Әкел достық қолыңды, бауырларым!

5 Желтоқсан 2012, 03:41

Әкел достық қолыңды, бауырларым!   Сөз басы, сыр арқауы — заманның түбірлі һәм түбегейлі мәселесі — күллі адамзаттың, барша цивилизация қауымының тағдыры жайына тірелген шақта, Біріккен Ұлттар Ұйымы Нас Ассамблеясының XV сессиясы өтіп жатқан бұл күндері, жер бетін мекендеген барлық халықтардың арман-ойы адам баласы тарихында дәл мұндай ешуақытта бірлесіп, бірегейленіп көрген емес, ақыл мен сананың құдіретіне деген зор үміттен қанат қаққан күллі нәсілдер атаулының жүрегі дәл мұндай бірлесе соққан жоқ.   Қара ма, ақ па, сары ма — қай нәсілдегі адам болса да, оның лүп-лүп соққан жүрегі барша жанға ортақ үмітпен, ортақ арманмен толы. Адам атаулының жүрегі бір-бірінен айнымайды, адам атаулының азаттық пен тәуелсіздік үшін төккен қаны қай құрлықта болса да бір-біріне ұқсас, демек, олардың жүректерін кернеген қасиетті үміт те ортақ. Міне, сондықтан да, Совет мемлекетінің басшысы Никита Сергеевич Хрущевтің Ассамблеяда сөйлеген сезін жер-дүние асқан зейінмен құлақ түре тыңдады. Өйткені ол дәуіріміздің көкейкесті мәселелерін, тарихи даму бағытын құрыш қисын, құдіретті логикамен топшылай келіп, ұлттардың халықаралық сарапшы жиыны алдына жайып салды. Халықаралық шиеленісті бәсеңдету, жаппай жөне толық қарусыздану, адам баласының тұрмыс-тіршілігінде соғыс деген ұғымды жою, отаршылдық тамырына балта шабу проблемалары халықтар жүрегіне заманалар бойы ұялаған ұлы арманның бір түйіні еді. Оның қасиетті қарқарасы — соғыссыз, қанаусыз бейбіт өмір, барша нәсілдер мен ұлт ұрпақтары түлеп өркендер тыныштық орнату.   Осы заманғы тарих дамуы адам баласының алдына осындай талап қойып отыр, одан жалтарып, бұлтарып кете алмайсың, оны нақты, байсалды, пәрменді шешпей болмайды, өйткені, қытайлық достар айтқандай, "Желпуіш күнге көлеңке болмайды", немесе Африка нақылынша, "күн батқанмен, таң атуы ақиқат". Біз Азия мен Африка халықтарының тағдырына селқос қарай алмаймыз. Орта Азия мен Қазақстан халықтарын құлдықпен күндіктен 1917 жылы Октябрь революциясы ғана азат етті. Әйтпесе біздің тағдырымыз да Азия, Африка халықтарының тағдырына ұқсас болар еді. Отаршылдық құрсауы біздің де басымыздан өткен. Бейбітшілік, қарусыздану және отарлық қанаудан құтылған халықтарды көркейту идеялары — құр ғана идея емес, ол тарихи фактілердің декларациясы, адамзат дамуының жолдарын терең түсіну сезімі болып табылады. Бейбітшілік — жаппай қарусыздану, халықтар ынтымағының, езілген ұлттардың теңдікке жетуінің беташары болмақ.   Бұл мәселелер бір-бірімен жымдасып, қабысып жатыр, түйінді шешу — әлем халықтарының өз қолында.   Н.С. Хрущев дүниежүзіндегі ең биік, ең мәртебелі мінбеден сөз сөйлеп, Қазақстан, Орта Азия республикалары халықтарының социализм жүйесінде өркендеудің зор артықшылығына айғақ болатынын айтты.   Азаттықтың халыққа, елге берер игілігі қандай?   Орта Азия мен Қазақстанға келетін болсақ, мұнда ел түгіл, жердің өзі ғажайып өзгерді. Шөл далалар игеріліп, нәрлі су жаһан далаға өң берді. Қолдан теңіздер жасалып, сән-салтанатты социалистік шаһарлар орнады. Солардың бірі — асыл зерлі астана Сталинабад. Әрине, халықтың тұрмыс қалпы да, оның өмірлік мүдде, талап-тілектері де өзгеріп өсті, ұлттық тән қасиеттер замандар бөгетін бұзып өтіп, өзінің ең асыл сырлары мен гүлдерін ашты, жаңа сипат, жақсы дәстүрлермен байыды, ұлттық бейнесі көркейе түсті. Бірақ одан ұлт келбеті, ұлт тұлғасы солғын тартқан жоқ, жайнай түсті.   Бұрынғы отарлық құлдықтан азат болған біздер осының бәріне Азияның дәл жүрек ортасында, жасампаз социализм дәуірінің арқасында жеттік. Бұл өлкеде материалдық жағдайлардың жасалуы, ғасырлар бойы тебіренбей тұнып жатқан табиғи байлықтардың толық пайдаға асуы нәтижесінде халықтарымыздың рухани мәдениетінің адам айтқысыз өсіп, өркендеуіне тамаша мүмкіндіктер туды. Ал материалдық қазынамыздың молдығы өзінен басқа, Өзбекстан мен Тәжікстан мақтасы, Қазақстанның алтын астығы, таңғажайып кен байлығы, түсті металл, көмір, мұнай, темір қоры, сол алқапта орын тепкен алтын заводтар, әлемге әйгілі өндіріс ошақтары көз алдына бір дастан.   Мен рухани мәдениеттің, ғылым мен халық ағарту ісінің, өнер мен әдебиеттің белгілі бір саласына ғана тоқталмақпын.   Тек бір ұрпақтың өмірімен ғана өлшенетін тарихи қысқа мерзім ішінде халықтың қалың бұқарасына білім беру арқасында, бұрын 2-2,5 проценті ғана хат танитын қазақ халқы жаппай сауаттанып шықты. Ол кезде мемлекет қаржысымен тірлік етер, ұлт тілінде сабақ жүргізер бірде-бір бастауыш мектеп жоқ болатын. Ал қазір Қазақстанда жалпы білім беретін ой мыңдаған мектептерді былай қойғанның өзінде, толып жатқан арнаулы оқу орындары — техникумдер, институттар бар. Ғылым адам айтқысыз гүлденіп, көркейді. Егер бұдан қырық жыл бұрын Қазақстан жерінде бірде-бір ғылыми мекеме болмаса, бүгін қазақтың Ғылым академиясы жұмыс істейді, оның қамтуында 25 ғылыми-зерттеу институттары, мыңдаған ғылыми қызметкерлер бар. Олардың ішінде дүние жүзіне әйгілі оқымысты, Академия президенті, геолог, Лениндік сыйлықтың лауреаты Қаныш Сәтбаевты мақтанышпен атап айтуға болады. Бізде ғылымның барлық салаларын дамытып келе жатқан қазақ ғалымдары — биологтар, физиктер, математиктер, астрономдар, химиктер, инженерлер, геологтар, кеншілер, металлургтар, гуманитарлық ғылым салаларының сан алуан өкілдері көп-ақ. Оқымысты қазақ әйелдері де баршылық. Сталинабадтағы конференцияға медицина ғылымдарының докторы Кәмила Өтегенова, көрнекті қоғам қайраткері, әлеуметтік қамсыздандыру министрі Балжан Бөлтірікова, белсенді қоғам қайраткері, өнер сыншысы Ләйлә Ғалымжанова, мұғалима Әлия Дүйсенова қатысты.   Осының өзі біздің республикаларымыз мәдениетінің жан-жақты жайнай өскендігінің белгісі емес пе!   Қазақ халқының өнер өркендеуіндегі тамаша табыстары айрықша қуантады. Халық сөзімен бейнелей бағаласақ, оны "екі ішекті қу қарағай" домбырадан симфониялық оркестр шыңына көтерілу жолы, "жалғыз әнші — жаяу серіден" мың дауысты қуатты хор биігіне шырқау жолы деп айтар едік. Осы заманғы музыка теориясы мен тарихынан тағылым алған қазақ композиторлары күрделі композициялы шығармалар — скрипкаға арналған концерттер, симфониялар, симфониялық поэмалар, тамаша опералар, ораториялар тудырып жатыр.   Октябрь революциясына дейін, европалық ұғыммен айтқанда, театр өнері болмаған халықтардың енді опералық спектакльдері бар. Олардың ішінде кейбір актерлер бүкілодақтық құрмет-сыйға бөленіп, СССР халық артисі деген жоғары атаққа да ие болды. Драма театрларының сахналарында дүниежүзілік классиктер шығармалары ойналады.   Қазіргі уақытта өнерпаздардың бұқаралық коллективтері етек алып, халық өнері кең жайлауға, оң өріске шықты. Біздің республикамызда жастар арасынан талантты әнші, тамаша артист, дарынды ақын тудырмаған бірде-бір аудан жоқ. Барлық жерде де: колхозды ауылда да, өндірісті қалаларда да халық таланттары қаулай өсіп келеді. Халықтың жан жүйесі серпіле сергіп, өнер өріне өршелене құлаш ұрды да, оның даналық асқарынан мыңдаған құйрықты жұлдыздар жарқырап ұшты.   Өнерпаз қауым мен өскелең жұртшылық — ажыраспас ағайын, дос, біртұтас тұлға іспетті, олар бірін-бірі ерлік еңбекке құлшындырып, шабыттандырып отырады.   Бұл тұрғыдан алғанда қазақ совет әдебиеті айрықша көзге түседі.   Қазақ халқының ақындық һәм шешендік өнері Октябрьге дейін өлең саласында ғана бой көрсетуші еді. Қазір қазақ әдебиеті ең алдымен жанр байлығымен күшті, онда поэзия да, көркем проза да, драматургия да, сын да, әдебиеттану да мол дамыған. Әдеби қайраткерлеріміз — бүкіл дүниежүзілік әдебиет жөніндегі терең ғылыммен қаруланған білімді адамдар.   Қазақ әдебиетінде күллі совет халықтарына, одан қалды, ағылшын, француз, американ, қытай, чех, неміс халықтарына және басқа елдерге мәлім болған әлеми туындылар бар.   Қазақ әдебиетінің жан-жақты дамып, гүлденуі нәтижесінде Қазақстанның орта дәрежелі оқу орындарында қазақ совет әдебиетінің тарихы жөнінде арнайы курс оқылады, қазақ әдебиеті мен тілін үйрену үшін дербес факультеттер жұмыс істейді. Қазақтың филолог ғалымдары сонда тәрбиеленеді.   Орта Азия мен Қазақстанның рухани мәдениетінің өркендеуіндегі айрықша бір жайы мынау: бүгінгі мәдениетіміз ғылым, өнер, әдебиет салаларының бәрінде де халықтарымыздың өткендегі рухани мәдениетінің таңдаулы дәстүрлерінен үнемі нәр алып отырады.   Өткен заманның асыл мұраларын қастерлей сақтап, терең зерттей отырып, әлем халықтарының, оның ішінде ұлы орыс халқының классикалық өнерінен үйрене отырып, жазушыларымыз дәстүр мен жаңашылдық қазынасын молайта түседі. Соның барысында совет халықтарының тұтас тұлғалы социалистік рухани байлығы жасалады, империализм мен отаршылдық бұғауынан босанған халықтар, материалдық прогресспен қатар, социалистік жолмен қайта жасарған өнер бағының мол жемісіне ие болып келеді.   Халықтарымыз барша ұлттардың ұлы лениндік достығы аясында осылайша қатар өрбіп, тең өсіп келеді.   Жасыратыны жоқ, бұрынғы партиялы Россия тұсында, отарлық құлдықта болған кезінде бұл халықтар рушылдық-феодалдық мерез салттың уағызшылары болған өз әміршілерінің айдап салуымен бір-біріне күдіктене қарап, бас қоса алмаған еді. Орта Азия мен Қазақстандағы ұсақ хандықтар, Қырғызстандағы манаптықтар тарихы — осынау ұлтаралық, руаралық араздық-алауыздықтың шұбырмалы шұбалаңындай. Ол бір запыран құсқан зар заман, жас жүректі қасірет түнегі бүркеп, ару ат артына бөктерілген қырсықты заман еді. Ру, тайпа, ата-тұқым, адам тағдыры, қыстақ, ауыл, шаһар тұрғындарының тағдыры қыл үстінде қиналған шақ еді ол.   Ал бүгінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тағдыры мүлде басқаша, ол — ұрпақ, ата-ана, үрім-бұтақ тағдыры бәйшешектей құлпыра жайнап, жасара келіп, бақыт бақшасына айналған, сөйтіп күллі әлемді өзінің тамаша көркімен таңғалдырған ғажайып тағдырға айналды. Қырықпен алпыс арасындағы әрбір қазақтың, тәжік, өзбек, түрікмен, қырғыздың жеке басы сонау бағы заман — бақытсыз орта ғасырдан басталып, аяғы коммунизм қақпасына келіп тірелген таңғажайып эпопеяны құрайды.   Жеке адамның шежіресі, тағдыр айнасынан қарағанда, замандардың арғы басынан XX ғасырдың орта беліне дейінгі, азиялық рушылдық дәуірден коммунизм шынарына дейінгі орасан ұлы кезеңнің шағылысқан сәулесіндей. Халқымыздың әрбір перзентінің, әрбір қазақ ғалымының, қазақтың халық артисінің, қазақ жазушысы мен дәрігерінің, инженері мен агрономының, партия және совет қайраткерінің өмір жолы осыған айғақ. Жеке адам тағдыры да, жеке халықтар тағдыры да өзара ұштаса келіп, Бас Ассамблеяның XV сессиясында совет делегациясының басшысы, жер шарындағы барлық халықтардың досы Н.С. Хрущев айтқан ұлы шындықты, біздің тамаша тарихымыздың сындарлы ақиқатын даусыз дәлелдейді.   Сол ұлы ақиқат үшін, бейбітшілік пен туысқандық үшін, отаршылдықтың құруы үшін әкел достық қолыңды, Азия мен Африка елдері! Мұхтар Әуезов  

Әкел достық қолыңды, бауырларым!

 

Сөз басы, сыр арқауы — заманның түбірлі һәм түбегейлі мәселесі — күллі адамзаттың, барша цивилизация қауымының тағдыры жайына тірелген шақта, Біріккен Ұлттар Ұйымы Нас Ассамблеясының XV сессиясы өтіп жатқан бұл күндері, жер бетін мекендеген барлық халықтардың арман-ойы адам баласы тарихында дәл мұндай ешуақытта бірлесіп, бірегейленіп көрген емес, ақыл мен сананың құдіретіне деген зор үміттен қанат қаққан күллі нәсілдер атаулының жүрегі дәл мұндай бірлесе соққан жоқ.

 

Қара ма, ақ па, сары ма — қай нәсілдегі адам болса да, оның лүп-лүп соққан жүрегі барша жанға ортақ үмітпен, ортақ арманмен толы. Адам атаулының жүрегі бір-бірінен айнымайды, адам атаулының азаттық пен тәуелсіздік үшін төккен қаны қай құрлықта болса да бір-біріне ұқсас, демек, олардың жүректерін кернеген қасиетті үміт те ортақ. Міне, сондықтан да, Совет мемлекетінің басшысы Никита Сергеевич Хрущевтің Ассамблеяда сөйлеген сезін жер-дүние асқан зейінмен құлақ түре тыңдады. Өйткені ол дәуіріміздің көкейкесті мәселелерін, тарихи даму бағытын құрыш қисын, құдіретті логикамен топшылай келіп, ұлттардың халықаралық сарапшы жиыны алдына жайып салды. Халықаралық шиеленісті бәсеңдету, жаппай жөне толық қарусыздану, адам баласының тұрмыс-тіршілігінде соғыс деген ұғымды жою, отаршылдық тамырына балта шабу проблемалары халықтар жүрегіне заманалар бойы ұялаған ұлы арманның бір түйіні еді. Оның қасиетті қарқарасы — соғыссыз, қанаусыз бейбіт өмір, барша нәсілдер мен ұлт ұрпақтары түлеп өркендер тыныштық орнату.

 

Осы заманғы тарих дамуы адам баласының алдына осындай талап қойып отыр, одан жалтарып, бұлтарып кете алмайсың, оны нақты, байсалды, пәрменді шешпей болмайды, өйткені, қытайлық достар айтқандай, "Желпуіш күнге көлеңке болмайды", немесе Африка нақылынша, "күн батқанмен, таң атуы ақиқат". Біз Азия мен Африка халықтарының тағдырына селқос қарай алмаймыз. Орта Азия мен Қазақстан халықтарын құлдықпен күндіктен 1917 жылы Октябрь революциясы ғана азат етті. Әйтпесе біздің тағдырымыз да Азия, Африка халықтарының тағдырына ұқсас болар еді. Отаршылдық құрсауы біздің де басымыздан өткен. Бейбітшілік, қарусыздану және отарлық қанаудан құтылған халықтарды көркейту идеялары — құр ғана идея емес, ол тарихи фактілердің декларациясы, адамзат дамуының жолдарын терең түсіну сезімі болып табылады. Бейбітшілік — жаппай қарусыздану, халықтар ынтымағының, езілген ұлттардың теңдікке жетуінің беташары болмақ.

 

Бұл мәселелер бір-бірімен жымдасып, қабысып жатыр, түйінді шешу — әлем халықтарының өз қолында.

 

Н.С. Хрущев дүниежүзіндегі ең биік, ең мәртебелі мінбеден сөз сөйлеп, Қазақстан, Орта Азия республикалары халықтарының социализм жүйесінде өркендеудің зор артықшылығына айғақ болатынын айтты.

 

Азаттықтың халыққа, елге берер игілігі қандай?

 

Орта Азия мен Қазақстанға келетін болсақ, мұнда ел түгіл, жердің өзі ғажайып өзгерді. Шөл далалар игеріліп, нәрлі су жаһан далаға өң берді. Қолдан теңіздер жасалып, сән-салтанатты социалистік шаһарлар орнады. Солардың бірі — асыл зерлі астана Сталинабад. Әрине, халықтың тұрмыс қалпы да, оның өмірлік мүдде, талап-тілектері де өзгеріп өсті, ұлттық тән қасиеттер замандар бөгетін бұзып өтіп, өзінің ең асыл сырлары мен гүлдерін ашты, жаңа сипат, жақсы дәстүрлермен байыды, ұлттық бейнесі көркейе түсті. Бірақ одан ұлт келбеті, ұлт тұлғасы солғын тартқан жоқ, жайнай түсті.

 

Бұрынғы отарлық құлдықтан азат болған біздер осының бәріне Азияның дәл жүрек ортасында, жасампаз социализм дәуірінің арқасында жеттік. Бұл өлкеде материалдық жағдайлардың жасалуы, ғасырлар бойы тебіренбей тұнып жатқан табиғи байлықтардың толық пайдаға асуы нәтижесінде халықтарымыздың рухани мәдениетінің адам айтқысыз өсіп, өркендеуіне тамаша мүмкіндіктер туды. Ал материалдық қазынамыздың молдығы өзінен басқа, Өзбекстан мен Тәжікстан мақтасы, Қазақстанның алтын астығы, таңғажайып кен байлығы, түсті металл, көмір, мұнай, темір қоры, сол алқапта орын тепкен алтын заводтар, әлемге әйгілі өндіріс ошақтары көз алдына бір дастан.

 

Мен рухани мәдениеттің, ғылым мен халық ағарту ісінің, өнер мен әдебиеттің белгілі бір саласына ғана тоқталмақпын.

 

Тек бір ұрпақтың өмірімен ғана өлшенетін тарихи қысқа мерзім ішінде халықтың қалың бұқарасына білім беру арқасында, бұрын 2-2,5 проценті ғана хат танитын қазақ халқы жаппай сауаттанып шықты. Ол кезде мемлекет қаржысымен тірлік етер, ұлт тілінде сабақ жүргізер бірде-бір бастауыш мектеп жоқ болатын. Ал қазір Қазақстанда жалпы білім беретін ой мыңдаған мектептерді былай қойғанның өзінде, толып жатқан арнаулы оқу орындары — техникумдер, институттар бар. Ғылым адам айтқысыз гүлденіп, көркейді. Егер бұдан қырық жыл бұрын Қазақстан жерінде бірде-бір ғылыми мекеме болмаса, бүгін қазақтың Ғылым академиясы жұмыс істейді, оның қамтуында 25 ғылыми-зерттеу институттары, мыңдаған ғылыми қызметкерлер бар. Олардың ішінде дүние жүзіне әйгілі оқымысты, Академия президенті, геолог, Лениндік сыйлықтың лауреаты Қаныш Сәтбаевты мақтанышпен атап айтуға болады. Бізде ғылымның барлық салаларын дамытып келе жатқан қазақ ғалымдары — биологтар, физиктер, математиктер, астрономдар, химиктер, инженерлер, геологтар, кеншілер, металлургтар, гуманитарлық ғылым салаларының сан алуан өкілдері көп-ақ. Оқымысты қазақ әйелдері де баршылық. Сталинабадтағы конференцияға медицина ғылымдарының докторы Кәмила Өтегенова, көрнекті қоғам қайраткері, әлеуметтік қамсыздандыру министрі Балжан Бөлтірікова, белсенді қоғам қайраткері, өнер сыншысы Ләйлә Ғалымжанова, мұғалима Әлия Дүйсенова қатысты.

 

Осының өзі біздің республикаларымыз мәдениетінің жан-жақты жайнай өскендігінің белгісі емес пе!

 

Қазақ халқының өнер өркендеуіндегі тамаша табыстары айрықша қуантады. Халық сөзімен бейнелей бағаласақ, оны "екі ішекті қу қарағай" домбырадан симфониялық оркестр шыңына көтерілу жолы, "жалғыз әнші — жаяу серіден" мың дауысты қуатты хор биігіне шырқау жолы деп айтар едік. Осы заманғы музыка теориясы мен тарихынан тағылым алған қазақ композиторлары күрделі композициялы шығармалар — скрипкаға арналған концерттер, симфониялар, симфониялық поэмалар, тамаша опералар, ораториялар тудырып жатыр.

 

Октябрь революциясына дейін, европалық ұғыммен айтқанда, театр өнері болмаған халықтардың енді опералық спектакльдері бар. Олардың ішінде кейбір актерлер бүкілодақтық құрмет-сыйға бөленіп, СССР халық артисі деген жоғары атаққа да ие болды. Драма театрларының сахналарында дүниежүзілік классиктер шығармалары ойналады.

 

Қазіргі уақытта өнерпаздардың бұқаралық коллективтері етек алып, халық өнері кең жайлауға, оң өріске шықты. Біздің республикамызда жастар арасынан талантты әнші, тамаша артист, дарынды ақын тудырмаған бірде-бір аудан жоқ. Барлық жерде де: колхозды ауылда да, өндірісті қалаларда да халық таланттары қаулай өсіп келеді. Халықтың жан жүйесі серпіле сергіп, өнер өріне өршелене құлаш ұрды да, оның даналық асқарынан мыңдаған құйрықты жұлдыздар жарқырап ұшты.

 

Өнерпаз қауым мен өскелең жұртшылық — ажыраспас ағайын, дос, біртұтас тұлға іспетті, олар бірін-бірі ерлік еңбекке құлшындырып, шабыттандырып отырады.

 

Бұл тұрғыдан алғанда қазақ совет әдебиеті айрықша көзге түседі.

 

Қазақ халқының ақындық һәм шешендік өнері Октябрьге дейін өлең саласында ғана бой көрсетуші еді. Қазір қазақ әдебиеті ең алдымен жанр байлығымен күшті, онда поэзия да, көркем проза да, драматургия да, сын да, әдебиеттану да мол дамыған. Әдеби қайраткерлеріміз — бүкіл дүниежүзілік әдебиет жөніндегі терең ғылыммен қаруланған білімді адамдар.

 

Қазақ әдебиетінде күллі совет халықтарына, одан қалды, ағылшын, француз, американ, қытай, чех, неміс халықтарына және басқа елдерге мәлім болған әлеми туындылар бар.

 

Қазақ әдебиетінің жан-жақты дамып, гүлденуі нәтижесінде Қазақстанның орта дәрежелі оқу орындарында қазақ совет әдебиетінің тарихы жөнінде арнайы курс оқылады, қазақ әдебиеті мен тілін үйрену үшін дербес факультеттер жұмыс істейді. Қазақтың филолог ғалымдары сонда тәрбиеленеді.

 

Орта Азия мен Қазақстанның рухани мәдениетінің өркендеуіндегі айрықша бір жайы мынау: бүгінгі мәдениетіміз ғылым, өнер, әдебиет салаларының бәрінде де халықтарымыздың өткендегі рухани мәдениетінің таңдаулы дәстүрлерінен үнемі нәр алып отырады.

 

Өткен заманның асыл мұраларын қастерлей сақтап, терең зерттей отырып, әлем халықтарының, оның ішінде ұлы орыс халқының классикалық өнерінен үйрене отырып, жазушыларымыз дәстүр мен жаңашылдық қазынасын молайта түседі. Соның барысында совет халықтарының тұтас тұлғалы социалистік рухани байлығы жасалады, империализм мен отаршылдық бұғауынан босанған халықтар, материалдық прогресспен қатар, социалистік жолмен қайта жасарған өнер бағының мол жемісіне ие болып келеді.

 

Халықтарымыз барша ұлттардың ұлы лениндік достығы аясында осылайша қатар өрбіп, тең өсіп келеді.

 

Жасыратыны жоқ, бұрынғы партиялы Россия тұсында, отарлық құлдықта болған кезінде бұл халықтар рушылдық-феодалдық мерез салттың уағызшылары болған өз әміршілерінің айдап салуымен бір-біріне күдіктене қарап, бас қоса алмаған еді. Орта Азия мен Қазақстандағы ұсақ хандықтар, Қырғызстандағы манаптықтар тарихы — осынау ұлтаралық, руаралық араздық-алауыздықтың шұбырмалы шұбалаңындай. Ол бір запыран құсқан зар заман, жас жүректі қасірет түнегі бүркеп, ару ат артына бөктерілген қырсықты заман еді. Ру, тайпа, ата-тұқым, адам тағдыры, қыстақ, ауыл, шаһар тұрғындарының тағдыры қыл үстінде қиналған шақ еді ол.

 

Ал бүгінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тағдыры мүлде басқаша, ол — ұрпақ, ата-ана, үрім-бұтақ тағдыры бәйшешектей құлпыра жайнап, жасара келіп, бақыт бақшасына айналған, сөйтіп күллі әлемді өзінің тамаша көркімен таңғалдырған ғажайып тағдырға айналды. Қырықпен алпыс арасындағы әрбір қазақтың, тәжік, өзбек, түрікмен, қырғыздың жеке басы сонау бағы заман — бақытсыз орта ғасырдан басталып, аяғы коммунизм қақпасына келіп тірелген таңғажайып эпопеяны құрайды.

 

Жеке адамның шежіресі, тағдыр айнасынан қарағанда, замандардың арғы басынан XX ғасырдың орта беліне дейінгі, азиялық рушылдық дәуірден коммунизм шынарына дейінгі орасан ұлы кезеңнің шағылысқан сәулесіндей. Халқымыздың әрбір перзентінің, әрбір қазақ ғалымының, қазақтың халық артисінің, қазақ жазушысы мен дәрігерінің, инженері мен агрономының, партия және совет қайраткерінің өмір жолы осыған айғақ. Жеке адам тағдыры да, жеке халықтар тағдыры да өзара ұштаса келіп, Бас Ассамблеяның XV сессиясында совет делегациясының басшысы, жер шарындағы барлық халықтардың досы Н.С. Хрущев айтқан ұлы шындықты, біздің тамаша тарихымыздың сындарлы ақиқатын даусыз дәлелдейді.

 

Сол ұлы ақиқат үшін, бейбітшілік пен туысқандық үшін, отаршылдықтың құруы үшін әкел достық қолыңды, Азия мен Африка елдері!

Мұхтар Әуезов

 

Бөлісу: