23 Қыркүйек 2013, 04:00
Келер ұрпаққа қазіргі уақытта тәрбие мен білім беруде болашақ математика мұғалімдерінің инновациялық іс — әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Өйткені, жаңа педагогикалық технологияны меңгеруге мұғалімдерді даярлау -олардың кәсіби білімін көтеруге дайындау аспектісінің бірі және педагогтің жеке тұлғасын қалыптастыру үрдісіндегі іс — әрекеттің нәтижесі болып табылады.
Осы тұрғыда «Жоғары білім саласы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Елдегі жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингіне енуге ұмтылулары керек» — деген болатын Президент Н.Ә.Назарбаев өз жолдауында. Ғылым мен техниканың жедел дамыған, мәліметтер ағыны күшейген ХХІ ғасырда жан-жақты дамыған шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру жоғары мектептің басты міндеті болып саналады. Демек, білім сапасын арттыру, ұлттық тәрбиені жетілдіру, ақпарттық-инновациялық технологияларды ендіру, әлемнің алдыңғы қатарлы жетекші университеттерімен белсенді ынтымақтастық орнату, оқытушылар мен студенттердің бірлескен жемісті оқу және оқыту қызметін ұйымдастыру, қос дипломды білім беруге ену арқылы жоғары деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман — мұғалімдер дайындауымыз қажет.
Жоғары мектептердің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі -жеткілікті деңгейде кәсіби білімі, кұзырлықтары мен танымдық іс — әрекеті қалыптасқан, логикалық ойлау, шығармашылық қабілеттері дамыған, жоғары кәсіби білікті мамандар даярлау болып табылады. Олай дейтін себебіміз, қоғам дамуына жаңаша икемделуде бүгінгі мектеп мұғалімінің алдында жан-жақты дамыған, терең білім негіздерін қалыптастырған ақпараттық қоғамда өмір сүруге бейім жеке тұлғаларды тәрбиелеп шығару талабы тұр. Жалпы білім беретін мектептерде оқытылатын пәндер ішінен оқушының танымдық, шығармашылық, ойлау қабілеттерін дамытуда математика пәні жетекші орын алады. Сондықтан математика пәнінен білім негіздерін беретін педагог мамандар даярлау жүйесінде мұғалімдерді даярлау ерекше назар аударуды талап етеді
Жаңа экономикалық және әлеуметтік — мәдени жағдайларға сәйкес Қазақстанда жоғары білімді дамыту бойынша жүргізіліп жатқан шаралар мамандар даярлау сапасын арттыруды, қарқынды ғылыми — зерттеу қызметімен ықпалдастырылған инновациялық білімді дамытуды, жоғары оқу орындары зерттеулерінің әлеуметтік сала мен экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысын орнатуды, білім беру мен ақпараттық технологияларды жетілдіруді, бірыңғай ақпараттық білім ортасын қалыптастыруды, білім беру процесін оқу — әдістемелік және ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуді көздейді. Бұл деген дәстүрлі оқыту мен қазіргі педагогикалық оқыту технологиялар бірінен ажыратып алу деген сөз емес. Олардың әрқайсысына өзара ерекшеліктерімен қатар бірін — бірі өзара байланыстыратын ортақ сипаттары да бар: дәстүрлі технологиялар бірнеше жылдар бойы тәжірибеде сыналып, өзінің нәтижелігін дәлелдегенін, сондықтан оларды бүгінде ысырып тастауға болмайды, ал инновациялық технологиялардың уақыт ағымына байланысты пайда болып, бүгінгі күннің сұранысына жауап береді, сондықтан оларды оқу үрдісінде пайдалануымыз керек.
Қапал Көксалов
Жамалхан Ахметова
Рымкүл Қапарова