27 Қыркүйек 2013, 09:29
Көне заманнан бері халықымыз тәрбие құралы ретінде ертегі, аңыздарды, батырлар жырлары мен дастандарды, өлеңдер мен терме, баталарды, мақал-мәтелдерді, қанатты сөздер мен шешендік өнерді, ырым-тиым сөздерді тиімді пайдаланып, ұлттық дәстүрімізді жалғастырып отырды. Көтеріліс кезінде Исатай бастаған қолдың алдында тұрып, оларды Жеңіске жетелеп, ұран көтеріп, өлеңмен жігер берген Махамбет ақынның басты құралы - өршіл жырлары болды.
Көтеріліс жеңіліске ұшыраса да, ол өз рухын жоғалтпады. Халықты көтеріліске қайта шақырып, өлеңмен ой салып, халық санасын оятуға күш салады. Амал не, қараңғы халық ойын түсінбеді, оның өлеңінің құдіретіне бас исе де, ақын соңына ермеді. Патша әскерінің қаруынан сескенген халық ақынның өлеңмен шақырған үндеуіне құлақ аспады. Жалғыздықтан күйінген ақын, өз сырын өлеңмен айта берді. Ақын: «Мен едім» деген өлеңінде:
Бөз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан,
Ел құтқарар, ер едім
Жандаспай ақыры бір тынбан, - деп өршілдігін жырлап көрсетеді. Ақын өлеңінің тәрбиелік мәні ерекше халық санасын оята түседі.
Ақын өлеңдерінің тәлімдік-тағылымдық негіздері тереңде жатыр. Ақынның «Күн қайда?» деген өлеңінде:
Қарт бұғыдай билерден
Ақыл сұрар күн қайда?
Бізді тапқан ананың
Асыраған ананың,
Ризалықпен жайласып
Қолын алар күн қайда? – халықымыздың халықтық педагогика негіздерін алдымызға тартады.
Махамбеттің өлеңдерінің бастан аяғына дейін жырлаған негізгі өзекті тақырыбы – жастарды елін, туып өскен жерін қорғау үшін «жалаулы найза қолға алып, жарақты жауды тоқтатып» есі үшін құрбан болған елдің арманы жоқ, туған халқы, елі үшін кездескен қиыншылықты жеңе білуге жас ұрпақты үгіттеді.
Махамбеттің:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығуға
Қас үлектен туған катепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Біздің бүйткен бұл іске, - деп аталатын өлең жолдарында жастарды қандай ма болмасын қиындықты жеңе білуге туып өскен Отанын елін сүюге, елжандылыққа тәрбиелеуге жас ұрпақты үндеді:
Махамбеттің «Қызғыш құс» өлеңінде де ақынның еліне деген сүйіспеншілігі тамаша өрнектелген. Ақын психологиялық параллелизмді шебер қолдана отырып, қызғыш пен өз дағдырын салыстырады. Махамбет көл қорыға қызғыштай елі үшін отқа түседі:
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айырылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,
Ел қорыған мен едім
Мен де айырылдым елімнен
Көл қорыған сен едің,
Сен де айырылдың көліңнен.
Махамбет өз туған халқының перзенті ретінде өз елінің болашағынан үлкен үміт күтті, елдің еркіндігін аңсады:
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім…
Махамбеттің бұл арманы бүгінде орындалды, іске асты. Бүгінде Қазақстан Республикасы – егеменді ел. Тәуелсіздік алған мерзімнің ішінде Президентіміздің басшылығымен біршама жетістіктерге қол жетті. Қазақ тілінің мың оралымдығы, қасиетін ұғындыруда ақын жырлары – ұрпақ тәрбиесінде баға жетпес байлық. Махамбеттің Исатай бейнесін көркем сомдауы, халық кегінің жолында көтеріліске шақыру болашаққа, келер ұрпаққа деген нық сенімі жыр жолдарында өте көркем берілген. Ұрпақ бойында ұлттық рухты, өзіне деген сенімділікті, халқына деген құрметті қалыптастыруда Махамбет өлеңдерін түсіне отырып оқыту қажет.
Біздің парызымыз – осы тұлғаны ұрпаққа таныту, оның жырларын өшірмей мәңгілікке сіңіру Махамбет өлеңдері барша елдік, ерлік қуатымен, көркемдік құнарымен шетел тілдеріне аударылса, әлем халықтары сүйіп оқитын қымбат шығарма, қазақтың тілін, ерлігін танытатын асыл қазына болары анық. Осы баға жетпес асылымызды оқыта отырып, жас ұрпақтың өзін тани білу үн қосу. Жыр жолдарын ұрпақ тәрбиесінде орынды қолдану – ұстаз міндеті. Махамбет жырлары миллиондаған жас жүректерге ерлік рухын дарытып, үміт отын жағып, күш-қуат берері сөзсіз.
Махамбет бабамыздың есімін кеңінен насихаттау мақсатында ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдық мерей тойын өткізу барысында республика мектептері мен жоғары оқу орындарында «Махамбеттану» бағытында біршама танымдық-тәрбиелік шаралар іске асты.
26-27 ақпанда 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен, көршілес Астрахань облысының білім басқармасымен бірігіп, «Оқушыларды тәрбиелеудің этнопедагогикалық негіздері» атты халықаралық конференция өткізілді.
Махамбет поэзиясында оқушыларды жақсы өнеге, адамгершілікке үндеген терең философиялық түйін, парасатты ой, қайсарлық пен нәзіктік аз емес.
Оқыту үрдісінде оларды тәрбиелік мақсаттарға ұтымды пайдалана білу, өскелең ұрпаққа дәйектілікпен жеткізе білу – парызымыз.