23 Қыркүйек 2013, 03:53
Бүгінде отандық тұтынушылар жиырма жылдан бері «Нәзік» компаниясының өнімдерін кеңінен пайдаланып келе жатыр. Компания қызметкерлері тәтті тағамдарды даярлауда тек табиғи шикізаттарды ғана қолданады. Содан да шығар, халық арасында өнімге деген сұраныс өте жоғары.
«Нәзіктің» өнімдері дүкенге жөнелтілгенге дейін, бірнеше кезеңдерден өтеді. Мәселен, әрбір рецепт 2 айға жуық мұқият өңделеді, оның құрамы, дәмдік реңктері, хош иісі, безендірілуі сарапталады және сақтау мерзімі сынақтан өткізіледі. Сондай-ақ, тәтті өнімдер табиғи шоколадпен безендіріледі. Компанияда неміс және итальян өндірісінің жоғары сапаға ие кондитерлік қондырғылары орнатылған. Сонымен қатар, өнімге қажетті шикізат екі деңгейлік зертханалық қатаң бақылаудан өтеді. Яғни, шикізатты қабылдау және өндіріске ауыстыру кезінде. Ал аталған шикізат Италия мен Алманияның, Бельгия мен Францияның, Голландияның танымал өндірушілерінен жеткізіледі.
Қазіргі таңда, «Нәзіктің» ассортименті түрлі дәмге ие тағамдарға тұнып тұр. Мұнда тәтті тағам, түрлі пісірмелер мен аспаздық өнімнің 400-ден астам атауы, шұжық және айтулы ет тағамдарының 60-қа жуық атауы, сондай-ақ табиғи жартылай шикізаттың 20-ға жуық түрі әзірленеді. Компания қызметкерлері өнім даярлау барысында ең алдымен тазалыққа әрі сапаға ерекше мән береді.
Бүгінгі күні барлығы 630 адамды тұрақты еңбекпен қамтамасыз етіп отырған компанияның 10 фирмалық дүкені, дәмханасы мен кофеханасы жұмыс істеуде. Мұнда еңбек ететін қызметкерлердің басым көпшілігі – тәжірибелі тәтті тағам дайындайтын кондитер-шеберлер, шұжық өндірісінің білікті жұмыскерлері, білгір менеджерлер және басқа да мамандар.
Еліміздегі тәтті тағамдар мен шұжық өнімдерінің ірі өндірушісі саналатын «Нәзік» бірнеше халықаралық стандарттарға ие. Мәселен, компания ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, «Сапа менеджменті жүйесі» ИСО 9001-2009 сертификатын және «Экологиялық менеджмент жүйесі» ИСО 14001-2006 сертификатын иеленген. Фирма өнімдері түрлі көрмелерге қатысып, барлығы 34 алтын және 7 күміс медальге ие болған. «Жыл таңдауы — 2002» байқауында компания «Қазақстандағы №1 тәтті тағам бұйымдары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, «Apple Fest-2011» байқауының нәтижелері бойынша «Ең үздік алма бәліші» аталымында үздік деп танылды. Осылайша, жұмысын өрге домалатын отырған «Нәзік» компаниясының қызметкерлері Алматы қаласы әкімдігінің «Шағын және орта бизнестің дамуына қосқан үлесі үшін» және «Алматы қаласының өнеркәсіптік потенциалының дамуына қосқан үлесі үшін» дипломдарымен бірнеше рет марапатталған.
Мақпал САҒЫНДЫҚ