Әр тынысың "Отан" дейтін күн бүгін

5 Желтоқсан 2012, 03:55

Әр тынысың "Отан" дейтін күн бүгін Күн астында көк жайын боп, тыныш теңіз тербеледі. Байтақ Балқаш бетінен кеш самалы келеді. Сол самал жел жылжытқан көкше, мөлдір көп толқын бүгін Ертіс жағасынан дағдыдан тыс күй көрді. Қою будақ түтіні бар мұнарадай мұржалар емес таң қылған. Әсемдігіне Алматының өзі қызығарлық өңшең бес қабат тас үйлі жаңа қала да емес бүгін бөлек көрінген. Теңізге таман төніп келген, күдір белді бір тепсең бар еді. Соның барлық алаң-атырабын өзгеше қалың толқын басыпты. Салқын, сұйық теңіз толқыны емес. Ағылған адам толқыны. Қою, қалың, қайнар толқын. Нөсер әкеле жатқан бұлттай бүктеліп булыққан, кейде көсіліп шалқыған ерен қуат толқыны. Осы толқын үстінде қанатты ұран қалқып келеді... Қазіргі сағатта жүздер жүрегінен, мыңдар миынан атылып шыққан асыл ұран. Ел тынысының атойы сияқты боп, айшықты қызыл тулар желпініп келеді. Бұл келе жатқан еңбек елі. Осы сәтте "Отаным" деген жалғыз ұранды еске алған. Баяғының батырынша бекем басып, Арқаның қоңыр салқын самалын төске алып, айдынды ашумен жиылып жатқан халық қолы... Жиылған мыс заводының мойымас металшылары, байыту фабрикасының шыныққан шеберлері. Жаңа да электрлі Балқаш, балықты Балқаш, жол транспорт халқы, партия, совет басшылығы, оқушы, қызметші жұртшылығы келеді. Аналы, балалы Балқаш, қарт қайраткер, жас жігер Балқашы — баршасы да толқыннан толқын молайтып, қалың жойқын шептей боп тоғысты. "Достарым менің" деп, аяулы Отанына, асыл ана халқына, халқының жігерлі жүрегіне жолдаған ардақты қамқор сәлемін 15 мыңнан асқан айбынды жиын қыбыр етпей тыңдап шықты. Осы жиын жүзінің өзінен-ақ, бүгін осы сәтте барлық Советтер Одағының сан миллион халқының жүрегі қалай соққанын, жігері қалай тасқанын, ашуы қалай алып-ұшып тұрғанын тану қиын емес. Алып тынысы аспан атады. Жан ашуы теңіз бетін шарпығандай. Тістенген жақтарда, қадалған қайрат — көздерде болсын, бір-ақ қана жауап тұр. "Жойылады, жерге қағылады, аты өшеді жайын жынның" деген бір ғана бұйрық-байлау. Осындай өктем өкім ұғасың тебіренген телегейден. Бар металшы атынан: "Жау жауабы артық іс. Майдан тілеген асыл мыс. Бар күшіміз батыр майдан жолына. Әрбір тірлік тынысымыз... сүйікті Отан арына ғана арналды" — деп завод үнін Щербак жолдас жеткізді. "Аяну жоқ, әзірміз. Совет сұңқарлары жау аспанына біз жіберген ажал оғын жұмсасын. Еңбегіміз Отан керегіне жараса, тірлігіміз сонда ғана жарасар" дейді, байыту фабрикасының тобынан берік сертін әкелген инженер Кәдіржанов жолдас. Аясы кең көл бетін сертіне куә етіп, осы кеште салмақты сақ-сақ үнменен ақын да асқақ жыр атты. Жаудың жүзін тілім-тілім етерлік, қылыштай қатал кәр жұмсап еді бүгін ел... Келесі кешкі сағатта жүрекке берік қайрат алып, тастүйін боп тараған жұрт дағдылы түн тыныштығын іздеп кеткен жоқ. Станоктарға, секцияларға, қайнар қазандарға, паровоз котелдерге, агрегатгарға барып-барып, сергек жүзбен кезекке тұрды. Балқаштың барлық мол-мол цехтары бұл күндерде аралары алшақ-алшақ жатқанына қарамай, бір-ақ қимыл үстіндегі бір ғана күйлі агрегаттай зыр қақты. Дүрілдеген, сытырлаған, гуіл қаққан күшті, бапты механизмдер Балқаш жұртшылығының бүгін күндіз дүр-дүр сілкінген, қырандай қаптал қайратын паш еткен тәрізді. Ертеңіне, келер күндерге өнім өктегенін қысқа тілді, мол мағыналы цифрлар баян етті. Қоңырадыр Қоңыраттан кен кемерлеп асқанда, көкше теңіз жағасындағы асқақ мұржалы заводтан мыс та тасқып, толықсып ақты. Басқа бір жайда, адам қалпын алсаң, көңіл таразысы сөз дер ең. Бірақ күйлі Балқаш жайын айтсаң, кешегі кекпен түйілген ел көңілін мықты санды мыстан сына. Сол себепті мұнда да даурық жоқ, дабыл жоқ. Өзді-өз міндетіне үндемей төнген табандылық, шыдам бар. Осы жайдың айрықша көрінісін Қоңырат байқатады. Алыстан естілетін дақпыртын айтпай, жақыннан көрген шынын айтсаң да Балқаш, Қоңырат механиканың ең жаңа, ең мығым, ең өнімді аспаптарына мейлінше мол. Сол жайын меже қып, Қоңыратқа келгенде, қайнар қазан жағасына келгендей, құжынаған қимыл, сапырылысқан сап-сап топтар көрермін дейсің. Әсіресе, кешегідей отаншыл ұран салған қайрат қауымы, бүгін енді біржола бар ашуын сыртқа сап, буы аспанға шыққан әбігер қимыл соңында шығар дейсің. Бірақ Қоңыраттың кең қолатты кернеп алған көп горизонттарына алғашқы рет қарағанда басқаша, тосын күй көресің. Әуелі, демалыс, тыныс уағы ма екен деп те қаласың. Бірақ Балқаш, Қоңырат, қайсысы болсын, бірнеше кезекпен күн-түн тынбай істейтіні есіңе түседі де, "бұ қалай" дейсің. Кен арнасында қауырт топ жоқ. Адам сирек және жым-жырт сияқты. Рас, жұмыс желісі бұнда тар лавадай бір қуысқа түйілген емес. Әлденеше иір-иір горизонттардың бір шеті мен бір шеті талайға кеткен. Ойдан өрге, жотадан жақпарға жеткен. Бірақ сонда да сарт-сұрт ырғақ, сарп ұрған жігер қайда? Осындай оқшау сұраулар әуелгі минуттер көңілге келгенмен, аз аял қылсаң, айыға бастайды. Бір қойнаудан бұлқынып взрыв атылды. Байқай тұрсаң, бір салада өнімді жүріспен өрге басып, электр поезы жосып барады. Артында мол тіркеулері, гандола атты ашық вагондары. Тағы бір қабаттан ылди қарай беттеген өзге бірнеше электровоз. Олар думпкар атты вагондар тартып, кен әкетіп барады. Ойдағы кең далаға бір кез бос порода (керексіз тас топырақ) апарылып, төгіліп жатыр. Қоңырат өз өзгешелігін енді-енді танытып келеді. Мұндай мол кенді, былайша ашық карьермен алу бүкіл біздің Одақта, тіпті бүкіл дүниеде де некен-саяқ. Өзінің айрықша қимыл-қарекеті бар кен арнасы еңбегін де ерекше құралдармен айрықша бір жөнге салыпты. Мұндағы еңбек адамы механиканы мықтап жеккен. Сол себепті үн шығарса, еңсесі биік экскаватор шығарады. Екпінді электровоз еседі. Еңкейіп асап, шалқайып төгіп, қоңыр таудың тас кеудесін кеміріп жатқан экскаваторлар мұнда біреу емес, әлденешеу. Бір текті емес, әлденеше атаның ұлындай. Алыс Америкадан келгені, батыс қиырдан келгені, өзіміздің Орал заводынан келгені — барлығы да баппен қозғалып, батпан қайрат етіп жатыр. Кен денесі жақында. Соған ендеп түсуді ойлаған Қоңырат бүгінде горизонттарда, көбінесе, жердің бет қыртысын алып, кен қабығын аршып жатыр. "Қабық" деген сөз, жалғыз-ақ, бұл тұста өзгеше түсінуді керек етеді. Ол кертілген бел, жапырылған жартас, төңкерілген төбелер. Сол жон-жоталардың жүйе-жүйесіне бұрғы станогы — Армстронг бұрғысы терең-терең індер қазып береді де, оқтын-оқтын аталған үлкенді-кішілі взрывтар жұмыс желісін тарта береді. Міне, осы істердің бәрінің басында аз-аз, селдір-селдір ғана топ көресің. Бірақ Отан күткен қымбат кенді кідіртпей, күндіз-түн демей, ақтарып алып, атқарып жөнелтіп тұрған осы үнсіз, шусыз өктем топ. Кең қолатқа құрыш болаттың неше алуанын айдап салып, асқын қимыл етіп жатқан Қоңырат талай толқын ой келтіреді. Қос қалалы Қоңырат болсын, зәулім заводы бар Балқаш болсын, бәрі де өзгеше бір жаңа дәурен туғызған, соншалық асыл, сондайлық ыстық көрінетін әсем дүние. Бұларда адам жайы жаңғырған, өзгеше де, ерекше. Завод пен кеннің бар керекке кенелгенін былай қойып, өзге барлық қоршауын алсаң, онысы да оқшау тұр. Сәулетті сарайлар, сұлу үйлер осы еңбектің ерлерінің жайы. Балқаштың тақыр жондарында жайнаған жаңа қалалар тұр. Көгеріп гүл бақ жайқалса, жалтырап жарық та нұр атады. Қызығына клубтар, ұл-қызына үлгілі мектептер — үйреншікті ұядай. Дәл осындай Қарағандыны ал! Екеуін де жақсы дәурен кенжесі дейсің. Асса Одақтың, қалса Қазақстанның берекелі өлкелері. Біреуі Одақтағы үштің бірі аталғанда, біреуі дүниедегі мол запастың бірімін дейді. Екеуінің де қалың қатар қауымын көр. Кешегі кезеген көшпелі елдің бақташы балаларының өзінен шыққан азаматтарын көр. Шетел байларының "қара мойын құл" деген Түсіптері бұл күнде сол шахтадағы білікті де сүйікті, белді басшы. Әрі инженер, әрі партком секретарі Байжұмановтар бір буын. Ата-бабалары исін сезбеген ұлы заңғар істердің тетігін де, жетегін де өздері біліп отырған осылар. Механикалы шахтаның мықты инженері жас Әзімбаев, Балқаштағы байыту фабрикасының бас инженері Кәдіржанов, Төлегеновтер, Қоңыраттағы Мұстафиндер, немесе қатардағы забойщиктен бастап, участке бастығы, шахтком директоры, партком секретары боп отырған Ахтанов, Нұрғалиев, Рысбеков, Біргебаев сияқты талай жастар, талай азаматтар кешелер ғана құба жондарда қой соңында тағдырына лағнет айтқан жаралы жастар емес пе еді? Қандай қайрат, жоқтан бар ғып, қан қазынадай сәулет салды. Қандай жүрек осыншалық еміреніп сүйіп кеп, ежелгі жабайы даладан осындай ерке ел туғызды. Отбасынан ойы ұзамаған өлкеге алып ұранды Отан берді. Сан миллион бауыр менен туыс берді. Басына білім, жүрегіне жігер құйды. Алдынан әлем көрмеген жарық жұлдызын, бақ жұлдызын жақты. Ендеше, майданда бол, шахтада бол, завод пенен колхозда бол, өнер-білім өрінде бол, "неңді қорғайсың, кіміңді қорғайсың?" дер болса, айтар жауап ауызда әзір емес пе? Нені қорғамайық, кімімізді қорғамай іркілейік? Біздің буын былай тұрсын, бағы заман өзінде де ер еліміз өз өмірін қорғамап па еді? Ерлігімен де, еңбегімен де қорғаған. Онда өлке өгей анадай еді. Жалғыз салған дүкені жоқ, жалғыз өсірген үйеңкісі жоқ болса да, тұлдыр даладағы бұлдыр күнінің өзін де соншалық өктеп қорғап еді. Онда өнер алыста, бақ- береке ертегіде ғана болушы еді. Сонда да жанын ортаға салған Қобландыдай, Қамбардай батырлық тапқан бұл халық. Ол күнде көл бетінде көпіршіген көбіктей, cap жондағы қаңбақтай киіз үй ғана көшіп еді. Сонысын да қимаған. Ал бүгінгі алтын Отан өлкелерінде, қалалары мен құт далаларында, елдері мен ерлерінде жауға қияр бір тал түгіміз бар ма? Солар үшін күймей тұрар ұл, қыз бар ма? Күйсе қорғамай қала ма? Еңбегімен лавада, горизонтта, агрегатта бір қорғаса, төсін төсеп майданда да қорғайды. Еріне елі қорған болғанда, елінен ері жанын аямайды. Ендеше, өмір-талап, ер дегізер еңбек үшін! Еңбек, өмір — бәрі де, ұлым деген Отан үшін! Әр жүректен ерлік атсын шын бүгін, Әр тынысың "Отан" дейтін күн бүгін! Мұхтар Әуезов  

Әр тынысың "Отан" дейтін күн бүгін

Күн астында көк жайын боп, тыныш теңіз тербеледі. Байтақ Балқаш бетінен кеш самалы келеді. Сол самал жел жылжытқан көкше, мөлдір көп толқын бүгін Ертіс жағасынан дағдыдан тыс күй көрді. Қою будақ түтіні бар мұнарадай мұржалар емес таң қылған. Әсемдігіне Алматының өзі қызығарлық өңшең бес қабат тас үйлі жаңа қала да емес бүгін бөлек көрінген. Теңізге таман төніп келген, күдір белді бір тепсең бар еді. Соның барлық алаң-атырабын өзгеше қалың толқын басыпты. Салқын, сұйық теңіз толқыны емес. Ағылған адам толқыны. Қою, қалың, қайнар толқын. Нөсер әкеле жатқан бұлттай бүктеліп булыққан, кейде көсіліп шалқыған ерен қуат толқыны. Осы толқын үстінде қанатты ұран қалқып келеді... Қазіргі сағатта жүздер жүрегінен, мыңдар миынан атылып шыққан асыл ұран. Ел тынысының атойы сияқты боп, айшықты қызыл тулар желпініп келеді. Бұл келе жатқан еңбек елі. Осы сәтте "Отаным" деген жалғыз ұранды еске алған. Баяғының батырынша бекем басып, Арқаның қоңыр салқын самалын төске алып, айдынды ашумен жиылып жатқан халық қолы...

Жиылған мыс заводының мойымас металшылары, байыту фабрикасының шыныққан шеберлері. Жаңа да электрлі Балқаш, балықты Балқаш, жол транспорт халқы, партия, совет басшылығы, оқушы, қызметші жұртшылығы келеді. Аналы, балалы Балқаш, қарт қайраткер, жас жігер Балқашы — баршасы да толқыннан толқын молайтып, қалың жойқын шептей боп тоғысты. "Достарым менің" деп, аяулы Отанына, асыл ана халқына, халқының жігерлі жүрегіне жолдаған ардақты қамқор сәлемін 15 мыңнан асқан айбынды жиын қыбыр етпей тыңдап шықты.

Осы жиын жүзінің өзінен-ақ, бүгін осы сәтте барлық Советтер Одағының сан миллион халқының жүрегі қалай соққанын, жігері қалай тасқанын, ашуы қалай алып-ұшып тұрғанын тану қиын емес. Алып тынысы аспан атады. Жан ашуы теңіз бетін шарпығандай. Тістенген жақтарда, қадалған қайрат — көздерде болсын, бір-ақ қана жауап тұр. "Жойылады, жерге қағылады, аты өшеді жайын жынның" деген бір ғана бұйрық-байлау. Осындай өктем өкім ұғасың тебіренген телегейден.

Бар металшы атынан: "Жау жауабы артық іс. Майдан тілеген асыл мыс. Бар күшіміз батыр майдан жолына. Әрбір тірлік тынысымыз... сүйікті Отан арына ғана арналды" — деп завод үнін Щербак жолдас жеткізді.

"Аяну жоқ, әзірміз. Совет сұңқарлары жау аспанына біз жіберген ажал оғын жұмсасын. Еңбегіміз Отан керегіне жараса, тірлігіміз сонда ғана жарасар" дейді, байыту фабрикасының тобынан берік сертін әкелген инженер Кәдіржанов жолдас.

Аясы кең көл бетін сертіне куә етіп, осы кеште салмақты сақ-сақ үнменен ақын да асқақ жыр атты. Жаудың жүзін тілім-тілім етерлік, қылыштай қатал кәр жұмсап еді бүгін ел...

Келесі кешкі сағатта жүрекке берік қайрат алып, тастүйін боп тараған жұрт дағдылы түн тыныштығын іздеп кеткен жоқ. Станоктарға, секцияларға, қайнар қазандарға, паровоз котелдерге, агрегатгарға барып-барып, сергек жүзбен кезекке тұрды. Балқаштың барлық мол-мол цехтары бұл күндерде аралары алшақ-алшақ жатқанына қарамай, бір-ақ қимыл үстіндегі бір ғана күйлі агрегаттай зыр қақты. Дүрілдеген, сытырлаған, гуіл қаққан күшті, бапты механизмдер Балқаш жұртшылығының бүгін күндіз дүр-дүр сілкінген, қырандай қаптал қайратын паш еткен тәрізді. Ертеңіне, келер күндерге өнім өктегенін қысқа тілді, мол мағыналы цифрлар баян етті. Қоңырадыр Қоңыраттан кен кемерлеп асқанда, көкше теңіз жағасындағы асқақ мұржалы заводтан мыс та тасқып, толықсып ақты.

Басқа бір жайда, адам қалпын алсаң, көңіл таразысы сөз дер ең. Бірақ күйлі Балқаш жайын айтсаң, кешегі кекпен түйілген ел көңілін мықты санды мыстан сына. Сол себепті мұнда да даурық жоқ, дабыл жоқ. Өзді-өз міндетіне үндемей төнген табандылық, шыдам бар.

Осы жайдың айрықша көрінісін Қоңырат байқатады. Алыстан естілетін дақпыртын айтпай, жақыннан көрген шынын айтсаң да Балқаш, Қоңырат механиканың ең жаңа, ең мығым, ең өнімді аспаптарына мейлінше мол. Сол жайын меже қып, Қоңыратқа келгенде, қайнар қазан жағасына келгендей, құжынаған қимыл, сапырылысқан сап-сап топтар көрермін дейсің. Әсіресе, кешегідей отаншыл ұран салған қайрат қауымы, бүгін енді біржола бар ашуын сыртқа сап, буы аспанға шыққан әбігер қимыл соңында шығар дейсің. Бірақ Қоңыраттың кең қолатты кернеп алған көп горизонттарына алғашқы рет қарағанда басқаша, тосын күй көресің. Әуелі, демалыс, тыныс уағы ма екен деп те қаласың. Бірақ Балқаш, Қоңырат, қайсысы болсын, бірнеше кезекпен күн-түн тынбай істейтіні есіңе түседі де, "бұ қалай" дейсің. Кен арнасында қауырт топ жоқ. Адам сирек және жым-жырт сияқты. Рас, жұмыс желісі бұнда тар лавадай бір қуысқа түйілген емес. Әлденеше иір-иір горизонттардың бір шеті мен бір шеті талайға кеткен. Ойдан өрге, жотадан жақпарға жеткен. Бірақ сонда да сарт-сұрт ырғақ, сарп ұрған жігер қайда? Осындай оқшау сұраулар әуелгі минуттер көңілге келгенмен, аз аял қылсаң, айыға бастайды. Бір қойнаудан бұлқынып взрыв атылды. Байқай тұрсаң, бір салада өнімді жүріспен өрге басып, электр поезы жосып барады. Артында мол тіркеулері, гандола атты ашық вагондары. Тағы бір қабаттан ылди қарай беттеген өзге бірнеше электровоз. Олар думпкар атты вагондар тартып, кен әкетіп барады. Ойдағы кең далаға бір кез бос порода (керексіз тас топырақ) апарылып, төгіліп жатыр. Қоңырат өз өзгешелігін енді-енді танытып келеді. Мұндай мол кенді, былайша ашық карьермен алу бүкіл біздің Одақта, тіпті бүкіл дүниеде де некен-саяқ. Өзінің айрықша қимыл-қарекеті бар кен арнасы еңбегін де ерекше құралдармен айрықша бір жөнге салыпты. Мұндағы еңбек адамы механиканы мықтап жеккен. Сол себепті үн шығарса, еңсесі биік экскаватор шығарады. Екпінді электровоз еседі. Еңкейіп асап, шалқайып төгіп, қоңыр таудың тас кеудесін кеміріп жатқан экскаваторлар мұнда біреу емес, әлденешеу. Бір текті емес, әлденеше атаның ұлындай. Алыс Америкадан келгені, батыс қиырдан келгені, өзіміздің Орал заводынан келгені — барлығы да баппен қозғалып, батпан қайрат етіп жатыр. Кен денесі жақында. Соған ендеп түсуді ойлаған Қоңырат бүгінде горизонттарда, көбінесе, жердің бет қыртысын алып, кен қабығын аршып жатыр. "Қабық" деген сөз, жалғыз-ақ, бұл тұста өзгеше түсінуді керек етеді. Ол кертілген бел, жапырылған жартас, төңкерілген төбелер. Сол жон-жоталардың жүйе-жүйесіне бұрғы станогы — Армстронг бұрғысы терең-терең індер қазып береді де, оқтын-оқтын аталған үлкенді-кішілі взрывтар жұмыс желісін тарта береді. Міне, осы істердің бәрінің басында аз-аз, селдір-селдір ғана топ көресің. Бірақ Отан күткен қымбат кенді кідіртпей, күндіз-түн демей, ақтарып алып, атқарып жөнелтіп тұрған осы үнсіз, шусыз өктем топ.

Кең қолатқа құрыш болаттың неше алуанын айдап салып, асқын қимыл етіп жатқан Қоңырат талай толқын ой келтіреді.

Қос қалалы Қоңырат болсын, зәулім заводы бар Балқаш болсын, бәрі де өзгеше бір жаңа дәурен туғызған, соншалық асыл, сондайлық ыстық көрінетін әсем дүние. Бұларда адам жайы жаңғырған, өзгеше де, ерекше. Завод пен кеннің бар керекке кенелгенін былай қойып, өзге барлық қоршауын алсаң, онысы да оқшау тұр. Сәулетті сарайлар, сұлу үйлер осы еңбектің ерлерінің жайы. Балқаштың тақыр жондарында жайнаған жаңа қалалар тұр. Көгеріп гүл бақ жайқалса, жалтырап жарық та нұр атады. Қызығына клубтар, ұл-қызына үлгілі мектептер — үйреншікті ұядай.

Дәл осындай Қарағандыны ал! Екеуін де жақсы дәурен кенжесі дейсің. Асса Одақтың, қалса Қазақстанның берекелі өлкелері. Біреуі Одақтағы үштің бірі аталғанда, біреуі дүниедегі мол запастың бірімін дейді.

Екеуінің де қалың қатар қауымын көр. Кешегі кезеген көшпелі елдің бақташы балаларының өзінен шыққан азаматтарын көр. Шетел байларының "қара мойын құл" деген Түсіптері бұл күнде сол шахтадағы білікті де сүйікті, белді басшы. Әрі инженер, әрі партком секретарі Байжұмановтар бір буын. Ата-бабалары исін сезбеген ұлы заңғар істердің тетігін де, жетегін де өздері біліп отырған осылар. Механикалы шахтаның мықты инженері жас Әзімбаев, Балқаштағы байыту фабрикасының бас инженері Кәдіржанов, Төлегеновтер, Қоңыраттағы Мұстафиндер, немесе қатардағы забойщиктен бастап, участке бастығы, шахтком директоры, партком секретары боп отырған Ахтанов, Нұрғалиев, Рысбеков, Біргебаев сияқты талай жастар, талай азаматтар кешелер ғана құба жондарда қой соңында тағдырына лағнет айтқан жаралы жастар емес пе еді? Қандай қайрат, жоқтан бар ғып, қан қазынадай сәулет салды. Қандай жүрек осыншалық еміреніп сүйіп кеп, ежелгі жабайы даладан осындай ерке ел туғызды. Отбасынан ойы ұзамаған өлкеге алып ұранды Отан берді. Сан миллион бауыр менен туыс берді. Басына білім, жүрегіне жігер құйды. Алдынан әлем көрмеген жарық жұлдызын, бақ жұлдызын жақты. Ендеше, майданда бол, шахтада бол, завод пенен колхозда бол, өнер-білім өрінде бол, "неңді қорғайсың, кіміңді қорғайсың?" дер болса, айтар жауап ауызда әзір емес пе? Нені қорғамайық, кімімізді қорғамай іркілейік? Біздің буын былай тұрсын, бағы заман өзінде де ер еліміз өз өмірін қорғамап па еді? Ерлігімен де, еңбегімен де қорғаған. Онда өлке өгей анадай еді. Жалғыз салған дүкені жоқ, жалғыз өсірген үйеңкісі жоқ болса да, тұлдыр даладағы бұлдыр күнінің өзін де соншалық өктеп қорғап еді. Онда өнер алыста, бақ- береке ертегіде ғана болушы еді. Сонда да жанын ортаға салған Қобландыдай, Қамбардай батырлық тапқан бұл халық. Ол күнде көл бетінде көпіршіген көбіктей, cap жондағы қаңбақтай киіз үй ғана көшіп еді. Сонысын да қимаған. Ал бүгінгі алтын Отан өлкелерінде, қалалары мен құт далаларында, елдері мен ерлерінде жауға қияр бір тал түгіміз бар ма? Солар үшін күймей тұрар ұл, қыз бар ма? Күйсе қорғамай қала ма? Еңбегімен лавада, горизонтта, агрегатта бір қорғаса, төсін төсеп майданда да қорғайды. Еріне елі қорған болғанда, елінен ері жанын аямайды.

Ендеше, өмір-талап, ер дегізер еңбек үшін! Еңбек, өмір — бәрі де, ұлым деген Отан үшін!

Әр жүректен ерлік атсын шын бүгін,

Әр тынысың "Отан" дейтін күн бүгін!

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу: