23 Қыркүйек 2013, 03:50
Егемен алған Қазақ елінің түрлі мамандықтағы қызметкерлерінің жалақылары да түрліше. Мәселен, Mojazarplata.kz порталының биылғы жылы жүргізген статистикалық мәліметіне сүйенер болсақ, маусым айындағы орташа жалақы 88 296 теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 8,7 пайызға көтерілген. Облыс бойынша жүргізілген ақпарат нәтижесінде ең жоғары табыс көзін атыраулықтар көрсеткен. Орташа жалақы 164 мың теңгені құраса, ең төменгі жалақыны Солтүстік Қазақстан облысының қызметкерлері алатын болған. Олардың орташа жалақысы – 60 400 теңге. Елімізде қаржыгерлер мен сақтандыру агенттігінің қызметкерлерінің қалталарында үнемі ақша жүреді десек қателеспейміз. Себебі олар айына 175 мыңнан 300 мың теңгеге дейін кіріс көзіне ие болады. Керісінше балық және орман шаруашылық саласының мамандары төмен еңбекақыны, яғни 42 600 теңгені өздеріне місе тұтуда.
Бір-бір аймаққа басшылық етіп отырған әкімдердің де жағдайы жаман емес. Тіпті Нью-Йорк мэрі – Майкл Блумбергтің жылдық табысынан жоғары саналатын отандық әкімдердің табыс көзі жайындағы ақпарат «Нұр Отан» партиясының «Өзіңнен баста» шарасында мәлім болған. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің жылдық табысы 37 мың долларды құраса, Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевтің жалақысы – 27 мың доллар болған. Сочи, Харьков, Рига сынды Ресей қалаларының мэрлері біздің әкімдерге қарағанда аз жалақы алады, яғни 14-20 мың доллар аралығында. Ал Премьер-министрлердің жалақылары керісінше болып шықты. Мәселен, «Время» газетінде жарияланған мақалада Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов өзімен қызметтес Владимир Путинге қарағанда екі есе төмен жалақы алатындығы жазылған. Еңбек өтілімін бір күнге шаққанда, Мәсімов мырза 228 доллар, аптасына – 1139 доллар, айына – 4746 доллар, жылына – 56 953 АҚШ долларын алады. Ресей Федерациясының премьер-министрі болса, күніне – 723 доллар, аптасына – 3613 доллар, айына – 15 056 доллар, жылына – 180 667 доллар табыс табады екен.
Қаржы министрі Болат Жәмішевтің жылдық табысы 2009 жылдың көрсеткіші бойынша 10 863 976 теңгені (73 мың АҚШ доллары) құраған. Сонда Жәмішев айына 900 мың теңгеге жуық еңбекақы алған. Министрдің атына Елорда төрінен бір пәтер, Алматы қаласынан төрт бөлмелі пәтер тіркелген. Қаржы министрінің жауапты хатшысы Наталья Коржова ханымның жылдық табысы 8 985 000 теңгені (31 мың АҚШ доллары) құрайды. Оның меншігінде Астана қаласында төрт бөлмелі пәтері бар екендігі белгілі болды. Статистика мәліметіне жүгіне отырып, еліміздің жоғары лауазымды тұлғаларының жалақылары осындай көрсеткішті берді. Мысал келтірілген бұл азаматтардан басқаларының қаражаты да көрсетілген соманың маңайында. Осыған қарап, маңдай термен атқарылған жұмыстың нәтижесі де соған сай сомада сақталуы қажет деген қорытындыға келдім.