Жел сөз

        Бірі - Мысық мұрт, бірі - Жалтыр бас, осы екі жігітті ел күнде көреді. Күнде ерсілі-қарсылы жүреді де қояды. Өздері арақ ішіп, қисалаңдап, аузына келгенді айтатын көп еркектерге ұқсамайды.

* * *

- Қатыным қайтыс болғалы екі жылдан асты, - деді Мысық мұрт Жалтыр бас досына сыр аша. - Осы екі жыл ішінде әбден шаршадым. Жалғыздықтан шаршадым. Жұмыста да сүреңсіз бір тірлік, үйге келсем - жалғыздық...

- Ой, сен неге жалғыз болуың керек, - деді Жалтыр бас. - Қайта рахат өмір сенікі емес пе. Айналаң толы қыз-келіншек. Қалағаныңмен күл, ойна. Бетіңнен қағатын кім бар, қане!

- Бетімнен қағатын пенде жоқ екені рас, - деді Мысық мұрт. - Бірақ оны еркіндік деуге бола ма. Еркіндік деген тек қана ешкім көрмейтін, құлақ естімейтін алыс аралда ғана болады. Әйтпесе, әрбір қадамың сөз, гу-гу әңгіме...

- Ол қандай әңгіме?

- Қандай әңгіме болсын. Өсек сөз... Осы өткен айда бір келіншекпен кішкене сөйлесіп, әмпей-жәмпей бола бастап ем, әңгіме гу-у ете түсті. «Ойбай, несін айтасың, ол екеуі ашына екен» деп. Ашына болған түгіміз де жоқ. Жәй, сыр бөлісу...

Жалтыр бас күлді.

- Әйел мен еркек достығы дегенді түсінбеймін. Әрине, ел дұрыс айтады. Екеуің де басы бос адамсыңдар. Енді... өзгесі табиғат заңы.

Мысық мұрт азар да безер.

- Әні, сен де солай ойлайсың. Біз жәй достармыз. Ойымыз ұқсас. Сөзіміз жарасады.

- Ой жарасса, сөз жарасса, одан артық не керек. Одан әрісі белгілі емес пе.

- Жоқ! - деп Мысық мұрт кесіп айтты. - Жоқ! Еркек пен әйел жәй дос бола алмайды деген теріс ұғымнан қашан құтыласыңдар сендер.  Не деген топассыңдар-р...

- Өмір заңы бойынша... - деп, Жалтыр бас тағы да сөз жалғай беріп еді, анау әрі қарай сөйлетпеді.

- Өмірде заң жоқ! - деді Мысық мұрт. - Өмір заңы деп ойдан шығарып жүрген біздер.

- Е, онда өзің біл. Менікі жәй сөз арасындағы әңгіме... Ал, енді... осылай соқа басың сопайып жүре бересің бе? Қыз-қырқын көп қой осы күні...

- Ойым бар.

- Ол кім? Менен жасырасың ба?

- Жоқ, жасырмаймын.

- Онда айтсаңшы.

- Әлгі министрлікте істейтін сары шашты келіншек бар ғой. Соны ұнатып...

Жалтыр бас оған «осыны шын айтып тұрсың ба» дегендей, сұраулы жүзбен қарады.

- Неменеге маған бақырайып қарайсың? Ойым сол. Сен айт дедің...

- Жоқ, шын сырыңды айтқаныңа емес, жаңағы сары шашты келіншекті ойлап тұрғаным...

- Е, оның несі бар? Сырын білуші ме ең?

- Ептеп...

- Сонда-а...

- Жеңілтектеу.

- Оны қайдан білесің?

- Естігем.

- Кімнен?

- Бір танысымнан.

- Ол не деді?

- Ол... қысқасы, сары шашқа жоламай-ақ қой.

- Сен айтты екен деп неге қашуым керек. Естігеніңнің бәрі өсек болса ше...

- Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды.

- Бүйте берсек, әңгімеге ілінбеген қыз-келіншек табыла ма?

- Мүмкін, бар шығар. Іздеу керек.

- Қашанғы іздеймін. Шаршадым.

- Онда өзің біл.

- Жоқ, сен досым емессің бе! Әлгі сары шаш келіншек туралы не естідің? Айтсаңшы ашып...

- Мені одан әрі қинама.

- Жоқ, қинаймын. Айт расын.

- Ол өзі... жеңіл жүріске үйреніп алған келіншек. Кімдермен қатынас жасайтынын да білем. Демек, сенің де көзіңе шөп салуы ықтимал. Әдет қой.

Мысық мұрт үнсіз қалды. Қапалы. Ренжулі.

- Әй, осы... - деді сосын. - Бұ дүниеде жаны пәк, жүрегі таза, ойы орнықты қыз да, келіншек те қалмай бара жатқаны ма? Енді не істеймін! Қу тіземді құшақтап өтем бе бұ дүниеден-н...

 Мысық мұрт пен Жалтыр бас, әне, тағы да өзара сөйлесіп, әлденеге дауласып, тағы да бірге кетіп барады. 

* * *

Ел айтады: «Жел сөзге ермейтін еркек болмайды!»

Елес айтады: «Ер екенсің, жел сөзге ермей, өзіңше әрекет етіп көр-р...»

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы