Майдангер атынан

4 Желтоқсан 2012, 08:14

  БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ (мақала) «Лениншіл жас», 22 февраль, 1978 ж.,№36 Майдангер атынан Полкті сапқа тұрғызып, қалыптасқан қасиетті дәстүр бойынша солдаттардың есімін дауыстап атай бастаймын. Кенет оң қанаттағы жауынгер байсалды үнмен: «Отан үшін шайқаста ерлікпен қаза тапты», - деп жауап қатады. Сол сәтте полктің тізіміне мәңгі тіркелген есіл ердің қаһармандық бейнесі есімізге түсіп, бәріміздің көз алдымызға келеді. Өлген тіріліп, өшкен жанғандай болады. Оның жарқын рухы біздің жігер - қайратымызды еселей түседі. Мына жинақтың беттерін парақтағанда сонау сұрапыл жылдардағы осы бір жайт ойыма орала кетті. Үзеңгілес замандасы, өкшелес ұрпағы бар асыл ердің аты өшпейді. Елі үшін өмірін қиған батыр халқымен бірге жасайды. Мұның тағы бір айғағы қанды майданда жауын жастана жығылған солдат ақындардың қайта тіріліп, қазақ әдебиетінің жауынгер сапына қосылып отырғаны дер едім. Мен де, ел басына күн туған кезде, азаматтық борышымды ақтау үшін қатардан қалмай, алғы шепке аттанып, ата жаумен айқасқандардың бірімін. Өзім басқарған әскери бөлімдерде, топтарда, құрамаларда отыздан жаңа ғана асқан менің жас жағынан құрдастарым аз. Мақсат - мүдде жағынан ниеттес құрбы - серіктерім көп болды. Менің бақытым - мен оларды түсіндім, олар мені түсінді. Әрине, біз көңілді дастарқан емес, қанды қырғын шайқас ішінде түсіністік. Бұл ортақ сезімді, озық қасиетті интернационализм жемісі дейміз. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» - деген аталы сөзіміз бар. Ұлы Совет елінің соғыстан бұрынғы ширек ғасырға толмайтын өмірінде біз осы сезім - қасиеттерді бойымызға сіңіріп үлгердік. Коммунистік партияның тәлім - тәрбиесі мен халқымыздың игі дәстүрі бізге «ел намысы - ер намысы» екенін ұқтырды. Осы боздақ ақындардың ішінде Аманғали, Шолпанқұл тәрізді менен жасы үлкендер де, Тәшібай, Несіпбай сияқты құрдастарым да, Абдолла, Баубек сынды інілерім де, тіпті, Жошыхан мен Төребектей мектеп партасынан майданға аттанған бүлдіршін жастар да бар. Бұлардың бәрі де - менің қарулас, қаламдас бауырларым. Менің де жалын мен оқтың ішінде жүріп қарудан қол босаса, қалам алған кездерім есімде. Солдаттардың тері сіңіп, қаны тамған қойын дәптері маған ыстық. Оның ішіндегі - «буырқанып, бұрсанған, мұздай темір құрсанған» жауынгердің, «қабағына қан қатқан, кірпігіне мұз қатқан» солдаттың жүрек кардиограммасы. Соғыс шейіттерінің творчествосы - әскери поэзиямыздың қорынан өз орнын алары кәміл. Оны жинауға да, жариялауға да еңбек сіңірген жолдастарға ризалығымды айта отырып, майдан жырларын, солдат жазбаларын әлі де іздестіре беру керек демекпін. Олардың ісі мен творчествосы рухани мұра ретінде жастарымыздың жүрегіне жол табар деп сенемін.    

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

(мақала)

«Лениншіл жас»,

22 февраль, 1978 ж.,№36

Майдангер атынан

Полкті сапқа тұрғызып, қалыптасқан қасиетті дәстүр бойынша солдаттардың есімін дауыстап атай бастаймын. Кенет оң қанаттағы жауынгер байсалды үнмен: «Отан үшін шайқаста ерлікпен қаза тапты», - деп жауап қатады. Сол сәтте полктің тізіміне мәңгі тіркелген есіл ердің қаһармандық бейнесі есімізге түсіп, бәріміздің көз алдымызға келеді. Өлген тіріліп, өшкен жанғандай болады. Оның жарқын рухы біздің жігер - қайратымызды еселей түседі.

Мына жинақтың беттерін парақтағанда сонау сұрапыл жылдардағы осы бір жайт ойыма орала кетті. Үзеңгілес замандасы, өкшелес ұрпағы бар асыл ердің аты өшпейді. Елі үшін өмірін қиған батыр халқымен бірге жасайды. Мұның тағы бір айғағы қанды майданда жауын жастана жығылған солдат ақындардың қайта тіріліп, қазақ әдебиетінің жауынгер сапына қосылып отырғаны дер едім.

Мен де, ел басына күн туған кезде, азаматтық борышымды ақтау үшін қатардан қалмай, алғы шепке аттанып, ата жаумен айқасқандардың бірімін. Өзім басқарған әскери бөлімдерде, топтарда, құрамаларда отыздан жаңа ғана асқан менің жас жағынан құрдастарым аз. Мақсат - мүдде жағынан ниеттес құрбы - серіктерім көп болды. Менің бақытым - мен оларды түсіндім, олар мені түсінді. Әрине, біз көңілді дастарқан емес, қанды қырғын шайқас ішінде түсіністік. Бұл ортақ сезімді, озық қасиетті интернационализм жемісі дейміз. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» - деген аталы сөзіміз бар. Ұлы Совет елінің соғыстан бұрынғы ширек ғасырға толмайтын өмірінде біз осы сезім - қасиеттерді бойымызға сіңіріп үлгердік. Коммунистік партияның тәлім - тәрбиесі мен халқымыздың игі дәстүрі бізге «ел намысы - ер намысы» екенін ұқтырды.

Осы боздақ ақындардың ішінде Аманғали, Шолпанқұл тәрізді менен жасы үлкендер де, Тәшібай, Несіпбай сияқты құрдастарым да, Абдолла, Баубек сынды інілерім де, тіпті, Жошыхан мен Төребектей мектеп партасынан майданға аттанған бүлдіршін жастар да бар. Бұлардың бәрі де - менің қарулас, қаламдас бауырларым.

Менің де жалын мен оқтың ішінде жүріп қарудан қол босаса, қалам алған кездерім есімде. Солдаттардың тері сіңіп, қаны тамған қойын дәптері маған ыстық. Оның ішіндегі - «буырқанып, бұрсанған, мұздай темір құрсанған» жауынгердің, «қабағына қан қатқан, кірпігіне мұз қатқан» солдаттың жүрек кардиограммасы.

Соғыс шейіттерінің творчествосы - әскери поэзиямыздың қорынан өз орнын алары кәміл. Оны жинауға да, жариялауға да еңбек сіңірген жолдастарға ризалығымды айта отырып, майдан жырларын, солдат жазбаларын әлі де іздестіре беру керек демекпін. Олардың ісі мен творчествосы рухани мұра ретінде жастарымыздың жүрегіне жол табар деп сенемін.

 

 

Бөлісу: