Сүйген жүрек

3 Наурыз 2015, 10:22

Терезеден шашырай төгілген күн сәулесінің қызуы қайтып, бөлме іші алакөлеңкеленіп келеді.

Терезеден шашырай төгілген күн сәулесінің қызуы қайтып, бөлме іші алакөлеңкеленіп келеді. Қалихан тозығы жеткен темір төсектің үстінде шалқалай түсіп кітап оқып жатқан. Астында жырым – жырымы шыққан көнетоз матрац пен ескі құрақ көрпеден басқа ештеңе жоқ. Қозғалған сайын торы созылып төмен түсіп кеткен темір төсек шиқ – шиқ етіп, шиқылдап қоя береді. Қозғалмайын десе, жата – жата тесіле бастаған жамбасы шыдатар емес. Көзі де талып, ауыра бастады. Сонда да кітаптан басын алмай, шұқшия түскен. Кенет, терезеге таяу қойылған кішкене үстелдің үстінде тұрған қара телефон шыр – шыр етіп шырылдап қоя бергені. Қалихан орнынан жаймен көтеріліп барып, «Ало!» деп телефон тұтқасын құлағына тосуы мұң екен, ар жақтан саңқылдаған жігіт дауысы естілді. 
- Сәлеметсіз бе, аға? Мен Қанатпын ғой! 
- Хал – жағдайың қалай, шырағым? 
- Жақсы, аға. Бәрі жақсы. Тек... тек... 
- Не?.. Не болды? 
- Жақсылық аға... қайтыс болыпты! 
- Не?.. не дейсің?.. 
- Жақсылық аға қайтыс болыпты! 
- Қашан? 
- Бүгін тәңертең... Біз барғалы жатырмыз. Сізге де айтып қояйын дегенім ғой! Баратын шығарсыз?!. 
- Ойбай-ау, бармағанда. Рахмет, айналайын! 
- Жақсы аға, онда. Тағы да хабарласамын ғой!.. 
- Жақсы, жаным!.. 
Қалихан телефон тұтқасын орнына қоя салды да, асығыс - үсігіс киіне бастады. « Өзі де бейнетқор байқұс еді!.. Аурудың да азабын тартудай-ақ тартты-ау!.. Әйтеуір, өмірінің соңында атамекеннің дәм – тұзын татып, туған жердің топырағы бұйырды демесең!.. Бірақ, осының өзі де бір бақыт екенін біреу білсе, біреу білмейді-ау, шіркін!.. Біз сияқты атамекеннен жырақтау ғұмыр кешкен пақырлар болмаса!.. Иә, қайдан білсін!.. Басына түспегесін!.. Сезінбегесін!..» 
Ол сыртқа шығып, такси ұстады да, сүт пісірімдей уақыт өтер - өтпесте Жақсылықтың үйіне келді. Есік алдында адамдар топырлап жүр. Кіре берісте екі баласы таяқ ұстап жылап тұр. Жақындап келіп: 
- Әкелеріңнің алдынан жарылқасын, айналайындар!- деп беттерінен сүйді де, ауыз үйге кірді. Әйелі төр жақтағы диванның үстінде қолына орамал ұстаған қалпы басын төмен сала мелшиіп отыр. Екі көзі білеудей боп ісіп кеткен. Бұны көре салып: 
- Қалай қиып тастап кеттің, 
Қайран менің Жәкем-ай!..- деп аңырап қоя берді. 
Төбе құйқасы шымыр ете түсті. Қарсы алдына таяп келіп, басын басына тигізе: 
- Қаза қайырлы болсын! - деп көңіл айтып, аз-кем тұрып қалды. Әйел зарлы дауыспен жоқтау айтып, жылауын үдете бастап еді, Қалихан иығынан ұстаған қалпы,- Сабыр Кәмшатжан, сабыр!.. Жылама демеймін, жыла! Мен жылама десем де, жылайсың! Жылайтын күн әлі алда!.. Сабыр сақтап жыла! Ауырып қаласың! Сен әлі мына балаларға керексің! Орнында бар оңалар деген!..- деді сабырға шақырып. 
Әйел жоқтауын тиып, жылауын қойғанымен, солығын баса алмай, үн – түнсіз мұңайып отырып қалды. Қалихан шеттеу тұрған орындыққа тізе бүге беріп: 
- Қашан қайтыс болды?- деді бір сәт орнай қалған үнсіздікті бұза. 
- Таңғы сағат жетіде!.. Түні бойы қиналды. Қиналып кетті... Бірақ, сөйлеп жатты... Бәрін айтып кетті... Бәрімен бақұлдасты. Бәрін біліп жатты... Ең ақырғы айтқаны... Адамда арман таусылмайды екен ғой деді. Ең басты арманым, балаларды туған жерге әкеліп, елге қосу еді. Оны орындадым, енді өлсем де арманым жоқ деуші едім! Жоқ, олай емес екен. Енді осы балаларымның қызығын көрсем деп едім. Сол арманым арман күйінде өзіммен бірге кетіп барады деп өкініш арқалап кетті!- деді әйелі кемсеңдеп. 
- Е, Кәмшат, кім армансыз боп өтті дейсің, бұл жалғаннан. Тірі пенденің арманы таусылушы ма еді, тәйірі! Бізге қарағанда Жақсылық бақытты ғой! Құдайға тәубә, деңдер!- деді кеудесін кере ауыр күрсініп. 
Осы кезде сырт жақтан адамдардың аяқ дыбысы білінді де, артынша-ақ «Бауырымдаған...» дауыс естілді. Қалихан жаймен орнынан көтерілді де, ақырын жылжып, сыртқа шыға берді. 
Күн ұясына қызара батып, төңіректі қараңғылық тұмшалап келеді. Аздаған ызғар бар. Ол шет жақта әңгіме-дүкен құрып отырған бір топ адамның жанына тақау барып тұрды. 
- Ештеңемен қақ – соғы жоқ еді!- деді тапал сары. 
- Расында да, ешкімге зияны жоқ еді!- деді ұзын бойлы қара жігіт. 
- Иә, несін айтасың, жақсы адам еді!- деді бүкір шал. 
Бір мезет алдыңғы жағында жападан жалғыз тұрған әйелге көзі түсіп кетті де, аңырып тұрып қалды. Өз көзіне өзі сенер емес. « Әй, мынау... Сәуле ме?!. Ой, Алла-ай!..- Тұла бойы шымырлап қоя берді,- Мынау менің Сәулем ғой!.. Ой, жаным-ай!.. Сәуле... Сәулешім!.. » 
Көзін алмай, қадала қалған. Қапелімде өңі ме, түсі ме екенін ажырата алмай, абдырап та қалды. Әйел түк сезер емес. Ештеңені елең қылмастан, шығар қақпаға қарай бұрыла берді. Ол бірдеңеден құр қалып бара жатқандай, әйелден көзін айырмаған күйі соңынан ілесе шықты. Үйді айнала бере, аяғын жылдамдата басып келді де: 
- Сәуле!-деді ақырын ғана тіл қатып. 
Әйел селк ете түсті. Жалма – жан жалт қарады да, бедірейіп тұрып қалды. 
- Сәуле, мен ғой! Не, танымай қалдың ба? Мен... Өзіңнің Қалиханың! 
- Қалихан... Қалихан... 
- Иә, Сәуле, бұл мен ғой!.. Өзіңнің алғашқы құдай қосқан қосағың!.. 
- Қайдан жүрсің? 
- Жақсылыққа... көңіл айтып. 
- Сені Алматыға келді деп еді... 
- Сен туралы да айтқан... 
Әйел демін ішіне тарта ауыр күрсінді де, үнсіз қалды. Қалихан да қапелімде не айтарын білмей, бөгеле берді. Екеуі үн – түнсіз жүріп отырып, бақ ішіне келіп кірді.
Ымырт үйірілген. Аспанда қарабауыр бұлттар түйдек түйдегімен жөңкіле көшіп барады. Етек жақтан жан – жағына жарығын шаша қылтиып ай туып келеді. Әр - әр тұстан жұлдыздар жымыңдай бастады. 
- Қарашы, қандай ғажап!.. Түннің де өз әлемі, өз сұлулығы бар ғой!..- деді Қалихан сөзге тартып. 
- Иә, оның рас!.. Қашан келдің өзі? Көп болды ма? - Әйелдің еті енді үйрене бастаған сияқты. Еркінси сөйледі. 
- Біраз болды. 
- Біраз болды?! 
- Иә, біраз болды. 
- Енді неге хабарласпадың? 
- Сенің отбасың бар деп естідім ғой! Сонан кейін мазалағым келмеді. Құдайдың кезіктірген жерін көрмейсің бе?!. Жақсылықтың өлімі... 
- Иә, бұл жалған дүние ғой!.. Жалған дүние. Бүгін бармыз, ертең... бір Құдай біледі!.. Бәрі жалған, өткінші... Жалған екенін біле тұра, мәңгі жасайтындай өмір сүреміз! Жақсылықты айтам да, ана аптада ғана көріп едім. Жақсы сияқты еді!.. Көрмейсің бе?.. Ажал айтып келмейді ғой!.. 
- Сәл ертерек кетті демесең, Жақсылықта арман жоқ қой! Арман жоқ... Сүйгенімен бірге тұрды! Сүйгенімен қолұстасып бірге жүрді!.. Бірге жасасты... Балалары да бауырында болды. Бір елі ажыраған жоқ!.. Біз ғой мына сорлаған!.. Екеуміз екі жақта қырық жыл бөлек тұрдық. Құдай салды, біз көндік!.. Қырық жыл!.. Тұтас бір ғұмыр ғой!.. 
- Иә, қырық жыл. Зымырап өте шығыпты ғой!.. Өмір осылайша білінбей өте шығады екен ғой!.. 
- Жоқ, мен қырық жыл білінбей өте шықты деп айта алмаймын! Мен қырық жыл жан азабын тарттым! Бақандай қырық жыл! Қырық жыл армандадым! Қырық жыл күттім! 
- Нені? 
- Сенімен бір кездесуді. Сені бір көруді... Туғандарын ғана көріп, қызықтарын көре алмаған балаларымның маңдайларынан бір иіскеуді... қырық жыл аңсадым ғой! Сен... сен қалай өзгермегенсің! 
- Өзгермегенсің дейсің бе? Қойшы, қартайдық қой! Ол кезде жас едік! Ештеңенің нарқы мен парқын біле бермеппіз ғой!.. 
Ол әйелге көз қиығын қадады. Самайын ақ шалып, сұлу жүзін әжім басқан. Бірақ, қараған сайын бірте – бірте жасарып, көз алдына қыз күніндегі көрікті келбеті елес берді... 
- Сен маған әлі сол қыз күніңдейсің! Естіп тұрсың ба, әлі он сегіздегідейсің!.. Сол бейнең!.. Сол мөлдір көз... Сол қызыл ерін... 
- Қойшы!.. Сен де өзгермепсің! Сол баяғы қалпың!.. 
- Иә, сол жастықтың әсері ғой! Иә, сол жастықтың албырттығы ғой!.. Қайдан білейін!.. Әйтпесе, сенен өлсем айырылам ба?!. Қайран, жастығым, ғұмыр бойғы өкініш сыйлады. Қырық жылғы өмірім өкінішпен, сағынышпен өтті!.. Қырық жылғы уақытым ойлаумен, ойланумен өтті!.. Иә, ол кезде біз жас едік!.. Сен жиырма бесте, мен отызда. Енді міне өрімізден көріміз жақын болып қалыпты-ау!.. Бірақ, сен маған әлі сол қыз күніңдейсің!.. Есіңе алшы!.. Екеуміздің алғаш танысқанымыз... Есіңде ме? 
- Есімде! Бәрі де есімде!.. Оны қалай ұмытайын!.. Ол біздің қайта оралмас бақытты шағымыз ғой!.. 
- Көктем еді ғой, құлпырған!.. Жасыл жайлау... Өзеннің жағасы, су сылдырап ағып жатқан... Алғаш көргенім де сол еді. Сен сондай сұлу едің! Көрікті едің! Бір көргеннен ғашық болып едім-ау!.. Иә, бір көргеннен... 
- Мен де сені бір көргеннен ұнатып едім! Сүйіп едім!.. Сүйіп-ақ қосылып едік қой!.. Амал қанша, тағдырымыз осылай болды. Екі баламен мен Шәуешектен бері өттім. Сен Үрімжіде қалып қойдың!.. 
- Қалайын деп қалды дейсің бе?!. Жібермеді ғой, құрғырлар!.. 
- Білемін!.. 
- Бұлай боларын білсем, өлсем қалмас едім ғой! Шекараны жауып тастайтынын қайдан білейін! Айтсам, сенбейтін де шығарсың!.. Талай талпыныс жасадым!.. Бірақ, бері өтудің еш сәті түспеді!.. Оқуға да келмекші болдым!.. Бірақ, арғы ойымды сезіп қойды ма, білмеймін, әйтеуір, жібермеді. Шекарадан қашып та өтпекші болдым, оным үшін абақтының да дәмін таттым. Әйтеуір, жолым болмады!.. 
- Мен де сені көп күттім. Содан..- Әйел арғы жағын айта алмай аз – маз кідірістеп қалды да, сөзінің соңын екіұштылау етіп,- Қос құлыным үшін амалсыздан...- деді күмілжіп. 
- Білем! Бәрін де білем! Арманым мен Сағынышымның...- Қалиханның көзіне жас іркіліп, иегі кемсеңдеді,- қал-жағдайлары қалай? 
- Жақсы. Қазір екеуі де үйлі-баранды. Жағдайлары жаман емес!.. Ел қатарлы тіршілік етіп жатыр!.. Қазіргі жолдасымнан бір ұлым бар!.. 
- Білем, білем!.. 
- Ал өзің неге қайыра шаңырақ көтермедің? 
- Еш... еш қажеті болмады. Өзің де естіп жатқан шығарсың, талай жылым абақтының тас қапасында өтті... Жазықсыздан жазықсыз жазалану да жанға қатты батады екен. Оның бәрін айта беріп қайтейін!.. Тек, біле білсең, мен тек сен деп өмір сүрдім. Сен деп ғұмыр кештім. Сені ғана ойладым. Сен менің әрқашан жанымда болдың. Қайғырсам, бірге қайғырдың, жыласам, бірге жыладың, мұңдансам, бірге мұңдандың. Сен соны білесің бе?.. 
- Қуансаң да бірге қуандым ғой!..- деді әйел күлімсіреп. 
- Жоқ!.. 
- Неге?- Әйелдің түсі бұзылып кетті. 
- Мен қуанған емеспін! Қуана алмадым. Қуанған кезім болған жоқ! 
- Неге? 
- Сүйіп қосылған сүйікті жарыңнан, бір тамшы қаныңнан жаралған сүйкімді балаларыңнан тірідей айырылсаң, қуаныштың не екенін ұмытып қалады екенсің!.. Сен оны білмеген... сезбеген... сезінбеген шығарсың!.. Өйткені менің орнымды білдірмеген... менің жоғымды жоқтатпаған Арманым мен Сағынышым болды ғой қасыңда. 
- Алданышым да, жұбанышым да солар болғаны рас. 
- Ал мені алдандыратын да, жұбататын да ешкім болған жоқ!.. Өзімді - өзім ғана алдандырып, жұбатып келемін!.. Сені бір көретініме, сені әйтеуір бір кездестіретініме сенгем. Мені жетелеп келе жатқан да сол сенім ғой! Бақыттымын... сені көрдім! Сені бір көрудің өзі бір бақыт екенін білсең ғой!.. Мен саған әлі ғашықпын!.. Саған деген көңілім сол баяғыдай!.. Сенімен өткізген бес жыл менің ең бір бақытты сәттерім екен! Бірақ, сол бес жылдың қадірін де кейін білдім ғой! Сол бес жыл ғана маған қуат беріп, түнге айналған өміріме шуақ шашып келеді. Сол сәулелі бес жыл... 
- Менің де саған деген көңілім сол баяғыдай!.. Сенбейтін де, кінәлайтын да шығарсың!.. Арманың мен Сағынышың үшін!..- Әйел көзіне жас алып, қыстығып сөйлей алмады. 
- Кінәлап тұрғаным жоқ! Кінәламаймын да. Бәрін де түсінем... Еш мазаламаймын да!.. Сол отбасыңмен сол ошағыңның түтінін түтетіп жүре бер!.. Біле білсең, мен үшін сенің жер басып тірі жүргеніңнің өзі бір бақыт! Соны білсең, соны сезінсең болғаны... 
- Оны да жаман адам деп айта алмаймын. Арманың мен Сағынышыңа... Сол екеуінен қолынан келген жақсылығын аяған жоқ. Жеткізді, жетілдірді. Кеудемізден итерген жері жоқ. Соның арқасында өгейсімедік, өгейсітпеді... Бізге керегі де сол еді. Әйтпесе, мен оған сүйіп-күйгендігімнен тұрмыс құрған жоқпын!.. Жек көремін деп те айта алмаймын!.. Құдай қосты, қосылдық. Бірақ, сенсең, мен де сені бір көруді ғұмыр бойы армандадым. Оның жанында жатсам да, жүрегім сені іздейтін. Сен деп соғатын. Ғұмыр бойы саған деген сағынышым басылған емес. Мен де жүрек бар, менде де сезім бар!.. Сені сағынып сарғайған сәттерімде Арманымды құшақтап мауқымды басатынмын. Сен оны көрген жоқсың ғой, тұп – тура өзіңнің жігіт шағыңды көз алдыңа елестетсең болғаны. Тура аумай қалған ғой, аумай қалған. Жүрген жүрісі, тұрысы, көзқарасы, шашының бұйралығына дейін өзіңнің жігіт кезіңді көз алдыма әкеледі. Арманымды көрем де, сені көргендей боламын!.. Сондықтан да менің жаным соның үстінде жүретін!.. Ол әрдайым сені... жастық шағымды еске салады... Сен де сондай едің!.. Мінезіне дейін ұқсайды. Сен сияқты өкпелегіш!.. Тура бар ғой, өзің ғой!.. 
- Мен әлі өкпелегішпін!.. 
- Не өкпелеп қалдың ба? 
- Жоқ, неменеге өкпелеймін. Қайта бір жасап қалдым! Бұл кездесу сен үшін онша маңызды болмас... 
- Неге олай дейсің!- деді әйел оның сөзін киіп әкетіп. 
- Білмеймін... Өзім де білмеймін... Әйтеуір... мен үшін қалған ғұмырыма жетерлік азық болмақ! Өксумен, өкінішпен өткен өмірімді сәулелендіре түсетін де осы кездесу!.. Менде осындай алданыштардан басқа ештеңе қалған жоқ! Өзімді - өзім алдаумен, өзімді - өзім алдаусыратумен ғұмыр кешіп келемін!.. 
- Сен мықтысың, Қалихан! Өзіңді - өзің алдай аласың! Ал мен байғұс өзімді- өзім алдай алмаймын ғой!.. Алдандыратын Арманың мен Сағынышыңды қосып жібергеніңе ризамын. Мен сені баяғыда-ақ үйленіп алған шығар деп ойлап ем!.. Өйткені, саған ғашық қыздар көп еді ғой!.. Есіңде ме, мен сені солардан өлердей қызғанушы едім! Жаныңнан топырлап шықпайтын еді ғой!.. Солардың біреуімен... 
- Жоқ, Сәулежан!.. Менің көзіме сенен басқа ешқандай қыз көрінбейтін!.. Сен кеткеннен кейін де көрінген емес!.. Мен махаббатыма ешқашан да көлеңке түсірген емеспін! Сол бір таза қалпында өзіңе алып келдім!.. Жүрегім жаралы болса, жаралы шығар, бірақ кірлеген емес!.. 
- Менің... менің күйеуім бар ғой!.. 
- Ал, мен ше?!. Мен де сенің заңды күйеуің емеспін бе?!. 
- Сен... сен... Оған көп уақыт өтіп кетті ғой!.. Енді... 
- Білем, білем!.. Сен мені дұрыс түсін. Мен сенің отыңды өшіріп, ошағыңды ойрандайын деп келген жоқпын!.. Құдай оның бетін әрі қылсын! Тек, саған деген махабатымның әлі де суымағанын, мәңгі суымайтынын айту үшін ғана, соны сезіндіру үшін ғана сенімен бір кездесуді өмір бойы армандадым! Бұл кездесу маған осы үшін де қымбат. Саған деген махабатымды байрақтай желбіретіп келе жатқанымды айта алмай өліп кетсем қайтер ем! Өкініштің көкесі сонда болар еді. Енді өлсем де арманым жоқ. Шын айтам, арманым жоқ!.. Мен сенің өміріңе еш бөгет болмаймын, ешуақытта бөгет жасамаймын!.. Екінші жолдасыңа да алғыстан басқа айтарым жоқ!.. Сырттай амандықтарыңды біліп, тілеулеріңді тілеп жүремін де, қайтемін!.. Құдайдың басқа салғаны осы болса, амалымыз қайсы, көнеміз де!.. Шыдармыз! Шыдадық қой!.. 
- Рахмет, мен сені білем ғой!.. Жаныңның жылылығы емес пе, мені саған ес-түссіз ғашық қылған!.. Менің өміріме ешқандай бөгет болмайтыныңды да білемін! Екеуміз енді бірге бола алмаймыз ғой!.. 
Осы кезде талдардың арасынан үш – төрт қара мысық атып – атып шығып, бір – бірімен жарыса алдарынан жүгіріп өтті. Екеуі де тіксініп, бір – біріне үрпиісе қарады. 
- Бұл жерге қара мысықтар қайдан қаптап кеткен?- деді Қалихан оны жаман ырымға балап. 
- Ана бір жерде қоқыс төгетін жәшіктер бар. Соны жағалайды... Қаңғыбастар... Қаңғыған мысықтар... 
Түн түңлігін қымтай жауып, қоюланып келеді. Жаңбыр себезгілей бастады. Сумаңдаған суық жел Қалиханның қойны – қоншын тіміскілеп, бойын тоңазыта бастады. Бір сәт жанында қырық жыл көрмеген ғашығы келе жатқанын ұмытып кеткендей, өзімен - өзі ой қармап, үнсіз қалды. Кенет, есіне әлдене түскендей, бойын тез жиып алып: 
- Сәуле, сенен бір нәрсе сұрап, алдын – ала ақылдасып алсам деп едім!..- деді мойнын бұрып. 
- Не?.. Нені? - Әйел үрпие қарады. 
- Арманым мен Сағынышым кімнің атында? Оларды көріп, тілдесуге бола ма? Сондай көргім келеді екеуін. Қандай боп өсті екен?!. Мен туралы айтып па едің, өзі? 
- Жоқ, ештеңе айта алмай келемін! Олар... біледі ғой енді... Бірақ, кездесудің де, тілдесудің де керегі жоқ шығар! Олардың өз бала-шағасы бар!.. Бәрі мені апа десе, оны ата дейді... Ал, сені... 
Қалихан төбесінен біреу жуан жұдырығымен періп жібергендей, сілейіп тұрып қалды. Одан әрі қазбалап ештеңе сұрамады, сұрағысы да келмеді. Бәрін де айтпай түсінді. Сәлден соң тұнжыраған қалпы: 
- Жақсы, сенің айтқаның-ақ болсын! – деді жаймен ғана тіл қатып,- Басқа сұрағым жоқ! Үмітімнің...- Сөзінің аяғын жұтып қойды. 
- Сенің алдыңда өзімді ылғи қылмыскердей сезінемін!..- Әйел жүрегін тұсын ұстап, еңкейе берді: « Ой, жаным... жаным-ай!» 
- Не?.. Не боп қалды? 
- Жай әшейін, жүрек қой, бәрін сезіп-біліп жатқан!.. 
- Иә, жүрек құрғыр сезгіш қой! Менің де жүрегім бірдеңені сезіп жатыр. Кеудемді тесіп шығардай тулауын қарашы, дүрсілдеуін көрмейсің бе?!.- Қалихан да алақанымен жүрек тұсын уқалай берді. 
- Әне... анау менің үйім,- деді әйел алдыңғы жақта жарық жанып тұрған қараша үйді нұсқап,- Шалым алаңдап күтіп отырған шығар! Уақыт та біраз болып қалды ғой!... 
- Күтетін адамың бар, қандай жақсы!.. 
- Қой, мен барайын! 
- Жақсы, есен жүрші!.. Балаларға...- дей беріп тілін тістей алды. 
Әйел оған онша мән берген жоқ, мұң тұнған жанарымен мөлтеңдей бір қарады да, үн-түнсіз бұрылып жүре берді. Әлі де сол баяғы тіп – тік қалпы. Жүрісі де өзгермеген. Аяғын асыға басып, үйіне кіріп кетті. Ол соңынан жетім баладай жәутеңдей қарап, сөлмірейіп тұрып қалды. Кеудесін қара мысықтар тырналап жатқандай, қыжылдатып әкетіп барады. Көзінен жас шығып кетті. «Қарашы, қырық жыл бұрын да табиғат дәл осындай түнеріп тұр еді. Бүгін де тұнжырап тұр!..- деді дауысын көтере,- Ай да сол қалпы. Жұлдыздар ғана жарыса жымыңдайды. Қарашы, бәрі де сол баяғыдай!.. Естимісің, Сәулешім, естимісің!.. Табиғатта ешқандай өзгеріс жоқ!.. Өзгерген сен... сен ғана!.. Сен... сен... сен... » 
Қалихан қайтуға бет алып, бұрыла бергені сол еді, талдардың арасынан тағы бір қара мысық атып шығып, жолын кесіп өтті. Шошына селк ете түсті, жон арқасы шымырлап қоя берді. Жүрегі шаншып, өкпесі алқына берді: « Жол... жол сенікі... бақыт... бақыт па... бақыт... мее... жо... жоқ... сее... жо... жоқ...» 
Не айтарын өзі де білмей, сасқалақтап тұрып қалды. 
Қараңғылық қоюлана түскен. Төңіректі тұман тұмшалап келеді. Қара аспан да қыстығып тұрса керек, селдетіп қоя берді. Жаңбыр суы Қалиханның көз жасына қосылып, бет – ауызын айғыздап ағып барады. 

Бөлісу: