1 Қазан 2013, 08:51
Бетпақдаладағы ақбөкендер өсімдіктің 81 түрімен қоректенеді. Олар әр түрлі шөптерді жылдың мезгіліне қарай таңдап жейді. Көктемгі айларда киіктер ақселеу мен құрақты қорек етеді. Жаз айларындағы аптаптарда жапырақты шөптер қурап кетеді де, жануарлар жусан, қырықбуын, шиді оттайды. Қыс кездерінде киіктер қарын жел үрлеп кеткен жоталардың жонынан азық тауып жейді. Ауыл маңайындағы маялап үйілген құрғақ шөпті олар жей алмайды, өйткені танаулары кедергі жасайды. Киіктер шөпті жерден жұлып жеуге ғана дағдыланған, сондықтан елді мекендерге жақындап баратын болса, тек қар астындағы күздік бидайды тебіндеп азықтану үшін барады.
Зоолог мамандардың айтуынша, киіктердің басқа жануарларға ұқсамайтын тағы да бір ерекше қасиеті бар екен. Ұрғашы киіктер дүниеге әкелетін лақтарының еркек немесе ұрғашы болып тууын өздері реттейтін көрінеді. Егер араларында текелері азайып, ұрықтандырып үлгермей жатса, сол жылы табында кілең еркек лақтар қоздайды. Киіктер осылайша өз өсімін өздері бақылап отырады екен. Ақбөкендердің табыны жыл сайын лақтармен толықтырылып отырады. Осы кезде туған шібіштер (ұрғашы лақ) алты айдан кейін күйлеп, текеге шыға береді. Енді алты айдан кейін бұл шібіштер табынға қос-қостан лақ әкеледі. Ал еркек лақтардың жөні басқа, олар жетіліп, текелік жасау үшін 19 ай уақыт керек, өзімен бірге туған шібіштер бір рет лақтағаннан кейін, келесі жылдың күйегіне ғана араласады.
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ақбөкендердің қаңқаларына қарағанда, бұлар ертеректе Ұлыбритания аралынан бастап Аляскаға дейінгі кеңістікте өмір сүрген. Қазақстан аумағында Павлодар облысындағы Ямышево мен Подпуск ауылдарында, Семей қаласының түбінен, Нұра өзенінің бойынан, Жамбыл облысындағы Қараүңгір мен Үшбас үңгірлерінен ежелгі және орта антропогеннен қалған киіктердің сүйектері табылған. Тамғалы жартасындағы киіктің суреттері біздің эрамызға дейінгі VІІ-V ғасырларда қашалып салынған екен. ХІV-XVІ ғасырлардан бері ауыздан-ауызға тарап келе жатқан халық эпостарында қазақ жеріндегі сансыз көп ақбөкендер туралы айтылады. Көптеген елді мекендердің «Киік» деп аталуы да бекер болмаса керек. Осындай фактілерге сүйенсек, ертеректе Еуропа мен Азия құрлығын тұтастай мекендеген киіктер қазір тек қазақ даласында ғана қалыпты.
Қазіргі сақталған киіктердің үш тобы бар. Олардың ең ірісі және сан жағынан басымы – Бетпақдала-Арыс тобы. Бұл ақбөкендердің мекені – Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының елсіз жазықтары. Киіктердің селдіреген табындарын қалмақ даласынан көруге болады. Жайылым жердің аздығынан олардың басы көбейе қойған жоқ. Аздаған ақбөкен моңғол жерін мекендейді. Қазір олардың тұқымы құрып бітті деуге болады. 1978 жылғы Соколовтың жазғандарына қарағанда, сол кезде Шаргиин-Гоби мен Хойсыл-Гоби шөлдерінде 300 ғана бас киік қалған екен. Қалмақтың да, моңғолдың да киіктері Бетпақдаланың ақбөкендерінен аласа, кішірек болып келеді және бұл топтар өзара араласқа түскен емес.
XІX ғасырдың аяғында XX ғасырдың басында Қырым, Таврия, Казказ өңіріндегі киіктердің өрісі тарылып, жойыла бастаған. «Қазақстанда 20-жылдардың басында ақбөкендердің саны күрт түсіп кетті. 1917-18-жылғы қыстың жұты түз тағысының жүздеген мың басын шығынға ұшыратты. Сол кездегі жергілікті үкіметтің шешімімен, 1919 жылдан бастап Сарыарқада киік аулауға қатаң тыйым салынды. Бірақ одан көп өзгеріс бола қоймады, 1927-28-жылы болған жұттан кейін ақбөкендерге жер бетінен мүлде жойылып кету қаупі төнді», – деп жазады 1955 жылы зоолог Слудский.
1930-32-жылдардағы жүргізілген ұжымдастыру науқаны, даладағы киіктердің жауы ит-құс, шыбын-шіркей, соналардың азаюы ақбөкендердің өсуіне өте қолайлы жағдай туғызды. Далаларда жайылған халықтың малын ұжымдарға жинап, халық отырықшылық өмірге бейімделген тұста ақбөкендердің өрісі кеңіп, санын көбейтуге мүмкіндік алды. Сол жылдары ауа райы да жылынып, қысы жұмсақ болды. Табындары көбейген ақбөкендер 1941-45-жылғы Ұлы Отан соғысы кезінде еркін өмір сүрді. Бұл Қазақстандағы ақбөкендердің ең көбейген кезі болды. Содан бергі уақытта дала еркесі – ақбөкен адамдардың жауыздығынан бірнеше рет жаппай қырғынға ұшырады. Сарыарқада қазіргі жүрген ақбөкендер саны – 47-48 мың ғана. Ал осыдан жиырма жыл бұрын түзде жосыған киіктердің саны 1 миллион 400 мың болған екен.