27 Қыркүйек 2013, 06:41
Прагматизм философиялық ағым ретінде XIX-XX ғ.ғ. шектерінде пайда болды. Ғылым, техника жəне өндірістің қарқынды дамуы материалистік философияның тұғырын бекіте түсіп, абсолюттік идеализмнің негіздеріне ақау салды. Прагматистік бағытты қалаушылар идеализм мен материализмнен бөлектенген жаңа философияны ұстанатынын жария етті. Прагматизмдегі басты ұғым- «тəжірибе», «іс»(грекше «прагма»), осыдан олар болмыс танудың негізі жеке адамның іс-тəжірибесінде деп біледі де объектив білімдерді мойындаудан бас тартады. Олардың пікірінше, адамның практикалық іс-əрекетінің нəтижесінде алынған, ол үшін құндылықты болған білімдер ғана шынайы сипатта болуы мүмкін.
Прагматизмнің аса көрнекті өкілі- американдық ғалым-Дж.Дьюи. Оның шығармашылығымен жүзеге келген прагматикалық педагогика көптеген елдердің, əсіресе АҚШ-тың мектептік білім жүйесінің қалыпқа түсіп, өркендеуіне зор ықпал жасады, əлі де ықпал жасауда. Өзінің көптеген педагогикалық еңбектерінде Дж.Дьюи ескі, схоластикалық мектепті сынай отырып, оқу мен тəрбиеге орай аса маңызды болған бірқатар принциптерді алға тартты. Олардың ішіндегі бала белсенділігін дамыту, бала оқуының ықпалды мотиві- қызығуға дем беру принциптерінің орындалуын білім игертудегі басты міндет деп есептеді.
Прагматизмнің тірек ұғымы «тəжірибеге» сүйене отырып, Дж.Дьюи оқу процесінің негізі баланың жекеленген іс-əрекеттік тəжірибесінде болатынын уағыздады. Оның ойынша, оқу-білім мақсаты балаға тумадан берілген инстинкттер мен қабілеттердің өзіндік көрінуіне ықпал жасау. Дж.Дьюи жəне оның ізбасарлары (Т.Брамельд, А.Маслоу, Э.Келли жəне т.б.) инабаттылық тəрбиесі мəселелерін де осы жекеленген тəжірибе тұрғысынан қарастыруды дəріптейді. Адам өз əрекет-қылығын басқаруда алдын ала жоспарланған принциптер мен ережелерге тəуелді болмай, нақты жағдай мен көзделген мақсатқа орай белгілі əрекетке кірісуі қажет екендігін мақұлдайды. Жеке табысқа жету жолында жəрдем бергеннің бəрін прагматистер ізгілік нышаны ретінде таниды.
Диалектикалық материализм табиғат, қоғам жəне ойлау процестерінің жалпы қозғалыс жəне даму заңдылықтары жөніндегі философиялық білім ретінде XIXғ. 40-жылдарында туындады. Ол XXғ., əсіресе социализм елдерінде кең өріс тапты. Бұл бағыттың көрнекті өкілдері – К.Маркс жəне Ф.Энгельс қоғам тарихын танудың құралы материализмді жариялай отырып, теориялық таным үшін қоғамдық тəжірибенің рөлін негіздеді, материализм мен диалектиканы табиғи ұштастыққа келтірді.
Диалектикалық материализмнің негізгі тұжырымдары келесідей: материя – бірінші, ал сана – одан туындаушы, материяның (адам миының) дамуы нəтижесінде пайда болатын өнім (материалистік монизм принципі); объектив дүние мен сана құбылыстары себепті шарттасқан, өзара байланысты жəне тəуелді (детерминизм принципі); барша заттар мен құбылыстар қозғалыс жағдайында болып, дамиды жəне өзгеріске келеді.
Диалектикалық материализм философиясында аса маңызды орын диалектика заңдарына берілген: сандық өзгерістердің сапалық ауысуы, қарама-қарсылық бірлігі мен күресі, жоқты жоққа шығару.
Диалектикалық материализм педагогикасының негізгі идеялық ұстанымы- тұлға қоғамдық қатынастардың объекті де, субъекті де. Адамның тұлғалық дамуы мен кемелденуі сыртқы жағдайлармен себепті тəуелділікте (детерминирован), сонымен бірге сол нақты адамның табиғи болмысына байланысты. Тұлға дамуында жетекшілік рөл – тəжірибеде. Ал тəрбие тарихи жəне таптық сипатқа ие болған күрделі əлеуметтік процесс. Тұлға жəне адам іс-əрекеті ажырамас тұтастық құрайды, яғни тұлға іс-əрекетте, еңбекте көрінеді жəне қалыптасады.
Жаңаланған дəуір педагогикасы философиялық деңгейлі əрқилы əдіснаманы өз ғылыми зерттеулерінің бас қаруы ретінде міндетті түрде қолданып, пайдалануы қажет.