III БӨЛІМ

Кабинеттен кісілер шығып кеткен соң Нұржан апыл-ғұпыл әйелдер босанатын үйге телефон соқты. Әлгі кезекші дәрігер екен - Үрияның кәдуілгі сөзшең құрбысы.

-        Әлі жайбарақат отырмысың. Машинаң бар. Әлдеқашан жететін уақытың болған жоқ па? Салмағы ширек пұт ұлың дүниеге келгенде қайтіп шыдайсың-ей!

-        Сүйінші сұрағаның жаңа ғана емес пе.

-        Сөзді қой. Домала бері қарай.

-        Қалай өздері? Былай, дұрыс па?

-        Бол, бол...

-        Ойпырой, осы қайқайың-ай. Саған тап болған жігіттің...

-        Мені қайтесің. Әйелің мен балаңды-ақ жарылқап алшы алдымен.

         Үрия мен ұлы жатқан үйге Нұржан екі-үш жолдасымен күн бата келді. Шампаны, қорап-қорап конфеті, гүлі бар, дереу дәу кәрзеңкені лықа толтырды да, тілдей қағазға екі-үш ауыз сөз жазды. Co бойы Нұржандар шығып жүре берген.

            Кәрзеңкеге көзі түскеннен-ақ Үрия әлгі тілдей қағазға қол созды. Оқыды да, күліп жіберді. Сосын оны көкірегіне басты. Қайта оқыды. «Рақмет» дегені несі деп ойлады. Сөйтіп жатқанда әлгі дәрігер құрбысы кіріп келген. Келген бойы:

-        Неменеге мәз боп жатырсың? - деген.

-        Нұржанның сәлем-хатын оқып.

-        He жазыпты? Әкелші, мен де көрейін.

-        «Рақмет» депті.

-        Бар болғаны - сол ма.

-        «Мықтысың» депті.

-        Жетістірген екен. Әкелген саухаттарынан құтылғанша асығып. Сәл-пәл кідіруге де шамасы келмей кетіп қалғаны несі? Маған жолығып жай-күйді жөндеп сұрап алса қайтеді? Әй, осы өңмеңдеген еркектер-ай...

-        Түу, қойшы. Жерден алып, жерге салдың ғой, байғұсты. Абдырап жүріп ұмытып кеткен шығар.

-        Бұл қай басынғаны, соны айтшы.

-        Қуаныш дегенің кейде әй-шайға қаратпайды. Оның үстіне жолдастары кеу-кеулеп қоймаған болар.

-        Сенің осы кешірімділігіңе әбден үйреніп алған.

        Үрия үндемей қалды. Құрбысының әзіл-шынын араластыра Нұржанға кінә артқанын құптағысы жоқ. «Көп отырған қыздар өстіп шікәмшіл келеді» деп ойлады. «Әйтпесе үй болу оңай ма екен?». Сосын ол:

-        Қайтесің, ер адам базбірде бәрін алдын-ала буып-түюге олақ келеді. Кәне, мына дәмнен ауыз ти. Кішкентайдың сыбағасы ғой, - деген.

-        Білмеймін, кейін менің күйеуім де осы Нұржандай болса қалай күн кешерімізді...

-        Co байғұсты бекер-ақ күйдіресің, - деген Үрия. - Өйтіп жерден алып, жерге салатындай жазығы жоқ еді ғой.

-        Саған білінбейтін шығар. Әйтпесе, Нұржанның кей мінезі.

-        Жаным-ау, оны неғыласың. Одан да ертерек бір жігіттің етегінен ұстасаңшы.

-        Үйреншікті әніңді тағы бастадың ба?

-        Әр нәрсе уақытысымен. Біреудің көзі ұнамайды, біреудің өзі ұнамайды деп қашанғы қиналасың?

-        Сендер сияқты оңашада жылап-жылап ап, жұрттың көзінше түк білмегенсіп жүре беру - менің қолымнан келмейтін шығар.

            Міне, бүгін ана болдым. Қуанышымда шек жоқ. Бұдан артық бақыт болар ма?!       

-        Әнеки, от басының күйбеңінен аса алмай қалғаның көрініп тұр.

-        Біле-білсең, бәрі де сол оттың басынан басталады екен, - деді Үрия күрсініп.

-        He десең о де. Тұрмыс құрам деп қырыққа жетпей қартайғанша өстіп кіндік шеше боп жүре бергенім артық.

-        Сен кіндік шеше ғана емес, ана болуға да қарызсың. Бүйтіп күндіз-түні бой түзеумен әурелене бергенді қоятын мезгілің жетті.

-        Немене, сен-ей, кемпіршелеп кеткенің. Қойшы әрі. Өстіп аяқ астынан білгірси қалатындарың-ай!

-        Мен айтпағанда, кім айтады енді?

-        Кеттім. Төмендегілер іздеп жатқан шығар.

-        Сөйтесің сен. Оңайына жүгіресің.

-        Қиынның бәрін саған бердім. Сен-ақ ал...