V БӨЛІМ

Демалыс күндері Үрия үй жұмысынан ешқайда шыға алмайды. Содан әкелі-балалы екеуі таңертеңнен қипақтап тағатсыздана бастайды.

-        Емеуріндерің белгілі ғой. Бара беріңдер. Менің қолым тиетін емес, - дейді ондайда Үрия.

         Үн-түнсіз шығып кетудің ретін таппаған Нұржан:

-        Мына Айдын тентек қоймай отыр. Әйтпесе, бүгін... - деп күмілжігенсиді.

-        Өзің ше? Жаңа ғана «қыдырып қайтайық» деп құлағыма сыбырлаған сен емес пе ең, - деп Айдын әкесінің мойнына асыла кетеді.

-        Әнеки, бұл сөйтеді, - дейді Нұржан күлімсірей. Үрия бір күрсініп ап, кір жууға кіріседі. Сол кеткеннен  екеуі кешке бір-ақ оралады. Сондай күндердің бірінде:

-        Кеп қалдық, - дейді Нүржан табалдырықтан аттай беріп, - әбден сілеміз катты.

-        Сендерді біреу зорлады ма? Сонша қыдырып, - деді Үрия.

-        Мама, біз бүгін сона-ау тауға шықтық, - деп Айдын әңгімеге араласты. - Қандай тамаша!

-        Күні бойы қыдырыстап жүргенде бір сәт менің жәйімді ойладындар ма?

-        Ойладық. Жаңа үйге келе жатып папам: «Біз барғанша мамаң тәтті ас әзірлеп қойса болар еді», - деген.

-        Рақмет, рақмет!

-        Баланы қинамасаңшы, - деді Нұржан күліп.

-        Ердей тауға барғанда ең болмаса маған бір шоқ гүл ала келсеңдер қайтеді.

        Айдын әкесіне жалтақ-жалтақ қарай береді. Нұржан не десін. Әкелі-балалы екеуі де Үрияның алдында тұңғыш рет қатты ұялып, үнсіз қалған.

         Айдын бес жасқа толған жазда олар үш бөлмелі жаңа пәтер алды. Көш-қон кезінде Үрияның бір байқағаны - төртінші қабаттағы екі үйге де жас адамдар кіріп-шығып жүрді. «Көршілердің өзіміз қатарлы болғаны араласуға

жақсы ғой» деп ойлаған.

           Сонымен не керек, ертеңіне-ақ ерулік басталды. Төртінші қабаттағы үш пәтердің иелері кезек-кезек бас қосып жатты. Үрияның ендігі бір түйгені, көршілердің бірі - Әсем деген келіншектің күйеуі орта жастағы кісі екен. He айтса да, мәнерлеп айтады. Әңгімесінің бірі - сұлу әйелдің бетіне опа жаққандай сырғып жүре береді. Ал енді екінші көршісі - Балайым деген келіншектің күйеуі тіптен сөзшең, қу тілді болып шықты. Көрген сәтте-ақ оңды-солды әзіл айтып, жүрттың бәрін үйіріп әкеткен. Өзі ішкілікке де анау айтқан кет әрі емес.

          Тағы да бір байқағаны Әсемдердің үйінен әліге дейін бала-шаға көре алмады. Ал, Балайымдардың үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы бар екен.

-        Көршілерімізге сондай ризамын, - деген.

-        Онда біздің жаман болғанымыз да, - деді Нұржан күтпеген жерден.

-        Heгe?

-        Біз оларға бір түрлі ұқсамаймыз.

-        Оның несі айып?

-        Еш айыбы жоқ. Дегенмен, осы екі үйде де құпия бір көлеңке табы бар. Байқадың ба?

-        Неғылған көлеңке?

-        Сырттай үлбірегенмен тереңде талай құпия жатқан сияқты.

-        Қайдағы жоқты айтады екенсің.

-        Әйтеуір маған солай көрінеді.

-        Келмей жатып көршілерден жери бастадым де.

-        Жеріген емес. Ойымдағым...

-        Көзі жоқ жерде біреулер туралы ғайбат сөйлегенді бірінші естуім.

-        Онда қойдым.

        Екеуі де ойланып қалған. Екеуі де ыңғайсызданып қалған. Сол ыңғайсыздықтан құтылғысы келгендей Нұржан ұшып түрып, шамды өшіре салды...