Үш бәйтерегіміз – қазақ балалар әдебиетінің үш алыбы Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі және Тұманбай Молдағалиев. Мұзағаң бастаған, Қадыр атамыз мен Тұманбай атамыз қоштаған, Бердібек Соқпақбаевтар атсалысқан қазақ қаламгерлері осыған дейінгі бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп шығарды.
Олардың өшпес мұрасы бүгінгі балалардың да игілігіне жарап отыр, әлі талай ұрпаққа шамшырақ болары күмәнсіз. Оның үстіне, биыл бүлдіршіндерге арналған тұңғыш қазақ журналының тұңғыш бас редакторы Мұзафар Әлімбаевтың 90 жылдығы. Араға жыл салып, «Балдырғанның» Мұзағаңнан кейінгі бас редакторы Тұманбай Молдағалиев пен оның құрдасы Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығы келе жатыр.
«Үш бәйтерек» жылында «жасөркендіктер» жыл бойы балалар әдебиетінің жауһарларын жариялап, мектептер мен жоғары оқу орындарында кездесулер ұйымдастырмақ. Балалар шығармашылығына арналған түрлі конкурстар мен байқаулар өткізбек. «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары мен «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерінің бүгінгі қызметкерлері Жүсіпбек Қорғасбек, Жұлдыз Әбділда, Алма Үмбеттегі, Дүйсен Мағұлғұмов, Алимжан Акбаров, Серік Үсенов, Құл-Керім Елемес, Бағдат Мәжитов, Жадыра Нармаханова, Қарлыға Ибрагимова, Балжан Мұратқызы, Серікбол Хасан, Қарлығаш Досанова, Гүлфарида Зейнуллина, Ольга Гумирова, Айгерім Бегімбет, Аслан Тілегенов және біздің көптеген жас тілшілеріміз дайындықты қазірден бастап та кетті.
Baq.kz