1 Қазан 2013, 08:09
Сызуды оқыту әдістемесі педагогика ғылымының бір саласы. Ол сызуды оқыту мақсаттарына сай сызуды оқытудың дидактикалық мәселелерін зерттейді. Әдістеме терминінің төркіні «методика», «метод», «әдіс», «жол» деген грек сөзінен шыққан. Сызуды оқыту әдістемесін басқаша «сызу педагогикасы», «сызу дидактикасы» деп те атайды. Бұлардың мағынасы бір біріне өте жақын, сондықтанда оларды біз бір мағынада қолданамыз. Сызуды оқыту әдістемесі ең алдымен мектептегі сызу пәнімен тікелей байланысты дамиды. Сызуды оқыту әдістемесі бір қырынан алып қарағанда педагогика ғылымының бір саласы болса, екінші бір қырынан қарағанда болашақ сызу пәнінің мұғалімдерін педагогикалық қызметке әдістемелік тұрғыдан дайындайтын оқу пәні ретінде танылады.
Мектептегі сызу пәнінің білімдері мен дағдылары молайып, мазмұны тереңдеп, ауқымы кеңейген сайын, оны үйретудің мәселелері де өзгеріп, күрделене береді, осыған сай жаңа тәсілдер пайда болып отырады. Жаңадан қосылған тәсілдер жинақтала келе жаңа әдістеме құралады. Сызуды оқыту әдістемесі сызуды оқытудың бірнеше әдістерінен құралады. Сызуды оқыту әдістері сызуды оқытудың бірнеше тәсілдерін біріктіреді. Сызуды оқыту әдістемесі сызуды оқытудың дәстүрлі әдістемесі және сызудың жаңа оқыту әдістемесі болып бөлінеді. Сызуды оқытудың дәстүрлі әдістемесі бұрыннан қолданыста келе жатқан сызуды оқыту әдістерінен құралатын болса, сызудың оқытудың жаңа әдістемесі оқыту проблемаларын шешудің жаңадан ендірілген әдіс тәсілдерінен құралады.
Сызуды оқыту әдістемесі өзара тығыз байланысты үш сауалға жауап беруге тиіс: бірінші, сызуды не үшін оқыту қажет? екінші, нені оқыту керек? және қандай тәртіппен, ретпен оқыту керек ? үшіншіден сызуды қалай оқыту керек?
Сызу пәні бойынша мектепте қандай материал қандай ретпен өтілуі тиіс екендігі мектеп сызу пәні бойынша бағдарламалар мен оқулақтарда көрсетілген. «Сызуды қалай оқыту керек?» деген мәселе «сызуды оқыту әдістемесі» пәнінің еншісіне тиеді.
Сызуды мектепте оқыту әдістемесі пәнінің алғашқы дәрісбаяны мектептегі сызу пәнін оқытудың мақсат міндеттері, тақырыптары, әдістері мен әдістемесі туралы студенттерге түсініктер беруден басталады.
Мектептегі сызу пәнін оқытудың мазмұны сызуды мектепте оқытудың мақсат міндеттеріне байланысты анықталады. Сызуды мектепте оқытудың мақсаты оқушыларға машина құрылысы сызбаларын, машина құрылысы бөлшектерін, сәулет құрылыс сызбаларын таныстырып, мектептерде сызуға арналған оқулықтар мен бағдарламалар туралы түсініктер беріп, сызбалар туралы оқушыларға қарапайым түсініктерді меңгертіп, оқушыларға сызудың ептейліктері мен дағдыларын қалыптастыру міндеттері қойылады.
Сызуды мектепте оқытудың негізгі тақырыптары сызбаны безендіру мен сызу құрал жабдықтарымен жұмыс істеу, проекциялау, проекция түрлері, кескінді екі немесе үш жазықтыққа проекциялау әдістері, белгісіз проекцияны табу, аксонаметриялық проекциялар, техникалық сурет және эскиздер сызбалары, қима мен тілік сызбалары, аксонометриялық қиылысу сызбалары, стандарттармен танысу, сызбаны безендіру мен сызу құрал жабдықтарымен жұмыс істеу бағыттарын қарастырылады. Сонымен қатар оқушылар аксонаметриялық проекциялар, техникалық сурет және эскиздер, сызбаны оқу, қима мен тілік, аксонометриялық қиылысу, шрифт тақырыптары бойынша практикалық сабақтарда түрлі сызба жаттығуларын орындайды.
Сызуды мектепте оқытудың негізгі тақырыптарына байланысты сызуды оқыту әдістері таңдап алынады. Олар сызбаны безендіру мен сызу құрал жабдықтарымен жұмыс істеуді үйрету әдістері, проекциялау, проекция түрлері, екі үш жазықтыққа проекциялау түрлерін оқыту әдістері, проекцияны шешу жолдарын оқытып үйрету әдістері болып бөлінеді. Сонымен қатар болашақ мұғалімер жоғары оқу орынында сызуды оқыту әдістемесі пәнінің дәрісбаян сабақтарында аксонаметриялық проекциялар тақырыбын оқыту әдістері, техникалық сурет және эскиздер тақырыбын оқыту әдістері, сызбаны оқыту сабағы және оның әдістері, қима мен тілік сабағын жүргізу әдістері, аксонометриялық қиылысуды оқыту әдістері стандарттармен таныстыру әдістері, жалпы орта білім беру мектептерінде сызуға арналған оқулықтар мен бағдарламаларды талдау әдістері, сызбаны безендіру мен сызу құрал жабдықтарымен жұмыс істеу әдістері, проекция түрлері, екі үш жазықтықтағы проекциялау түрлері, проекцияны шешу жолдары тақырыптарын оқытып үйрету әдістерімен таныстырылады.
Сонымен қатар студенттер сызуды оқыту әдістемесі пәнінің практикалық сабақтарында аксонаметриялық проекциялар тақырыбын оқыту әдістері, техникалық сурет және эскиздер тақырыбын оқыту әдістері, сызбаны оқыту сабағы және оның әдістері, қима мен тілік сабағын ұйымдастыру әдістері, аксонометриялық қиылысуды оқыту әдістері тақырыптары бойынша мұғалімнің практикалық жұмысына қажетті педагогикалық іс әрекеттерге бағытталған жаттығуларды орындайды.
Сызуды оқытудағы маңызды оқу мәселесінің бірі оқушыларды сызбаны безендірудің негізгі ережелерімен таныстыру. Мектептегі сызу сабағын оқыту ең басты екі бағытты қамтиды. Оның біріншісі оқушыларға сызудың негізін құрайтын ұғымдарды, теориялық қағидаларды, терминдер мен анықтамаларды меңгерту болса, оның екіншісі, проекциялау әдісін оқушыларға үйрету және қарапайым сызудың ептейліктері мен дағдыларын меңгерту болып табылады.
Сызу пәнінің алғашқы сабақтарының маңызды міндетіне оқушыларды адамдардың іс жүзіндегі қызметіндегі сызудың маңызымен мақсатымен, міндетімен, таныстыру көзделеді. Мысалдыр келтіру арқылы сызуды білгеннің қандай мамандық иесі болмасын пайдалы екендігі туралы айтылады. Сызудың даму тарихымен оқушыларды таныстыру үшін алдымен оқушыларға ежелгі кемелердің көне машиналардың бөлшектерінің суреттерін көрнекті етіп салып оны қарап шығу ұсынылады, оған практикалық тұрғыда талдау жасалады. Ол суреттің ХVII ғасырға жататыны туралы айтылады. Ондағы кескіндер қолдан салынғандығына, сызбаның мөлшері берілмегендігіне, онда сызбаны безендіру туралы түсінік беру жазулары жазылмағандығына, бұлар ерте кездердегі сызудың өзіндік ерекшеліктері мен даму деңгейінен хабар беретіндігіне назар аударылады.
Мұнан ары қарай оқушыларға оқулықтағы суреттердегі кескіндерді қарап шығу ұсынылады. Бұл суреттегі көпірдің бейнеленуіне назар аударылады. Сызбада көпірдің жоспарының қарауыл мұнарасының фасадымен бірге көрсетілген. Сызбаларды мұндай бейнелеу әдістері сол кездегі Ресейде кеңінен қолданылған сызба әдістерінің бірі екендігіне мән беріп қарау керектігі ескертіледі.
Ресей ХVII ғасыр мен кеңес дәуірінде графикалық бейнелеу тәсілдерін жетілдіруден көптеген елдерді басып озғандығы сөз болады. Бұған мысал ретінде ХVII ғасырға жататын құралдың сызбасын алуға болады. Бұл құралдың сызбасында проекциялық байланыстар берілгендігіне назар аударылады. Дегенмен бұл сызбада заттың сыртқы түрін көрсетумен қатар оның ішкі құрылымын да бейнелеуге әрекет жасалғанына оқушылардың назары аударылады.
Мектеп оқулығындағы осы және басқа да мысалдарды пайдалана отырып, сызбаның бүкіл даму тарихын қысқаша шолу жасап, көрнекті ғалым-графиктердің аттары аталады. Әңгімені қорытындылай келе, қазіргі заманғы кескіндері, мәтіндері, мөлшері, негізгі жазулары бар сызбаның үлгісі көрсетіледі, бұрынғы мен жаңа сызбалардың айырмаларына көңіл аударылады.
Қазіргі кезде, жаңа заманғы, жаңа аппаратуралар мен техниканың бөлшектерін сызбасыз жасау мүмкін емес. Сызбалар дегеніміз машина бөлшектерін немесе құрылыс бөліктерін жасау жолдарын, олардың ішкі және сыртқы формаларының сипатын көрсететін құжат болып табылады. Сабақта мұғалім сонымен қатар сызбалар ғылыми-техникалық прогрестің дамуының ажырамас бөлігі ретінде оның сипатын білдіретін өзіндік ерекшелігі бар құжат болып табылатындығына назар аударады.