Қазақтың әдеби тілі туралы

4 Желтоқсан 2012, 07:20

  Қазақтың әдеби тілі туралы Марксизм-ленинизм ғылымының өзге ғылымдардан артықшылығы - оның өмір шындығына, тарихи шындыққа табан тіреуінде. Ол бүкіл адам баласын бақытты болашағына бастайтын ғылым екендігін ғасырдан аса дәурен ішінде нақтылы нәтижелермен танытты. Бұл ғылымның осы қасиетін біз В.И.Ленин, И.В.Сталин еңбектерінен сан рет тану, білумен келеміз. Заманды бастағандай, тарихтарды, халықтарды жаңғырта өсірген даналық ойлары біздің ұлы көсемдеріміздің әр дәуірде жазған ғылымдық еңбектерінің өзінен туатын. Сол қатардағы дәуірлік зор, тың еңбектің бірі - Сталин жолдастың "Тіл тану ғылымындағы марксизм жөнінде" деген шығармасы. Дау жоқ, ұлы көсемнің базис пен қондырма жөніндегі, социалистік қоғамның даму заңдарының өзгешеліктері жайындағы ойлары, тіл мен базис арасындағы жалғастықты шешкен және тіл мен ой арасындағы жайды ашатын пікірлері, социализм дүние жүзіне жеңіспен тараған кезге шейін ұлттық тілдердің өсу заңдарын ашуы, социализм дүние жүзінде жеңген дәуірде тілдердің қалай қалыптасуы жөнін баяндаған пікірлері - бұл еңбектің марксизм-ленинизм ғылымын жаңа сатыға шығарғандығын танытты. Бұл еңбек, ең алдымен, дүниежүзілік империализмнің кертартпа, топас үгіт - өсиеттеріне де философиялық тұрғыдан қатты соққы береді және бізді империалистік реакцияға қарсы күреске қаруландырған, бекем құралдың бірі болып отыр. Сондықтан да қазіргі күнде тілшілер, философтар, тарихшылар, әдебиетшілер және неше сала табиғат ғылымдарының қайраткерлері Сталин жолдастың еңбегін зерлеп оқып, терең ұғынып, қолдану жолында еңбек етіп келеді. Бұл мәселенің бірінші кезеңі - сол еңбекті ұғыну, түсіну сатысы болса, енді сондағы пікірлерді ғылымның әр саласында, творчестволық түрде қолданып, пайдаланып, соның жемісін ғылымдық іздену жолына жұмсау кезеңі басталды. Қазақтың әдеби тілі жөнінде И.В.Сталин еңбегін творчестволық түрде пайдаланамыз деген талабымыз - сол жаңағы айтылған жолдағы іздену талабы. Бұл еңбекті қазақтың әдеби тіліне қолдану жөніндегі қазіргі айтатын пікірлеріміз ойлану, ойласу ретіндегі алғашқы адымның бірі. Қазақтың әдеби тілі жайына келгенде, Сталин жолдастың бұл еңбегіндегі әдеби тілге арналған пікірлеріне тоқтауымыз керек. Әдебиет пен әдеби тіл мәселесі - бұл еңбектің Пушкин тілі жөнінде РАПП пен пролеткульт жайын Марр жүйесімен жалғастыра сынап кеткен жерлерінде ерекше сөз болып, тамаша пікірлер айтылды. Сонымен қатар И.В.Сталин жолдастың халық тілі көп ғасырлар бойында құралады, тілдерде тоғысулар болып тұрады, тілдің дамуы базиспен де байланысты, әрбір тілдің өсу, даму тарихын сол тілде сөйлеген қоғамның тарихи дамуымен байланыстырып тексеру керек дегені - әдеби тіл мәселесін жалпы тексерушіге де, қазақ әдебиет тілін зерттеуге де айқын нұсқау болады. Қазақтың әдеби тілі жөніндегі мәселеге осы тұрғыдан қарағанда, біздің ұлттық тіліміздің ұзақ тарихы, әсіресе оның социалистік дәуірде өсуі көсеміміздің данышпандық пікірлеріне кезекті мысалдың бірі болып табылады. Буржуазиялық ұлттар саясаты үстемдік еткен кезде, көп елдер тіліне бір елдің тіл үстемдігі жүріп отыратындығын Сталин жолдас айырып айтады. Ал социалистік қоғамда бір елдің тілі өзге елдердің тілімен тоғыса табысатын дәуір туды. Бұл сол елдердің еңбекші халқының өз-өзінің келісімімен, біріне - бірінің туысқандық түрде болуымен сәйкес болады. Бірінен-бірі жаңалығы мен жақсылықтарын ауысып ала отырып, барлық бауырлас елдердің тілдері қанаттаса өседі. Және бұрынғы дәуірлерінен әлдеқайда көркейіп, байып, социалистік мәдениет қорымен тез күшейіп өседі. Соның нәтижесінде бұрынғы бұратана болған елдердің жеке-жеке мешеу, оқшау тіршіліктері кезінде жетілмеген тіл мәдениеті социалистік мәдениет дәуірінде тез жетілді. Осы жолмен өсіп, зор мәдениетке жететін қазақтың тілі де, Сталин жолдас айтатын болашақтағы зоналық тілге және дүниежүзілік коммунизм заманында орнайтын тілге өз үлесін апарып қосатын болады. Сталин жолдас орыстың ұлттық тілі жөніндегі мәселеге келгенде, орыс халқының барлық классикалық әдебиеті қайраткерлері ішінен Пушкинді ерекше атайды, бұнда өзгеше мән бар. Бұл Пушкин мұрасының оқшау өзгешеліктерінен туады. Феодалдық құрылыс кезінде жасаған Пушкин - кейін Россиядағы капитализм дәуірінен өтіп келіп, социализм дәуіріне барлық асыл қазынасымен, кең қанатты қалпымен түгел жеткен, дана жазушы. Сталин жолдас Пушкин тілінің жүйесі, грамматикалық құрылысы, негізгі сөздік қоры, барлық елеулі жағынан алғанда, бүгінгі орыс тілінің іргесі есепті болып отыр дейді. Әрине, бірқатар сөздерінің ескіріп қалғаны бар, бірталай сөздерінің мән-мазмұны өзгергені бар, сонымен қатар ұлы халықтың ғасырдан аса тарихымен бірге жасап келе жатқан қасиеті тағы айқын. A.M.Горький: "Пушкин бізге халық тілін қалай қорытып пайдалануды көрсетіп кетті",-дейді. Анығында, Пушкиннен кейінгі дәуірдегі орыстың әдеби тілі - әдебиеттенген халық тілі. Оның сөз байлығының өзі де ұшан-теңіз мол еді. Пушкинді зерттеушілердің бір есебі бойынша, оның сөздерінде он бес мың жеке сөз барлығы анықталған. Пушкин тілінің мұндайлық молдығы оның ерекше талантына, кең білгірлігіне байланысты болса, екінші жағынан, әсіресе өз халқына және халқының тіл, ой қазынасына біте қайнасқан жалғастығынан туған. Пушкин - көп жанрда жазған жазушы. Мүмкін, ол бір ғана поэзия түрінде жазған болса, жаңағыдай бай сөз қоры мұраларына толық жиыла қоймаған да болар еді. Пушкинде поэзия, көркем проза, сын мақала, тарихтық еңбек, хаттар, тағы талай ұсақ түрлі жазу үлгілері бар еді. Осындайлық жан-жақты іздену, еңбектену нәтижесінде заманындағы барлық орыс қауымы қолданған тіл қорын қағаз жүзіне, көркем еңбек шеңберіне сіңіре білді. Сондықтан да Сталин жолдас Пушкинді Россияның тіл мәдениет тарихынан екшеп алып отыр. Және бір Пушкин, орыс тілі үшін ғана емес, біздің ойымызша, осы алуандас өзге елдер тарихындағы классиктерді орнымен бағалаудың өлшеу мөлшері есебінде Пушкинді әдейі талғап алған тәрізді. Пушкиннің сондайлық өрен озғын өзгешеліктерін еске ала отырып, соған қарайлас келетін өзгешелік қасиеттері бар, бір топ туысқан елдер классиктерін де салыстыруымызға болады. Бұл қатарда біз Шевченко, Церетели, Чавчавадзе, Налбандян, Абовян, Ахундов, Хетагуров, Абай, Банзаров, Тоқай сияқты жазушыларды еске аламыз. Осы аталған туысқан елдер классиктеріне жалпы алғанда, шартты түрде, Сталин жолдастың Пушкинге арнап айтқан пікірлерін қолдануға болады. Мысалы, қазақта Абайды алсақ, оның тіл жүйесі, грамматикасы, негізгі сөздік қоры біздің бүгінгі қауымымыз сөйлеп жүрген тілдің өзі болады. Осындай жайды жоғарыда аталған, барлық классик жазушылардың өз елдерінің бүгінгі тілдерімен нық байланысты деп айтуға болады. Шартты түрде болса да, оларды Пушкинге ұқсас қасиеттерге ие болған классиктер дейміз. Бәрі де өз елінің әдеби тілін халық тілі негізіне сүйене отырып, күшейткен, көркейткен, ұлы еңбек еткен жазушылар. Олардың бәрінің де соңынан халықтарының әдебиет тілі - әдебиеттенген халық тілі болды. Бұлардың барлығы да өз елдерінің тіл қорын жақсы білген, зор талантты классиктер болғандықтан, халық тілдерінің классиктерін шығармаларына молынан енгізген жазушылар. Бірақ, сонымен қатар, айтатын бір ескерту: осылардың көпшілігі өз халықтарының тілдеріне кемел болса да, мол шығармалар жазып, Пушкиндей көп мұралар қалдырған емес. Және көбі өз халықтарының мәдениеті Пушкин тұсындағы орыс халқының мәдениетіне жетпеген кезде шыққан жазушылар. Пушкинмен салыстырғанда, бұлардың бірталай ұқсастығын айтсақ та, "теңдес орында емес еді" деп, бұл жайды баса ескертеміз. Сталин жолдастың Пушкиннің тіл мұрасы жөнінде айтқандарын, шартты түрде, Абайдың тіл мұрасына да қолдануға болады дедік. Шартты түрде дегеніміз, Абай шығармаларында қазақ тілінің байлығы бар қалпында, Пушкин шығармаларына орыс тілінің байлығы кіргендей болған жоқ. Абай шығармаларының көлемі аз және әдебиеттің бір жанрында, көбінше поэзия саласында жазғандығынан және де көлемі шағын шығармалар шеңберінде Абай өзі білген қазақ тілінің де барлық қорын түгел пайдалана алған жоқ. Рас, оның шығармаларының тілінде халықтық қордың ең асыл, көрікті, мән-мазмұнды қасиеттері шамасынша қамтылғаны анық. Егер, Абай поэзиясымен қоса, қалың роман тәрізді, повесть сияқты, не драматургия сияқты үлгілерде көп жазған болса, өз халқының сол замандағы салттық сөздерінен, тілдерінен де көп сөздіктер кіргізген болар еді. Халықтың салттық сөздерін молынан пайдалануда драматургия жанрының да орны ерекше. Шекспир сөздігіндегі төл сөздің саны 18 мыңға жетуі - саны көп, сапасы зор неше алуан драмалық шығармаларды туғызғандықтан. Осы жайларды ескерумен қатар, Абайдың қазақ әдебиет тілін жасаудағы екі ірі ерекшелігін атап өту қажет. Ең әуелі, Абай қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген шебер сөздік қорынан мол пайдаланып, халықтың әдебиеттік тілін қалай жасаудың жолын көрсетті. Екінші, қазақ қоғамының ортасында, Абай заманында жаргон есебінде кіре бастаған бөтен елдер сөздері бар еді. Ол мәдениетте кейін қалған реакциялық, діншілдік бағыттағы пантуркистік, панисләмистік түрінде қазақтың жазба тіліне араласа бастаған араб, иран сөздері болатын. Бұлар кітапшылаған, молда сүрей ақындар қолданған, жазба әдебиетке кіре бастаған, үстем тап қолданған жаргон сөздігі болатын. Меккеден, Бұхардан, Стамбулдан, Қазаннан шыққан ишан, имам, схоластика медреселер тәрбиесінен шыққан халфе, хазірет, молдалар жаргоны болатын. Олар Абай тұсында, дін - исламның ықпалына тартып және "түркі" деген тілді пантуркистік саясатының құралы етуге әрекет жасады. Бәрінің жиын саясаттық бағыты біреу болатын, ол - Россиядан, орыс халқы мәдениетінен, қазақ сияқты елдерді аулақ, жырақ етіп ұстаудың шарасы еді. Түп мақсаттары империалистік Англия қолданған отаршылдық бағытқа жәрдемдескен, қанаушы таптың халыққа жат, залалды идеологиясының бағыты еді. Панисламист, пантуркистердің тіл жөніндегі және саясаттық талабы кейін шыққан буржуазиялық ұлтшылдар бағытымен астарлас, астас болатын. Араб, иран тілінен кірген жаргондық сөздер мен сөйлемдер Абайдың алдында, оның тұсында да, мол жайылып келе жатқан-ды. Ең алғаш шәкірт - ақын шағында, Абайдың өзі де идея жағынан бағынбаса да, өлеңдік сыртқы түр, тіл жағынан сол жаргондық сөздерге әуестеніп, еліктеп жазып жүретін болған. Бірақ, бері келе Абай бұл аламыш тілдің керексіз шұбарлығынан арылады. Хат жаздым "Әзірет Әлі айдаһарсыз", Бізде жоқ"алтын иек, сары ала қыз", - деген сияқты өлеңдерінде Абай шығыстық, діншілдік мазмұннан жиреніп қана қоймайды, өзі тұстас кітапшыл ақындардың араб, парсы сөздерінен құрап, әр алуан асылдарды сол тілдермен атап, өлең тілін шұбарлағанын да, "сары ала" бояумен баттастырғанын да шенеп, сынап отыр. Абай өзіндік көркем шығармаларын жазғанда, халқының өз тілімен жазды. Бар қасиетті, қадірлі нәрді, ажар кестені, толық сипатты өз халқының тілінен табады. Бұл Абайдың өзгешелік, ірілік, классиктік сипаты еді. Бірақ, енді осымен қатар, біздің тіл зерттеуші ғалымдарымыздың көбіне ортақ бір пікірге дау айтамыз. Ол -"қазақтың әдебиет тілі Абайдан басталады" деген қорытындылары. Сталин жолдас: "Ал тіл, керісінше, талай заманның жемісі болып табылады, тіл сол замандар бойына қалыптасады, байиды, дамиды, сұрыпталады" - дейді. Ал әдебиет тілін алсақ, халықтың әдебиетке түсіп қалыптанған тілі. Әдебиеттенген тіл де халықтың тілі. Бұлай болғанда, әдеби тіл бір дәуірдің бір-ақ жазушысымен бірге туып қана қоймайды. Сталин жолдас Пушкин тілінің ерекше қазыналық қасиетін айтумен қатар, Ломоносов, Радищево, Жуковский, Карамзин, Крылов тұсында немесе орыстың арғы алыс ғасырлардан келе жатқан ауыз әдебиеттік, асыл мұраларында орыстың әдебиеттік тілінің белгілері, өсу үлгілері, қалыптануы, сұрыпталуы болмады деп айтпайды. Орыстың әдебиет тілі тек Пушкиннен басталады деп те айтқан жоқ. Осы жайды ойласақ, Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды - қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Оларда, немесе XVIII ғасырда көпке жайылған жырлар тудырған Бұхарда, XIX ғасыр басында асыл, әсем бай тілмен халықтық асқақ, ескек жырлар тудырған Махамбетте қазақтың әдебиеттік тілінің үлгі, өрнектері жоқ деуге бола ма? Әсіресе, Октябрь революциясынан бұрын, қазақтың барлық өлкелеріндегі тіл байлықтары тұтасып қосылып, біріккен ортақ мол қазына болмай тұрған кезінде, ақындық еңбек еткен Абайдың шығармалары әдебиет тілінің түгел негізін құра қойды деуге сыя ма? Осы сұрақтардың бәрі де тіл ғалымдарының, әдебиетшілердің ойланып, ойласа кеңесіп жауап беретін, түйінді мәселелері. Осымен қатар, қазақтың революциядан бұрынғы әдебиет тілін өзінше белгілеп жүрген кейбір жолдастардың тағы бір пікіріне күмән жасап, дау айтуға тура келеді. Ол жолдастар "қазақтың әдебиет тілі солтүстік-шығыс Қазақстанда, Алтынсарин мен Абайдың жазушылық, шығармалық мұраларымен жалғас қалыптанды" - дейді. Бұл ретте, Абайдың сөздігі мен әдебиеттік тіл жасаған ізденулерін, табыстарын алсақ, ол тек Шығыс Қазақстан тілімен жазды деу, біздіңше, жеткіліксіз, дәлелсіз. Рас, Абайдың салттағы сөйлеу тілін өзі өмір кешкен қазақ өлкесінің сөздік үлгісінен алғаны даусыз. Бірақ классик жазушы Абай өзінің сөз қорын сол өзі жүрген ортадан ғана, ауызша сөйлеп жүрген салттық сөздерден ғана құрады десек, бұл пікір дұрыс болмас еді. Абай бүкіл қазақ халқының арғы-бергі заманда ауыз әдебиет үлгісінде тудырған шығармаларын: мақал-мәтелдерінің, ертегі-аңыздарының, үлкенді-кішілі дастандарының қазынасын да білді. Жазба күйде жетпесе де, ауызша айтылып жыраққа тарап жатқан шешендік сөздердің, айтыс-тартыстардың және өзінен бұрынғы, өзімен тұстас әлденеше жеке ақындардың да шығармаларын көптен-көп естіп, ұғынып, жадында тұтып, қолданып өсті. Осы ретте, Көкбайдың айтуынан есте қалған бір жайды айта кетейік. Бір шақта Көкбай Абайдан: "Осы қазақ халқының сіз білгендегі ең ірі ақыны кім?" - деп сұрапты. Сонда Абай: "Қазақта Марабайдан артық ақынды мен білген емен", - деп, соның дәлеліне өзі білген "Тарғын" жырынан мысал келтіріпті: Кілегей қара бұлтпын, Келе де жаумай ашылман. Мен - атадан кескекті туған аюмын, Кескілеспей басылман! Алдыңа кеп тұрмын деп, Дұшпаным, саған бас ұрман, - деген жолдарды айтады да, "өзім білген қазақта дәл осындай сөз аузынан шыққан жанды көргем жоқ" дейді. Марабай - осы күнгі Батыс Қазақстанның Шыңғырлау ауданынан шыққан ақын. Сондай-ақ Абай "Қыз Жібек", "Айман - Шолпан", "Алпамыс" жырларын білмеді деуге, ол жырлардағы Сыр мен Қыр, Орал мен Алтай қазақтарына тән ерекшеліктерді сезбеді деуге болмайды. Бұның үстіне, Абайдың өзі аттарын атап, шеней сынап өтетін: Бұқар, Шортанбай, Дулаттарды алсақ, олар да кең Қазақстанның қай-қай жерлерінде болмаған! Бұхар - Арқадан шығып, Абылаймен бірге Түркістанға шейін кезген, ұзақ өмір кешкен ақын. Сондықтан да бір толғауында: Қарағай — судан қашып, Шөлге шыққан бір дарақ. Шортан - шөлге шыдамсыз, Балықтағы бір қарақ, - дейді. Осындағы "дарақ" деген сөз Арқадағы қазақ айтатын сөз емес. Оңтүстік, Сыр қазағы айтатын өзбек, иран тілінен ауысқан "дарахт" (ағаш деген сөз). Ендеше, Бұхардың да тілі, сөздігі қазақтың көп жерінің көп қорынан құралған болу керек. Абайдың тағы бір атаған ақыны - Шортанбайды алсақ, оның да Қыр мен Сырдың арасын ұдайы сыдыра кезіп жүрген ақын екені өмірбаянынан да, діншілдік - мистикалық салт - санасынан да мәлім. Осы айтқандар сияқты, Алатауды, Алтайды мекен еткен қазақтардың арғы-бергі ірі ақын, шешендерінің ауызша тараған сан шығармалары, айтыстары Абайға жетпей қойған жоқ. Көп сөздерін Абай аса жақсы білген Түбек ақынның өзі-ақ, Абаймен көршілес, іргелес Сыбаннан шығып, Алатауға келіп, Сүйінбай, Жамбылдармен жарыс, айтыстарға түсіп жүргені мәлім емес пе? Міне, осы мысалдардың бәріне қарағанда, Шығыс Қазақстанның жергілікті халқы сөйлеп жүрген салттық сөздерден көп нәр, қор алудың үстіне, Абай жаңағыдай өз халқының сан тараптан келіп жатқан ауызша әдебиеттік қазынасынан да күмәнсіз, даусыз, мол азық, нәр алғаны анық. Әрине, бар қазақ даласының бірінен-бірі алыс, шалғай жатқан облыстарының бәріндегі сөздік ерекшеліктер, жергілікті тіл басқашалықтары, ол замандағы қазақ әдебиетін ауызша да, жазба да тудырған ақындардың бәріне бірдей түгел қорымен мәлім болған жоқ. Қазақ халқының социалист ұлт дәрежесі қалпына келген заманында ғана халықтың барлық мол тіл қоры, өздерінің әр алуан сөздік ерекшеліктерімен, байлықтарымен Октябрьден кейін ғана тұтасып, тоғысты. Бұл жайындағы пікірді біздің советтік социалистік әдебиетіміздегі әдебиеттік тіл жайын айтқанда кеңірек сөз қыламыз. Әзірше, Абай қалдырған әдебиеттік тіл жөнінен қорыта келе айтарымыз, ол әдебиет тілін бастаушы ғана емес, өзінен бұрынғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында әсіре, байыта, сұрыптай түскен классик деп білеміз. Және сол жолда өз дәуірінің мүмкіншілігіне қарай, шамасынша қазақ әдебиет тілін жасауда, белгілі дәрежеде Қазақстанның көп өлкесінің тіл қазыналығын кеңінен пайдаланып, халықтық әдебиет тілін биік белге шығара түскен ақын дейміз. Әрине, Абай сөздігінен біздің заманымызда ескіріп қалып қойған сөздер де бар, бірталай сөздердің мағынасы өзгеріп, жаңғырып пайдаланатын болғаны да даусыз. Енді қазақтың әдеби тілінің негізін салушы Абай, Ыбырай деуші жолдастар пікірінің тағы бір терістік жағын айта кетелік. Бұл ақындар тұсындағы қазақтың тілі, жазу-сызу өнері жаңа ғана кірген тіл қалпында еді. Мүлде жазуы жоқ ел емес болса да, қазақ тілі ол кезде жазба өнері жас (младописьменный) халық еді. Бұл елдің мәдениет тарихының ырысына қарай Ыбырай, Абайлар шықты. Олар халық тілін әдебиеттік жаңа сапаға өсіре түсушілер болды. Бірақ бүгінгі біздің Одақтағы бауырлас ұлттардың бір топтарын алсақ, олар арасында мүлде жазу-сызу болмастан - ақ революцияға жеткендері бар. Бірақ соларда өткен көп ғасырлар тарихтарының бойында ауызша әдебиет бай болып келіп еді. Олай болса, солардың Абай, Ыбырай сияқты жазушы ақындары болмағандықтан әдебиет тілі мүлде болмады деуге бола ма? Анығында, оларда да өзгеше бай шебер, орамды халықтық тіл қоры болғандығы даусыз ғой. Рас, қазақтағы сияқты ол тілдерде бақташылық, аңшылық немесе балықшылық сияқты кәсіптерге байланысты және салттық сөзге бай, мол қорлар болумен қатар, ғылым, техника, философия, социология сияқты сөздіктеріндей ұғымдар, атаулар болмаған. Бірақ қазір революциядан бері қарай, сол елдер өнерлене бастағанда, аз заман ішінде, әдебиеттік тілдерге жаңағы соңғы аталған атау сөздіктерді қосумен қатар, бұрынғы тіл қорына сүйеніп, толысып туып отырған жоқ па! Революциядан бұрын өз жазуы болмаған қырғыз, бурят, якут, хакас елдерінде көркем әдебиет қандай шарықтап өсті! Орыстың ұлы классиктері: Пушкин, Толстой, Горький шығармалары сол елдердің тілдеріне мейлінше қонымды, көркем күйде аударылып отырған жоқ па! Әсіресе, сол елдердің тілдеріне адамзаттық ең жоғары сапалы, мазмұны биік болған Ленин, Сталин томдары аударылып, оларды бүгінгі оқушылары өз тілінде ұғынып, баурап алып отырған жоқ па! Міне, бұл мысалда Абай, Ыбырайы болмаған елдерде де әдебиет тілінің үлгісі мен іргесі анық болғандығын, барлығын танытады. Енді осы айтылғандарға жалғас, қазақ әдебиет тілінің Абайдан кейін өсіп-өнген кезеңдерін, жолдарын, бүгінгі жеткен шамасын алып сөз қозғағанда, қазақ әдебиет тілінің шынайы қалыптасқан, халық тілі болған дәуірі қайсы десек, ол, әрине, социалистік революцияның дәуірі, біздің анық халықтық совет әдебиетіміздің туып, өсіп, дамып келе жатқан дәуірі. Абай заманындағы ғылым, техника, философия, социология, саясат - баршасынан қазақ тілінің сөздігі мүлде құралақан еді. Абайдың сөздігіне орыс тілінен ауысқан атаулар осыншалық мардымсыз, санаулы, шағын болатын. Қазақ тілінің соңғы отыз жыл ішінде қаншалық дамығанын сырттай ғана мөлшерлеу үшін, тек ғылымдық атаулардың өзінен ғана құрылып жатқан сөздіктердің ұшан-теңіз сандарын ғана еске алуға болады. Осы ретте тіл ғалымдарына орнымен қойылатын үлкен бір талап, сол жеке ғылымдық атаулардың мол сөздіктерін бастырып шығару шарт еді. Рас, бұл жолда Қазақстан Ғылым академиясының әзірлеуімен, профессор Н. Сауранбаевтың басқаруымен терминдік сөздіктер енді-енді шыға бастады. Революциядан бері молайған атаулардан құралған тіл байлықтарын жинауда біздің одақтас республикалардың бірталайы Қазақстаннан гөрі өнімді істер істеп, үлкен сөздіктер шығарып жатыр. Мысалы, Арменияда тек медицинаның өзінен ғана қалыптанған атаулардың саны 18 мың сөз бопты; правоның атауларынан құралған сөздік 13 мың сөз болып тоқталыпты. Латвияда ғылымдық атаулардың сөздігі -40 мың сөзден құралады. Осы алуандас, екі тілді сөздікте туысқан елдерінің бәрінде қалың-қалың томдар боп шығып жатыр. Тәжік, азербайжан, қырғыз, өзбек тілдерінде сондай сөздіктер үлкен табыс есебінде туып отырғанын білеміз. Кейбір туысқан елдердің тілін сөздік қоры жағынан зерттеу революциядан бұрын да едәуір елеулі өріске жетіп қалғаны бар еді. Мысалы, Пекарскийдің еңбегімен якут тілінің он үш томдық сөздігі ерте кезде шыққан. Біз мөлшер шамамен топшылап, сенімді түрде байлау етіп, қазақ тілінің де сөздігі өз дәуірімізде ұшан-теңіз молыққанын айта аламыз. Бірақ сол жаңалық табыстарымыздың бұл күнде аса қажет болып отырған сөздік томдары тумай келе жатқаны, үлкен өкінішті жай. Бірақ, сондай сөздік болмаса да, Ленин - Сталин дәуірінде тәрбиеленген, советтік қазақ елінің өнерлі ұрпағы, сан саладағы жаңа қауым қайраткерлері өзінің жаңалық сапасын, толық тәрбиесін танытқанда, социалистік дәуірінің ғылымы, өнер, техникасы өзгерісін байыған тілі арқылы танытады. Ғылым, техникамен молынан құралданып, басқаша сапада өсіп келе жатқан буындарымыз білген сөздік қоры кең көлемімен алсақ, ол Абай білген сөздік қордан сан есе мол екеніне күмән жоқ. Әдебиет тілін айтқанда, қазақтың совет жазушыларының, ақындарының тілі жөніндегі мәселе, ең үлкен орын алатын нағыз бас мәселенің өзі екенінде шәк жоқ. Сондықтан біз бұдан былайғы қазақтың әдеби тілінің үлкенді-кішілі жалпы мәселелерін сөз қылғанда, қазақ совет жазушыларының бұрынғы қазақ тарихында болмаған өзгешеліктерін алдын ала ескертіп өтуді қажет деп білеміз. Бүгінгі қазақ совет жазушыларының әзірлік сатыларын, тәрбиелерін алсақ, жазушылық еңбегіне көпшілігі белгілі мектеп өту, оқу арқылы келді. Олар орыс әдебиетінің тәрбиесін молынан алып келіп, жазушылық еңбекке араласты. Бірі орыс тілін көбірек, бірі кемірек білсе де, тым құрғанда, оқып отырғанда орыс кітабын молынан ұғынбайтын қазақ жазушысы бұл күнде жоқ деп айта аламыз. Сөйтіп, бұлардың отаны - Ұлы советтік Одақ болудың үстіне, халықтың үй-ішілік болмыс, тірлігі, салты ұлы орыс халқының мәдениетіне түгел туысып, қабысқанының үстіне, әрбір жеке жазушының өз қара басының да мәдениетті, білімді жазушы боп шығу жолы барлық тек - төркінімен, тамыр түбірімен ұлы оқытушы - орыс мәдениетіне біте қайнасқан. Бұл жазушылардың көпшілігін екі тілді жазушы деп айтуға келеді. Олардың өз туған тілінен басқа, екінші ана тілдері - орыс тілі. Көркем шығармалық еңбекті қазақ тілінде жазғанымен, олар дүние жүзі әдебиетін, орыс мәдениетін және ескілі-жаңалы мирастары мол, туысқан елдер әдебиетін де орыс тілінде оқып таниды. Сол себепті әрбір қазақ совет жазушысының ойында, сезім тілінде, сөйлеу, теңеу, сөз алысып сұрыптау дәстүр машығында сол орыс кітабынан келген әсерлердің әр алуан түрде, аса мол болатынын ескермеуге болмайды. Екінші ана тіліміз - орыс тілі біздің жазушыларды сөздік жағынан болмаса да, сөзден құрылатын өрнек, образ, сөйлем, стиль жағынан ерекше нәрлендіріп, баулып бастап отырады. Кейде қазақ тілінде жазып отырған совет жазушысының үлкен нәр - қоры, асыл азығы қазақ тілінде ғана емес, қайта орыс әдебиет тілінің тәрбиесін, көмегін әлдеқайда көбірек көргендікті аңғартады. Орыс тілінің бізге осыншалық жақын болуы, екінші ана тіліміз болып бойға сіңуі - қазақ совет жазушыларының ырысы дейміз. Бұл алуандас екі тілді болу - Совет Одағындағы барлық туысқан елдер жазушыларының бақыты. Баяғы замандарда, батыс - славян елдерінде, Орта Азиялық Шығыста екі тілді жазушы.болса, ол оның қасиеті емес, шарасыздығы, заман соры есепті болып еді. Өйткені өз халқының тілі емес, бөтен тіл бұны - халқынан аулақтатқан зорлық пен үстемдіктің белгісі болатын. Және олар өз тілдерін сол бөтен үстем тілдің ықпалына барынша бағындырып, табындырған еді. Сол амалсыздық күйінен Орта Азия халықтарының көп ақындары өз тілінде жаздым деген шығармаларының да 60 процент сөздігін араб, иран тілінен құрайтын-ды. Олардың шығармалары өз заманындағы қалың еліне де түсініксіз еді. Ал біздің екі тілді жазушыны алсақ, бұлар ең әуелі сөздігін түгелімен қазақ халқының өз тілінің қорынан алады. Орыс тілінен алса, халқы, қауымы түгел қабылдап, бойына сіңіріп алған, өзіндік етіп әкеткен сөздіктен алады. Бұл - бір. Екінші - орыс тілі арқылы орыстың әдеби тілінің шеберлік, көркемдік сыпаттарын алып, соны өз тілінде қонымды, көрікті етіп бере білуінде. Бұл - бір әдебиет тілінің екінші әдебиет тілінен үйреніп, өсуінің өзгеше үлгісі. Бұнда барлық жаңалық үстемдіктен, зорлық ықпалдан тумайды. Жазушының өзінің ішінен, ішкі интеллектуалдық, эмоциялық жаңаша бітімнен, бар тұлғасының шындығынан туады. Сталин жолдастың "социализм бір мемлекетте жеңіп тұрған заманда, мазмұны социалистік, түрі ұлттық мәдениеттер барынша жетіліп өседі" деген даналық қағидасы, ұлттық мәдениеттің ең үлкен айғағы етіп, сол әрбір жеке советтік ұлттың тілін ең алдыңғы қатарға шығарып отыр. Біздің советтік әдебиет тіліміздің өзгеше сапада кең өрістеп, шалқып өсуіне анық жайлы, тарихтық жағдайдың өзі де осында. Ұлы орыс тілі сияқты үлгі қордан біздің жазушылар пайдаланғанда, туысқан елдердің біріне-бірі зор сеніммен, барынша достық тілектермен бауырласып табысуы арқылы баурайды. Осыған тарихтық, қоғамдық жағдайымыз бір басқа, әр жазушының, жоғарыда айтқандай, өзіндік ішкі әзірлік тәрбие, мәдениет, нәр - қоры да барынша қостай ілеседі. Міне, осы аталып өткен ішкі-тысқы жай-жағдайдың барлығы да қазақ совет жазушылары дамытып келе жатқан қазақтың әдеби тілінің біздің дәуіріміздегі орасан зор өзгешелігі. Ескі қазақ әдебиетінде және Ыбырай, Абай еңбек еткен әдеби тілімізде бұндайлық тарихи сапалы жағдай болмағандықтан, олар тудырған әдебиет тілі де советтік әдеби тілден сонағұрлым кереғар, кейін жатқан кемтарлық, олқылықтар көп болған. Бізде XIX ғасыр әдебиеті білмеген сан салалы әдебиеттік жанрлар туып, халықтағы тіл байлығын жазба әдебиетке молынан түсірерлік жаңалықтар қосылды. Октябрьдің жемісі болған қазақ совет әдебиетінің өсуінде, бұрынғы поэзия жанры ғана емес, қалың романдары бар үлкен проза туды. Ұзынды-қысқалы әңгіме, очерк сияқты жанрлар пайда болды. Сан алуан драматургия шығармалары жасалды. Журналистика ұшан-теңіз өсті. Әдебиеттану ғылымы туды. Өзіне бөлек үздіксіз өсіп келе жатқан ғылымдық сала болып тіл тану ғылымы өрістеп келеді. Осындайлық ұлы өзгерістерге ілесе еңбек етіп отырған қазақ совет жазушысы баяғы, байырғы, көне тілдің мүмкіншіліктерін пайдаланып қана отыра алмайды. Бүгінгі жазушының ойлануы мен сезінуі және сол екеуін әдебиеттік сөздік арқылы, сөйлемдер арқылы қалыптауы мүлдем жаңарып кетті. Шеберленген, мәдениеттенген қазақ тілімен жазып отырған өлеңдерінде, қара сөздерінде, пьесаларында қазақ жазушысы барлық сезім мен ойларын жаңаша, өзгеше сапада қалыптауға тырысады. Міне, осы тұрғыдан қарасақ, қазақ совет жазушысы, қазақша жазып отырған күйінің өзінде, бірталай ойын, сезімін, сөздік теңеулерін қазақ сөзінен құрғанмен, орыс әдебиетінің тілі үлгісінде ойлап, қорытып құрайтыны болады. Аңдап байқаған оқушыға, қазақтың бүгінгі көрнекті ақындары, прозаиктері, драматургтері жазып жүрген еңбектерде, жаңағы айтылғандай, орысша ойлану, теңеулердің әдемі қорытылып алған үлгілері үнемі ұшырап отырады. Бүгінгі қазақ совет жазушысының біреуінде осы ерекшелік молырақ, біреуінде кемірек болса да, дәл осы алуандас жаңаша ізденуден, жаңаша әдебиеттік тіл үлгісін көріктеуден сырт тұрған, құралақан жүрген бірде-бірі жоқ. Рас, бұл қатарда айрықша баса айтатын бір ескерту және бар. Орыс тілінің мәдениетінен қазақша әдебиет тіліне қонымды үлгі алғанда, оны қазақ сөзімен қалыптап, жаңғыртып, өзгертіп бергенде, ең әуелі, сол көркем, шебер істелген қорытпа болсын. Бұл жөнде, қылдай мін болса, одағай, өрескел боп тұрады. Жаңалық үлгіні алғанда, қазақ тілінің бар заңына, күйлілік, көркемдік орамына, кестесіне қайнасып қосылғандай, жымы білінбестей етіп араластыруы шарт. Болмаса, орысша ойлаған ой, табылған теңеу олақ аударма тәрізді ойқы-шойқы келеді, таразы теріске ауады. Бұндай ізденуден жеміс тумай, сәтсіздік, дәрменсіздік қана туады. Біздің қазіргі әдеби тілімізді жазушылар шығармаларынан қадағалап қарағанда, өсу мен дамудың жақсы үлгісі көп ұшырап отырумен бірге, жаңағы айтылғандай шикілік те ұшырамайды емес. Бұл сияқты олқылық міндер жайын, кейінірек, молырақ түрде сөз етеміз. Әзірше дұрыстық үлгілерден ой түйе келе айтатынымыз: бүгінгі әдебиет тіліміздің өсуінде қазақ тілі қазақ совет жазушыларының орыс әдебиеті тәрбиесінен өткендік нәтижесінде көп сапалы, қызықты жаңалыққа ие болып отыр дейміз. Бұның мысалдарын біздің барлық ақындарымыздың шығармаларынан айқын көруге болады. Тек ақындар ғана емес, көркем проза, драматургия жанрында еңбек ететін жазушылардың тілінен де айқын аңдауға болады. Жазба поэзия осы үлгідегі ізденудің(жалпы өлеңдік түр ізденушілігімен аралас) өнімді қызық үлгілерін Сәбиттің ақындық еңбектерінен тану оңай. Тегінде, Сәбиттің поэзиядағы жаңалықтары көркем қара сөз тілін жасаудағы ізденулерінен, табыстарынан әлдеқайда молырақ. Поэзияда Сәбиттің шабыттанып жазған көркем өлеңдері: "Сөз - советтік Армия", "Майға сәлем", "Колхозды ауыл осындай" деген шығармаларын алсақ, бұнда орыс тілінен кірген, қазақ оқушысына мейлінше түсінікті сөздерді Сәбит мағыналы, тың теңеулердің қатарында, үлкен шеберлікпен қосады. Әдебиеттік жанрларды Совет Армиясының аспандағы, жердегі айдынды күштерімен, құралдарымен салыстыра теңеу әрі соны, әрі көңілге қонымды, құлаққа күйлі боп үйлеседі. Комбайннан аққан қызыл бидай тасқынын домнадан аққан, еріткен асыл тасқынына балап сыпаттау да әрі тың, әрі әдемі, ойға толы теңеу болып шығады. Халық даналығын жиған колхозшы қазақ қартының сөз, өнер қазынасы және соның ойлы, саналы басын антологияға теңеу де әдебиеттік тілді жаңғырта түскен жаңалық екенінде дау жоқ. Осындай ізденушілік табыстар Тайырдың, Әбділданың және әсіресе, орамды, шебер, қонымды боп оралатын Ғалидің, Қасымның тіл теңеулерінен де көп кездеседі. Жұмағали, Әбу, Қалижан, Хамит, Сырбай шығармаларында осы түрдегі ізденулердің қызықты, нәрлі үлгілерін оқушы сүйсіне танып отырады. Кейде орыс сөзін, қазақша толық төлеуі болмағандықтан, жасанды, жеткіліксіз аудармаға салмай, әдейі арнап қолданатын ойлы қолданыстар да болады. Осы ретте, Әлжапардың соңғы пьесасына қойған "Бір семья" деген атының өзі де еске алуға тұрарлық. Алғаш осы атты естігенде, "семья" деген сөз неге аударылмаған, "семья" деген ұғымы болмаған елдің тілінде қаншалық тілдік береке бар" деп намыстанарлық сын айтуға да болғандай еді. Бірақ ойлай келсек, "бір үйдің іші" деп аталса, жазушының ойлаған мөлшерін қазақтың салттағы жаңағы сөзі қамтымайды. "Үй іші" - қазақ тілінің әзіргі осы сөзді қолдану шамасында нақтылы бір ғана үйдің іші болады. Әке, шеше, бала-шағадан құралған бір шөкім адам тобы ғана. Ал орыстың "семья" деген сөзі - сол мағынаны берудің үстіне, "семья народов" деген, социалистік революция өсіріп, ұлғайта түскен мағынаға мейлінше ие болған сөз. Сондықтан "бір семья" деген атаудың өзі ғана, жаңа мағынасында орынды, заңды қолданған сөз боп кіріп отыр. Совет жазушыларының ендігі бір қазақ әдебиет тілін жасаудағы іздену жаңалықтары - сөйлем құрау, синтаксиспен байланысты. Ол - әсіресе проза, драматургия жағында молырақ ұшырасатын өзгешеліктер. Біздің жазушылар орыс көркем әдебиетінен құрмалас сөйлем құраудың үлгісін де алады және алуға тиіс те. Құрмалас сөйлемдер орынды, көркем болып айтылатын, мөлдір мағыналы боп үйлескен шағында ойлы жазушының талабын танытады. Көркем әдебиетке құрмалас сөйлем мәдениетін орынды, келісті етіп кіргізу қазақтың әдеби тілінің ендігі өсу сатысындағы өнімді ізденудің бір түрі болуында дау жоқ. Ал бізде әдебиет шығармаларының тілін сөз ету ғылымдық дәрежеге жетпей келеді. Әдебиет тарихшылары да бұл мәселелерге жете бойлап, нақтылы ғылымдық тексерулер жасап жүрген жоқ. Тіл мамандарының көбі де қазақтың әдеби тілінің совет жазушылар еңбегіндегі осы жаңа үлгіде сөйлем құрудағы ізденулерін, жаңалықтарын, табыстар мен олқылықтарын зерттеу проблемасы етіп қамти алмай келеді. Бұл жолда алғашқы зерттеу, талдау жұмысын бастап келе жатқан тек профессор Сауранбаев. Ол өзінің соңғы зерттеуінде Сәбиттің, Ғабиттің, Мұхтардың синтаксистерін талдауды айрықша тақырып етіп ала бастағанын аңғартты. Бұл - істің басы ғана. Бірақ, жалпы тілшілердің сөйлем жайын зерттеген көп еңбектеріне қарасақ, совет әдебиетінде дамып, көркейіп келе жатқан әдебиет тілінің сөйлемдік өзгешеліктерін аса саяз, үстірт, формалдық түрде ғана қамтиды. Қай шығарманың қандайлық жаңалық өзгешеліктері, табыстық, сонылық белгісі бар? Қай жазушының қандайлық шығармаларында жетіспеген олқылық, шалағайлықтар бар? Бұл туралы тіл зерттеуші ғалымдарымыз ғылым тұрғысынан қарап, түйінді пікірлер айта алмай жүр. Көпшілік жағдайда "жақсы тіл" деп қысқа қайырушылық басым. Бұл ғылыми зерттеу емес. Орыс тілінен біздің әдебиетімізге ауысатын орыс сөздерін алуда, орыс тілі арқылы келетін халықаралық атаулар мен ғылым, техника атауларын алуда қазақ совет жазушылары еңбектерінен байқалатын бір олқылықты айта кету керек. Қазақ тілінде шығып жатқан ғылымдық кітаптарда жаңа атаулар көп, сондай-ақ жұмысшы, колхозшы, интеллигенция арасында мол тараған жаңа сөздер де көп. Бірақ осы сөздік байлықты қазақ жазушылары өз шығармаларына тым сараң кіргізеді. Орыс поэзиясын алсақ, неше алуан ғылым-техника сөздіктерін барынша батыл, мол араластырады. Халық ақындарын былай қойғанда, біздің оқымысты ақындарымыздың бүгінгі шығармаларын тіл жағынан қарасаңыз, айналасы 200- 300 сөзден артық сөздер кіре қоймағанын байқайсыз. Жазушылардың көркем еңбегіне, соның ішінде, әсіресе шебер жазылған өлең жолдарына ғылым-техника атаулары батыл кірсе, біздің әдеби тілімізге біте қайнасып, тез сіңіп кетер еді. Бұл реттерде де тілшілерге айтатын бір алуан талабымыз тағы бар. Орыс тілі мен шетелдер тілінен алынған атаулардың орфографиясы бізде әлі дұрыс жолға қойылып болмаған сияқты. Мен тіл ғылымының маманы емеспін. Сол себепті ойлану, пікірлесу ретінде мына мәселелерді қозғағым келеді. Біздің соңғы жылдардағы жазуымыз, қолдануымыз бойынша, орыс сөздері, шетел атаулары орысша қалай жазылса, қазақта да солай жазылуы керек. Осы қағиданың екі жақты қайшылығы бар. Бұнда мұғалімге, балаға түзу жазып үйрену үшін туатын бір қиындық қазақ орфографиясын білуден бұрын, орыс тілінен кірген, бүгін қазақтікі боп кеткен орысша сөздерді орыс грамматикасы бойынша қалай дұрыс жазу керек екенін білу қажет. Қазақтың өз тілінің ерекшелік заңдарына бейімдеп алмай, орысша жазылу үлгісінде алғандықтан, қазақ балалары да, әсіресе мұғалімдері де, қазақ тілінің жазу заңдарын қанша жақсы білсе де, осы орыс сөздерін жазуға келгенде үнемі қате жазады. Өйткені олар әуелі ана тілін оқиды, ана тілінде сабақ береді. Орыс тілінің грамматикасын кейіндеп біледі. Және бүгінгі қазақ ана тілі мұғалімінің көбі әсіресе орыс тілінің грамматикасына шорқақ. Бұл турада "Вопросы философии" журналының 1950 жылғы үшінші санында Мординов жолдас көтерген елеулі мәселелер жайын ойланбасқа болмайды. Әрине, осымен қатар, жаңа сөздерді алуда, түгелімен сингармонизм заңына бағындыра алу қажет десек, ол да ұшқары пікір болар еді. Бірақ қазақтың тіліне халықтың қолдануы арқылы заңды түрде өзгеріп сіңген: самауыр, кереует, пеш, стакан, учаске сияқты толып жатқан ескі - жаңалы сөздерді таза орысша жазылу үлгісімен жаздырудың өзі дұрыс па? Ол сөздерді қазақша оқығанда, осылай халықтың айтуынша үйренген бала, орыс тілінің сабағында, сол сөздер орыс тілі грамматикасы бойынша жазылатынын оңай салыстыра біліп кете бермей ме? Мысалы, орыстың тіліне француз, ағылшын, неміс, латыннан кірген ұшан-теңіз сөздер бар екен. Олар орыс тілінің заңына бағына айтылады да, жазылады да. Қазіргі орыс балалары сол сөздердің, неміс, француз, ағылшын тілдерін оқи ба

 

Қазақтың әдеби тілі туралы

Марксизм-ленинизм ғылымының өзге ғылымдардан артықшылығы - оның өмір шындығына, тарихи шындыққа табан тіреуінде. Ол бүкіл адам баласын бақытты болашағына бастайтын ғылым екендігін ғасырдан аса дәурен ішінде нақтылы нәтижелермен танытты. Бұл ғылымның осы қасиетін біз В.И.Ленин, И.В.Сталин еңбектерінен сан рет тану, білумен келеміз.

Заманды бастағандай, тарихтарды, халықтарды жаңғырта өсірген даналық ойлары біздің ұлы көсемдеріміздің әр дәуірде жазған ғылымдық еңбектерінің өзінен туатын. Сол қатардағы дәуірлік зор, тың еңбектің бірі - Сталин жолдастың "Тіл тану ғылымындағы марксизм жөнінде" деген шығармасы. Дау жоқ, ұлы көсемнің базис пен қондырма жөніндегі, социалистік қоғамның даму заңдарының өзгешеліктері жайындағы ойлары, тіл мен базис арасындағы жалғастықты шешкен және тіл мен ой арасындағы жайды ашатын пікірлері, социализм дүние жүзіне жеңіспен тараған кезге шейін ұлттық тілдердің өсу заңдарын ашуы, социализм дүние жүзінде жеңген дәуірде тілдердің қалай қалыптасуы жөнін баяндаған пікірлері - бұл еңбектің марксизм-ленинизм ғылымын жаңа сатыға шығарғандығын танытты.

Бұл еңбек, ең алдымен, дүниежүзілік империализмнің кертартпа, топас үгіт - өсиеттеріне де философиялық тұрғыдан қатты соққы береді және бізді империалистік реакцияға қарсы күреске қаруландырған, бекем құралдың бірі болып отыр. Сондықтан да қазіргі күнде тілшілер, философтар, тарихшылар, әдебиетшілер және неше сала табиғат ғылымдарының қайраткерлері Сталин жолдастың еңбегін зерлеп оқып, терең ұғынып, қолдану жолында еңбек етіп келеді.

Бұл мәселенің бірінші кезеңі - сол еңбекті ұғыну, түсіну сатысы болса, енді сондағы пікірлерді ғылымның әр саласында, творчестволық түрде қолданып, пайдаланып, соның жемісін ғылымдық іздену жолына жұмсау кезеңі басталды.

Қазақтың әдеби тілі жөнінде И.В.Сталин еңбегін творчестволық түрде пайдаланамыз деген талабымыз - сол жаңағы айтылған жолдағы іздену талабы. Бұл еңбекті қазақтың әдеби тіліне қолдану жөніндегі қазіргі айтатын пікірлеріміз ойлану, ойласу ретіндегі алғашқы адымның бірі.

Қазақтың әдеби тілі жайына келгенде, Сталин жолдастың бұл еңбегіндегі әдеби тілге арналған пікірлеріне тоқтауымыз керек.

Әдебиет пен әдеби тіл мәселесі - бұл еңбектің Пушкин тілі жөнінде РАПП пен пролеткульт жайын Марр жүйесімен жалғастыра сынап кеткен жерлерінде ерекше сөз болып, тамаша пікірлер айтылды. Сонымен қатар И.В.Сталин жолдастың халық тілі көп ғасырлар бойында құралады, тілдерде тоғысулар болып тұрады, тілдің дамуы базиспен де байланысты, әрбір тілдің өсу, даму тарихын сол тілде сөйлеген қоғамның тарихи дамуымен байланыстырып тексеру керек дегені - әдеби тіл мәселесін жалпы тексерушіге де, қазақ әдебиет тілін зерттеуге де айқын нұсқау болады. Қазақтың әдеби тілі жөніндегі мәселеге осы тұрғыдан қарағанда, біздің ұлттық тіліміздің ұзақ тарихы, әсіресе оның социалистік дәуірде өсуі көсеміміздің данышпандық пікірлеріне кезекті мысалдың бірі болып табылады.

Буржуазиялық ұлттар саясаты үстемдік еткен кезде, көп елдер тіліне бір елдің тіл үстемдігі жүріп отыратындығын Сталин жолдас айырып айтады.

Ал социалистік қоғамда бір елдің тілі өзге елдердің тілімен тоғыса табысатын дәуір туды. Бұл сол елдердің еңбекші халқының өз-өзінің келісімімен, біріне - бірінің туысқандық түрде болуымен сәйкес болады. Бірінен-бірі жаңалығы мен жақсылықтарын ауысып ала отырып, барлық бауырлас елдердің тілдері қанаттаса өседі. Және бұрынғы дәуірлерінен әлдеқайда көркейіп, байып, социалистік мәдениет қорымен тез күшейіп өседі. Соның нәтижесінде бұрынғы бұратана болған елдердің жеке-жеке мешеу, оқшау тіршіліктері кезінде жетілмеген тіл мәдениеті социалистік мәдениет дәуірінде тез жетілді. Осы жолмен өсіп, зор мәдениетке жететін қазақтың тілі де, Сталин жолдас айтатын болашақтағы зоналық тілге және дүниежүзілік коммунизм заманында орнайтын тілге өз үлесін апарып қосатын болады.

Сталин жолдас орыстың ұлттық тілі жөніндегі мәселеге келгенде, орыс халқының барлық классикалық әдебиеті қайраткерлері ішінен Пушкинді ерекше атайды, бұнда өзгеше мән бар. Бұл Пушкин мұрасының оқшау өзгешеліктерінен туады. Феодалдық құрылыс кезінде жасаған Пушкин - кейін Россиядағы капитализм дәуірінен өтіп келіп, социализм дәуіріне барлық асыл қазынасымен, кең қанатты қалпымен түгел жеткен, дана жазушы. Сталин жолдас Пушкин тілінің жүйесі, грамматикалық құрылысы, негізгі сөздік қоры, барлық елеулі жағынан алғанда, бүгінгі орыс тілінің іргесі есепті болып отыр дейді. Әрине, бірқатар сөздерінің ескіріп қалғаны бар, бірталай сөздерінің мән-мазмұны өзгергені бар, сонымен қатар ұлы халықтың ғасырдан аса тарихымен бірге жасап келе жатқан қасиеті тағы айқын.

A.M.Горький: "Пушкин бізге халық тілін қалай қорытып пайдалануды көрсетіп кетті",-дейді. Анығында, Пушкиннен кейінгі дәуірдегі орыстың әдеби тілі - әдебиеттенген халық тілі. Оның сөз байлығының өзі де ұшан-теңіз мол еді. Пушкинді зерттеушілердің бір есебі бойынша, оның сөздерінде он бес мың жеке сөз барлығы анықталған. Пушкин тілінің мұндайлық молдығы оның ерекше талантына, кең білгірлігіне байланысты болса, екінші жағынан, әсіресе өз халқына және халқының тіл, ой қазынасына біте қайнасқан жалғастығынан туған. Пушкин - көп жанрда жазған жазушы. Мүмкін, ол бір ғана поэзия түрінде жазған болса, жаңағыдай бай сөз қоры мұраларына толық жиыла қоймаған да болар еді. Пушкинде поэзия, көркем проза, сын мақала, тарихтық еңбек, хаттар, тағы талай ұсақ түрлі жазу үлгілері бар еді.

Осындайлық жан-жақты іздену, еңбектену нәтижесінде заманындағы барлық орыс қауымы қолданған тіл қорын қағаз жүзіне, көркем еңбек шеңберіне сіңіре білді. Сондықтан да Сталин жолдас Пушкинді Россияның тіл мәдениет тарихынан екшеп алып отыр. Және бір Пушкин, орыс тілі үшін ғана емес, біздің ойымызша, осы алуандас өзге елдер тарихындағы классиктерді орнымен бағалаудың өлшеу мөлшері есебінде Пушкинді әдейі талғап алған тәрізді. Пушкиннің сондайлық өрен озғын өзгешеліктерін еске ала отырып, соған қарайлас келетін өзгешелік қасиеттері бар, бір топ туысқан елдер классиктерін де салыстыруымызға болады. Бұл қатарда біз Шевченко, Церетели, Чавчавадзе, Налбандян, Абовян, Ахундов, Хетагуров, Абай, Банзаров, Тоқай сияқты жазушыларды еске аламыз.

Осы аталған туысқан елдер классиктеріне жалпы алғанда, шартты түрде, Сталин жолдастың Пушкинге арнап айтқан пікірлерін қолдануға болады. Мысалы, қазақта Абайды алсақ, оның тіл жүйесі, грамматикасы, негізгі сөздік қоры біздің бүгінгі қауымымыз сөйлеп жүрген тілдің өзі болады. Осындай жайды жоғарыда аталған, барлық классик жазушылардың өз елдерінің бүгінгі тілдерімен нық байланысты деп айтуға болады. Шартты түрде болса да, оларды Пушкинге ұқсас қасиеттерге ие болған классиктер дейміз. Бәрі де өз елінің әдеби тілін халық тілі негізіне сүйене отырып, күшейткен, көркейткен, ұлы еңбек еткен жазушылар. Олардың бәрінің де соңынан халықтарының әдебиет тілі - әдебиеттенген халық тілі болды. Бұлардың барлығы да өз елдерінің тіл қорын жақсы білген, зор талантты классиктер болғандықтан, халық тілдерінің классиктерін шығармаларына молынан енгізген жазушылар.

Бірақ, сонымен қатар, айтатын бір ескерту: осылардың көпшілігі өз халықтарының тілдеріне кемел болса да, мол шығармалар жазып, Пушкиндей көп мұралар қалдырған емес. Және көбі өз халықтарының мәдениеті Пушкин тұсындағы орыс халқының мәдениетіне жетпеген кезде шыққан жазушылар. Пушкинмен салыстырғанда, бұлардың бірталай ұқсастығын айтсақ та, "теңдес орында емес еді" деп, бұл жайды баса ескертеміз.

Сталин жолдастың Пушкиннің тіл мұрасы жөнінде айтқандарын, шартты түрде, Абайдың тіл мұрасына да қолдануға болады дедік. Шартты түрде дегеніміз, Абай шығармаларында қазақ тілінің байлығы бар қалпында, Пушкин шығармаларына орыс тілінің байлығы кіргендей болған жоқ. Абай шығармаларының көлемі аз және әдебиеттің бір жанрында, көбінше поэзия саласында жазғандығынан және де көлемі шағын шығармалар шеңберінде Абай өзі білген қазақ тілінің де барлық қорын түгел пайдалана алған жоқ. Рас, оның шығармаларының тілінде халықтық қордың ең асыл, көрікті, мән-мазмұнды қасиеттері шамасынша қамтылғаны анық. Егер, Абай поэзиясымен қоса, қалың роман тәрізді, повесть сияқты, не драматургия сияқты үлгілерде көп жазған болса, өз халқының сол замандағы салттық сөздерінен, тілдерінен де көп сөздіктер кіргізген болар еді. Халықтың салттық сөздерін молынан пайдалануда драматургия жанрының да орны ерекше. Шекспир сөздігіндегі төл сөздің саны 18 мыңға жетуі - саны көп, сапасы зор неше алуан драмалық шығармаларды туғызғандықтан.

Осы жайларды ескерумен қатар, Абайдың қазақ әдебиет тілін жасаудағы екі ірі ерекшелігін атап өту қажет. Ең әуелі, Абай қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген шебер сөздік қорынан мол пайдаланып, халықтың әдебиеттік тілін қалай жасаудың жолын көрсетті. Екінші, қазақ қоғамының ортасында, Абай заманында жаргон есебінде кіре бастаған бөтен елдер сөздері бар еді. Ол мәдениетте кейін қалған реакциялық, діншілдік бағыттағы пантуркистік, панисләмистік түрінде қазақтың жазба тіліне араласа бастаған араб, иран сөздері болатын. Бұлар кітапшылаған, молда сүрей ақындар қолданған, жазба әдебиетке кіре бастаған, үстем тап қолданған жаргон сөздігі болатын. Меккеден, Бұхардан, Стамбулдан, Қазаннан шыққан ишан, имам, схоластика медреселер тәрбиесінен шыққан халфе, хазірет, молдалар жаргоны болатын. Олар Абай тұсында, дін - исламның ықпалына тартып және "түркі" деген тілді пантуркистік саясатының құралы етуге әрекет жасады. Бәрінің жиын саясаттық бағыты біреу болатын, ол - Россиядан, орыс халқы мәдениетінен, қазақ сияқты елдерді аулақ, жырақ етіп ұстаудың шарасы еді. Түп мақсаттары империалистік Англия қолданған отаршылдық бағытқа жәрдемдескен, қанаушы таптың халыққа жат, залалды идеологиясының бағыты еді.

Панисламист, пантуркистердің тіл жөніндегі және саясаттық талабы кейін шыққан буржуазиялық ұлтшылдар бағытымен астарлас, астас болатын. Араб, иран тілінен кірген жаргондық сөздер мен сөйлемдер Абайдың алдында, оның тұсында да, мол жайылып келе жатқан-ды. Ең алғаш шәкірт - ақын шағында, Абайдың өзі де идея жағынан бағынбаса да, өлеңдік сыртқы түр, тіл жағынан сол жаргондық сөздерге әуестеніп, еліктеп жазып жүретін болған. Бірақ, бері келе Абай бұл аламыш тілдің керексіз шұбарлығынан арылады.

Хат жаздым "Әзірет Әлі айдаһарсыз",

Бізде жоқ"алтын иек, сары ала қыз", -

деген сияқты өлеңдерінде Абай шығыстық, діншілдік мазмұннан жиреніп қана қоймайды, өзі тұстас кітапшыл ақындардың араб, парсы сөздерінен құрап, әр алуан асылдарды сол тілдермен атап, өлең тілін шұбарлағанын да, "сары ала" бояумен баттастырғанын да шенеп, сынап отыр.

Абай өзіндік көркем шығармаларын жазғанда, халқының өз тілімен жазды. Бар қасиетті, қадірлі нәрді, ажар кестені, толық сипатты өз халқының тілінен табады. Бұл Абайдың өзгешелік, ірілік, классиктік сипаты еді.

Бірақ, енді осымен қатар, біздің тіл зерттеуші ғалымдарымыздың көбіне ортақ бір пікірге дау айтамыз. Ол -"қазақтың әдебиет тілі Абайдан басталады" деген қорытындылары. Сталин жолдас: "Ал тіл, керісінше, талай заманның жемісі болып табылады, тіл сол замандар бойына қалыптасады, байиды, дамиды, сұрыпталады" - дейді.

Ал әдебиет тілін алсақ, халықтың әдебиетке түсіп қалыптанған тілі. Әдебиеттенген тіл де халықтың тілі. Бұлай болғанда, әдеби тіл бір дәуірдің бір-ақ жазушысымен бірге туып қана қоймайды. Сталин жолдас Пушкин тілінің ерекше қазыналық қасиетін айтумен қатар, Ломоносов, Радищево, Жуковский, Карамзин, Крылов тұсында немесе орыстың арғы алыс ғасырлардан келе жатқан ауыз әдебиеттік, асыл мұраларында орыстың әдебиеттік тілінің белгілері, өсу үлгілері, қалыптануы, сұрыпталуы болмады деп айтпайды. Орыстың әдебиет тілі тек Пушкиннен басталады деп те айтқан жоқ.

Осы жайды ойласақ, Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды - қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма? Оларда, немесе XVIII ғасырда көпке жайылған жырлар тудырған Бұхарда, XIX ғасыр басында асыл, әсем бай тілмен халықтық асқақ, ескек жырлар тудырған Махамбетте қазақтың әдебиеттік тілінің үлгі, өрнектері жоқ деуге бола ма? Әсіресе, Октябрь революциясынан бұрын, қазақтың барлық өлкелеріндегі тіл байлықтары тұтасып қосылып, біріккен ортақ мол қазына болмай тұрған кезінде, ақындық еңбек еткен Абайдың шығармалары әдебиет тілінің түгел негізін құра қойды деуге сыя ма?

Осы сұрақтардың бәрі де тіл ғалымдарының, әдебиетшілердің ойланып, ойласа кеңесіп жауап беретін, түйінді мәселелері. Осымен қатар, қазақтың революциядан бұрынғы әдебиет тілін өзінше белгілеп жүрген кейбір жолдастардың тағы бір пікіріне күмән жасап, дау айтуға тура келеді.

Ол жолдастар "қазақтың әдебиет тілі солтүстік-шығыс Қазақстанда, Алтынсарин мен Абайдың жазушылық, шығармалық мұраларымен жалғас қалыптанды" - дейді. Бұл ретте, Абайдың сөздігі мен әдебиеттік тіл жасаған ізденулерін, табыстарын алсақ, ол тек Шығыс Қазақстан тілімен жазды деу, біздіңше, жеткіліксіз, дәлелсіз. Рас, Абайдың салттағы сөйлеу тілін өзі өмір кешкен қазақ өлкесінің сөздік үлгісінен алғаны даусыз. Бірақ классик жазушы Абай өзінің сөз қорын сол өзі жүрген ортадан ғана, ауызша сөйлеп жүрген салттық сөздерден ғана құрады десек, бұл пікір дұрыс болмас еді. Абай бүкіл қазақ халқының арғы-бергі заманда ауыз әдебиет үлгісінде тудырған шығармаларын: мақал-мәтелдерінің, ертегі-аңыздарының, үлкенді-кішілі дастандарының қазынасын да білді. Жазба күйде жетпесе де, ауызша айтылып жыраққа тарап жатқан шешендік сөздердің, айтыс-тартыстардың және өзінен бұрынғы, өзімен тұстас әлденеше жеке ақындардың да шығармаларын көптен-көп естіп, ұғынып, жадында тұтып, қолданып өсті.

Осы ретте, Көкбайдың айтуынан есте қалған бір жайды айта кетейік. Бір шақта Көкбай Абайдан: "Осы қазақ халқының сіз білгендегі ең ірі ақыны кім?" - деп сұрапты. Сонда Абай: "Қазақта Марабайдан артық ақынды мен білген емен", - деп, соның дәлеліне өзі білген "Тарғын" жырынан мысал келтіріпті:

Кілегей қара бұлтпын,

Келе де жаумай ашылман.

Мен - атадан кескекті туған аюмын,

Кескілеспей басылман!

Алдыңа кеп тұрмын деп,

Дұшпаным, саған бас ұрман, -

деген жолдарды айтады да, "өзім білген қазақта дәл осындай сөз аузынан шыққан жанды көргем жоқ" дейді.

Марабай - осы күнгі Батыс Қазақстанның Шыңғырлау ауданынан шыққан ақын. Сондай-ақ Абай "Қыз Жібек", "Айман - Шолпан", "Алпамыс" жырларын білмеді деуге, ол жырлардағы Сыр мен Қыр, Орал мен Алтай қазақтарына тән ерекшеліктерді сезбеді деуге болмайды. Бұның үстіне, Абайдың өзі аттарын атап, шеней сынап өтетін: Бұқар, Шортанбай, Дулаттарды алсақ, олар да кең Қазақстанның қай-қай жерлерінде болмаған! Бұхар - Арқадан шығып, Абылаймен бірге Түркістанға шейін кезген, ұзақ өмір кешкен ақын. Сондықтан да бір толғауында:

Қарағай — судан қашып,

Шөлге шыққан бір дарақ.

Шортан - шөлге шыдамсыз,

Балықтағы бір қарақ, -

дейді. Осындағы "дарақ" деген сөз Арқадағы қазақ айтатын сөз емес. Оңтүстік, Сыр қазағы айтатын өзбек, иран тілінен ауысқан "дарахт" (ағаш деген сөз). Ендеше, Бұхардың да тілі, сөздігі қазақтың көп жерінің көп қорынан құралған болу керек.

Абайдың тағы бір атаған ақыны - Шортанбайды алсақ, оның да Қыр мен Сырдың арасын ұдайы сыдыра кезіп жүрген ақын екені өмірбаянынан да, діншілдік - мистикалық салт - санасынан да мәлім.

Осы айтқандар сияқты, Алатауды, Алтайды мекен еткен қазақтардың арғы-бергі ірі ақын, шешендерінің ауызша тараған сан шығармалары, айтыстары Абайға жетпей қойған жоқ. Көп сөздерін Абай аса жақсы білген Түбек ақынның өзі-ақ, Абаймен көршілес, іргелес Сыбаннан шығып, Алатауға келіп, Сүйінбай, Жамбылдармен жарыс, айтыстарға түсіп жүргені мәлім емес пе?

Міне, осы мысалдардың бәріне қарағанда, Шығыс Қазақстанның жергілікті халқы сөйлеп жүрген салттық сөздерден көп нәр, қор алудың үстіне, Абай жаңағыдай өз халқының сан тараптан келіп жатқан ауызша әдебиеттік қазынасынан да күмәнсіз, даусыз, мол азық, нәр алғаны анық.

Әрине, бар қазақ даласының бірінен-бірі алыс, шалғай жатқан облыстарының бәріндегі сөздік ерекшеліктер, жергілікті тіл басқашалықтары, ол замандағы қазақ әдебиетін ауызша да, жазба да тудырған ақындардың бәріне бірдей түгел қорымен мәлім болған жоқ. Қазақ халқының социалист ұлт дәрежесі қалпына келген заманында ғана халықтың барлық мол тіл қоры, өздерінің әр алуан сөздік ерекшеліктерімен, байлықтарымен Октябрьден кейін ғана тұтасып, тоғысты. Бұл жайындағы пікірді біздің советтік социалистік әдебиетіміздегі әдебиеттік тіл жайын айтқанда кеңірек сөз қыламыз. Әзірше, Абай қалдырған әдебиеттік тіл жөнінен қорыта келе айтарымыз, ол әдебиет тілін бастаушы ғана емес, өзінен бұрынғы әдебиет тілін халықтық әдебиет тілі сапасында әсіре, байыта, сұрыптай түскен классик деп білеміз. Және сол жолда өз дәуірінің мүмкіншілігіне қарай, шамасынша қазақ әдебиет тілін жасауда, белгілі дәрежеде Қазақстанның көп өлкесінің тіл қазыналығын кеңінен пайдаланып, халықтық әдебиет тілін биік белге шығара түскен ақын дейміз.

Әрине, Абай сөздігінен біздің заманымызда ескіріп қалып қойған сөздер де бар, бірталай сөздердің мағынасы өзгеріп, жаңғырып пайдаланатын болғаны да даусыз.

Енді қазақтың әдеби тілінің негізін салушы Абай, Ыбырай деуші жолдастар пікірінің тағы бір терістік жағын айта кетелік.

Бұл ақындар тұсындағы қазақтың тілі, жазу-сызу өнері жаңа ғана кірген тіл қалпында еді. Мүлде жазуы жоқ ел емес болса да, қазақ тілі ол кезде жазба өнері жас (младописьменный) халық еді. Бұл елдің мәдениет тарихының ырысына қарай Ыбырай, Абайлар шықты. Олар халық тілін әдебиеттік жаңа сапаға өсіре түсушілер болды. Бірақ бүгінгі біздің Одақтағы бауырлас ұлттардың бір топтарын алсақ, олар арасында мүлде жазу-сызу болмастан - ақ революцияға жеткендері бар. Бірақ соларда өткен көп ғасырлар тарихтарының бойында ауызша әдебиет бай болып келіп еді. Олай болса, солардың Абай, Ыбырай сияқты жазушы ақындары болмағандықтан әдебиет тілі мүлде болмады деуге бола ма?

Анығында, оларда да өзгеше бай шебер, орамды халықтық тіл қоры болғандығы даусыз ғой. Рас, қазақтағы сияқты ол тілдерде бақташылық, аңшылық немесе балықшылық сияқты кәсіптерге байланысты және салттық сөзге бай, мол қорлар болумен қатар, ғылым, техника, философия, социология сияқты сөздіктеріндей ұғымдар, атаулар болмаған. Бірақ қазір революциядан бері қарай, сол елдер өнерлене бастағанда, аз заман ішінде, әдебиеттік тілдерге жаңағы соңғы аталған атау сөздіктерді қосумен қатар, бұрынғы тіл қорына сүйеніп, толысып туып отырған жоқ па!

Революциядан бұрын өз жазуы болмаған қырғыз, бурят, якут, хакас елдерінде көркем әдебиет қандай шарықтап өсті! Орыстың ұлы классиктері: Пушкин, Толстой, Горький шығармалары сол елдердің тілдеріне мейлінше қонымды, көркем күйде аударылып отырған жоқ па! Әсіресе, сол елдердің тілдеріне адамзаттық ең жоғары сапалы, мазмұны биік болған Ленин, Сталин томдары аударылып, оларды бүгінгі оқушылары өз тілінде ұғынып, баурап алып отырған жоқ па!

Міне, бұл мысалда Абай, Ыбырайы болмаған елдерде де әдебиет тілінің үлгісі мен іргесі анық болғандығын, барлығын танытады.

Енді осы айтылғандарға жалғас, қазақ әдебиет тілінің Абайдан кейін өсіп-өнген кезеңдерін, жолдарын, бүгінгі жеткен шамасын алып сөз қозғағанда, қазақ әдебиет тілінің шынайы қалыптасқан, халық тілі болған дәуірі қайсы десек, ол, әрине, социалистік революцияның дәуірі, біздің анық халықтық совет әдебиетіміздің туып, өсіп, дамып келе жатқан дәуірі.

Абай заманындағы ғылым, техника, философия, социология, саясат - баршасынан қазақ тілінің сөздігі мүлде құралақан еді. Абайдың сөздігіне орыс тілінен ауысқан атаулар осыншалық мардымсыз, санаулы, шағын болатын. Қазақ тілінің соңғы отыз жыл ішінде қаншалық дамығанын сырттай ғана мөлшерлеу үшін, тек ғылымдық атаулардың өзінен ғана құрылып жатқан сөздіктердің ұшан-теңіз сандарын ғана еске алуға болады.

Осы ретте тіл ғалымдарына орнымен қойылатын үлкен бір талап, сол жеке ғылымдық атаулардың мол сөздіктерін бастырып шығару шарт еді. Рас, бұл жолда Қазақстан Ғылым академиясының әзірлеуімен, профессор Н. Сауранбаевтың басқаруымен терминдік сөздіктер енді-енді шыға бастады. Революциядан бері молайған атаулардан құралған тіл байлықтарын жинауда біздің одақтас республикалардың бірталайы Қазақстаннан гөрі өнімді істер істеп, үлкен сөздіктер шығарып жатыр. Мысалы, Арменияда тек медицинаның өзінен ғана қалыптанған атаулардың саны 18 мың сөз бопты; правоның атауларынан құралған сөздік 13 мың сөз болып тоқталыпты. Латвияда ғылымдық атаулардың сөздігі -40 мың сөзден құралады.

Осы алуандас, екі тілді сөздікте туысқан елдерінің бәрінде қалың-қалың томдар боп шығып жатыр. Тәжік, азербайжан, қырғыз, өзбек тілдерінде сондай сөздіктер үлкен табыс есебінде туып отырғанын білеміз. Кейбір туысқан елдердің тілін сөздік қоры жағынан зерттеу революциядан бұрын да едәуір елеулі өріске жетіп қалғаны бар еді. Мысалы, Пекарскийдің еңбегімен якут тілінің он үш томдық сөздігі ерте кезде шыққан.

Біз мөлшер шамамен топшылап, сенімді түрде байлау етіп, қазақ тілінің де сөздігі өз дәуірімізде ұшан-теңіз молыққанын айта аламыз. Бірақ сол жаңалық табыстарымыздың бұл күнде аса қажет болып отырған сөздік томдары тумай келе жатқаны, үлкен өкінішті жай.

Бірақ, сондай сөздік болмаса да, Ленин - Сталин дәуірінде тәрбиеленген, советтік қазақ елінің өнерлі ұрпағы, сан саладағы жаңа қауым қайраткерлері өзінің жаңалық сапасын, толық тәрбиесін танытқанда, социалистік дәуірінің ғылымы, өнер, техникасы өзгерісін байыған тілі арқылы танытады. Ғылым, техникамен молынан құралданып, басқаша сапада өсіп келе жатқан буындарымыз білген сөздік қоры кең көлемімен алсақ, ол Абай білген сөздік қордан сан есе мол екеніне күмән жоқ.

Әдебиет тілін айтқанда, қазақтың совет жазушыларының, ақындарының тілі жөніндегі мәселе, ең үлкен орын алатын нағыз бас мәселенің өзі екенінде шәк жоқ. Сондықтан біз бұдан былайғы қазақтың әдеби тілінің үлкенді-кішілі жалпы мәселелерін сөз қылғанда, қазақ совет жазушыларының бұрынғы қазақ тарихында болмаған өзгешеліктерін алдын ала ескертіп өтуді қажет деп білеміз. Бүгінгі қазақ совет жазушыларының әзірлік сатыларын, тәрбиелерін алсақ, жазушылық еңбегіне көпшілігі белгілі мектеп өту, оқу арқылы келді. Олар орыс әдебиетінің тәрбиесін молынан алып келіп, жазушылық еңбекке араласты. Бірі орыс тілін көбірек, бірі кемірек білсе де, тым құрғанда, оқып отырғанда орыс кітабын молынан ұғынбайтын қазақ жазушысы бұл күнде жоқ деп айта аламыз.

Сөйтіп, бұлардың отаны - Ұлы советтік Одақ болудың үстіне, халықтың үй-ішілік болмыс, тірлігі, салты ұлы орыс халқының мәдениетіне түгел туысып, қабысқанының үстіне, әрбір жеке жазушының өз қара басының да мәдениетті, білімді жазушы боп шығу жолы барлық тек - төркінімен, тамыр түбірімен ұлы оқытушы - орыс мәдениетіне біте қайнасқан.

Бұл жазушылардың көпшілігін екі тілді жазушы деп айтуға келеді. Олардың өз туған тілінен басқа, екінші ана тілдері - орыс тілі. Көркем шығармалық еңбекті қазақ тілінде жазғанымен, олар дүние жүзі әдебиетін, орыс мәдениетін және ескілі-жаңалы мирастары мол, туысқан елдер әдебиетін де орыс тілінде оқып таниды. Сол себепті әрбір қазақ совет жазушысының ойында, сезім тілінде, сөйлеу, теңеу, сөз алысып сұрыптау дәстүр машығында сол орыс кітабынан келген әсерлердің әр алуан түрде, ас

Бөлісу: