5 Желтоқсан 2012, 04:04
Грек-түрік соғысы (1919-22) - түрік халқының шетелдік басқыншылардан өз елін азат ету жолындағы соғысы. 1-дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшыраған Осман сұлтандығына Антанта елдері (Ұлыбритания, Франция, Италия) әскер кіргізіп, ең маңызды аудандарын басып алды. Одақтастар Стамбул қаалсын, бұғаздарды, Шығыс Дракияны, Анталия мен оның төңірегіндегі аудандарды иеленді. 1919 жылы15 мамырда Антанта елдерінің қолдауымен Грекия Измир қаласымен төңірегін бағындырды. Антанта елдері Осман сұлтандығын өзара бөліп алуға кірісті. Мұндай озбырлыққа шыдамаған түрік халқы генерал Мұстафа Кемалдың бастауымен ұлт-азаттық көтеріліске шықты. Олар Анкара үкіметін құрып, сұлтан төңірегінен біржолата бөлініп шықты да, шетел басқыншыларымен ашық соғысқа кірісті. Антанта елдері жаңа ұлттық үкіметті талқандауды Грекия үкіметіне тапсырды, әрі оған осы еңбегі үшін Измир қаласы мен оның тоңірегіндегі аймақты бермекші болды. 1920 жылы 22 маусымда грек әскерлері шабуылға шығып, партизан жасақтары негізінде құрылған түрік әскерлерін кері шегіндіріп, Балықесир, Бурса қалаларын жаулап алып, Анкараға қарай шабуылға шықты. Грек армиясының 2-тобы еуропалық аймақта шабуылдап, Шығыс Франция аймағын басып алды. 1921 жылдың басында жаңадан құрылған тұрақты түрік армиясы Иненю қалашығы түбінде 1-рет жеңіске жетіп, гректердің шабуылын уақытша тежеді. Антанта елдерінің көмегіне сүйенген гректер адам күші мен материалдық-техникалық жағынан басым болды. 1921 жылы грек армиясының құрамында 96 мың сарбаз, 5600 пулемет, 345 зеңбірек болса, түріктер жағында 51 мың сарбаз, 440 пулемет, 162 зеңбірек болды. 1921 жылы жазда гректер шабуылды қайта бастады. Шілде айында олар Эскишехир, Кютахия, Афьон- Карахисар қалаларын басып алып, тамыз айында Сакария өзеніне жетіп, Анкараға қауіп төндірді. Майдан шебі Анкара қаласынан 30^10 шақырым жерде түрды. Ұлттық халық жиналысы Мұстафа Кемалға төтенше билік беріп, Бас қолбасшы етіп бекітті. 1921 жылы 23 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында Сакария өзені бойында шешуші шайқас болды. 21 күнге созылған қанды қырғында түрік әскерлері грек басқыншыларын талқандап, шешуші жеңіске жетті. Бұл жағдай Түркияның халықаралық жағдайын тұрақтандырып, халықтың еңсесін көтерді. 1921 жылы қазан айында Франция Мұстафа Кемал үкіметімен келісімге қол қойды. Италия үкіметі соғыс әрекеттерінен бас тартуға мәжбүр болды. 1922 жылы тамыз айында түрік әскерлері Батыс Анадолы жерін гректерден азат ету үшін үлкен шабуыл бастады. 9 қыркүйекте Измир қаласы, 13 қыркүйекте Анадолы түбегі жаудан толық азат етілді.