Ежелден ер тілегі ─ ел тілегі, адал ұл ер боп туса ─ ел тірегі

4 Желтоқсан 2012, 06:17

  «Социалистік Қазақстан», 1965 жыл Тек совет халықтары үшін ғана емес, барлық прогресшіл адамзаттың тарихы үшін айтулы Жеңіс мерекесі келе жатыр. Ол - герман фашизміне қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 20 жыл толу тойы. Біздің Отанымызда ол соғыстың отты жалыны шарпымаған семья кемде - кем. Қарап отырсақ, соғыс басталғанда туған сәбилер 25 - ке шықты, ал, соғыс біткенде туған сәбилер 20 - ға толды...   Соғыс кезіндегі жас жесірлер егде тартты, ал, жастайынан жетім қалғандар айтулы азамат болды. Соғыстан төрт мүшесі түгел қайтқандар да, қанымен майдан даласын суарып, мүгедек болып қайтқандар да аз емес. Отан үшін, ел үшін, ар - намыс үшін қан майданда қаза болғандардың ерлік бейнесі әр уақытта да біздің жүрегімізде. Оларды біз еске алғанда сыйлап, бір сөзбен "марқұм" дейміз. Ал, шындығында, олар марқұм ба?! Жоқ! Олар - марқұм емес. Олар болмаса, жеңіс болар ма еді, олар жанын пида етпесе, осылай өмір сүрер ме едік? Оларды марқұм деуге менің аузым бармайды. Олар - мен үшін мәңгі тірі. Өйткені, қазіргі күнде біздердің шаттықта, еркіндікте өмір сүріп отыруымыз солардың қан төккен қаһармандық ерлігінің жемісі емес пе! Соғыстың қысылтаяң кезеңінде емшектегі баласын жөргекке орай салып, кәсіпорын, колхоз бен совхоз жұмысына таң сәріден жүгіріп, түн ортасында қайтқан олардың жарлары мен аяулы ата - анасын, туыстарын, «өзім жемесем жемейін, өзім ішпесем ішпейін, бәрі де солар үшін, майдан үшін, жеңіс үшін болсын!» деген игі ниетті асыл сезімін кім есінен шығара алады. Жоқ, ешкім де шығара алмайды! Еңбекте бұлар ащы терін төкпесе, майданда олар қанын төкпесе, жеңістен кейін біздің ел көгерер ме еді? Жоқ, көгермес еді. Бүгінгі шалқыған дәулет, өрлеген өмір кімнің тері, кімнің қаны, кімнің ары? Сөз жоқ, ол- халқымның қаны, халқымның ары. «Солдат деген - ұлы сөз», - деп даңқты қолбасшы Суворов айтқандай, ол - халық ұлы, халықтың қызы. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында майданда да, тылда да есі жаңа кіріп келе жатқан баладан бастап, жасы жүзге жеткен Жамбылға дейін совет азаматтары түгелдей солдат болып, жауға қарсы майданға жаппай қатысты. Бұл майданда еліміздің туысқан басқа халықтары сияқты қазақ халқының да өзіне жарастықты тарихи орны бар. Ол даусыз. Қалайша майдандас жолдастарымды «өлді» деуге аузым барады! Олар қайтыс болса да, олардың еңбегі, жеңістің жемісі тірі. Соғыстан мүгедек болып кайтқан азаматтарды да мен мүгедек деп айта алмаймын. Өйткені, олар елге қайтқан соң да «мен мүгедек едім» деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Майданнан келісімен соғыстың соңғы ауыр жылдарының салмағын көппен бірге көтерісті. «Ауыр жүкті нар көтерер», - дейді. Соғыстан қайтқан мүгедектердің ішінде ауыр жүк көтерген нарларымыз аз ба? Аз емес! Бұрынғы қан майдандағы батырларымыздың ішінен талай - талай Еңбек Ерлері шықты. Майданда бір рет батыр болса, еңбекте екінші рет батыр болды. Олар қазір егде тартты, бірақ та көбі қызметті тастаған жоқ. Өндірісте, ауылда, селода, ғылым мен өнерде, яғни біздің қоғамдық өмірдің барлық саласында Отанды өркендету жолында жан - тәнін аямай қызмет істеп жүр. Олар, тіпті де мүгедек емес. Олар - жауынгер, азамат, патриот. «Елсіз ер болмайды, ерсіз ел болмайды» деген сөз бар. Оларды адамзат тарихында теңдесі жоқ осындай аса жоғары моральдық дәрежеге жеткізген нәрсе - біздің лениндік данышпан партиямыз, біздің ерлік атамұрамыз - тарихи шежіреміз - біздің кеңпейіл, адал халқымыз. Бұған бәріміз де түсінеміз. Оған досымыз түгіл дұшпандарымыз да түсінеді. Ерлік елеусіз қалмауы тиіс. Халқымыздың ерлігі - дүниедегі елеулі ерлік, ерліктің шыңы. Дүниежүзілік екінші соғыс жеңісінің жемісі қаһарман совет халқы ерлігінің нәтижесі десек, асырып айтқандық болмайды. Оған айғақ көп. Достарды келтірмей - ақ дұшпандардың куәлігін ғана айтайын. Мысалы, ағылшын империализмінің көрнекті қайраткері Уинстон Черчиль: «Менің өмірімдегі арманым - Советтерді жөргегінде жатқанда құрта алмауым»,- деп ашықтан - ашық айтқан кісі болған болатын. Ол 1944 жылы «Неміс армиясының ішек - қарнын ақтарған Россия», - деп айтуға мәжбүр болды. Екінші мысал, АҚШ президенті Дж. Кеннеди 1962 жылы сөйлеген бір сөзінде: «Дүниежүзілік екінші соғыста барлық зардапты, барлық қиыншылықтарды совет халқынан басқа еш халық та көрген жоқ... Теңдесі жоқ ерлікті көрсеткен совет халықтары», - деді. Бұл - тарихи шындық. Олардың осыны айтуы - біздің халықтың ерлігіне берілген әділ баға. Ал, енді сол ерлікті қалай мәңгі есте қалдырамыз, оны есте қалдыру кімге міндет, кімге борыш? Халқымыздың ұлы ерлігін келер ұрпаққа аңыз етуге, атамұра етуге кім міндетті? Аға буынның көргенін жас буын көрген жоқ. Сондықтан, қайталап айтамын: ерлік елеусіз қалмасын! Сол атамұраны - тарихи шежірені келер ұрпаққа кім жеткізбек деген сұраққа қабырғаларың қайыса ойланыңыздар, жауынгер майдандас достарым! Қорытқан тебіренген ой - пікірлеріңіз бен естеліктеріңізді сандыққа салып қоймаңыздар! Өйткені, ол - бірдің емес, көптің мүлкі, тарихтың мүлкі. Ол - жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Ұлы жеңістің 20 жылдығы алдында барды аянбай топ алдына салыңыздар, достар! Қалай саламын дейсіздер ғой: терең ойланып, салмақтай отырып, мынасы тарихқа, ұрпаққа керек - ау дегендерін таңдап алып, ортаға салыңыздар. Өмір ұзақтығымен бағаланбайды, мазмұнымен бағаланады. Мұны халқымыз: «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді. Жасыратыны жоқ, майдандас достарым, сіздер - көпті көргенсіздер. Бұл - бәріңіз бірдей жазушы бол деген сөз емес, әрқайсыңыз өз шамаларыңызға қарай жазыңыздар, өз шамаларыңызға қарай сөйлеңіздер. Күнделікті баспасөз, радио мен телевизия арқылы жарамдыларын көпшілікке паш етсе, қандай жақсы болар еді. Жергілікті орындармен байланыс жасай отырып, еңбекшілермен және жас буын - ұрпақтармен кездесу ұйымдастырып, өнегелі, үлгілі ерліктер туралы естеліктер айтып беру де орынды ғой. Майданда қаза болған ерлерді еске алуды ұйымдастырған - абзал іс. Жергілікті орындармен келісіп, қай ер қай ауылдан, колхоздан, кәсіпорыннан шығып, қай мектепте тәрбиеленгені туралы деректер жинау жағын ойластырған жөн. Жергілікті жерлердегі мәдени орындарды басқарып отырған жолдастардың көбі - бірі қан майданда, бірі тылда дегендей, Ұлы Отан соғысына катысқандар. Олар да келе жатқан мерекені жақсы өткізу шараларына белсене қатысып, сіздермен шүйіркелесе сөйлесетініне ешқандай күмән жоқ. Ынтымақ, ауызбірлік, ниеттестік игі мақсатқа жеткізеді. Сіздердің бұған түсінетіндеріңізге ешқандай күмән жоқ. Мейрамың құтты болсын! - деп болашақ мерекені қарсы алуға бәріміз де жұмыла ат салысайық. Ол- бәрімізге бірдей үлкен азаматтық парыз. Ежелден ер тілегі - ел тілегі, Адал ұл ер боп туса - ел тірегі бола білген қанды көйлек, майдандас достарға жауынгерлік сәлем!

 

«Социалистік Қазақстан», 1965 жыл

Тек совет халықтары үшін ғана емес, барлық прогресшіл адамзаттың тарихы үшін айтулы Жеңіс мерекесі келе жатыр. Ол - герман фашизміне қарсы жүргізілген Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 20 жыл толу тойы. Біздің Отанымызда ол соғыстың отты жалыны шарпымаған семья кемде - кем. Қарап отырсақ, соғыс басталғанда туған сәбилер 25 - ке шықты, ал, соғыс біткенде туған сәбилер 20 - ға толды...

 

Соғыс кезіндегі жас жесірлер егде тартты, ал, жастайынан жетім қалғандар айтулы азамат болды. Соғыстан төрт мүшесі түгел қайтқандар да, қанымен майдан даласын суарып, мүгедек болып қайтқандар да аз емес. Отан үшін, ел үшін, ар - намыс үшін қан майданда қаза болғандардың ерлік бейнесі әр уақытта да біздің жүрегімізде. Оларды біз еске алғанда сыйлап, бір сөзбен "марқұм" дейміз. Ал, шындығында, олар марқұм ба?! Жоқ! Олар - марқұм емес. Олар болмаса, жеңіс болар ма еді, олар жанын пида етпесе, осылай өмір сүрер ме едік? Оларды марқұм деуге менің аузым бармайды. Олар - мен үшін мәңгі тірі.

Өйткені, қазіргі күнде біздердің шаттықта, еркіндікте өмір сүріп отыруымыз солардың қан төккен қаһармандық ерлігінің жемісі емес пе!

Соғыстың қысылтаяң кезеңінде емшектегі баласын жөргекке орай салып, кәсіпорын, колхоз бен совхоз жұмысына таң сәріден жүгіріп, түн ортасында қайтқан олардың жарлары мен аяулы ата - анасын, туыстарын, «өзім жемесем жемейін, өзім ішпесем ішпейін, бәрі де солар үшін, майдан үшін, жеңіс үшін болсын!» деген игі ниетті асыл сезімін кім есінен шығара алады. Жоқ, ешкім де шығара алмайды!

Еңбекте бұлар ащы терін төкпесе, майданда олар қанын төкпесе, жеңістен кейін біздің ел көгерер ме еді? Жоқ, көгермес еді. Бүгінгі шалқыған дәулет, өрлеген өмір кімнің тері, кімнің қаны, кімнің ары? Сөз жоқ, ол- халқымның қаны, халқымның ары.

«Солдат деген - ұлы сөз», - деп даңқты қолбасшы Суворов айтқандай, ол - халық ұлы, халықтың қызы. Ұлы Отан соғысының қаһарлы жылдарында майданда да, тылда да есі жаңа кіріп келе жатқан баладан бастап, жасы жүзге жеткен Жамбылға дейін совет азаматтары түгелдей солдат болып, жауға қарсы майданға жаппай қатысты. Бұл майданда еліміздің туысқан басқа халықтары сияқты қазақ халқының да өзіне жарастықты тарихи орны бар. Ол даусыз.

Қалайша майдандас жолдастарымды «өлді» деуге аузым барады! Олар қайтыс болса да, олардың еңбегі, жеңістің жемісі тірі. Соғыстан мүгедек болып кайтқан азаматтарды да мен мүгедек деп айта алмаймын. Өйткені, олар елге қайтқан соң да «мен мүгедек едім» деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Майданнан келісімен соғыстың соңғы ауыр жылдарының салмағын көппен бірге көтерісті. «Ауыр жүкті нар көтерер», - дейді. Соғыстан қайтқан мүгедектердің ішінде ауыр жүк көтерген нарларымыз аз ба? Аз емес! Бұрынғы қан майдандағы батырларымыздың ішінен талай - талай Еңбек Ерлері шықты. Майданда бір рет батыр болса, еңбекте екінші рет батыр болды. Олар қазір егде тартты, бірақ та көбі қызметті тастаған жоқ. Өндірісте, ауылда, селода, ғылым мен өнерде, яғни біздің қоғамдық өмірдің барлық саласында Отанды өркендету жолында жан - тәнін аямай қызмет істеп жүр. Олар, тіпті де мүгедек емес. Олар - жауынгер, азамат, патриот. «Елсіз ер болмайды, ерсіз ел болмайды» деген сөз бар. Оларды адамзат тарихында теңдесі жоқ осындай аса жоғары моральдық дәрежеге жеткізген нәрсе - біздің лениндік данышпан партиямыз, біздің ерлік атамұрамыз - тарихи шежіреміз - біздің кеңпейіл, адал халқымыз. Бұған бәріміз де түсінеміз. Оған досымыз түгіл дұшпандарымыз да түсінеді.

Ерлік елеусіз қалмауы тиіс. Халқымыздың ерлігі - дүниедегі елеулі ерлік, ерліктің шыңы. Дүниежүзілік екінші соғыс жеңісінің жемісі қаһарман совет халқы ерлігінің нәтижесі десек, асырып айтқандық болмайды. Оған айғақ көп. Достарды келтірмей - ақ дұшпандардың куәлігін ғана айтайын. Мысалы, ағылшын империализмінің көрнекті қайраткері Уинстон Черчиль: «Менің өмірімдегі арманым - Советтерді жөргегінде жатқанда құрта алмауым»,- деп ашықтан - ашық айтқан кісі болған болатын. Ол 1944 жылы «Неміс армиясының ішек - қарнын ақтарған Россия», - деп айтуға мәжбүр болды. Екінші мысал, АҚШ президенті Дж. Кеннеди 1962 жылы сөйлеген бір сөзінде: «Дүниежүзілік екінші соғыста барлық зардапты, барлық қиыншылықтарды совет халқынан басқа еш халық та көрген жоқ... Теңдесі жоқ ерлікті көрсеткен совет халықтары», - деді. Бұл - тарихи шындық. Олардың осыны айтуы - біздің халықтың ерлігіне берілген әділ баға.

Ал, енді сол ерлікті қалай мәңгі есте қалдырамыз, оны есте қалдыру кімге міндет, кімге борыш? Халқымыздың ұлы ерлігін келер ұрпаққа аңыз етуге, атамұра етуге кім міндетті? Аға буынның көргенін жас буын көрген жоқ. Сондықтан, қайталап айтамын: ерлік елеусіз қалмасын! Сол атамұраны - тарихи шежірені келер ұрпаққа кім жеткізбек деген сұраққа қабырғаларың қайыса ойланыңыздар, жауынгер майдандас достарым! Қорытқан тебіренген ой - пікірлеріңіз бен естеліктеріңізді сандыққа салып қоймаңыздар! Өйткені, ол - бірдің емес, көптің мүлкі, тарихтың мүлкі. Ол - жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Ұлы жеңістің 20 жылдығы алдында барды аянбай топ алдына салыңыздар, достар!

Қалай саламын дейсіздер ғой: терең ойланып, салмақтай отырып, мынасы тарихқа, ұрпаққа керек - ау дегендерін таңдап алып, ортаға салыңыздар. Өмір ұзақтығымен бағаланбайды, мазмұнымен бағаланады. Мұны халқымыз: «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді. Жасыратыны жоқ, майдандас достарым, сіздер - көпті көргенсіздер. Бұл - бәріңіз бірдей жазушы бол деген сөз емес, әрқайсыңыз өз шамаларыңызға қарай жазыңыздар, өз шамаларыңызға қарай сөйлеңіздер.

Күнделікті баспасөз, радио мен телевизия арқылы жарамдыларын көпшілікке паш етсе, қандай жақсы болар еді.

Жергілікті орындармен байланыс жасай отырып, еңбекшілермен және жас буын - ұрпақтармен кездесу ұйымдастырып, өнегелі, үлгілі ерліктер туралы естеліктер айтып беру де орынды ғой.

Майданда қаза болған ерлерді еске алуды ұйымдастырған - абзал іс. Жергілікті орындармен келісіп, қай ер қай ауылдан, колхоздан, кәсіпорыннан шығып, қай мектепте тәрбиеленгені туралы деректер жинау жағын ойластырған жөн.

Жергілікті жерлердегі мәдени орындарды басқарып отырған жолдастардың көбі - бірі қан майданда, бірі тылда дегендей, Ұлы Отан соғысына катысқандар. Олар да келе жатқан мерекені жақсы өткізу шараларына белсене қатысып, сіздермен шүйіркелесе сөйлесетініне ешқандай күмән жоқ.

Ынтымақ, ауызбірлік, ниеттестік игі мақсатқа жеткізеді. Сіздердің бұған түсінетіндеріңізге ешқандай күмән жоқ.

Мейрамың құтты болсын! - деп болашақ мерекені қарсы алуға бәріміз де жұмыла ат салысайық. Ол- бәрімізге бірдей үлкен азаматтық парыз.

Ежелден ер тілегі - ел тілегі,

Адал ұл ер боп туса - ел тірегі бола білген қанды көйлек, майдандас достарға жауынгерлік сәлем!

Бөлісу: