Жүрекпен туысқандар

5 Желтоқсан 2012, 04:32

Жүрекпен туысқандар Ұлы украин халқының 300 жылдық сәулетті мерекесін еске алғанда барлық Отанымызда қозғалмайтын жүрек жоқ. Совет Одағының қай түкпірінен, қай ұлтынан шықса да, әрбір совет адамының көңілі сол Украина жөнінде нелер ыстық сезімдерді, нелер естен шықпас естегілерді, нелер терең ойларды толқытпай тұра алмайды. Бізге Украинаның тарихы да қымбат. Оның Россиямен тағдырын қосу арқылы өзінің жарқын болашағын тапқан тарихы қымбат. Бұл тарихтың талай беттері Россиямен туысып, табысқан біздің басқа көп халықтарымыздың тарихтарының беттерімен ұқсас. Ұлы Октябрьде азаттық, теңдік алған халықтардың отанын құруда Украинаның рөлі де бізге өзгеше қымбат, ерекше қадірлі. Біздің барлық халықтарымыз Украинамен бейбіт құрылыс жылдарында және Ұлы Отан соғысы жылдарында толып жатқан жолдармен жалғасып табысқан. Сол естен кетпес дәуірлерде ұлы Украинамен тағдыры, қайраты, ой-сезімі байланысты болмаған жан бар ма еді! Украина мен Советтік Қазақстан да сондайлық терең, берік күйде табыса туысқан. Бүкіл қазақ халқының баласынан қартына дейін осындай тарихи және күнделікті нық достық байланысты сезбейтіні жоқ. Өткен шақтың көңілсіз бір дәуірін еске алсақ, тарихтық трагедия басында тұрған, қапалық шеккен бір халық бар еді. Осы халықтың сол мұңды күйі Украина халқының ұлы азаматы Тарас Григорьевич Шевченконың азалы шағымен аралас еді. Ол ұлы жан құла түзде, жат өлкеде көп жылдар азап шекті. Ер қайраты, зор жүрегі мойымаса да, азап жазаға бұйырылған Прометейдің қасіретін тартты. Сол қу медиен құнарсыз өлке — Қосаралда ол заманда қуаныш былай тұрсын, нашар ғана күн көрістің өзі де мұң еді. Өзі де бұл өлкенің бөтені, өгей ұлы болған ол күннің қазағы да сорлы өмір кешкен. Ол әрі табиғаттың, әрі шел ғасырлар тарихының өгей ұлы еді. Сол жапа шеккен халықтың ықтиярсыз келгіні болған ақын Тарас сезімтал жүрегімен қайғылы халықтың қасіретін ұқты. Ең даланың мұңына оның сан алуан қапа-қасіретін қоса түсінді. Осы халыққа арнап ол жыр да жазды. Сол халықтың жүрегіне өз жүрегін жалғастыра білді. Бұл халықтың ғасырлар бойындағы арманы мен аңсағанын жыр етіп, жар салды. Өткен бір дәуреннен қалған тарихи достықтың айғағы осылай болатын. Одан бері келе жаңа түрде, өзгеше кең жолмен жарқын сәулеге оранған жаңа достық айғақтары пайда болды. Бұл достық Азамат соғысының алай-түлей жылдарында Украина мен Қазақстанның адал ұлдарының қайратымен шыңдалды, ерлік майданында шынықты. Адамзат тарихында ең алғаш рет азаттық алған, туысқан боп табысқан халықтардың Отаны туды. Оны даналықпен бастаушы Коммунистік партия мен Совет үкіметі бүкіл Одақтағы барлық ұлттардың адал жауынгер ұлдарының қайратын қосты. Ұлы Октябрь күндерінде жаңаша тарихи туысқандық туып, нығая түсті. Сол табысу, тоғысу жолдары жаңа дәуірде еңбекшілер Отанында социализм орнату дәуірінде үнемі дами берді. Бірінші бесжылдықтың тұңғыш алыбы — Түрксиб салынған жылдарда тарих қазақ халқының өзгеше бір еңбек ерлігін көрді. Сол дәуірдегі қазақ әдебиеті Түркістан — Сибирь жолы шөл сахараны басып өтердегі украин грабарьларының қайратына да көп куәлік айта алды. Туысқан украин еліне ерекше ауыр күн туып, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан жылдардың өзінде де Донбасс шахтерлерінің ерлік еңбегі Қарағанды шахтерлерінің еңбек жеңістеріне талай табыстар қосты. Гитлершіл-фашистермен қанды майданға түскен кезеңде Украинаның құт далаларында, қадірлі қалаларында, Днепрдің қымбатты жағаларында қазақ халқының да адал, асыл ұлдары қасиетті ерлік көрсетті, талай ауыр құрбандыққа шыдады, сол ұлы туысқандық пен достықтың талабын ақтап, тілегін орындады. Халықтарымыздың айнымас достығы бұл шақта тағы да нығая түсіп, аса берді. Елдеріміздің арасындағы достық белгілері тек саяси, әскери, шаруашылық тарихымызда ғана туып қойған жоқ. Бұларға қосымша және өзгеше қымбатты жолдарымыз, қадірлі арқау-жалғасымыз бар. Ол — халықтардың жүрегімен жүрегін жалғастыратын, рухани қатысын нығайтатын байланыстар. Ол — рухани, мәдени байланыстар. Осы қатарда ең елеулі орын біздің туысқан әдебиеттерімізге тиісті. Берік-бекем байланысқан достық пен туысқандықтың үлгілерін біздің халықтарымыздың қадірлі ұлдары мен қыздары аңдатады. Осы айтқанның анық айғағы дәл бүгінгі ақын-жазушыларымыздың үн қоса жырлаған күйлерінен көрінеді. Осындай қадірлі орында айта алатын асыл адамдарымыз - Шевченко, Леся Украинка, Франко, Абай, Жамбыл тәрізді алдыңғы буынның ақын-жазушылары. Соған жалғас көркем, әсем жырлар тудырған қадірлі қалам қайраткерлерін — Павло Тычина, Микола Бажан, Корнейчук, Гончар, Натан Рыбак, Забила сияқты украин және қазақ халықтарына бірдей мәлім ақын-жазушыларды еске аламыз. Бұлар қазақ тіліне аударылып басылып шыққан шығармалары арқылы қазақ оқушыларына өздерінің ой-жүрегін ашып, сырласа жалғасады. Олар қазір қазақ халқына өзінің туған халқының толқынды тарихы мен бүгінгі шат шағын баян етеді. Украина туралы сол қазақ оқушысына Қазақстанның да көрнекті ақындары асыл жырлар шертеді. Осы саналғандардың бәрі де қазақ халқының жүрегіне жақын жайлар. Украина халқының өткені мен бүгінгі бақытты күні тудырған қадірлі қазыналарын қазіргі қазақ совет халқының аталары, аналары, балалары түгел қадірлей біледі. Украина мен оның халқын біздің халқымыз осылайша біледі және жақсы біледі деп айта аламыз. Тегінде, сондай білудің негізінде ғана, украин халқының мәңгілік ұлы қазынасына сүйсіне қарап, соны сүю сезімі туды деп айта аламыз. Сол тәрізді, қазақ тарихының да өткендегі қадірлісі мен бүгінгі қасиетті табысы туралы украин халқы да жақсы біледі. Қазақ совет мәдениетінің жаңа жақсы табыстарын Украина әдебиеті мен көркем өнерінің барлық қайраткерлері барынша, шын туысқандық қуанышпен қарсы алады. Украин халқының бүгінгі буындары совет дәуірінің ұлы ақыны қарт Жамбылды көптен бері қадірлеп таныған. Украин халқының балдырған ұрпағы өз мектептерінде Жамбыл шығармаларын талайдан бері сүйіп оқып келеді. Украин оқушыларының қалың көпшілігі Абайды да жақсы біліп, жақсы көріп, оның жайын да біле түсуге ынтығады. Қазақтың музыка өнері мен театрлық көркемөнер қайраткерлерінің ататақтары да туысқан украин халқына жақсы мәлім. Соңғы он жыл шамасында қазақ және украин халықтарының арасындағы достықты өсіре, асыра түсуге айрықша еңбек еткен майданда болған біздің ақын-жазушыларымыз деп айта аламыз. Қазақстан жазушыларының майдан далаларында туған өлең, поэмалары қазірде қазақ халқының қалың көпшілігіне мол тарады. Ол жыр-дастандар Украина мен оның халқына арналған махаббатты танытады. Бұл жырлардың өзі де халықтар достығын нығайтушы құрал есебінде өзгеше тарихи орын алады. Украина туралы Саинның, Әбілевтің, Сәрсенбаевтің, тағы басқалардың соғыс жылдарында туған жырлары қазақ халқына қымбат қазыналардың бірі болды. Осы аталған ақындардың өздерінің ақындық өсу жолдарын алғанда да олардың Украина туралы жалынды жырлары өзгеше қадірлі орын алады. Сондықтан да Қазақстан ақындары Ж. Саин, Ә. Сәрсенбаев және басқалары өздерінің Украинада болған кездерін ақындық өмірбаяндарының ең елеулі шағы деп санайды. Әсіресе олар Украина жауынгерлерінің, партизандарының және Украина халқының өзін танып-біліп, қадір тұтқан шақтарын өзгеше бағаласады. Енді Украинаның Россиямен қосылуына 300 жыл толуына арнап Қазақстанның ең көрнекті ақындары "Сәлем саған, Украина!" деген мерекелік жинағын шығарып отыр. Осы қысқа шолудың өзінде аталып өткен байланыс, жалғас жайлардың өзі ғана біздің туысқан елдеріміздің арасындағы достықтың айнымас, азбас айғағы барын танытады. Бұлардың үлкені бар, кішісі бар — бәрі де совет халқының мәңгілікке ие болған бақытты табысының, айнымас достығының айғақтары. Мұншалық туыс табысымызды, берік жұмысымызды ешбір дауыл үзе алмайды, ешбір тасқын бұза алмайды. Бұлар айнымас, мызғымас, берік белгілер. Осы қасиеттерді біз, ата-аналар, кейінгі ұрпақтарымызға өсиет етеміз. Сол қасиетті табыстар болашақ заманда — туысқан мәдениеттердің қосыла тоғысқан шағында әлі де үдей, аса түспек. Осындайлық нақтылы және жарқын достық пен туысқандық айғақтарымызды атай отырып, туысқан Украинаның бақытты ұлдары мен қыздарына шын жүректен жалынды сәлем жолдаймыз!   Мұхтар Әуезов

Жүрекпен туысқандар

Ұлы украин халқының 300 жылдық сәулетті мерекесін еске алғанда барлық Отанымызда қозғалмайтын жүрек жоқ. Совет Одағының қай түкпірінен, қай ұлтынан шықса да, әрбір совет адамының көңілі сол Украина жөнінде нелер ыстық сезімдерді, нелер естен шықпас естегілерді, нелер терең ойларды толқытпай тұра алмайды.

Бізге Украинаның тарихы да қымбат. Оның Россиямен тағдырын қосу арқылы өзінің жарқын болашағын тапқан тарихы қымбат. Бұл тарихтың талай беттері Россиямен туысып, табысқан біздің басқа көп халықтарымыздың тарихтарының беттерімен ұқсас. Ұлы Октябрьде азаттық, теңдік алған халықтардың отанын құруда Украинаның рөлі де бізге өзгеше қымбат, ерекше қадірлі.

Біздің барлық халықтарымыз Украинамен бейбіт құрылыс жылдарында және Ұлы Отан соғысы жылдарында толып жатқан жолдармен жалғасып табысқан. Сол естен кетпес дәуірлерде ұлы Украинамен тағдыры, қайраты, ой-сезімі байланысты болмаған жан бар ма еді!

Украина мен Советтік Қазақстан да сондайлық терең, берік күйде табыса туысқан. Бүкіл қазақ халқының баласынан қартына дейін осындай тарихи және күнделікті нық достық байланысты сезбейтіні жоқ.

Өткен шақтың көңілсіз бір дәуірін еске алсақ, тарихтық трагедия басында тұрған, қапалық шеккен бір халық бар еді. Осы халықтың сол мұңды күйі Украина халқының ұлы азаматы Тарас Григорьевич Шевченконың азалы шағымен аралас еді. Ол ұлы жан құла түзде, жат өлкеде көп жылдар азап шекті. Ер қайраты, зор жүрегі мойымаса да, азап жазаға бұйырылған Прометейдің қасіретін тартты. Сол қу медиен құнарсыз өлке — Қосаралда ол заманда қуаныш былай тұрсын, нашар ғана күн көрістің өзі де мұң еді. Өзі де бұл өлкенің бөтені, өгей ұлы болған ол күннің қазағы да сорлы өмір кешкен. Ол әрі табиғаттың, әрі шел ғасырлар тарихының өгей ұлы еді. Сол жапа шеккен халықтың ықтиярсыз келгіні болған ақын Тарас сезімтал жүрегімен қайғылы халықтың қасіретін ұқты. Ең даланың мұңына оның сан алуан қапа-қасіретін қоса түсінді.

Осы халыққа арнап ол жыр да жазды. Сол халықтың жүрегіне өз жүрегін жалғастыра білді. Бұл халықтың ғасырлар бойындағы арманы мен аңсағанын жыр етіп, жар салды. Өткен бір дәуреннен қалған тарихи достықтың айғағы осылай болатын.

Одан бері келе жаңа түрде, өзгеше кең жолмен жарқын сәулеге оранған жаңа достық айғақтары пайда болды. Бұл достық Азамат соғысының алай-түлей жылдарында Украина мен Қазақстанның адал ұлдарының қайратымен шыңдалды, ерлік майданында шынықты. Адамзат тарихында ең алғаш рет азаттық алған, туысқан боп табысқан халықтардың Отаны туды. Оны даналықпен бастаушы Коммунистік партия мен Совет үкіметі бүкіл Одақтағы барлық ұлттардың адал жауынгер ұлдарының қайратын қосты. Ұлы Октябрь күндерінде жаңаша тарихи туысқандық туып, нығая түсті.

Сол табысу, тоғысу жолдары жаңа дәуірде еңбекшілер Отанында социализм орнату дәуірінде үнемі дами берді. Бірінші бесжылдықтың тұңғыш алыбы — Түрксиб салынған жылдарда тарих қазақ халқының өзгеше бір еңбек ерлігін көрді. Сол дәуірдегі қазақ әдебиеті Түркістан — Сибирь жолы шөл сахараны басып өтердегі украин грабарьларының қайратына да көп куәлік айта алды.

Туысқан украин еліне ерекше ауыр күн туып, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан жылдардың өзінде де Донбасс шахтерлерінің ерлік еңбегі Қарағанды шахтерлерінің еңбек жеңістеріне талай табыстар қосты.

Гитлершіл-фашистермен қанды майданға түскен кезеңде Украинаның құт далаларында, қадірлі қалаларында, Днепрдің қымбатты жағаларында қазақ халқының да адал, асыл ұлдары қасиетті ерлік көрсетті, талай ауыр құрбандыққа шыдады, сол ұлы туысқандық пен достықтың талабын ақтап, тілегін орындады. Халықтарымыздың айнымас достығы бұл шақта тағы да нығая түсіп, аса берді.

Елдеріміздің арасындағы достық белгілері тек саяси, әскери, шаруашылық тарихымызда ғана туып қойған жоқ. Бұларға қосымша және өзгеше қымбатты жолдарымыз, қадірлі арқау-жалғасымыз бар. Ол — халықтардың жүрегімен жүрегін жалғастыратын, рухани қатысын нығайтатын байланыстар.

Ол — рухани, мәдени байланыстар.

Осы қатарда ең елеулі орын біздің туысқан әдебиеттерімізге тиісті. Берік-бекем байланысқан достық пен туысқандықтың үлгілерін біздің халықтарымыздың қадірлі ұлдары мен қыздары аңдатады. Осы айтқанның анық айғағы дәл бүгінгі ақын-жазушыларымыздың үн қоса жырлаған күйлерінен көрінеді.

Осындай қадірлі орында айта алатын асыл адамдарымыз - Шевченко, Леся Украинка, Франко, Абай, Жамбыл тәрізді алдыңғы буынның ақын-жазушылары.

Соған жалғас көркем, әсем жырлар тудырған қадірлі қалам қайраткерлерін — Павло Тычина, Микола Бажан, Корнейчук, Гончар, Натан Рыбак, Забила сияқты украин және қазақ халықтарына бірдей мәлім ақын-жазушыларды еске аламыз. Бұлар қазақ тіліне аударылып басылып шыққан шығармалары арқылы қазақ оқушыларына өздерінің ой-жүрегін ашып, сырласа жалғасады. Олар қазір қазақ халқына өзінің туған халқының толқынды тарихы мен бүгінгі шат шағын баян етеді.

Украина туралы сол қазақ оқушысына Қазақстанның да көрнекті ақындары асыл жырлар шертеді.

Осы саналғандардың бәрі де қазақ халқының жүрегіне жақын жайлар. Украина халқының өткені мен бүгінгі бақытты күні тудырған қадірлі қазыналарын қазіргі қазақ совет халқының аталары, аналары, балалары түгел қадірлей біледі. Украина мен оның халқын біздің халқымыз осылайша біледі және жақсы біледі деп айта аламыз. Тегінде, сондай білудің негізінде ғана, украин халқының мәңгілік ұлы қазынасына сүйсіне қарап, соны сүю сезімі туды деп айта аламыз.

Сол тәрізді, қазақ тарихының да өткендегі қадірлісі мен бүгінгі қасиетті табысы туралы украин халқы да жақсы біледі. Қазақ совет мәдениетінің жаңа жақсы табыстарын Украина әдебиеті мен көркем өнерінің барлық қайраткерлері барынша, шын туысқандық қуанышпен қарсы алады. Украин халқының бүгінгі буындары совет дәуірінің ұлы ақыны қарт Жамбылды көптен бері қадірлеп таныған. Украин халқының балдырған ұрпағы өз мектептерінде Жамбыл шығармаларын талайдан бері сүйіп оқып келеді. Украин оқушыларының қалың көпшілігі Абайды да жақсы біліп, жақсы көріп, оның жайын да біле түсуге ынтығады.

Қазақтың музыка өнері мен театрлық көркемөнер қайраткерлерінің ататақтары да туысқан украин халқына жақсы мәлім.

Соңғы он жыл шамасында қазақ және украин халықтарының арасындағы достықты өсіре, асыра түсуге айрықша еңбек еткен майданда болған біздің ақын-жазушыларымыз деп айта аламыз. Қазақстан жазушыларының майдан далаларында туған өлең, поэмалары қазірде қазақ халқының қалың көпшілігіне мол тарады. Ол жыр-дастандар Украина мен оның халқына арналған махаббатты танытады. Бұл жырлардың өзі де халықтар достығын нығайтушы құрал есебінде өзгеше тарихи орын алады.

Украина туралы Саинның, Әбілевтің, Сәрсенбаевтің, тағы басқалардың соғыс жылдарында туған жырлары қазақ халқына қымбат қазыналардың бірі болды. Осы аталған ақындардың өздерінің ақындық өсу жолдарын алғанда да олардың Украина туралы жалынды жырлары өзгеше қадірлі орын алады. Сондықтан да Қазақстан ақындары Ж. Саин, Ә. Сәрсенбаев және басқалары өздерінің Украинада болған кездерін ақындық өмірбаяндарының ең елеулі шағы деп санайды. Әсіресе олар Украина жауынгерлерінің, партизандарының және Украина халқының өзін танып-біліп, қадір тұтқан шақтарын өзгеше бағаласады.

Енді Украинаның Россиямен қосылуына 300 жыл толуына арнап Қазақстанның ең көрнекті ақындары "Сәлем саған, Украина!" деген мерекелік жинағын шығарып отыр.

Осы қысқа шолудың өзінде аталып өткен байланыс, жалғас жайлардың өзі ғана біздің туысқан елдеріміздің арасындағы достықтың айнымас, азбас айғағы барын танытады.

Бұлардың үлкені бар, кішісі бар — бәрі де совет халқының мәңгілікке ие болған бақытты табысының, айнымас достығының айғақтары. Мұншалық туыс табысымызды, берік жұмысымызды ешбір дауыл үзе алмайды, ешбір тасқын бұза алмайды. Бұлар айнымас, мызғымас, берік белгілер. Осы қасиеттерді біз, ата-аналар, кейінгі ұрпақтарымызға өсиет етеміз. Сол қасиетті табыстар болашақ заманда — туысқан мәдениеттердің қосыла тоғысқан шағында әлі де үдей, аса түспек.

Осындайлық нақтылы және жарқын достық пен туысқандық айғақтарымызды атай отырып, туысқан Украинаның бақытты ұлдары мен қыздарына шын жүректен жалынды сәлем жолдаймыз!

 

Мұхтар Әуезов

Бөлісу: