Гитара - кең таралған 6 не 7 ішекті музыкалық аспап. Ішектері металл немесе нейлоннан жасалады. Жеке орындауда, әнді сүйемелдеуде және басқа аспаптармен бірге ансамбльдерде де қолданылады. Испанияда ІI ғ-дан бастап белгілі. 17 - 18 ғ-ларда Америка мен Еуропа елдеріне кең тарады. 19 ғ-да Ресейде 7 ішекті Гитараға сұраныс артты. Гитараның укулеле (шағын ғавай Гитарасы), цис-тра (алмұрт пішіндес португал Гитарасы), ағылшындық Гитара тәрізді түрлері кездеседі. Қазіргі музыкада (джаз бен эстрадада) электрогитаралар қолданылады. Қазақ композиторлары Қ.Есенов, Е.Белғозиев, әншілер И.Өнербаев, Г.Ақүрпекова, т.б. гитараның сүйемелдеуімен көптеген муз. шығармалар, әндер орындап жүр.
Скрипка (орыс. скрипеть — сықырлау, итал.итал. vіolіno) — ысқылы ішекті музыкалық аспап. Скрипка тектес аспаптардың (С., альт., виолончель, контрабас) ең жоғары регистрлі түрі. Скрипканың 4 ішегі квинталық бұрауға келтіріледі. 15 — 16 ғ-ларда С-ның классик. түрі қалыптасты. 16 — 18 ғ-ларда Солт. Италияда Скрипка жасау шеберлерінің ірі мектептері орын тепті. Мыс., Брешиа (Г. да Сало, Дж.Маджини) мен Кремонада (А. және Н.Аматилер, Дж.Гварнери, А.Страдивари). Скрипка симфониялық, эстрадалық, камералық оркестрлерде және трио, квартет, квинтет ансамбльдерінде қолданылады. Ол қазақтар арасына 19 ғ-дың аяғында тарай бастады. Скрипка тартушылардың алдыңғы қатарында Жаяу Мұса болды. Алматы мемл. консерваториясында, музыкалық колледждер мен мектептерде Скрипка кластары жұмыс істейді. Қазақстанда кәсіби білім алған, үздік орындаушылық қабілетімен дүние жүзіне танылған А.Мұсақожаева, М.Бисенғалиев, Г.Мырзабекова, т.б. скрипкашылар есімі белгілі.
Дереккөз: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8