поэзияның жайын айтудан бұрын, жалпы поэзияға иық сүйеп келе жатқан, қатар жүріп келе жатқан өзіміздің ісімізде, тіршілігімізде, тарихымызда поэзияның табыстарымен қатар, халқымыздың әрқашан есімізде жүретін бірер жайларға жұбаныш алған, сүйсінген күйді айта кеткім келеді.

 

Қырық жыл деген — бір адамның өмірімен өлшенетіндей бірталай ұзақ дәурен. Қырық жылдың ішінде толып жатқан жаңалықтар қырық ғасыр да жетпейтін өріске біздің Одақ, оның ішінде қазақ сияқты елдердің табыстарын көрсететіні рас. Он-он бес жылдан соң болған жаңғыру, жаңа табыс өрлеудің жиынтық ойларын ойлай бастағандық сонда аңғарылады. Бізде осы күнде музыка саласында соңғы жылдары қазақ композиторларының қатарына жас талант композиторлар келіп қосылды да, қазақ әнін Абай әкелген дәрежеден, халықтық шырқау әндерінің үнін Абайдан әрі қарай дамытып, камералық музыкадан ауыстырғанда, бірталай симфониялық музыка тілінде айтылатын, соңғы жылдарда туып жатқан формалар туған да шығар, бірақ соңғы жылдарда туып жатқан жаңа әндер де бар. Ол әндер қандай ән? Оның мен бұл арада авторларын, әндерін айтып жатпайын, оны өздеріңіз де білесіздер. Колхозда болғанда жастардың аузынан, шоферлерден, кейде шопандардан, кейде обком, райком секретарьларының өздері-ақ айтып жүретін, адамды сүйсіндіретін тамаша әндер бар. Бұрынғы Абай, Біржан, Ақанның әндері емес. Жуықта болып өткен композиторлардың жиналысында Қазақстан композиторлары вальсомания жолына түсті деп сын айтты. Бірақ Хамидидің "Қазақ вальсі", Ш. Қалдаяқовтың "Ақмаңдайлым" сияқты вальстеріндей вальс көбейе берсе екен дер ем. Штраустың "Үлкен вальсі" — осы күнге дейін жұртшылықтың сүйсіне тыңдайтын вальсі.

 

Осы сияқты суретшілерге келгенде, суретшілердің арасында да бірсыдырғы жақсы буын өсіп келе жатыр. Халық суретшісі Қастеевті санамағанда, Орал Таңсықбаевтан кейінгі үзеңгілес келе жатқан Кенбаев, Мәмбеев, Телжанов, Нұрмұханбетов сияқты кіші жас буындар бар. Осы күнді олардың сезінуі, сол жайларын өздерінің өнерімен көрсетуге келгенде қазақтың жаңа сурет өнері өте жақсы, жаңа сапада өсіп келе жатқандығын көреміз.

 

Сол жайды біз өзіміздің жастар туғызып жатқан қазақ поэзиясы, қазақ лирикасы жайында айтқым келеді. Осы үш саланың табыстарын жаңа жыл келгендей өнердің жаңа, жас қайраткерлері келіп, қазақтың музыка, живопись, поэзия өнеріне жаңа бір жыл келгендей жақсылық әкеле жатқан сияқты.

 

Бізден арғы кездегі ақындарды қоя тұрып, бізден бергі атақты ақындар мен жас ақындардың бірқатарының шығармаларын алғанда, бұл арада жақсы-жақсы айырмыс бар, әрине, сонымен бірге олқылық та, кемшілік те бар. Сөз нақтылы болу үшін мен өзім кімдердің шығармасын оқыдым, соларды атап өткім келеді. Сол оқығандарыма сүйсіне отырып, лирика туралы айтатын қорытындым да бар. Мәселен, I. Мәмбетовтен "Жас қанат" жинағының ішінен тәуір деген өлеңдерім: "Жайыққа", "Өгей шешеме" сияқты өлендерін атап өтер едім. Т. Шопашевтан сүйсініп оқыған өлеңдерім: "Сарысудағы жас", "Шиелі", "Нартай ақын", "Сырласу" өлеңдерін көп өлеңнің ішінен сүйсініп оқыдым. Т. Молдағалиевтің өлеңдерінің ішінен: "Алматы таңы", "Көктем", "Асыл ұстазға", "Немере сыры", "Хат" деген өлеңдері ұнатып оқыған шығармаларым. Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлендерін сүйсініп оқыдым. "Партия туралы жыр", "Анама", "Абзал ана" деген сияқты өлеңдері. Жинаққа кірген шығармалардың көпшілігін түгел оқып шықтым. Жинаққа кірмеген, бұл өлеңдердің сыртында басқа өлеңдер де бар, бұрын да көзге түсіп жүрген өлеңдер. Жинақтағы барлық шығармаларды түгел оқып үлгергенім жоқ, бірақ келешекте оқымақшымын. Менің де ойымда жүрген жайлар бар. Ертедегіні еске түсіре, жаңа поэзия әкелген жаңалықтарды білмек мақсатымның бар екенін айтқым келеді.

 

К, Мырзалиевтің өлеңдері маған өте ұнады. Мысалы, "Жас ақынға", "Жырға сыймас нұр көрдім", "Еңбек" деген өлеңінің өзінде жұртшылық аузына түсе қоймаған талай оралымдар, шеберліктер сезілетін сияқты болады. Жаңа шығармалардың әрқайсысынан бұл сияқты цитаталар келтіріп жатсам, менің сөзім үлкен баяндамаға айналған болар еді. Менің оқымаған шығармаларымның ішінде де жақсы нәрселер болу керек.

 

Жалпы лирика туралы, қорытып айтқанда, біздің әдебиетке мәдениетті ақындар, оқыған ақындар келе бастаған. Бүкіл Совет Одағы көлеміндегі жазушыларды алмағанда, көршілес қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен, татар әдебиеттерін алғанда да оқыған, мәдениеттенген ақындар әкелмеген, өмір тәжірибесін басынан көп кешкен, өмірді, Отанның арманын ұға келген жақсы жазушылар бар екені рас. Бірақ қазір бірталай жанрлар білімді керек қылады. Оқымаған адамның драматург болып кетуі, оқымаған адамның романист болып кетуі оңай нәрсе емес сияқты. Шын жақсы өлең жазу үшін оқымаған адам болуы мүмкін емес. Халық поэзиясының өз шама-шарқына қарай жақсы шығарған шығармалары бар. Біздің дәуірімізде оқымысты ақындардың өмірге келгендігінің бір белгісі - қазақ әдебиетінің өзіндегі дәстүрлер ғана емес, айналасын көріп, шарлап қалғандығы байқалады. Твардовский, Исаковский, Вургун, Гамзатов сияқты ақындар қалай жырлайды? Айналаны, есікті түртіне жүргендігі байқалады. Жалғыз қазақ әдебиеті көлемінде өзімен-өзі болып, жалғыз шапқан аттың көдеден, бұтадан озғаны сияқты болу жарамайды. Ұлы орыс әдебиетінен туысқан тілдес елдердің әдебиетін, тілі бөлек әдебиет ақындарының аудармаларын оқып, үлгілерін көре отырып, ойлана отырып, іздену деген оқыған жастардың поэзияға келіп жеткендігін көрсетеді. Жинаққа кірген өлеңдердің олпы-солпы еш жері жоқ, бәрі де жып-жинақы, жап-жақсы әзірлікпен жазылған өлеңдер. Соның ішінде әдебиетке қойылып жүрген талаптарды ескергендігі байқалады. Өйткені қайталанбайды. Ой, тақырыбы қайталанғанымен, бұрынғы біреулердің жазғанын қайталау деген жоқ, әркім өз үйін танытқысы келеді. Поэзияның тақырыбы шағын болса да, өзінің туған жерін, анасының жайын, көктем, күз, қыс, махаббат мәселесін айтқысы келеді. Бұл тақырыптар бүкіл адамзат тарихы болғаннан бері айтылып келе жатқан тақырыптар. Әрдайым өз үнімен, өзіндік сөзімен, өз күйі, өзге білмеген бір пернені басады. Қазіргі поэзияның, мәдениетті поэзияның өкілдерінің — әрбір ақынның өзінің өзіндік тілі, үні біреудің айтқанын жазу керек емес дегендей талаптарды өздеріңізге өздеріңіз қойып келе жатқандықты байқатады.

 

Адам поэзия арқылы дүниеде танымағанын танытып, өзінің сезімі, санасы арқылы адамға танытады. Ақын бірқыдыру өзіндік жаңалық тапқысы келеді, өзін-өзі танығысы келеді, өз өмірінің үлкен шындығын, балалығын, анасын айтады. Жарды, жерді айтады, махаббат жайын жырлайды. Бар ақындар көп жерлерде тақырыптарды қайталап жүреді, үйіріліп жүрген бір шумақ тақырыптар бар екенін көресіздер. Соның ішінде партия, Ленин жайы, осы қырық жылдан бері келе жатқан ұлы дәстүр бойынша тақырыптардың ішінде бұлар да жүр. Соларды жырлағанда, соны тілмен жырлағысы келгендігі байқалады. Сағи Жиенбаевтың "Партия туралы жырында" толып жатқан образ, көп шындық, жұртшылыққа ортақ шындық бар. Ол шындық — бас мақаланың көлеміңде публицистика, журналистика ретінде шебер айтылып жүрген шындық. Бейбітшілік, халықаралық достықты айтқанда өлең, публицистикалық түр мен саяси лирикалық түр деп жатсақ та, бәрібір лирикамен ұйқастырылған бас мақала сияқты болып келетіні бар. Тың ой, тың образ, болмаса шешен ұйқастырылған сөздер болады. Мұның өзі поэзия болуы сенімсіз емес пе? Мұнда жастар Отан жайлы айтқысы келгенде, Ленин жайын айтқысы келгенде, жастардың бұл жағынан да жаңалығы байқалады. Жастардың "мені" біртүрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар, поэзияға керек нәрсе — осы шыншылдық.

 

Менің бүгінгі аңғарғаным, бүгінгі жастардың барлығы да өз тілін жақсы біледі екен. Мен, менен кейінгі буын Әбділда, Ғали, Тайырлар қазақ халқының тілі дегенді білуге жағдайлары, мүмкіншіліктері көп болған жастар. Мен сіздерге бұл бола бермейді, қазақтың халық тілін жақсы білдіретін адамдар, орта кездесе бермейді, сондықтан да сіздер тілді жақсы білмейді ме деуші едім.

 

Әдебиеттен, кітаптан оқып үйренесіздер, кезі келгенде, колхозға барғанда, ауданға барғанда, ұшырасқан кәріқұлақ адамдардан естімесеңіздер, көпшілігінде газет, радио тілі болады да, сондықтан жастар тілге шорқақ болады-ау деп ойлаушы едім. Қазіргі жастар талабы бар, табиғатты, көргенін айтқанда, басқа ақындардың үніне үн қосып, ілесе сөйлеп келгенде, барлығында да тіл орамы, ой толғамы сай келіп отырғандығын танытады.

 

Осымен бірге айтылатын нәрсе: тағы бір үлкен қасиет — көпсөзділік азайыпты. Сіздерден алдыңғы буында көпсөзділік байқалатын. Көпсөзділікке терең ой қосылса, нұр үстіне нұр ғой. Көпсөзділікпен ойы ұштасқан Уитмен, Павло Неруда, Жоржу Амаду, Луи Арагон сияқты дүниежүзіндегі бейбітшілік үшін алысып жүрген революциялық санадағы ақындардың бірі Назым Хикмет, міне, бұлардың ұзағырақ жазатыны бар. Бірақ олар соны, тың, терең ойлы келеді. Ой болмаса, шығарма терең қасиетті болмайды. Жұрт айтқанын айтарсыз, соның өзінде өзіндік тілмен айта білу керек. Сол ой образбен айтылуы керек. Мұндайлар болмаған жерде поэзияның аз сөзді болуы жақсы нәрсе.

 

Көпсөзділік халық поэзиясында, тіпті екі жүз жолға бармай атының басын ірікпейтінін, тоқырау болмайтынын сіздер білесіздер. Міне, осындай нәрселер сіздерде жоқ. Ал шұбыртып жіберген болсаңыздар, өлең түрінен айрылады. Өлеңнің өлшеуі өзінің мөлшерімен қадірлі. Олай болса, осы қасиетінен айрылады. Ұзақ өлеңнің ұзына бойына бірдей ой да жете бермейді, образ да болмайды. Өлеңнің бірқатары асығыс жайларда жазылады. Ал біздің жастар — оқымысты жастар, ізденуші жастар, білімді жастар. Бұл жастар — поэзияға қойылып жатқан талапты ескеретін жастар. Міне, мұндай жастар терең сырлы, сөзге сараң болғысы келеді.

 

Образ болмай, ойдың да қасиеті болмайды. Жұрт айтып жүрген ойды сіз де айтасыз, жұрт айтпаған ойды айту — анда-санда бір ұшырасатын бақыт, ол — ырыс.

 

Жұрт айтпаған ой образдары партияның, жұртшылықтың сүйетін ойы — ол табыс, ол бақыт. Ойдың көпшілігі жұрт айтқан ой болуы мүмкін, бірақ соны басқаша түрде айта білудің өзі қасиет.

 

Біздің поэзияда да терең ой, мол образ жете қоймай жатыр. Жастар поэзиясына үлкен образдылық керек. Бұл образдылық бірталай жастар өлеңдерінде бар. Мысалы, партия тақырыбында қызық образдар аңғарылады. Т. Молдағалиевтің, Т. Шопашевтің, Қ. Мырзалиевтің өлеңдерінде жақсы ойы образымен табысып жатады. Бұлардың шығармаларын алдыңғы поэзиямен салыстырғанда өзіндік кемшіліктері де бар. Біздің алдыңғы буын поэзиясында үлкен әлеуметтік тақырып, халыққа тәрбиелік тақырып, маркстік-лениндік философияның бүкіл жаңа адамзат тарихына әкелген кең-кең, ұлы-ұлы тақырыптардың бірқатары азайып кеткен сияқты. Халықаралық достық, бейбітшілік, комсомол, ұлы орыс халқы жайындағы тақырып, ұлы адамдардан үйрену мәселесі, халықтар достығы деген тақырыптар, Сәкеннен бастап Қасымға дейін, Қасымнан М. Әлімбаевқа дейін бір буын ілгері жастарға келетін тақырыптар біздің поэзияда, осы жинақтың ішіндегі ақындар шығармаларында азайып кеткен сияқты. Осы күшпен осы сипатты осы ізбен көтерсеңіздер, бұл тақырып тозатын тақырып емес, жырланып мәдениетті дәрежеге жетіп болды деуге болмайды, бірде жетіп, бірде жетпей жүрген тақырып.

 

Біздің поэзияның барлық буындарына айта кетерлік бір жайды осы арада атап өткім келеді. Орыс поэзиясын былай қойғанда, қырғыз, өзбек, азербайжан, тәжік поэзияларын, Дағыстан поэзиясын алып қарасаңыздар, осында бірнеше адамдардың шығармаларында әр буын ақындардың аузына түсе қоймаған тақырыптар бар. Отан соғысы жылдары басқыншылық жерін шауып алған, бірінің атасы өліп, бірінің әкесі майданға кеткен жастар, бет-аузы қап-қара май болып қалған сан жетім балалар үлкен топтарымен поездарға мініп, бірнеше күн жүдеп-жадап, әр алуан халге ұшыраған, суыққа тоңып, аштыққа ұрынып, Ташкент, Алматы, Омскі қалаларына келді. Бұл балаларды Отан қойнын ашып қабыл алды, тәрбиеледі. Міне, осы мәселе, бүкіл совет поэзиясында сол сұрапыл қиыншылық соғыс дәуірінің анық белгісі ретінде қалған бір өлең "Бауырым, мен сенің атаңмын" деген Ғафур Ғұламның өлеңі. Бұл өлеңінде Ғафур Ғұлам майданда жүрген, қиыншылық көрген советтің жас буынының барлығына аталық қойнын ашып сөйлеген, Отан жүрегін, совет елінің жүрегін көрсеткен. Белоруссияда, Украинада ерте заманнан еврейлер отыратын жерлер болатын, сол жерлерге фашистер келгенде еврейлерді қыра бастаған. Міне, осы еврейлер ауыр халде, бет-бетімен қашып, үлкен қалаларға келген уақыттарда құлақтық мінездер көрсетушілер болды. Осыған қарсы Ғафур Ғұлам "Мен де евреймін" деген өлеңін жазды. Бұл лениндік аса бір асқақ ұран сияқты. Біздің туысқан елдердің ауыздарынан шыққан өлеңдерінің ең бір ірісі.

 

Дүниежүзіндегі езілген халық елдерінің атынан Африка, Америка негрі атынан "Негр сөйлейді" деп, құлдыққа, теңсіздікке қарсы сөйлейтін ақын өз дәуірінің тарихы атынан сөйлейді. Бұл негрді сөйлетіп отырған совет ақыны — Самед Вургун.

 

Дағыстан ақыны Расул Ғамзатовтың "Әкеммен әңгіме" деген поэмасы да бар. Ақын сөйлеп отырып, халық алдында өзінің қандай қарызы бар екенін, өз арын халықтың арымен салыстырғанда қарыздармын, соны түсіндім деп ақын әкесінің әруағымен сөйлеседі. Бұл - үлкен серпінді, кең тынысты поэзия.

 

Тәжік ақыны Тұрсын-заде біздің поэзиямызбен қатар жасап келе жатқан ақындардың ойларына не берді? Оның " Голос Азии" деген өлеңінде тіпті көп білетіндігін көрсетеді. Осы өлеңінде Азия, Африка халықтарының атынан, тіпті Үнді, Қытай ақыны, Гана ақыны, Жапон ақыны айтпаған ойды тәжіктің Тұрсын-задесі сөйлеп тұр. Мұның әрбір жолы бірдей адам аузына түспейтін мәселелер емес, бірақ үлкен, өрлеген ой дәуірдің биігіне шығып сөйлейтін сөздер. Жеке бастың, үй тұрмыстың, туған жеріңнің тақырыбы — бәрі де керек. Бірақ оның да шегі болады. Оның өзінде үлкен ақылдылық, зор толғау арқылы үлкен әдебиеттік шеберлік бар екендігін аңғару керек.

 

Өздеріңізге белгілі, осы Түрксиб жолы салынғанда бір ақындар өлеңінде, теңеулерінде "қара айғыр" деп, "отарба" деп алғанда, сонда бір өлең жазылды. "Бұл қай жол?" деген. Өткен жылдарда көзінің жасы төгіліп, тұтқын жүрген, өмір зары сан кезген Жетісу жолы деген жол — Қытай мен Европаның сауда қатынас жолы, сол жолмен адамзат көрмеген қастықтар жүрген, бір кездегі Шыңғыстың қанқұйлы жолы қазір Түрксиб жолы түсумен қандай жол болады? — деп, бұрынғы қандыбалақ жауыздар жүрген жолдың енді жаңа Отанның күре тамыры болады, сол темір жол арқылы жаңа ойлар, жаңа тамырмен жаңа қандар жүреді деп Ғафур Ғұлам жазған.

 

Азия, Африка елінің азаттығы жөнінде де жырлайсыздар. Қатарда келе жатқан ақындар қалай жырлайды? Міне, солардың шығармаларына қарап, танысып отыру керек. Үлкен образ болмай, поэзия болмайды. Сіздер жаңа бақыт пен жаңа мәдениетті ізденудің бойында осы жайларды ойланыңыздар. Сол мәдениетті ақындардың ешбірі айтпаған образды ойлармен айтқандарын сіздер де айта алады деп ойлаймын. Іздену үстінде, үміттену қалпында бір достық тілек: мен ақын емеспін, бірақ ақын өнерімен достардың алдында жақын тұрған қандай өрістер бар, жап-жақын бір белестің астында тұрған кейбір шындық бар, сол белеске шығып, табылмаған жоқты табу, соған тырысу керек деп ойлаймын.

 

Осымен бірге, Мұхтар қартайғасын ақыл айту дағдысына түскен екен демеңіздер, бірақ бір нәрсені айтқым келеді. Жастар, осы бастан бірнеше әдеттен сақ болыңыздар. Ең алдымен, жақсы жаздым екен деп асқақтамау керек, тумай тұрып толдым, жазбай жатып болдым деуден көшу керек. Бұл мінез адамды жаман нәрсеге апарып ұрындырады. Арақ ішу, мастану осыдан туады. Ұлы Лениннің, Горькийдің кішіпейілдік сияқты жақсы дәстүрі бар. Осыны үйрене білу керек. Мастану дегенді көрмей жүрген жоқсыздар, болып қалдым екен деп алдыңғыны мүйіздеп, шынтағымен қаққылап, өзіне-өзі ғашық болушылық — бұл адамның үлкен соры. Бұл, ең алдымен, өзімшілдікті, өзімшілдік — күншілдікті туғызады. Мәдениеті аз әдебиеттерде бұл үлкен сордың бірі. Екіншіден, жақсы еңбек жаздым, танылмады деп қорықпаңдар, танылмаған Шекспир мен танылмаған Толстой көп бола береді деп ойламаңыздар. Олар дүниеде біреу-ақ. Олар көрінгенге мысал емес. Шала Шекспирлер, толыспаған Толстойлар танылмай жүре берсін. Одан келер-кетер аз ғана. Өңірі табылмаған тау, тереңі танылмаған өзен бар ма? Біздің өмірімізде баға берілмей қалған қасиет бар ма? Бағалы-бағаланбай келген қасиет жоқ. Советтің адал сыны, әділ бағасы құмның түкпіріндегі Кербебаевты да таныды, тапты да ғой. Кішкентай Чукчаның Рытхэуін, Туваның Салчак Токасын таныды да, тапты ғой. Ақындық жақсылығым танылмайды деп ойламаңыздар. Жақсылықты тану ретінде ең әділ, әрі әділетті халық біздің совет халқы. Жақсы баға орын тауып беріледі. Сондықтан әдебиет үшін реклама керек емес. Бұл реклама өзімшілдік, күншілдікті туғызады. Америкаға барғанда Маяковский "Бруклинский мост" деген жыр жазған. Маяковский бұл көпірдің үлкендігін, талантты инженердің кім екенін айтпаған. Ол заманда Бруклин көпірі Маяковскийді таңдандырса, оның бер жағында бізде салынған, астында тіреуіші жоқ көпірді салған инженердің атын қайсыңыз білесіздер? Осыған қарағанда әдебиет саласы ең бір рекламалы, сондықтан өзін-өзі рекламалаудың ешбір қажеті жоқ. Еңбек жақсы жазылса, "басынғалы жатыр" деп бір хабарласа, "басылды" деп екінші рет хабарлайды. Ол шығарманың циклдары журнал бетінде басылады, кітап боп шығады, сыншы мақтау жазады, міне, көріп отырсыздар, әдебиеттен рекламалы не бар? Көп еңбек қаламның сиясы құрғап болмай-ақ даңқтанып жатады. Социалистік Отанда еңбек етіп жүрген жандардың ішінде еңбегін дабырлап жататын тек әдебиетшілер. Сондықтан соның ішінен реклама іздеу бейшаралық нәрсе деп санаймын. Ал жеке адамды рекламалау талантсыздықтың белгісі, ол бейшаралық. Күншілдік пен өзімшілдікке байланысты "менікі оныкінен артығырақ, мені бағаламады" деген нәрселердің барлығы осындай дерттерден пайда болады.

 

Сіздерден алдыңғы буын алдағы заманның жамандығын ала келетіні болады, сіздер адал әдебиетші, үлкен әділ таразыларың бар, салмақты сабырларың бар, әдебиеттің жақсылығын шын сүйетін, шын берілген кішіпейіл әдебиетші болыңыздар. Жақсы жазғандарыңыз далаға кетпейді, ешбір қасиет бағаланбай қалмайды, алтының танылмай қалмайды. Жақсылық арта түседі. Әдебиетке сұлу мінез әкелуші, үлкен мәдениетті қасиетті әкелуші, нұрлы, жақсы, жарқыраған өрісі бар жастар, еңбектеріңіздің жемісті болуына, талап үстіне талап, нұр үстіне нұр құйып, оқу-білімдеріңіздің өсіп-өрлеуіне зор ағалық достықпен тілек айтамын.

Мұхтар Әуезов

Бөлісу: