23 Қыркүйек 2013, 03:56
«Бөкенбайдың өз дәуірінде сиямен жазылған тарихи деректермен, дерек көздерін зерделегендердің еңбектерімен санаса отырып, солардың қолданысқа енгізілмегені былай тұрсын, алты жылдан бері Зәкеңнің – З.Байдосовтың алғашқы «анау айтты, мынау айттылап салған» бағытымен жүріп келе жатырмыз» дейді өз мақаласында Е.Тұрабаев («Ана тілі» газеті, «Бөкенбай батыр туралы аңыз бен ақиқат», №11 (1165) 14-20 наурыз, 2013 жыл). Біріншіден, анау айтты, мынау айтты дейтіндей З.Байдосов Бөкенбай батырдың Мәмбет баласынан тараған шөпшегі Марат Ахмадиұлы, Бөкенбай батырдың Мәмбеттен туып, Жантілестен тараған жетінші ұрпағы Мұратбай Сүйінғараев, Тіленшіұлы Таразан ұрпағы Ақас Аманғалиев, Жоламан батырдың шөбересі Батырхан Нұржанов, Ұлы Отан соғысының ардагері Айнағұл Қожанов секілді Бөкенбай батырға тікелей қатысы бар адамдармен сөйлесіп, әкелері айтып кеткен аманаттары негізінде зерттеуін жүргізді. Одан барып Мәскеу, Орынбор мұрағаттарын ақтарып, ондағы тайға таңба басқандай деректерді жинады.
Ералы Тұрабаев батыр ұрпақтарын «ауыл айтқыштары» деп, «Я.П.Гавердовскийдің күнделік-жазбасы мен көмекшілері Иванов пен Богдановичтердің сапар барысындағы көрген-білгендерін толтырған журналдарындағы «Табын Бөкенбай қолбасшының қонысы Ырғыздағы «Бөкенбай шоқысы» алабы болып, кейін шоқы басында жерленгені, қабірі де сол шоқы басында екендігі туралы жазылған екі бірдей тарихи жазбаға сенбей, әркімнің ауласында отырып айта салған» әңгімесіне сену пиғылынан Бөкенбай қолбасшыны ұлт батырынан гөрі рулық батырға айналдыруға құмар пендешілік байқалады» деуі батыр атына кір келтіру мен аруағын қорлау болып саналады. Оның бұл орайдағы яғни батырдың нақты жерленген жеріне күмән келтірудегі іс-әрекетінің астарында не жатыр? Халықты екі ойлы қылып, «мұның дұрыс-бұрысын оқырманның өзі ажыратар» деп, батырдың барлық ұрпақтарын да, бөкенбайтанушылардың зерттеулерін де жоққа шығаруы – жақсы пиғылдың нышаны емес…
Бөкенбайтанушы ғалымдардың зерттеулері мен тарих мұрағаттарындағы дереккөздерін де Бөкенбай батыр түрікпендермен болған шайқаста қаза болғандығы айтылады. Ал Е.Тұрабаевтың пайымдауынша, Ырғыз алабында қалмақтармен соғыста қаза тауып, өзінің сол қалмақтармен ұрыста талай рет жеңіске жетіп, жиын өткізген шоқысында жерленген деп дәлелдеуге тырысады. Ал түрікпендердің қазіргі Маңғыстау алқабын, Үстіртті қайта-қайта шапқандығы рас, түрікпендердің Ырғыз, Торғай алқабына дейін келгенін, басып алғанын еш құжаттан оқымаппын. Сонда қалай, түрікпендермен шайқаста қаза болған, Бөкенбай денесін айшылық алыс жол – Ырғыз шоқысына әкеліп жерлегені ме? Оған қандай нақты дәлелі бар?
Бөкенбайдың өмірінің соңғы жиырма жылғы ғұмыры Жем бойында Жарқамыста Ақбұлақ маңында өзінің атымен аталатын «Байсары Бөкенбай», «Құр Бөкенбай» өзендерінің бойында, қыста Доңызтауда қыстайтыны белгілі. Сондықтан да Адай руының жерін шапқан түрікпендерге қарсы соғыста жасағының азшылық болуына байланысты, өздерінен үш есе көп түрікпен қолынан жеңіліс тапқан батырды өзінің сарбаздарымен бірге өз мекенінен алыс емес Сиырсалғанның өркеш құм төбесіне жерленгені де расталып отыр. Е.Тұрабаев менсінбейтіндей сол төбелердің не жазығы бар?
Е.Тұрабаев «Атақты қолбасшы Бөкенбайды Сиырсалғанның өркеш-өркеш құмының ішіндегі белгісіз бір құм төбешікке апарып жерледі ме екен дейтін түйткіл тұрады?» деп жазады. Ол соғыс жағдайын ескермейтін сияқты. Түрікпендердің де аса күшті жауынгер халық екендігі ойына кіріп-шықпайды. Қайта сүйегі табылып, беті жабылып, ұрпақтан ұран айтылып ұлықталғанына қуанудың орнына «құм арасындағы төбеге жерленуі мүмкін емес сияқты» деп күмән келтіреді. Дала комиссары Әліби Жангелдин отрядының өзі Маңғыстаудан Ақтөбеге жеткенше қанша уақыт жіберіп, қанша күшпен жеткенін еске алсақ, тіпті жарты жол Ақтөбеден Ырғызға – Бөкенбай шоқысына дейінгі жолдың өзін о заманда жетудің қиямет-қайым екенін еске алсақ, Е.Тұрабаевша ойлаудың өзі күмән тудыратыны рас.
Әрине, Е.Тұрабаевтың батыр бабасына деген ізгі ниетін, ыстық ықыласын өз тұрағына жақын тартуын түсінуге болады. Бірақ «Платон – менің досым, шындық одан да жоғары» деген қағиданы еске алатын болсақ, бұл бағытта әлі де көп ойланып, көп жұмыстар атқаруға тура келеді. Шындыққа күмән келтіріп, өнбейтін істі қуалағанша Е.Тұрабаев Бөкенбай атасы соғысқан шоқы басына ескерткіш-белгі орнатуға мұрындық болып, Ырғыз жұртын осы бір жұмысқа жұмылдырып, сол игі істің алғы сапынан көрсек бек риза болар едік.
Гүлнара ЖОЛЖАНОВА