4 Желтоқсан 2012, 05:31
«Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек». 2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деген болатын.
Ал Түркістан қаласында зиялы қауым өкілдерімен өткен басқосуында мемлекет басшысының латын әрпіне бірте-бірте көшу қажеттігін тағы қайталағанына көп бола қойған жоқ. Мәдениет министрі болып тұрған кезінде Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Ерте ме, кеш пе Қазақстан латын әліпбиіне көшеді» деген мәлімдеме жасағаны да белгілі.
Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі соңғы жиырма жылда көтеріліп, соның он жылында қызу талқыланып келеді. Бірақ жаңа әліпбиге қашан көшетініміз әзірге белгісіз. Десек те, оның толғағы күннен-күнге жақындап келе жатқаны байқалады. Қоғамдағы кейбір пікірлерге, соның ішінде, әсіресе, Ресейге қарап бой түзеп үйренген азаматтардың, қоғамдық ұйымдардың қарсылығына қарамастан Қазақстан Әзірбайжан, Өзбекстан елдері сияқты түбінде латын таңбасына көшетіні анық болып отыр.
Бұл мәселені жете зерттеген мамандардың айтуынша, қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Оны «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі» деп атауға да болады. Өйткені, әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды. Латын графикасына көшуді кешеуілдетпей, алдағы 10 жылдың көлемінде жүзеге асыру қажет. Латын әліпбиіне көшкен өзге елдер бұдан тек пайда көрген. Айталық, латын қарпіне көшкен соң, Өзбекстанда тұратын халықтың 97 пайызы өзбек тілінде сөйлейтін болған, өзбек тілі ең керекті және ең басты тілге айналған. Бүгінге дейін латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиінің дайын 11 нұсқасы бар екен. Ендігісі, тек нақты шешім қабылдау қалды. Тіпті, кешігіп жатырмыз дегендер де бар.
«Латын әліппесіне көшуді біз сәл кешірек қолға алып отырмыз. Әліппе ауыстырудың пайда-зиянын білмейтіндердің үрейшілдігі жаман болады. Атағы барларда үрей болған соң, іс басындағылар да амалсыз үрпиісіп қарайды. Латынға көшу керек. Біз қатарымыздан кешігудеміз. Әзірбайжандар бірден көшіп, техника тіліне үйреніп қалды. Ал, қасымыздағы Өзбекстан осыдан он жыл бұрын мектептерін латыншаға көшірген. Балалардың оқуын латыншаға көшіру арқылы олардың ата-аналарының да сауатын ашып алды. Бүкіл адамзаттың 60-70 пайыздайы латын әліппесін қолданады. Дүниежүзіндегі техникалық құрал-аспаптар латын әрпіне негізделген. Өркендеу заңы жасалғанды сақтап, бауырыңа басып жата бер демейді. Енді тартыншақтай берсек, көш соңында қалып қою оңайдың оңайы. Елу елдің қатарына кіреміз десек, латын әрпінің пайдасы тимесе, зияны тимейді», – деген болатын танымал ғалымымыз Тұрсынбек Кәкішұлы.
Латын қарпіне көшуден ұтатын жеріміз қайсы? Ескерілетін жәйт қайсы? Әліпбиді ауыстыру арқылы тіліміздің қасиетін жоғалтып алмаймыз ба? Біз осы сауалдарды бірқатар тіл мамандарына қойған едік.
Бауыржан Елікбаев,
филология ғылымдарының докторы
Латын таңбалары қазақтың табиғатына жақын
Латын графикасына көшу – бізге алдымен орыс тілінің ықпалынан құтылу үшін қажет. Өздеріңізге белгілі, өткен ғасырда біз әліпбиді үш рет ауыстыруға мәжбүр болдық. 1929 жылға дейін араб әліппесіне негізделген төте жазуды қолдандық. 1940 жылға дейін латын жазуын пайдаландық. Яғни латын әрпі қазақ үшін бейтаныс деуге болмайды.
Біріншіден, болашақта түркі халықтары латын таңбаларына негізделген ортақ әліпбиге көшеді. Түркия осы әліпбиді қолданады. Соңғы жылдары Әзірбайжан мен Өзбекстан да осыған өтті. Алдағы уақытта өтеміз деп отырған түркі елдері көп.
Екіншіден, латын әрпіне көшу арқылы біз әлемдік кеңістікке жақындаймыз. Қазақстан өзгелермен терезесі тең ел болған кезде, бұл біз үшін өте маңызды. Қарап отырсаңыз, күнделікті өмірімізде латын тілімен жиі бетпе-бет келеміз. Тауарлардың көпшілігінде ақпараттық жазулар латын тілінде жазылған. Компьютерлік техникалардың көпшілігі латын тілінде жұмыс істейді. Сондықтан латын әліпбиіне көшу арқылы біз осы мәселені шешкен болар едік.
Латын таңбалары қазақтың табиғатына жақын. Мәселен, «Қазақстан» деген сөз қазір ағылшынша көбіне «KAZAKHSTAN» деп жазылып жүр. Бұл орыс тілінен алынған. Дұрысы «QAZAQSTAN» болуы керек. Латын таңбасына көшу арқылы біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәл-дәл жеткізе аламыз. Болат Қалыбеков,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Жеті рет өлшеп, бір рет кес
Латын таңбаларын үйрену оншалықты қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Онсыз да қазір компьютерде, ұялы телефондарда осы әріпті қолданатын жастар көп. Бірақ оған едел-жедел көшіп кетпей, Елбасының өзі айтқандай, бірте-бірте қолға алған жөн.
Латын таңбасына көшуді бірінші сыныптан бастасақ, 11 жылда орта білім беру жүйесі толығымен латын графикасына ауысады екен. Бұл жерде көрші елдердің тәжірибесіне қарап, солардың жіберген қателіктерін қайталамау қажет.
Осы уақытқа дейін «Ана тілі» газетінде және басқа да ақпарат құралдарында ғалымдар жаңа әліпбидің көптеген нұсқаларын ұсынды. Осы әріптерді латын графикасымен таңбалап, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін жоғалтып алмау үшін бізге «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасын басшылыққа алу керек. Өйткені, әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады.
Ақмаржан Әуелбекова,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Ұтатын жағымыз көп, өткенімізді ұмытпайық
Қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын сақтап, дамыту үшін латын әрпіне көшу маңызды. Ұтатын жағымыз көп. Ақпараттық техникаларды пайдалануда, халықаралық кеңістікке шығуда латын тілінің бізге тигізер оң әсері мол. Бірақ біз соңғы жетпіс жылдан астам уақыт бойы кириллицаны пайдаланып келеміз. Осы әліпбиде біздің қаншама ғылыми еңбектеріміз, көркем дүниелеріміз жазылды.
Күні ертең латын таңбасына көшкенде, сол мұраларымыз мұрағатта шаң басып жатпауы тиіс. Оларды латын таңбасымен қайта басып шығару ісіне көңіл бөлу керек. Ал, бұған, әрине, аз қаржы кетпейді. Мемлекет латын таңбасына көшудің белгілі бір жүйесін жасауы тиіс.
Дереккөзі: BAQ.kz