Бетон

4 Желтоқсан 2012, 08:58

      Бетон, құйматас – жасанды тас материал; байластырғыш заттар (цемент, гипс, алебастр, әктас, т.б.), су (кейде сусыз) және толтырғыш материалдар (құм, малтатас, қиыршықтас, т.б.) кейде арнайы үстеме заттар қоспасының қатаюы нәтижесінде алынады; маңызды құрылыс материалы. Қоспа қалыпқа құйылғанға дейін бетон қоспасы деп аталады. Бетон (французша beton, латынша bіtumen – тау шайыры) құрамындағы байластырғыш түріне қарай: органикалық емес байластырғыштармен алынған бетон (цементті бетон, гипсбетон, силикатты бетон, т.б. арнайы бетондар) және органикалық байластырғыш заттармен алынған бетон (асфальтбетон, полимербетон) болып жіктеледі. Орташа тығыздығына (көлемі бойынша) байланысты аса ауыр (2500 кг/м3-ден жоғары), ауыр (1800 – 2500 кг/м3), жеңіл (1800 – 500 кг/м3), өте жеңіл (500 кг/м3-ден төмен) болып бөлінеді. Қолдану түріне қарай құралымдық, құралымдық-жылу оқшаулағыш, жылу оқшаулағыш және арнайы жасалған бетондар (отқа төзімді, қышқылға төзімді, жолға төсеуге арналған, т.б.) болып ажыратылады. Бетонның ең басты қасиеті оның беріктілігінде. Беріктілігі негізінен байластырғыш материалдардың түрі мен сапасына, бетонның орташа тығыздығына байланысты. Сондай-ақ ол бетон бұйымдарының маркасымен (сығымға беріктілік шегімен, осьтік созылуымен немесе иілу кезіндегі созылуымен) сипатталады. Бетонды алғаш рет ертедегі римдіктер күмбез, арка сияқты әсемдік-сәндік құрылыстарда пайдаланған. Рим империясының күйреуімен бетонды пайдалану тоқтап, тек 18 ғасырда Батыс Еуропа елдерінде қайта қолданылды. 20 ғасырдың 40-жылдарынан бастап құрылыстың қарқынды дамуына байланысты Қазақстанда бетон кеңінен пайдаланыла бастады. Қазіргі уақытта Теміртау мен Павлодарда кеуек бетон, Астана, Алматы, Семей, Шымкент, Атбасар қалаларында керамзит бетон, ал Теміртау қаласында отқа төзімді бетон өндіріледі. Бетон құралымдар мен бұйымдар – үйлердің, ғимараттардың және құрылыстардың бетоннан жасалған арматурасыз не жеңіл арматураланған құралымдық элементтері. Бетонның созылу беріктігі аз болғандықтан, бетон құралымдар мен бұйымдар, көбінесе, сығушы күштер түсетін жерлерде қолданылады. Бетон құралымдар мен бұйымдардың кең тараған түрлеріне: іргетастар, тастар мен қабырғалық блоктар, гидротехникалық құрылыстар, бағандар, күмбездер, көпірлік тіректер, жол және тротуар төсеніштері, т.б. жатады. Ал құралымға созу күші түсетін жағдайда бетон құралымдар мен бұйымдарға болат арматура қосылады. Бетон мен арматура қосылып жасалған құралымды темір-бетон құралымдар дейді. Зауыттарда дайындалатын бірдей стандарт элементтерден (іргетастық және қабырғалық блоктар мен тастар, т.б.) құралған құрама бетон құралымдарды құрылыстарда пайдалану өте тиімді болып есептеледі. Ірі құрылыстар мен ғимараттардың (мысалы, бөгеттің, ірі іргетастың, сүйеме қабырғаның) құралымы әдетте тұтас бетоннан жасалады. Бетон құралымдар мен бұйымдарының көпшілігі жоғары механикаландырылған және автоматтандырылған кәсіпорындарда дайындалады да құрылыс алаңына арнайы автокөлік түрлерімен жеткізіледі.      

 

 
 
Бетон, құйматас – жасанды тас материал; байластырғыш заттар (цемент, гипс, алебастр, әктас, т.б.), су (кейде сусыз) және толтырғыш материалдар (құм, малтатас, қиыршықтас, т.б.) кейде арнайы үстеме заттар қоспасының қатаюы нәтижесінде алынады; маңызды құрылыс материалы. Қоспа қалыпқа құйылғанға дейін бетон қоспасы деп аталады. Бетон (французша beton, латынша bіtumen – тау шайыры) құрамындағы байластырғыш түріне қарай: органикалық емес байластырғыштармен алынған бетон (цементті бетон, гипсбетон, силикатты бетон, т.б. арнайы бетондар) және органикалық байластырғыш заттармен алынған бетон (асфальтбетон, полимербетон) болып жіктеледі. Орташа тығыздығына (көлемі бойынша) байланысты аса ауыр (2500 кг/м3-ден жоғары), ауыр (1800 – 2500 кг/м3), жеңіл (1800 – 500 кг/м3), өте жеңіл (500 кг/м3-ден төмен) болып бөлінеді. Қолдану түріне қарай құралымдық, құралымдық-жылу оқшаулағыш, жылу оқшаулағыш және арнайы жасалған бетондар (отқа төзімді, қышқылға төзімді, жолға төсеуге арналған, т.б.) болып ажыратылады. Бетонның ең басты қасиеті оның беріктілігінде. Беріктілігі негізінен байластырғыш материалдардың түрі мен сапасына, бетонның орташа тығыздығына байланысты. Сондай-ақ ол бетон бұйымдарының маркасымен (сығымға беріктілік шегімен, осьтік созылуымен немесе иілу кезіндегі созылуымен) сипатталады. Бетонды алғаш рет ертедегі римдіктер күмбез, арка сияқты әсемдік-сәндік құрылыстарда пайдаланған. Рим империясының күйреуімен бетонды пайдалану тоқтап, тек 18 ғасырда Батыс Еуропа елдерінде қайта қолданылды. 20 ғасырдың 40-жылдарынан бастап құрылыстың қарқынды дамуына байланысты Қазақстанда бетон кеңінен пайдаланыла бастады. Қазіргі уақытта Теміртау мен Павлодарда кеуек бетон, Астана, Алматы, Семей, Шымкент, Атбасар қалаларында керамзит бетон, ал Теміртау қаласында отқа төзімді бетон өндіріледі.
Бетон құралымдар мен бұйымдар – үйлердің, ғимараттардың және құрылыстардың бетоннан жасалған арматурасыз не жеңіл арматураланған құралымдық элементтері. Бетонның созылу беріктігі аз болғандықтан, бетон құралымдар мен бұйымдар, көбінесе, сығушы күштер түсетін жерлерде қолданылады. Бетон құралымдар мен бұйымдардың кең тараған түрлеріне: іргетастар, тастар мен қабырғалық блоктар, гидротехникалық құрылыстар, бағандар, күмбездер, көпірлік тіректер, жол және тротуар төсеніштері, т.б. жатады. Ал құралымға созу күші түсетін жағдайда бетон құралымдар мен бұйымдарға болат арматура қосылады. Бетон мен арматура қосылып жасалған құралымды темір-бетон құралымдар дейді. Зауыттарда дайындалатын бірдей стандарт элементтерден (іргетастық және қабырғалық блоктар мен тастар, т.б.) құралған құрама бетон құралымдарды құрылыстарда пайдалану өте тиімді болып есептеледі. Ірі құрылыстар мен ғимараттардың (мысалы, бөгеттің, ірі іргетастың, сүйеме қабырғаның) құралымы әдетте тұтас бетоннан жасалады. Бетон құралымдар мен бұйымдарының көпшілігі жоғары механикаландырылған және автоматтандырылған кәсіпорындарда дайындалады да құрылыс алаңына арнайы автокөлік түрлерімен жеткізіледі.
 
 
 
Бөлісу: